59.Alaş partisinin faaliyetleriyle ilgili örnekler kullanın
Aлаш партиясының қызметіне қатысты мысалдарды қолданыңыз
XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын.
XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалар одан әрі дамытты. «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастайды. Мәселен, Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазан айының шамамен 12-20 жұлдызы аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, сонан соң Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылады.
«Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы «Алаш» партиясының 15-кісіден тұратын уақытша комитетін ашумен аяқталады. Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланды. Комитет мүшелері оған құрметті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды.
«Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында «тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза» сайланады. Комитеттің төрағасы болып Ә.Бөкейханов, төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазынашысына Ж.Жәнібеков сайланады.
«Алаш» партиясының жарияланбағанымен, белгілі дәрежеде дайындалып қойған шартнамасы (жарғы) да болған. Ол жөнінде партияның Семейдегі облыстық комитетінің құрылуына байланысты «Қазақта» жарияланған материалдан мынадай деректі оқимыз: «Алаш» партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты-комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын «Алаш» партиясының программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шышынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тіліп берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн» [5].
Қорыта келгенде, Алаш - Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы. Алаш- Қазақстанның «Мәңгі ел» ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы [6]. Ұлт зиялыларының қажырлы еңбегі кеңестік мемлекеттік мекеменің негізін қалады. Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын тыйым салынған – Алаш қозғалысы тақырыбы қазіргі таңда отандық тарихымыздың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қайта зерттелуде. Алаш зиялыларының өмірі мен ісін мұқият зерттеп, олардың жетістіктерін бағалап, қателіктерінен сабақ алу, даналығын бағамдап, олар ашқан ақиқатты пайымдау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |