Сөйлеу мәдениеті деген – ең алдымен әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау.Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталас, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше.Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны зор. Мысалы, 8-сыныпта М.Әуезовтің”Қараш-Қараш оқиғасын” оқып болған соң, қорытынды ретінде “Билер соты” сабағын өткізуге болады.
Оқушылардың көркем тілін дамытуда, тіл байлығын жетілдіруде сөздік жұмыстары сондай-ақ сөз тіркестері мақал-мәтелдермен жұмыстың маңызы зор. Тіл ұстарту деген – ең алдымен сөзбен жұмыс, тіл байлығы деген – ең алдымен, оқушының сөздік қорының молдығы, екіншіден, сол мол қорды орынды, тиімді, әрі көркем етіп пайдалана білуі. Оқушылардың сөздік қорын дамытуда әр түрлі сөздіктермен жұмыстың пайдасы ерекше зор. Түсіндірме сөздіктер, әсіресе, көркем шығармаларды оқуда, соның ішінде тарихи тақырыпта жазылған шығармаларды оқуда, оқушыға бірден-бір көмек болып табылады. Сондай-ақ, фразеологиялық сөздіктер, термин сөздер сөздігі де ауадай қажет, 5-8-сыныптар оқушыларымен әр сабақ сайын сөздік жұмысы жүріп отыруы керек. Көркем шығарманы әдеби талдау алдында, мәтінмен жұмыс кезінде, міндетті түрде сөздік жұмысы жүргізіледі. Сабақтан тыс уақыттарда да оқыған көркем шығармалары бойынша түсінбеген сөздерін белгілеп келуі тапсырылып, сол бойынша сыныптан тыс оқуларда,қосымша сабақтарда әр түрлі жұмыстар атқарылуы тиіс.
Ал қазақ халқының тіл келешегі мектеп оқушыларында. Бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде екенін байқауға болады. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, «жаңағы», «әлгі», «немене», «неғып», «мысалы» деген сияқты басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді.
Педагогика ғылымының докторы И. Нұғыманов пен 3. Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады» – десе, Ш.Беркімбаева өз мақаласында былайша тұжырымдайды: «Қазақ мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі оқушылардың тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу…»
Жазушы Ә. Әбішев бұл туралы былай дейді: «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды… Жастар сөйлемді әдейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі түсініксіз жазу деп ойлайды… Тіл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық прогрестің де әсері бар», – десе, И. Нұғыманов: «Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің себептері:
1. Ортаның әсері; а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді, ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл), б) пән тілінің нормаларын жақсы меңгермеген мұғалімнің әсері;
2. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (мектептің тіл дамытуға немқұрайлы қарауы);
3. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық, т.б.)» – деп көрсетеді.
Сондай-ақ М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептері деп, төмендегілерді атауға болады:
Көркем әдебиет оқуға деген оқушылардың қызығушылығының төмендігі. Тіл мәдениетіне жастарды тәрбиелеу көркем әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;
Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кездесетіндігі;
Ата-аналардың балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі;
Тілдік ортаның әсері;
Тіл мәдениетін қалыптастыруды тек қазақ тілі сабағына міндеттеп, басқа пәндерді бұл мәселеден мүлдем бөліп тастаушылық;
Бастауыш сыныпта казақ алфавитін терең меңгермегендігін ескермей, орыс тілі, шетел тілі пәндерін қосып үйрету. Бірнеше тілді игеру ауыр тиетіндігіне көңіл бөлінбеу;
Кей мүғалімдердің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі. Мұғалімнің оқушы алдында сөйлейтін сөзін ешбір оқулықпен айырбастауға болмайды. Оқушы мұғалімді тыңдағанда одан білім алумен қатар сұлу, көркем, анық, түсінікті сөйлей білуге үйренеді;
Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;
Мұғалімдердің көпшілігінің бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмеуі т.б. «Тіл мәдениетіне жету жолы ұзақ әрі қиын» – дейді ғалым М. Балақаев.
Кейбір адамдардың ерсі мінездері бар: басқаның сөзіне құлақ қоймайтын, өзіне айтылған сөзді аяғына дейін тыңдай білмейтін, өзгелердің сөзіне ретсіз араласып, әңгіменің шырқын бұзатын. Содан сөйлеп отырған адам кейде қақалып – шашалып, тұтығып та қалады. Әрбір адам өз басындағы осы кемшіліктермен күресе білсе, біздің сөйлеу мәдениетіміз де одан әрі дами түсер еді.
Адамның айтқан қандай сөзі де белгілі бір мазмұнды білдіреді және сөйлеушінің, жазушының осы мазмұнға қатынасын көрсетеді. Мұнан туатын қорытынды: сөйлеу ойды білдіріп, іштегі сезімді сыртқа шығарады. Сөйлеудің бұл сипаты – оның мәнерлілігі.
Әркім өзінің басындағы ойларын басқаға айтып, түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиісті. Егерде ондай сөз таба алмаса, ол ой иесіне де шала, түсініксіз болып қалады. Яғни, ойдың дамуы сөйлеудің дамуымен өте тығыз байланысты. Адам өзінің сөйлеу мәдениетін жетілдірмейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жете алмайды.
«Өнер алды – қызыл тіл» дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап.
М.М.Копыленко: «Тіл мен сөйлеу бүтін аймақты құрайтын екі бөлек құбылыс, тіл жүйе ретінде санамен, сөйлеу үрдіс ретінде ойлаумен сәйкестенеді»,–дейді. «Тіл дамыту сөйлеуге жеткілікті сөздік қорды және ол сөздерді сөйлемде бір-бірімен байланыстыратын тілдік нұсқалардың қолданылу заңдылықтарын меңгерту». «Қазақ тілін оқытудағы тіл дамыту – бұл мұғалімдердің оқушыларды лексикалық, грамматикалық, стилистикалық және орфографиялық, орфоэпиялық нормалар мен заңдылықтарын үйретумен қатар қарым-қатынас жасау мен сөйлеу мазмұнына орай тілдік құралдарды орынды пайдаланып, ойын ауызша және жазбаша түрде жеткізе білу дағдылары мен икемділіктерін қалыптастыру үшін жүргізілетін әрекет».
Қорыта келе, «Әдемі, әдеби сөйлеудің көзді бұлағы – кітап»,-демекші оқушының ауызша сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда кітаптың маңызы зор. Оқушының сөздік қорын, тіл байлығын дамытуда ұстазбен қатар ата-ананың тәрбиесі ерекше ықпал етеді. Қандай пән, қандай сабақ түрі болсын тіл дамыту, сөздік қорды байыту үнемі жүргізіліп отыратын жұмыс.
Өкінішке орай, кейде басқа пән мұғалімдері тіл дамытуды қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне тән мәселе деп қарап, оқушы тілін дамытуға онша көңіл бөлмейді. Оқушының ой-өрісін кеңейту, тілін дамыту, сөз байлығын молайту барлық пән мұғалімдерінің айрықша көңіл бөлетін мәселесі болу керек. Сондықтан мектепте түрлі әдіс-тәсілдерді, мүмкіндіктерді пайдаланып, оқушының тілін дамытуға, тіл байлығын, тіл мәдениетін арттырып, тәрбиелеуге үлкен мән берген жөн.
Ана тілді жетік білу, қастерлеу, ардақ тұту да осыдан келіп шығады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Байтұрсынов А. Тіл – құрал .1992. 233-239 б.б.
Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал. Қазақстанның білім және ғылым әлемі. №3(75) Шілде. 2013ж. 157-163 б.б.
Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. №3(157) Мамыр. 2006ж.85-88 б.б.
Жапбаров А. Қазақ тілін оқыту арқылы тіл дамытудың әдіснамалық және әдістемелік негіздері (5-9 сыныптар). А.,2004.–50б.
Достарыңызбен бөлісу: |