Есіңізде болсын! Зонд өңешке немесе асқазанға түссе пациенттің хал жағдайы өзгермейді. Ал егер зонд кеңірдекке түссе пациент көгеріп, жөтеліп қақалады. Бұл жағдайда зондты тез шығарып алып, пациентті дем алдырыңыз.
Науқасты асқазан тесігі (гастростома) арқылы қоректендіру
Асқазан тесігін жасап, ол арқылы тамақтандыру өңештен тамақ өтпейтіндіктен, қарын қалтқысының тарылуынан болады. Жылытылған тағамды шағындап /150-200мл/ күніне 5-6 рет құяды. Құятын тамақты біртіндеп 250-500мл дейін көбейтеді, бірақ жіберуді күніне 3-4 ретке дейін азайтады. Воронка арқылы ұнтақталған қатты тағамдарды, сұйық тағамдарды беруге болады. Воронкаға көп тамақ құюға болмайды, себебі қарын немесе ішек бұлшық еті тарылып, тамақ тесік арқылы сыртқа шығуы мүмкін.
Пациентті асқазан тесігі /гастростома / арқылы тамақтандыру
Қажетті заттар: Жуан асқазан зондын, залалсыздандырылған домалақ (түйме) зондты, воронканы, вазелин майын. 250-500мл 30-35°С дейін қыздырылған сұйық тамақтарды (дәрігердің тағайындағанына байланысты).
Іс- әрекеттер:
Қолыңызды тазалап жуыңыз.
Зондтың домалақ басына вазелин майын жағыңыз.
Асқазанның тесігіне орнатылған домалақ (түйме) зонд арқылы асқазанға зондты жіберіңіз.
Зондтың екінші жағына воронканы (оймышты) жалғастырыңыз.
Асқазанға әзірлеген сұйық тамақты (көлемі дәрігердің тағайындауы бойынша) зонд арқылы жіберіңіз.
Зондты асқазанда қалдыру керек болған жағдайда оны тамақтың қалдығынан тазарту үшін 20-40 мл қайнаған жылы сумен жуыңыз.
Қарын тесігінің (гастростоманы) айналасындағы теріні калий перманганатының әлсіз ерітіндісімен жуып, Лассар пастасымен майлаңыз.
Асқазан және домалақ (түйме) зондты судың ағынымен жуып, қайнатып, ауызы жабық ыдыста сақтаңыз.
Ректальды немесе тамақты тік ішекке клизма арқылы жіберу
Егер науқастың өңешінен ас өтпей қалса, өңешке немесе өңештің асқазанға құяр жеріне операция жасалса, қоректік заттарды клизма арқылы тік ішекке жібереді. Тік ішек арқылы қоректік заттар жіберу үшін бір сағат бұрын тазалау клизмасын жасау қажет.
Клизма арқылы жіберетін қоректік заттар: 5% глюкоза, 0,9% натрий хлорид ерітіндісін, амин қышқылы ерітіндісін 37-38°С жылытып, 300-500мл мөлшерде резеңке грушаның көмегімен жасайды. Осы тәртіппен тәулігіне 3 -4 рет жібереді. Қоректендіру клизмасын жиі пайдалануға болмайды, себебі одан тік ішек сфинктері тітіркеніп, жара пайда болуы мүмкін. Осындай асқынулар болмау үшін тік ішекті ұқыпты жуып тұру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |