Егер екі компоненттен тұратын жүйелерде фазалар аралығында химиялық әсерлесу болмаса, онда сұйықтық және бу фазаларында фаза саны 2-ге тең. Фазалар ережесіне сәйкес мұндай жүйелердің еркіндік дәрежесі екіге тең:
(1.1)
Бұл дегеніміз, жүйе күйін сипаттайтын үш тәуелсіз параметрлерден кез-келген екі параметрді еркін таңдауға болады. Осы жағдайда үшінші параметр анықталады.
Бинарлы жүйелердің физика-химиялық сипаттамалары үшін күй диаграммасын қолданады (t – x,у, Р – х).
Бинарлы қоспалардың жіктелуі.
Компоненттердің өзара еруіне қарай сұйықтық қоспалары: 1) өзара шексіз еритін; 2) өзара ерімейтін; 3) өзара шекті еритін болып бөлінеді. Өзара шексіз еритін қоспалар идеалды және реалды қоспалар болып жіктеледі.
Идеалды қоспалар – компоненттері араласқанда көлемін өзгертпейтін және араластырғанда компоненттердің өзара әрекеттесулері жылулық өзгерістерсіз жүретін жүйелер. Идеалды қоспаларға компоненттерінің химиялық құрылысы ұқсас қоспалар жатады. Мысалы, молярлық массаларының бір-бірінен айырмашылығы шамалы бір гомологтық қатардағы органикалық қосылыстар қоспаларын жатқызуға болады. Айталық, бензол-толуол, н-гексан-н-гептан, метанол-этанол, фенол-крезол, көптеген изомерлер.