Экспансионизм. «Үлкен шоқпар дипломатиясы» мен «доллар дипломатиясы». АҚШ–тың экономикалық қуатының артуы сыртқы саясаттық экспансиямен бірге іске асты. Экспансионистер «тағдырдың таңдауы» және «англосаксондық нәсілдің артықшылығы» тұжырымдамаларына арқа сүйеп, АҚШ үшін экспансия даму заңы болып табылады және теңіздегі үстемдік үшін күреске кірісетін уақыт жетті деп дәлелдеді. Олардың басты идеологы – тарихшы және публицист адмирал Мэхэн: «теңіз күші – бұл өмір сүруге құқық үшін күресте елдің тағдырын анықтайтын маңызды фактор» деп тұжырымдады.
Т.Рузвельт, Мэхэн және олардың жақтастары Америка экспансиясының негізгі нысаны Латын Америкасы деп есептеді. 1898 ж. АҚШ Кубадағы көтерілісті басып жатқан Испанияға қарсы соғыс қимылдарын бастады. Испания жеңіліс тауып, бітімге қол қоюға мәжбүр болды.
1898 жылғы бейбіт келісімге сәйкес Куба тәуелсіз деп жарияланды, АҚШ Кубадан алыс емес Атлант мұхитында орналасқан Пуэрто–Рико аралын иеленді. Тынық мұхитта Филиппины аралдары, Гуам аралы, кейінірек Гавай аралдары мен Самоа аралының бір бөлігі АҚШ–тың билігіне көшіп, оларда американың әскери базалары орналасты.
АҚШ–тың Латын Америкасындағы қимылдары «үлкен шоқпар» саясатын іс жүзінде қолдану болып шықты. 1903 жылы АҚШ Кубаға американ сенаторы Платт ұсынған түзетпені күштеп таңды. «Платт түзетуі» Кубаға АҚШ–тың келісімінсіз шет елдермен келіссөз жасауға тыйым салды, Куба американың базаларын салуға рұқсат етті және АҚШ–қа Куба жеріне өз әскерін кіргізуге құқық берді.
1903ж. АҚШ пен Колумбия арасында жанжал шықты, оған себеп болған АҚШ–тың осы елдің территориясы арқылы Тынық және Атлант мұхиттарын қосатын канал қазу ниеті еді. Колумбия парламенті бұл жобаны қабылдамай тастады. Сол кезде АҚШ Панаманың Колумбиядан бөлінуін жақтаушыларға қолдау көрсетті. Америка флотының көмегімен олар Панаманың тәуелсіздігін жариялады да, АҚШ–қа америка әскерлері күзетіп тұрған аймақ арқылы канал құрылысын жүргізуге рұқсат берілді.
Панама каналының құрылысы 10 жылға созылып, 1914 ж. аяқталды. Бұл нағыз алып техникалық құрылыс болды. Ұзындығы 81 км, өте күрделі географиялық жағдайларда салынған канал американ флотына тез уақыттың ішінде өз күштерін бір мұхиттан екінші мұхитқа жеткізуге мүмкіндік берді.
Т.Рузвельт қолданған «үлкен шоқпар» саясаты Латын Америкасында наразылық туғызды және АҚШ–тың өзінде де қарсылыққа ұшырады. АҚШ–тың жаңа президенті Уильям Тафт «штыктарды долларға ауыстыру» қажет деп жариялады. Тафт жария еткен «доллар дипломатиясына» сәйкес Құрама Штаттар Латын Америкасын экономикалық экспансиялауды бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |