52.Isatay Tajmanulı ve Mahambet Ötemisulı liderliğindeki Kazak yavrularının tarihini formüle edin
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Этемісұлы бастаған қазақ ұрпағының тарихын тұжырымдаңыз
1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс төңірегінде тәуелсіздік жылдарында бірқатар зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер нәтижесінде көтерілістің екі кезеңнен тұратыны анықталды. Бірінші кезең Бөкей ордасында өткен, ол 1836 жылдың наурыз айында басталып, 1837 жылдың қарашасындағы Тастөбе шайқасымен аяқталады. Ал екінші кезең 1838 жылдың басынан 12 шілдеге дейінгі аралығын қамтиды. Көтерілістің бұл бөлігі Ақбұлақ қырғынымен аяқталған.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Тастөбе шайқасындағы жеңілістен кейін, Жайықтың шығыс бетіне өтті. Бұл Кіші жүздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың әбден шиелініскен мезгілі еді.
Жайықтан өткен Исатай мен Махамбет Кіші жүздің кең даласында топ-тобымен, әр жерде жеке-дара әрекет етіп жүрген көтерілісшілердің басын біріктіріп, күш жинап, патша мен хан әскеріне қарсы қайтадан күреске шығуды мақсат етіп қойды.
Олар 1838 жылы көктем шыға Желтау, Доңызтау, Шошқакөл, Үстірт, Үлкен және Кіші Борсық құмдарына барып, әлім, табын, адай руларының адамдары арасында патша өкіметінің отарлық саясатына, сұлтан Б. Айшуақов бастаған жергілікті биліктің озбырлығына қарсы үгіт жүргізіп, оларды отарлық және феодалдық езгіге қарсы күреске шақырды.
Халықты көтеріліске шақырып жүрген Исатай Тайманұлына, яғни оның жасағына Мамай батырдың әкесі Достан би 400 сәйгүлік ат берген. Исатай мен Махамбет руаралық жанжалдарды тоқтатып, азаттық үшін күресте қазақ халқының ғана емес, көршілес мұсылман елдерінің де күшін біріктіруге тырысты. Шілде айының басында Көкпектіден шыққан көтерілісшілер Қиылдың Ойылға құятын тұсындағы Ақшат деген жерге келіп орнығады. Бұл кезде олардың саны 3 мың болатын.
1838 жылғы 25 маусымда В.А.Перовский Исатай мен Қайыпқали бастаған көтерілісшілерге қарсы жазалаушы әскердің қолбасшысы етіп Тастөбе шайқасынан белгілі Гекені тағайындады.
Көтерілісшілерді басу үшін жіберілгендердің құрамында Орынбор полкінен 250 әскер, Елек казак әскерлерінен 50 адам, 4-Орал казак-орыс полкінен 100 адам, жаяу әскерден 50 адам және 2 зеңбірек болды. Отрядқа 2 еселенген патрон беріліп, 1 айға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Үш мыңдай сарбазы бар Қайыпқали мен Исатай алда не істеу керектігі туралы кеңесе келе, мынадай шешімге келеді: Қайыпқали негізгі әскер күшімен Қиыл өзені бойында тұрып, әлі де сарбаздар жинай береді, ал Исатай мен Махамбет Елек қалашығынан 60 шақырым жердегі Суықбұлақта орналасқан билеуші сұлтан Б.Айшуақовтың ордасын талқандайды.
Егер Исатай мен Махамбеттің жоспары іс жүзіне аса қалған жағдайда Кіші жүздің батыс бөлігіндегі саяси жағдай үлкен өзгеріске ұшыраған болар еді. Патша өкіметінің отарлық саясатын жүргізіп, жұртқа әбден жеккөрінішті болған Баймағанбет сұлтанның көзі жойылған жағдайда осы аумақтағы қазақтардың түгелдей көтерілісшілерге қосылуына мүмкіндік туатын еді. Мұның өзі азаттық жолындағы көтерілістің жаңа сатыға көтерілуіне әкелетін. Осыны ойлаған Исатай мен Махамбет қарауына 500 жігітті алып, шілде айының бас кезінде Қиыл өзенінен Суықбұлаққа аттанады.Ал Қайыпқали Қиылдың сағасындағы Тесіктамға кетеді. Осымен бір мезгілде ел арасында «Қайыпқали мен Исатай әскерлерінің көбін таратып, өздері Оңтүстік далалық аймаққа қарай ауысты. Сондықтан да бұдан былай Баймағанбет сұлтанға да, шекараға да ешқандай қауіп жоқ» деген лақап тарайды. Осы лақапты естіген атаман Покатилов бұл хабарды дереу Гекеге жеткізеді. Орынбордан шыққан полковник Геке 7 шілде күні осы хабар бойынша бұдан әрі не істеу керек деп, В.А.Перовскийге хат жазады.Генерал-губернатор В.А.Перовскийде болған кеңесте қалай болған күнде де жазалаушы отряд қазақ даласына шығуы керек, өйтпеген жағдайда қазақтар бұдан былай да көтерілісшілер қатарына көптен қосыла беруі мүмкін деген шешім қабылданады.
Полковник Гекенің алдына көтерілісшілерді ыдыратып, оның басшыларын тұтқындау міндеті қойылады. Сөйтіп, Исатайлардың ойлап тапқан қулығы, өкінішке қарай, жүзеге аспай қалады.
Геке әскерлері Елек бекінісі арқылы өтіп, 10 шілдеде Баймағанбет сұлтан отрядымен кездеседі. Осылайша полковник Геке мен Баймағанбет сұлтан басқарған жазалаушы әскер 11 шілде күні кеште Ақбұлақ өзені жағалауына келіп тоқтайды.
Полковник Геке әскерінің Баймағанбет сұлтанның жазалаушы тобымен кездескенінен хабарсыз Исатай мен Махамбет тобы Қайыпқали Есімовтің сарбаздарынан бөлініп, билеуші сұлтанның ордасын талқандауға бет алады.
Шілденің 11-інен 12-сіне қараған түні Исатай отряды жан-жаққа қарауыл қойып, ашық далада түнеп, таңертең ертемен атқа қонады. Қожахмет бастаған шолғыншы топты ілгері жіберіп, өздері суыт келе жатады. Алда Қожахмет шолғыншылары сұлтан Асфандияр Сүйеуғалиұлы бастаған барлаушыларға тап болып, оларға шабуыл жасайды. 2 адам қолға түсіп, Қожахметтің найзасынан қатты жараланған Асфандияр қашып құтылады. Исатайлар әлгі екі тұтқыннан Ақбұлақтағы әскердің мән-жайын сұрап біледі, Гекенің хабарын естиді.
Солай бола тұра, олар 1838 жылы 12 шілде күні таңертең Ақбұлақ өзенінің жағасында Геке мен Баймағанбет сұлтанның біріккен әскерінің үстінен шығады. Исатай мен Махамбет Ақбұлақ өзенінің арғы бетіндегі ойпаңда орналасқан Гекенің лагерін де, әскерін де анық көреді. Ұрыс кезінде Исатайдың атына оқ тиіп, ол жаяу соғысады. Махамбет пен Үбі Исатайға өз аттарын тосса да: «Ат артына мінгесіп, елге күлкі болғанымнан өлгенім артық, одан да балаларымды сақтаңдар», — деп оларды ілгері жібереді.
Пистолеттегі оғы таусылып, қылышпен соғысып жүрген Исатайға 3 казак артынан жармасады. Осы алыс-жұлыста батырдың дулығасы шешіліп қалады. Казактардың біреуі батырдың кеудесіне мылтығын тіреп оқ атады, ал урядник Иван Богатырев Исатайдың басын қылышпен шабады.
Сөйтіп, қару-жарағы да, әскер саны да тең емес ауыр шайқаста есіл ер қанішерлердің қолынан қаһармандықпен қаза табады.
Сөйтіп, 1838 жылдың алғашқы алты айында Кіші жүздің батыс бөлігінде Исатай мен Махамбет батырлар бастаған патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы жүргізілген халық көтерілісі осы жылдың 12 шілдесінде Ақбұлақ өзенінің жағасындағы, көтерілісшілер тарапынан алдын ала жоспарланбай, аяқ астынан болған шайқаста олардың жеңілуімен және көтеріліс көсемі Исатай Тайманұлының қаза табуымен аяқталды.
Достарыңызбен бөлісу: |