Бесінші республика. “Жеке билік” режимі. 1958 – 1969 жж. Де Голль жасаған жаңа Конституцияны 1958 ж. қыркүйекте өткен референдумға қатысқандардың 79% мақұлдады. Оның негізінде екі турдан тұратын мажоритарлық жүйе бойынша Ұлттық жиналыстың сайлауы өткізілді. Сайлау қарсаңында де Голльдың жақтастары “Жаңа республиканы қорғау одағы” деген атпен жаңа саяси партия құрған болатын. Сайлауда олар “тәуелсіздермен” бірлесіп, жиналыстағы орындарды көпшілігіне ие болды. Желтоқсанда де Голль президент болып сайланды.
1962 ж. президентті сайлау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Жаңа заңға сәйкес президент бүкіл халықтың дауыс беру жолымен сайланатын болды, бұл оны Ұлттық жиналыстан жоғары қойды.
Де Голль өз қолына барлық билікті топтастырды. Негізгі мәселелер бойынша ол референдумға жүгінді, бірнеше маңызды мәселелерді бүкіл халықтық дауыс беруге ұсынды. Ол ішкі және сыртқы саясатты және Алжирге байланысты саясатты да жеке өзі басқарды. “Жеке билік” режимі осылай орнады. 1960 ж. Францияның Африкадағы 14 отарына тәуелсіздік берілді. Ультраотаршылдардың қарсылығын жеңіп және Алжирдегі әскер басшыларының бүлігін басып, де Голль Алжир республикасымен келіссөздер бастады, сөйтіп 1962 ж. наурызда Эвиан қаласында Алжирге тәуелсіздік беру туралы келісімге қол қойылды.
Сыртқы саясат. Отаршылдық соғыстары бітіріп, де Голль және Франция үкіметі де Голльдың ең басты арманы – тәуелсіз сыртқы саясат пен экономикалық және әлеуметтік жаңарту жолындағы Францияның бұрынғы ұлылығын қалпына келтіруді іске асыруға кірісті. Сыртқы саясаттағы маңызды іс-әрекеттер Францияның НАТО соғыс ұймынан шығуы, американ әскери базаларын елден әкеттіру болды. Де Голль Вьетнамға америка интервенциясын айыптады.
Достарыңызбен бөлісу: |