18.Саяси партиялар: большевиктер, кадеттер, эсерлер, «Алаш», «Үш жүз», «Шуро-және-Исламия», «Шуро-және-улемия» және т.б. XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ қоғамында жоғары оқу орнын аяқтағандығы туралы дипломды иемденген мамандардың саны жүз отыздан, ал арнайы орта оқу орындарын бітіргендердің саны жеті жүзден асып жығылатын еді. Қазақстанда бірлі-жарым орта білімді мұғалімдер даярланатын курстар мен училищелерді есепке алмағанда, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, өкімшілік орындарында қызмет жасаған қазақ мамандары, негізінен, ресейлік оқу орындарында білім алды. Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болған жоқ, керісінше, қараңғылықта үстау оған тиімдірек көрінді. Ал XIX ғасырдың соңғы ширегінде ашыла бастаған азын-аулақ мектептер мен гимназиялар жергілікті жұртты ислам дінінің «зиянды әсерінен» сақтау және далада орыс ықпалын дамыту үшін керек болды. Сонымен бірге отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына бөлуге мәжбүр болды. Мұндай қадамға бара отырып, ол жыл сайын өсе түскен басқару жүйесінің жергілікті ұлттан шыққан мамандарға мұқтаждығын канағаттандыруды көздеді. Осы мақсатта генерал-губернаторлык кеңселері жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген стипендияға және қазақ ауқатты топтарының өз еркімен жәрдемге жиған қаржысына сүйеніп қазақ жастары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалалардағы оқу орындарында түрлі мамандыктар бойынша білім алды. Мәселен, тек Қазан университеті мен мал дәрігерлік институтын 1917 жылға шейін 35 (20 және 15) қазақ жастары аяктап шыққан. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Санкт-Петербург қаласы атқарды. Империяның саяси өмірінің де астанасы болған бұл қалада осы мезгілде Ә. Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), Мұхамеджан Тынышпаев (Темір жол көлігі институты), Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров (Дәрігерлік академиясы), Б.Қаратаев, Ж.Досмұхамедов, М.Шоқай (Санкт-Петербург университеті) сиякты ұлт-азаттық қозғалысында өшпес із қалдырған қайраткерлер білім алды. Қазақ жастары, сондай-ақ Стамбұл, Каир университеттерінде де оқыды. Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрды. Бұл топтың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С. Торайғыров, Ғұмар Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар бар еді. Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ыкпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей коймады. Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі құбылыс емес-тін. Қоғамда болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді. XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тұспа-тұс келді. Оған қазақ халкының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық деңгейде қалып қоюы түрткі болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 жылы кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді: «...Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд бастықтарын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп салуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет, т.б.), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес... Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре түрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым». 1905 жылғы жазға қарай Қазақстанның барлык өңіріндегі жәрмеңкелерде қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған съездер өте бастады. Бірден жандарм мекемелерінің назарына іліккен бұл жиындарда патшаға, ортақ билік орындарына арналған арыз-тілектер жазылды; Жетісу және Семей облыстары атынан жазылған шағымдарды талқылауға 25 мыңнан астам адам қатысты. Бұл талап-тілектерде қазақ елінің қоғамдық өмірдегі ең негізгі мұқтаждықтары, яғни жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру, ұждан және дін бостандығы, бақылаусыз газет шығару және баспахана ашуға рұксат беру, қазақ елінің жоғарғы заң шығарушы орындарға депутат сайлау кұқын мойындау және басқа сол сияқты аса маңызды мәселелер көтерілді. Барлык арыз-тілектерде жоғарғы билік алдына қойылған үлкен де өзекті мәселе, әрине, жер мәселесі болды. Арыз-тілек авторлары «әкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін» орыс үкіметінің ешқандай да дәлел-себепсіз мемлекеттік меншік деп жариялап, соған сүйеніп ең кұнарлы жерлер мен тұщы су кездерінің қоныс аударушыларға өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді. Арыз-тілек науқаны ұлт-азаттық козғалысында өзара айырмашығы бар екі ағымның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Оның бір жағында қазақ жұртының болашағын еуропалық өркениеттің жетістіктерімен байланыста қарап, дін ісін екінші кезекке ығыстырған зиялылар тұрса, оған қарсы екінші бетте қоғамдық дамуда ұлттық-діни ерекшеліктерді негізгі құндылық ретінде бағалаған топ тұрды. Ә.Бөкейханов алғашқы ағымдағыларды батысшылдар, ал соңғы ағымдағыларды түрікшілдер деп атады. 1905 жылғы 6 тамызда жарияланған манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы берілді. Ұлт зиялылары Дума жұмысына белсене араласу арқылы үкіметтің Қазақстандағы саясатына, әсіресе жер мәселесіне ықпал етуге болады деп түсінді. Бірақ сайлау қарсаңындағы қазақ қоғамында Думаға депутат ұсына алатын өз бағдарламасы бар саяси партия жоқ болатын. Уақыттың тарлығына байланысты және баска даярлыктың жоқтығын түсінген ұлт зиялыларының басым бөлігі ресейлік конституциялық демократиялық партияның (кадеттер) бағдарламасын мойындап, қазақ облыстарында осы партияның бөлімшелерін құрып, осы ұйымның атынан депутаттыққа түсті. I—II Мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясы жұмысына белсенді араласқан қазақ зиялылары үкіметтен Қазақстанға ішкі Ресейден қоныс аударушыларды жіберуді, жергілікті халықты егіншілікке жарамды жерлерден ығыстыруды тоқтатуды талап етті. Қазақ депутаттарының бұл талабын қазақстандық Т. И. Седельников және сібірлік Н.Л. Скалозубов бастаған демократиялық бағыттағы орыс және баска ұлт депутаттары да қолдады. Сайлау науқанына араласқан қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халкының мүддесі тұрғысынан қоғамдык үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттігін айқын аңғарды. 1906 жылы 10 маусымда Семей қаласында Мемлекеттік Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдердің жиналысы өтіп, Ә.Бөкейханов жиналғандарды «Халық еркіндігі» (кадеттер) партиясының бағдарламасымен таныстырып, жиналыс оған қатысқандардың аталған партияға косылатындығы жөнінде каулы кабылдады («Семипалатинский листок», 1906, 13 маусым). Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси-әлеуметтік бағдары белгілі дәрежеде ресейлік радикалдық-буржуазиялық партия, кадеттердің қызметімен ұштасты. Бірак осы кезеңдегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында төмендегідей талаптар қойылды: қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілер легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу, т.б. Отарлық езгіге қарсы жалпыұлттык бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған кажетті алғышарттар пісіп-жетіле қойған жоқ еді. Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 жылы тағы да бой көрсетті. М. Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін Жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған катаң әскери-отарлық тәртіппен есептесу қажеттігін айтқан Ә.Бөкейханов бастаған топ мұндай әрекеттерге көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Алаш партиясының құрылуы. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды».1917 жылғы 21—26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и-Исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...». Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Ә.Бөкейханов ресейлік Кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұспа-тұс келді. «Қазақ» газеті өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді.Алаш партиясының облыстык ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12—20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал карашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, баскару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды. Алаш партиясы жарияланған бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыраңқы қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізде Ресей Федерациясының құрамына еңбек. Әлеуметтік қатынаста феодалдық ақсүйектер құқын шектеу, таптық жіктелуді жеделдету мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық мүдде, ұлттык тұтастық бағытына басымдылық берілді. «Алаш партиясы ғаділдікке жақ, халі нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жағына бастайды» деп көрсетілді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. «Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға байша, кедейге кедейше ғаділ жолмен салынады, ...бар жұмысшылар заң панасында болады». Бағдарламаның антифеодалдық сипаты «негізгі құқық», «ғылым-білім үйрету» сияқты тарауларынан байқалады. «Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей, адам баласы тең. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап басуға еркіншілік», заң орындарының рұксатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды, т.б. Бағдарламадағы ең негізгі мәселе — жер мәселесі. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару токтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, атамекенінен әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін сыбаға жер шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тыйым салады. 1917 жылдың соңына карай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан Алаш партиясының жергілікті ұйымдары облыстық, уездік Қазақ комитеттері, ал жергілікті сауатты, партиялық ниеттегі зиялылар партияның активі, тірегі болды. Алаш партиясы күрделі үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде, ең алдымен, шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл аткарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында берілді. Екіншіден партияның ұйытқысы болған қайраткерлер 1917 жылы желтоқсанда қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекеттігі өмірге келгенін жария етті. Осы съезде өмірге Алашорда — ұлттық Кеңесі үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алаш партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алаш партиясының атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында Алаш партиясы ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-қиғаш азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді. 1917 жыл Қазақстанда түрлі саяси ұйымдар мен партиялардың белсенділік танытуымен сипатталады. Олардың біразы Ресейдегі революциялык қозғалыстың тікелей ықпалымен бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қалыптаса бастаған. 1905 жылы социал-демократиялық топтар Верный, Қостанай, Перовск, Орал, Ақтөбе және Семей қалаларында қалыптаса бастайды. Олардың құрамында темір жол, баспахана, пошта және телеграф жұмысшылары, жергілікті зиялылар өкілдері болды. Басым түрде орыс және басқа славян тұрғындар өкілдерінен құралған бұл топтардың мүшелері өздерінің жабық құпия отырыстарында марксистік әдебиеттермен танысты және оларды халық бұқарасы арасында насихаттау ісін қолға алды. 1913 жылы Омбыдағы түрлі оқу орындарында оқитын қазақ жастары «Бірлік» қоғамын құрды. Қоғамның мақсаты бастапқы кезенде, негізінен, ағартушылык қызметтен тұрды, ал оның басқарушы тобы құрамында Мұхтар Саматов, Нығмет Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев, Шаймерден Әлжанов, Сәкен Сейфуллин сияқты жастар бар еді. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі оқиғалар тұсында «Бірлік» ұйымы екі қанатқа жарылып кетті. Оның бір қанаты (Ә. Досов, Ж.Сәдуақасов, Жүсіпбеков, т.б.) кеңестік билік жағында болса, екінші қанаты (Қ.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов, т.б.) Алаш партиясының бағдарламасын қолдады, өздерін «жас алашшылар» санады. Түрлі саяси ұйымдар мен партиялардың саяси белсенділігінің арта түсуі 1917 жылға тұспа-тұс келді. Құрамы жергілікті зиялылар мен оқушы жастардан тұратын бұл ұйымдардың саны жиырмадан асып түсетін еді. Олардың арасында Ақмоладағы «Жасқазақ», Орынбордағы «Еркін дала», Ордадағы «Жігер», Петропавлдағы «Талап», Меркідегі «Қазақ жастарының революциялық одағы» және басқалар бар еді. Бұл қоғамдық ұйымдардың көздеген мақсаты біркелкі болған емес, олардың қайсыбірі жалпыұлттық ұстанымда болса, екінші біреулері соңынан белгілі бір әлеуметтік топтарды ертуді көздеді. 1917 жылы қарашада Мұқан Әйтпенов және Шаймерден Әлжанов бастаған бір топ Омбы зиялылары «Үш жүз» аталатын саяси партия құрағандарын мәлім етті. Бұл партияның өмірге келуі қазақ зиялылар тобының білімі мен саяси мәдениеті түрғысынан біркелкі емес, сондай-ақ түрлі саяси ұстанымда екенінің айғағы. Келесі жылдың басына қарай бұл саяси ұйымдағы басшылық Көлбай Тоғысовтың қолына көшеді. Өздерін саяси партия ретінде жариялаған алғашқы күннен бастап-ақ үшжүздіктер Алаш партиясына қарсы ұстанымда болды. Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлау науқанына дербес тізіммен түсіп, сайлауда бірде-бір өкілін өткізе алмады. Үшжүздіктердің қазақ қоғамы арасында беделінің жоқтығы басшылығында ел мойындаған саяси тұлғаның болмауына, сондай-ақ партияның халықты соңына ерте аларлық нақты бағдарлама ұсына алмауына байланысты еді. «Үш жүз» қазақ арасындағы мұсылмандықты қолдайтындығын және қорғайтындығын айта отырып, сонымен бірге атеистік ұстанымдағы большевиктермен қоян-қолтық жұмыс істеуге күш салды. Өз ретінде большевиктер үшжүздіктерді Алаш партиясының беделін түсіру мақсатында пайдалануға тырысты. Өзін социалистік ұстанымдағы партия санаған «Үш жүздің» қызметінде үйлесімсіз қайшылықтар көп еді, сондықтан да оның қызметі ұзаққа созылған жоқ. 1917 жылы құрылған саяси ұйымдардың бірі «Ислам жолындағылар кеңесі» («Шуро-и-Ислам») болды. Орталығы Ташкент қаласында құрылған бұл ұйымның қызметі жалпы Түркістан өңіріне ықпалды болды, сондай-ақ оның басшылығында Мұстафа Шоқай, Сералы Лапин болды. «Ислам жолындағы кеңестің» ұйымдастыруымен 1917 жылғы қарашада Қоқан қаласында IV төтенше өлкелік мұсылмандар съезі шақырылып, онда кеңестік билікке балама Түркістан (Қокан) автономиясы құрылғандығы жарияланып, үкіметі құрылды.