49.Avrupalı ve Rus bilim adamlarının Kazakistan'a ilişkin notlarını ve Akademik keşif örneklerini karşılaştırın Қазақстан туралы еуропалық және ресейлік ғалымдардың жазбаларын және ғылыми жаңалықтардың мысалдарын салыстырыңыз Ресей ғалымдарының Қазақстанды ғылыми зерттеуі. Қазақстан Ресей империясының құрамына қосылғаннан бастап өлкеде ғылыми зерттеу үдерісі басталды. Зерттеу жұмыстарымен ғылыми мекемелерден басқа, жеке адамдар да айналысты. Ресейлік көптеген зерттеушілер қазақ фольклоры, генеалогиялық (шежірелік) және этнографиялық материалдар негізінде іргелі еңбектер жазды.
Ресей ғалымдары өз зерттеулерінде өлкені отарлау мүддесін басшылыққа алды. Қырғыз-қайсақ экспедициясын құрған И.К. Кириллов «Қырғыз-қайсақ және қарақалпақ ордалары туралы» атты еңбек жазды. Онда автор қазақ пен қарақалпақ жерін егжей-тегжейлі сипаттады: табиғат жағдайын, пайдалы қазба байлықтарын және сауда жолдарын көрсетіп берді. Ол Ресейдің Орта Азия халықтары және қазақтармен сауда-экономикалық байланыстар орнатудың мүмкіндіктері мен оның пайдалы екенін дәлелдеді.
Қазақстанды ХVІІІ ғасырда кешенді зерттеудің алғашқы әрекеттері М.В. Ломоносовтың есімімен байланысты. Ол өлке аумағын зерттейтін ғылыми экспедициялар ұйымдастырудың және географиялық карта жасаудың бастамашысы болды.
1768–1774 жылдары Қазақстанға жіберілген алғашқы экспедициялардың бірін академик, табиғат зерттеушісі П.С. Паллас басқарды. Экспедиция бағыты Солтүстік-Батыс, Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстан жерлері арқылы өтті. Бұл экспедиция жұмысының нәтижесі ретінде П.С. Палластың «Ресей империясының әртүрлі провинциялары бойынша жасалған саяхат» атты үш бөлімнен тұратын еңбегі жарық көрді (СПб., 1773). Еңбекте қазақ халқының тарихы мен этнографиясы жөнінде құнды материалдар бар. П.С. Паллас қазақтардың тұрмысы мен шаруашылығы туралы: «Олар негізінен ауқатты тұрады. Малдары да көп, сондықтан тұрмыстары да жақсы… Қазақтардың байлығы, негізінен, олардың малы», – деп жазады.
Зерттеуші И.Г. Георги Қазақстан аумағына дербес экспедиция ұйымдастырды. 1796 жылы ол «Ресей мемлекетін мекендейтін барлық халықтардың тұрмыс салттары, тұрғын жайлары, киімдері және басқа да есте қаларлық дүниелерінің суреттемесі» атты еңбегін жариялады. Кітапта қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен салт-жоралары, сондай-ақ шаруашылық өмірінің ерекшеліктері туралы құнды деректер келтірілген. Қазақтарды «ақыл-ой жағынан қызыққыш және білуге құмар» деп сипаттайды.
Кіші жүз аумағының табиғи байлықтарын зерттеуде Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі П.И. Рычков құнды еңбектер жариялады. Өзінің іргелі еңбектерінің арқасында «Орынбор өлкесінің Колумбы» деген даңққа бөленді. Ол кезде Орынбор өлкесіне Кіші жүз жерлері де қарайтын. П.И. Рычков «Орынбор тарихы» және «Орынбор губерниясының топографиясы немесе сипаттамасы» атты құнды еңбектерін жазды. Ол еңбектерде қазақтардың Еділ-Жайық өңіріне Хақназар ханның билігі тұсында келгені жөнінде, Кіші жүз қазақтарының Ресейдің құрамына өтуінің барысы туралы баяндайтын деректер бар. Автор Орынбор қаласының, Жайық пен Орынбор шегаралық шептерінің салынуын, Ресейдің Орта Азия және қазақ даласымен сауда-саттық байланыстарының қалай орнағанын бастан-аяқ баяндайды. Ол Орынбордан Бұхараға бара жатқан көпестерге жергілікті халықтардың тарихы жөнінде, тіпті араб тілінде жазылған болса да, әдебиеттер ала келуге тапсырыс беретін.
ХVІІІ ғасырдың аяқ кезінде орыс офицері И.Г. Андреевтің «Орта жүз қырғыз-қайсақтарының сипаттамасы» еңбегі жарық көрді. Автор Сібір шегаралық шебінде ұзақ уақыт қызмет етіп, қазақ халқының өмірі мен тұрмысын зерттеген еді. Өзінің кітабында Орта жүздің тарихы мен шегарасы туралы мәлімет қалдырды. Онда далалықтардың әдет-ғұрыптары мен салт-жоралары кеңінен суреттеледі. Сондай-ақ қазақтардың Ертістің оң жағалауына қашан өткені туралы айтылады. Ресейлік көптеген зерттеушілер Г.Ф. Миллер, В.И. Татищев және басқалар қазақ халқы туралы іргелі еңбектер жазды. Мәселен, Г.Ф. Миллердің «Сібір тарихында» құнды деректер кездеседі.
Қазақстанды зерттеушілердің басым көпшілігі Орынбор, Омбы, Ташкент қалаларында шоғырланды.
1830 жылы «Отечественные записки» журналында орыс офицері Б.С. Броневскийдің «Орта жүз қырғыз-қайсақтары туралы жазбалар» атты жұмысы жарияланды. Онда Солтүстік-Шығыс Қазақстан қазақтарының тарихынан, өмірі мен тұрмыс-тіршілігінен құнды деректер келтірілген.
Белгілі тарихшы А.И. Левшин «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты үш бөлімнен тұратын зерттеу еңбегін жазды. Автор зерттеулерінде қазақ өлкесінің тарихы мен этнографиясы, географиясы туралы аса маңызды мәліметтер келтіреді.
Торғай облысының мал дәрігері А.И. Добросмыслов қыруар мол дереккөздері негізінде «Торғай облысы. Тарихи очерк» атты үш томдық іргелі еңбек жазып қалдырды. Онда Кіші жүздегі қазақ хандықтарының тарихы мен саяси оқиғалары толық сипатталған. Автор ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалар барысын және қалай жүргізілгенін толық баяндаған.