«Прогрессивтік дәуір». Т.Рузвельт. 1901 жылы АҚШ президенті қызметіне республикашылдар партиясының көрнекті қайраткері Теодор Рузвельт келді. Ол прогрессивтік деп аталатын кезеңнің басын салған бірнеше реформалар жүргізді. Т. Рузвельт мемлекет либералдардың доктриналарына қарамастан, экономиканың дамуы мен еңбек қатынастарын реттеуі керек деп санады. Өзі «индустрия капитандары» деп атаған ірі капиталистерді жоғары бағалай отырып, сонда да трестер олардың «жаман жақтарын: бәсекелестерін жойып, рынокта монополиялық ахуал орнатуға бейімділіктерін шектейтін мемлекеттік реттеуге мұқтаж» деп есептеді. Рузвельт мемлекет еңбек пен капиталдың өзара қатынастарын реттеп отыруға міндетті деп санады.
Рузвельт үкіметінің жұртшылық тарапынан кең қолдау тапқан прогрессивтік шарасы – ол монополияларға қарсы сот процесі болды. 1901 жылы АҚШ үкіметі Морганның бақылауындағы теміржол компанияларын еркін саудаға кедергі жасады деп айыптап, оларға қарсы сот процесін ұйымдастырған болатын. Сот компанияны кінәлі деп тауып, оны екіге бөлуге үкім шығарды.
Осыдан кейін іле–шала компанияларға қарсы тағы да 25 сот процесі болды, бұл Рузвельтке «трестердің қиратушысы», тіпті «революционер» деген даңқ әкелді. Экономикаға мемлекеттің араласу саясатын жалғастыра отырып, Рузвельт үкіметі 1906 ж. конгресс арқылы теміржол тарифтерін бақылауға мүмкіншілік беретін заң өткізді. Жұмысшылар жөнінде «адал бағыт» жүргізуге уәде беріп, үкімет сан рет ереуілдерге араласып, кейде жұмысшыларды жақтады.
Рузвельт үкіметінің атағын шығарған екінші бір мәселе – ол табиғатты қорғау болды. Ең әсем, өсімдік пен жануарларға бай аудандар мемлекеттік қорықтар деп жарияланды.
1908 ж. АҚШ президенті болып республикашылар кандидаты Уильям Тафт сайланды. Ол монополиялардың үстінен бақылау енгізуге бағытталған реформаларды жалғастырды.
Тафт үкіметі трестерге, оның ішінде Рокфеллердің «Мұнай компаниясына» және Морганның «Болат трестіне» қарсы 45 сот процесін ұйымдастырды. Оларды сауда еркіндігін бұзғандығы үшін кінәлі деп тауып, ұсақтады.
1912 ж. сайлауда республикашылар партиясының жақтастарының арасында жік тууына байланысты демократтардың кандидаты Вудро Вильсон жеңіске жетті. Ол үкімет басында 1920 ж. дейін отырды. Вильсонның бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін басты ішкі саяси әрекеті – мемлекеттік жалпыұлттық банк жүйесін іс жүзінде енгізу болды. 1913 жылы қабылданған Федералдық резервтік жүйе туралы заңға сәйкес жеке меншіктік банктермен қатар үкімет бақылайтын «резервтік банктер де» құрыла бастады. Оларға маңызды банктік қызметтер, оның ішінде құнды қағаздарды шығару да тапсырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |