№ 10- дәріс
1. Дәріс тақырыбы: Химиялық байланыс. Коваленттік байланыс
2.Дәріс жоспары:
Химиялық байланыс туралы түсінік
Химиялық байланыстың түрлері. Коваленттік байланыс.
Ковалентті байланыстың түрлері мен қасиеттері
3. Дәріс мақсаты мен міндеті: Студенттерді химиялық байланыс теориясымен таныстыру. Химиялық байланыс түрлерін талқылай білу және оны практикада қолдану.
4. Дәрістің мазмұны.
Химиялық байланыс туралы түсінік
1861 жылы орыстың ұлы ғалымы А.Н. Бутлеров заттардың химиялық құрылыс теориясын ұсынды. Химиялық құрылыс теориясы органикалық химия курсында қарастырылады. Бұл теорияның негізгі қағидалары:
Қай заттың болсын молекуласындағы атомдар бір-бірімен белгілі ретпен қосылысады.
Молекуланың құрамындағы атомдар өзді-өзі тікелей не болмаса басқа атом арқылы қосылысса да біріне-бірі әсер етеді.
Заттың қасиеті молекуладағы атомдардың қосылысу ретіне және олардың біріне-бірінің әсеріне, яғни химиялық құрылысына тәуелді.
Заттың химиялық қасиеттеріне сүйене отырып, оның молекуласының құрылысын анықтауға болады, керісінше, формуласы бойынша оның қасиеттерін болжауға болады.
Бутлеровтың құрылыс теориясы химиялық қосылыстардың сан түрлілігін және изомерия құбылыстарын түсіндіріп, молекуланың құрылысын анықтаудың нақты жолдарын көрсетті.
Кейінірек 1874 жылдары Голландия ғалымы Вант-Гофф пен Франция ғалымы Ло Бель Бутлеровтың құрылыс теориясын толықтыра түсті. Сонымен, ХІХ ғасырдың аяғында валенттілік күштерінің белгілі бір бағыты болатыны анықталды.
Химиялық байланыс теориясы қосылыстардың әр түрлі қасиеттерін түсіндіреді.
Екі бөлшектің электрон бұлттары бүркеліп, системаның толық энергиясы азайғанда болатын екі атомның әрекеттесуін химиялық байланыс дейді.
Атомдар біріне-бірі жақындасқанда олардың энергиясы бастапқы энергиямен салыстырғанда қалай өзгеретінін қарастырайық. Бұл өзгерістерді график түрінде өрнектейік. Ол үшін ординаталар осінің бойына энергияның мәндерін, ал абсциссаларын осінің бойына жақындасушы атомдардың ядроларының ара-қашықтығын саламыз. Мысалы, сутек молекуласының потенциалдық энергиясының қисығы келтірілген (4-сурет).
4-сурет. Сутек молекуласының потенциалдық энергиясының қисығы
Сутек атомдар жақындай түсіп, белгілі бір аралыққа келгенде біріне-бірі тартылыса бастайды. Соның салдарынан, системаның энергиясы төмендейді (Е0). Атомдары әрмен қарай жақындастыратын болсақ, тебісу күштері тартылысу күштерімен басым болып, системаның потенциалдық энергиясы күрт өсе бастайды. Яғни, системаның потенциалдық энергиясының ядролар ара-қашықтығына тәуелділігін сипаттайтын қисықта минимум шығады (1-қисық). Бұл минимум жеке атомдарға қарағанда энергиясы азайған тұрақты система сутек молекуласының түзілгенін көрсетеді. Е =Е0 . Е – химиялық байланыс энергиясы. R0- байланыс ұзындығы.
Сутек молекуласының тәжірибе жүзінде анықталған байланыс энергиясы Е =103,24 ккал/моль , ал байланыс ұзындығы R0=0,74А0.
Молекула түзбейтін екі атом біріне-бірі жақындасқанда (спиндері бір бағытта болса), системаның потенциалдық энергиясы арақашықтық кішірейген сайын үздіксіз өседі (2-қисық).
Достарыңызбен бөлісу: |