ХХ ғ. екінші жартысындағы Орталық және Оңтүстік-Шығыс Европа елдері
Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері (Польша, ГДР, Венгрия, Румыния, Чехословакия, Югославия, Албания) соғыстан кейінгі жылдарда жаң ғана «Шығыс Еуропа» деп аталған елдер, небір қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Соғыс жылдары олардың кейбіреулерін герман және итальян әскерлері басып алды (Польша, Чехия, Югославия және Албания), кейбіреулері Германия мен Италияның одақтастары болды. Бұл елдермен (Болгария, Венгрия, Румыния) кейіннен бітім шарттары жасалды.
Қызыл Армияның бұл елдердің территориясындағы неміс-фашист әскерлерін талқандауы Шығыс еуропа мемлекеттерінің ішкі процестеріне шешуші әсер етті.
Шығыс Еуропа елдерінде 1945-1948 жж. парламенттік режимдерді, көппартиялықты, жалпыға бірдей сайлау құқығын қалпына келтіру, жаңа конституцияларды қабылдау, аграрлық реформалар жүргізу, соғыс қылмыскерлерін жазалау, аса белсенді нацистік қылмыскерлер мен олардың сыбайластарынының меншіктерін мемлекет қарамағына алу сияқты демократиялық өзгерістер батыс еуропалық елдерге тән құбылыстар болды. Бірақ «қырғи-қабақ соғыс», кеңес-американ бәсекелесі жағдайында және КСРО-ның тікелей қысымы мен көмегінің арқасында 1947-1948 жж. Шығыс Еуропа елдерінде өздерінің саяси қарсыластары – либералдық партияларды ығыстырып немесе жойып жіберген коммунистік партиялар билік басына орнықты.
Социалистік құрылыстың жалпы принциптері:
Міндетті түрде бір партиялық саяи жүйенің орнатылуы. Құрылған халық майдандары кейде ешқандай ықпалы жоқ партиялардың саяи өкілдерін біріктірді. Барлық билік іс жүзінде коммунистік партиялық аппаратпен бірігіп кеткен атқарушы билік орындарының қолдарында болды. Бұл жүйені қауіпсіздік органдарының жүйесі мен сан мыңдаған тыңшылар армиясы толықтырды.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары формальды түрде жарияланғанымен, іс жүзінде сақталмады.
Экономика саласында:
Чехословакия мен ГДР-дан басқаларының аграрлық болғанына байланысты бұл елдерде индустриаландыруға назар аударылды. Индустриаландыру жедел қарқынмен іске асырылды. Оның негізін өнеркәсіпті, қаржы-қаражат жүйесін, сауданы түгелдей мемлекет қарамағына алу құрды. Аграрлық реформа алғашысында жерді қайта бөлуден басталып, ұжымдастырумен аяқталды, бірақ жер мемлекет меншігіне алынбады.
Эконмикалық стратегия индустриаландырудың дәстүрлі үлгісінің, яғни ауыр өнеркәсіпті басым дәрежеде дамыту (белгілі бір елдің нақтылы мүмкіншіліктерін ескерместен) ірі комбинаттар, қуатты электр станцияларын салу (жеңіл өнеркәсіп пен тұтынушылық қызметтерге жеткіліксіз көңіл бөлусіз) негізінде индустриаландыруды қысқа мерзімде іске асыру міндетіне келіп тірелді.
Қате экономикалық стратегия мен қаржының, бюджеттің жетімсіздігі әлеуметтік жүйе мен бүкіл өндірістік емес салаларды – білім беру, денсаулық сақтау, ғылымның дамыту мүмкіншіліктерін қысқартты.
Шығыс Еуропа елдері дамытудың ескірген үлгілеріне арқа сүйенгендіктен және адамдарды шығармашылық бастамалар мен таңдау еркімен жұрдай еткен әкімшіл-әміршіл бөлу жүйесінің керағарлығынан жаңа экономикалық талаптарды қабылдауға қабілетсіз болып шықты. Тоталитарлық социализмді нығайту еуропалық өркениеттер дамуының табиғи-тарихи процесіне қарама-қарсы болды. Польшадағы 1953 ж. көтеріліс пен басқа елдердегі ереуілдер, ГДР-дегі 1953 ж. көтеріліс, 1956 ж. венгер көтерілісі және 1968 ж. «Прага көктемі» көрші социалистік елдер әскерлерінің күштерімен басып-жаншылды.
Ғылыми-техникалық революцияның жаңа кезеңі социалистік лагерьдің барлық елдерінде экономиканы құрылымдық жағынан қайта құруды талап етті. КСРО мен шығыс Еуропа елдері ҒТР-дің жаңа кезеңіне ере алмады. Реформа мәселесі 1956 жылғы венгер көтерілісінен бері күн тәртібінен түспей келе жатса да, оларды іске асырудың жолындағы барлық әрекеттер сәтсіздікке ұшырап келді. 70 жж. басында Польшада жұмысшылардың алғашқы ірі бас көтерулері орын алды. 1981 ж. соғыс жағдайы енгізілді. Басқа елдерде революция билеуші партияның атын өзгертіп, реформалар жариялау әрекеттерімен басталып (Польша, венгрия, Болгария, Албания), олардың саяси аренадан кетуімен аяқталды. Билік басқа партияларға ауысты. Румынияда 1989 ж. желтоқсандағы халық көтерілісін қангға бояп басқысы келген әрекеті диктатор Чаушеску үшін қайғылы аяқталды.
1990-1991 жылдары бұрынғы социалистік елдердің көпшілігінде либералдандыру, жекешелендіру және нарықтық реформалар іске асырылды. «Шоктік терапия» деп аталған бұл реформалардың инфляция, қымбатшылықтың өсуі, жұмыссыздық сияқты жағымсыз салдары болды.
Жаңа терминдер:
Шоктік терапия - 1990-1991 жылдары бұрынғы социалистік елдердің көпшілігінде либералдандыру, жекешелендіру және нарықтық реформалар іске асырылуының инфляция, қымбатшылықтың өсуі, жұмыссыздық сияқты жағымсыз салдары болды.
«Прага көктемі» – 1968 ж. Чехословакиядағы көтерілісті басуға бес социалистік мемлекеттің әскерлерінің енгізілуі.
Достарыңызбен бөлісу: |