15 апта. Практика. Қазақтың халық ауыз әдебиеті
Ауыз әдебиеті – талай ғасырлар жемісі. Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Олардың нақты авторы жоқ, болған кезде де халық арасында кең таралуынан авторлары жоғалып кетіп отырған және бір шығарманың көптеген үлгілері пайда болған.
Халық ауыз әдебиеті әр салада, әр түрлі жанрда дамыған. Тұрмыс-салт жырларынан бастап, эпостық жырларға дейінгі бай мұра халық ауыз әдебиетінің жанрларының кеңдігін танытады.
Ауыз әдебиетінің жанрлары:
- тұрмыс салт жырлары;
- мақал-мәтелдер мен жұмбақтар;
- лиро-эпостық жырлар;
- айтыс өлеңдері;
- тарихи жырлар, шешендік сөздер.
Халық ең асыл өнері – бай ауыз әдебиеті арқылы өзінің тарихын, халықтық рухын бейнелеген.
Қазақ ауыз әдебиеті (халық поэзиясы, фольклоры) — қазақ халқының бұқаралық көркем сөз шығармашылығы. Алғашқы нұсқалары ерте заманда, түркі тектес рулардың, тайпалардың сөйлеу тілі қалыптаса бастаған кезде пайда болған. Қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі үлгілері орхон ескерткіштеріндегі көне түркі жазуларында да (7 ғ. соңы — 8 ғ. басы) кездеседі.
Қазақстан мен Орта Азия, Алтай өңірі мен Еділ бойын мекендеген көшпелі түркі халықтарының кейбір ертегілері мен аңыздары, дастандары мен өлең-жырлары, мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының негізі туыстас болып келеді. Махмуд Қашғардың («Диуани лұғат ат-түрк», 11 ғ.), Жүсіп Баласағұнидің («Құтадғу білік»), Рабғузидің («Қиссасул-анбия», 13 ғ.) еңбектерінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілері ұшырасады. Сондай-ақ, бұған қазақтың «Алпамыс» дастаны өзбектерде «Алпомиш», алтайлықтарда «Алып-манаш», башқұрттарда «Алпамыса менән барсын һылу», «Қозы көрпеш - Баян сұлу» жыры Алтайлықтарда «Қозы әркеш», башқұрттарда «Кузый курпес мәнән маян-хылу», «Қобыланды» дастаны қарақалпақтарда «Қобылан» деген атпен мазмұны бір-біріне ұқсас болып жырланатыны да дәлел.
Қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларының алғаш хатқа түсуі Махмуд Қашғар, Жүсіп Баласағұни кітаптары шыққан 11 ғасырдан басталады. Бұл кітаптарға енген көптеген өлең-жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар қазақ ауыз әдебиетінің төл үлгілерімен сабақтас. Мысалы, «Бейнет түбі – зейнет», «Адамның аласы – ішінде, малдың аласы – сыртында», «Қонақ келсе – құт келер», т.б. кейінірек басылып шыққан «Кодекс куманикус» (Венеция, 1363) жинағында да көптеген қазақ жұмбақтары кездеседі. Мысалы, «Ерте тұрдым – алып ұрдым» (есік), «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» (жұмыртқа), «Буы бар да ізі жоқ» (кеме) т.б. Қазақ ауыз әдебиеті ежелгі үлгілерінен қазақ халқы даму тарихының әр түрлі кезеңдерін, оның рухани сана-сезімінің өсу дәрежесін тануға болады. Бұған алғашқы коғам, рулық-патриархалдық дәуір, феодалдық, заман қазіргі ауыз әдебиетінің өз мазмұнымен, түрімен ерекшелене, отырып сол дәуірді суреттейді. Мысалы, табиғаттың дүлей күшіне табыну, жалбарыну сарынындағы өлең-жырлар алғашқы қоғамдық дәуірдің жемісі болса, шаман, Ислам діндеріне байланысты туған өлең-жырлар сол діни ұғымдардың үстемдік еткен кезеңдерін байқатады.
Тұрмыс-салт жырлары кең тараған. Діни ұғымға байланысты өлеңдер, арбау, жалбарыну, бәдік, бақсы сарыны болып бөлінсе, үйлену, қыз ұзатуға байланысты өлеңдер – той бастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу болып дараланады. Бұлардан басқа тіршілік кәсіпке, төрт түлік малға байланысты да өлең түрлері және адам өміріндегі мұң-шерді білдіретін қоштасу, естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау тәрізді өлеңдер де бар.
Ауыз әдебиетінің күрделі де қызықты үлгісі – дастандар: оған батырлар жыры, лиро-эпос, тарихи жырлар жатады.
Тағы бір кең тараған түрі - ертегілер: қиял-ғажайып ертегілері, хайуанаттар туралы ертегілер және салт-дәстүр ертегілері болып бөлінеді.
Шешендік сөздер, қанатты сөздер, нақылдар, мақал-мәтелдер – бейнелі сөздер тобын құрайды. Жұмбақтар мен жаңылтпаштар да осы топқа жақын. Қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары бір мезгілде пайда болған жоқ. Тұрмыс-салт жырларының кейбір түрлері көне заманның куәсі болса, тарихи жырлар, айтыстар бертінде шыққан.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1 тапсырма. Мәтін мазмұнын Инсерт стратегиясы арқылы беріңіз.
2 тапсырма. Мәтінде кездесетін ауыз әдебиетінің түрлерін бөліп жазыңыз. Мысалы, мақал-мәтелдер: Бейнет түбі — зейнет, жұмбақтар: Буы бар да ізі жоқ (кеме) т.б. Әр түріне өзіңіз 1-2 мысалдан қосыңыз.
3 тапсырма. Қандай да болмасын бір шағын ертегіні мәнерлеп оқып, мазмұндап келіңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |