8.«Қазақстан Республикасының рәміздері туралы» 04 маусым 1992 жылғы Конституциялық Заңы. 1992 жылғы 4 маусымда Президент Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекетік гимнінің музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды.
1992 жылғы 6 маусымда мемлекеттік рәміздерді ресми түрде пайдалану салтанаты өткізілді. Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясы мен Жоғарғы Кеңестің ғимараты үстіне Мемлекеттік Ту тігіліп, Елтаңба орнатылды.
1996 жылғы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар Жарлығы қабылданды.
2006 жылғы 7 қаңтарда Қазақстан Парламенті палаталардың бірлескен отырысы «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа өзгерістер енгізуді қабылдады. «Менің Қазақстаным» – «Мой Казахстан» атты әйгілі ән еліміздің жаңа Гимніне айналды.
2006 жылғы 11 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі президенттік мерзімге өтуін салтанатты түрде ұлықтау кезінде Қазақстанның жаңа Гимнінің ресми түрде тұсауы кесілді.
2007 жылдан бастап 4 маусым – «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа да мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік рәміздер күні болып мерекеленеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2. Мемлекеттік Тудың аспан тектес зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес. Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға меңзейді. Аспанкөк түс – қазақтың ұлттық бояуының реңі. Ұлттың менталитеті, танымы, мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты осы ойға жетелейді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір түстес күн сәулесі шашырап тұрғандай әсерде шаңырақтың суреті бейнеленген (киіз үйдің жоғарғы бөлігі). Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты пырақ бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде үлкен бес бұрышты жұлдыз бейнеленген, ал төменгі жағында алтын түспен жазылған «Қазақстан» сөзі бар. Жасалу әдісі мен жасалатын материалы, эстетикалық әсері жөнінен Елтаңба мен Ту арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Егер Туда дүниеге көзқарастың жазық кеңістікке байланысты бөлігі көрініс табатын болса, Елтаңба табиғаты, әдетте, көлемге қатысты түсініктерге, сол сияқты сәулеттік (архитектуралық) композиция мен пішімге (формаға) қатысты ұғымдарға сәйкес айқындалады. Көркемдік тұрғысы жан-жақты көзқарастың дәлме-дәл бірегей үндестігін тапқан. Шаңырақ – киіз үйдің негізгі бөлігі болып табылады, тіршіліктің бастау алар көзі, адамзат өмірінің маңызды бөлігі. Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары атақты сәулетшілер Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков болып табылады.
Гимн – бұл Ту мен Елтаңбаның музыкалық эквиваленті. Өзін нағыз патриотпын деп санайтын әрбір азамат Мемлекеттік Гимнді білуі қажет. Гимн -Мемлекеттік рәміздің бір түрі, оның әуені мен сөзі Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбада айшықталған мағынаны білдіреді. Біздің елімізде Мемлекеттік Гимн күнделікті радио мен теледидар басталған кезде және аяқталған кезде орындалады. 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап еліміздің жаңа әнұраны болып 1956 жылы жазылған, халық арасында кеңінен танымал, атақты «Менің Қазақстаным» («Мой Казахстан») әні белгіленді. Гимннің сөзін уақыт өлшемімен үндестірген өзгерістерді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев енгізді. Сондықтан ол мәтіннің қосымша авторы ретінде көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимннің авторлары болып Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев табылады.
Рәміз дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипаттап көрсетуден туатын сыр-таңба, эстетикалық категория, шартты белгі. Елтаңба, Ту, Әнұран - әрбір тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бөлігі. 1992 ж. 4 маусым Қазақстан тарихында мемлекеттік рәміздердің дүниеге келген ерекше мәртебелі күн.
Достарыңызбен бөлісу: |