11 Дәріс: НЕРВ СИСТЕМАСЫ (неврологияNeurologia) ЖҰЛЫН Жоспары: 1. Орталық нерв жүйесі
2. Жұлын
Нерв системасының дамуы және оның маңызы Нерв системасы жан-жануарлар мен адамда ұзақ эволюциялық даму нәтижесінде қалыптасқан. Ол сыртқы ортаның түрлі құбылыстарының әсерінен өзгеріп күрделеніп отырады. Осыған байланысты ішкі-сыртқы тітіркендіргіштерін қабылдап, оған жауап беріп, организмді өзгермелі жағдайларға бейімдейді. Сонымен қатар әр түрлі органдардың, тканьдердің және клеткалардың қызметін реттеп, оларды өзара және сыртқы ортамен байланыстырып, организмнің біртұтастығын жүзеге асырады. Нерв системасының осы айтылған жүмысына байланысты организмнің органдары мен тканьдерінің арасында күрделі физиологиялық процестер де жүреді.
Нерв системасы тек қарапайым жануарлар өкілдерінде ғана болмайды. Бірақ тітіркену процесі барлық тірі материяға тән қасиет болғандықтан, оларда да тітіркену, тітіркендіргіштерді қабылдау, оған жауап қайтару процестері өтеді. Тітіркендіруден туған нерв процесін және оның нерв бойымен артуын нерв импульсі деп атайды.
Адамда нерв системасы еңбекпен айналысуына байланысты өте күрделі және жоғарғы дәрежеде дамыған, ол ой органына айналған.
Қорытып айтқанда, нерв системасы барлық органдардың, тұтас организмнің жүмыс-әрекетін басқарып, күрделі физиологиялық процестердің үйлесімді жүруін қамтамасыз етеді. Мысалы, бұлшық еттердің жиырылуын: жүректің соғуын, бездердің сәл бөлуін, зат алмасу процестерінің дұрыс жүріп отыруын әр түрлі органдардың атқаратын қызметі бір-бірімен тығыз байланыста келеді және ішкі, сыртқы ортаның өзгеруіне байланысты не күшеюі, не нашарлануы мүмкін. Бір органдар өзгеруіне байланысты басқа органдар қызметі де өзгереді. Мысалы, бұлшық, еттердің жиырылуына байланысты қоректік заттар мен оттегіне мұқтаждығы артады. Осыған байланысты жүрек пен өкпе күшейтіп, бұлшық еттерді қанмен қамтамасыз етеді және зат алмасу процестерін арттырып, организмде жылу пайда болады. Оның сыртқа бөлінуінен тері бездері мен несеп шығару органдарының жұмысы да күшейді. Осы сияқты организмнің сыртқы және ішкі орталықтарда тұрған әсерлері мен өзгерістеріне бейімделуі оның тіршілік етуінің негізі болып саналады.
Нерв системасы ми мен жұлыннан және олардан тарайтын нервтерден тұрады. Ми мен жұлынды орталық нерв системасы, олардан тарамдалған нервтерді шет нерв системасы деп атайды. Жалпы нерв системасы нерв тканінен нейрондар мен нейроглиядан т. б. ткандерден түзілген. Нейроглия нерв клеткасының тірегі болумен бірге. оған белгілі бір пішін беріп, оларды қоректендіру (трофикалық) жұмысына қатынасады.
Нейрон толық келген негізгі бөлімінен — денесінен және одан тарамдалған ұзынды-қысқалы өсінділерінен түзілген. Денесі сұр түсті протоплазма мен ядродан тұрады. Қысқа тарамдалған өсінділерін дендриттер, ал ұзын өсіндісін аксон (нейрит) деп атайды.
Аксон өсінділері нерв импульсін клетка денесінен шығарып отырса, дендриттер, керісінше, клетка денесіне жеткізіп отырады. Осы аталған нерв клеткасының өсінділерін нерв талшықтары деп атайды.
Ми мен жұлынды кесіп қарағанда олардың сұр және ақ заттан тұратынын байқаймыз. Олардың сұр заттарын әрдайым нерв клеткаларының денелерінің шоғырлануынан пайда болса, ақ заттары нерв талшықтарының топтануынан пайда болады.
Ми мен жұлынның сұр заты мен ақ заты біркелкі орналаспаған. Мидың сұр заты сыртқы, ақ заты ішкі жағында жатса, жұлында, керісінше, сұр заты ішінде, ақ заты сыртында жатады. Алдыңғы үлкен ми сыңарларының сыртын жалпы жауып жатқан сұр затты ми қыртысы немесе сұрғылт қабық деп атайды. Ми қыртысының іш жағын ала нерв талшықтарынан түзілген ақ зат жатады. Осы ақ заттың қалыңында, клетка денелерінің шоғырланған жерлерін ядролар деп атайды. Мұндай ядролар ми мен жұлыннан тыс жерлерде де кездеседі. Оларды омыртқааралық түйіндер, жұлын түйіндері, нерв түйіндері деп атайды.
Жұлын мен ми құрамындағы нерв талшықтары ақ заттар түзіп орталық нерв системасының бөліктерін бір-бірімен байланыстырып тұратын өткізгіш жолдар түзеді.
Жұлын мен ми бөліктері кан тамырларына өте бай келеді, олар арқылы нерв тканіне қоректік заттар мен оттегі үнемі жеткізіліп түрады.
Нерв дегеніміз сырт жағы ақ ми қабықшамен жабылған нерв талшықтарының будасы. Нервтерді атқаратын қызметіне қарай үш түрге бөледі: 1) егер нерв тек қана қозғалтқыш клеткаларының нерв талшықтарынан түзілсе, оны «қозғалтқыш» немесе «орталықтан тепкіш» нерв деп атайды. Ал қозғалтқыш клеткалар жинағын жұлын мен ми бөліктерінде жатқан ядролар түзеді; 2) егер нерв құрамы сезімтал нерв талшықтарынан түзілсе, оны «сезімтал» немесе «орталыққа тепкіш» нерв деп атайды. Сезімтал нервтер сезімтал клеткалардың өсінділері болып саналады. Бұл клеткалар шоғырланып нерв түйіндерін түзеді; 3) егер нервтер құрамына әрі қозғалтқыш әрі сезімтал нерв таллшықтары кіретін болса оларды аралас нервтер деп атайды.
Қозғалтқыш нервтердің нерв ұштары — эффекторлары жұмыс органдарында аяқталса, сезімтал нервтерінің ұштары — рецепторлары сезім органдарында (теріде, көзде, ішкі құлақта, тіл мен мұрын қуысында т. б.) аяқталады. Қорытып айтқанда организмде барлық органдар нервпен қамтамасыз етіледі, яғни нервтендіріледі. Орталық нерв системасы сол нервтердің органдарда, тканьдерде аяқталу нәтижесінде, жалпы организмнің шет бөлімдерімен тікелей байланыста болады.
Организмде қозу сезімтал нерв ұштарына тиген тітіркендіргіштердің әсерінен пайда болады. Жалпы организмге үздіксіз түрлі тітіркендіргіштер (дыбыс, жарық, иіс, дәм т. б.) әсер етіп тұрады. Олар нерв рецепторлары арқылы қабылданып, қозуға айналып, нерв талшықтары арқылы орталық нерв системасының беліктеріне жеткізіледі. Бұны нерв тканінің қозу өткізгіштік қасиеті деп атайды.
Қозу әрбір нерв талшықтары арқылы жеке-дара өткізіледі яғни бір нерв талшығынан екінші нерв талшығына берілмейді. Сол себептен қай нерв бұзылса, сол нервтің қозу аппараты (еттің, бездің т. б.) органдарының қызметі де бұзылады.
Нерв клеткалары бір-бірімен жалғасып нейрондар тізбегін түзеді. Мұндай жағдайда бір клетканың екінші клеткамен байланысқан жерін синапс деп атайды. Нейрон бойындағы нерв қозуы клетканың дендрит — дене — аксон бағыты бойынша өтеді. Жалпы қозу (нерв импульсі) сезімтал нерв арқылы шеттен (рецептордан) нерв системасының орталығына, ал одан қозғалтқыш нерв арқылы шеткі (бұлшық еттерге, бездерге т. б.) органдарға өткізіледі.
Организмнің сыртқы, ішкі ортаның әсерінен туған тітіркендіуіне берген жауабын рефлекс дейді. Ол орталық •нерв системасының қатысуымен өтеді. Мысалы, төрт басты еттің сіңірін, тізеден төмендеу жерден балғамен жайлап ұрсақ, еттің жиырылу нәтижесінен аяқ тізе буынынан дереу жазылады. Жарық көзге түссе көздің қарашығы дереу кішірейеді, ауызға бір нәрсе түссе сілекей бөлінеді.
Рефлекстің (нерв импульсінің) жүретін жолын рефлекторлық доға деп атайды. Рефлекторлық доға рецептордан, сезімтал нерв клеткасының (афференттік) нерв талшығынан, сол рефлекстің орталығы жұлын немесе мидағы клетка шоғырынан, одан кері қарайғы жолы — қозғалтқыш нейронның (эфференттік) нерв талшығынан, қызметке енетін органдарда аяқталатын эффекторлық нерв ұштарынан тұрады.