2.Тілдің дыбыс жүйесі, сөз байлығы, сөз мағыналары, тілдің грамматикалық құрылысы туралы талдау жасау. Сөздік қорды байытудағы ең өнімді тәсілдердің біреуі – сөздікпен жұмыс жүргізу. Сөздік жұмыстарына мынадай талаптар қойылады: 1. Өз ойын тыңдаушысына білдіру, ұғындыру үшін оқушының ең алдымен сөздік қоры мол болуы керек. Ондай оқушының ұғымы да кеңейе береді, әрі тілі орамды болып, пікірін толық кеткізе алады. Ал сөздік қоры тапшы адам сөйлегенде көңілінде сайрап тұрған ойын дәл білдіруге қажетті сөз таба алмай, сасқалақтап, қиналыс табады. Сондықтан сөз байлығын арттыру ең басты талап болып саналады. Оқушылардың сөзі грамматикалық құрылысы жағынан дұрыс, мінсіз болуға тиіс. Яғни сөйлемдегі сөздер тілінің құрылысы материалы болып есептелінеді.
Грамматика сөздердің тұлғалары мен өзара бір-бірімен байланысын анықтаумен қатар, жаңа сөз тудыруды да қарастырады. Ендеше сөз сөйлеу барысында тілдің қолданылған сөздер заңдарына сай болуы қажет. Дұрыс мінез сөйлеуге үйрету жұмысы грамматика сабақтарында соған байланыстырыла жүргізіледі. Сонымен қатар бұл жұмыс грамматика сабақтарынан тыс, өз алдына бөлек сабақ ретінде де ұйымдастырылады.
2. Дұрыс сөйлеу мәдениетін тәрбиелеуде, алдымен бала тілдің дыбыстық құрылымын толық меңгеруі тиіс. Сөйлеудің дыбыстық жағы фонетика мен орфоэпия деректеріне сүйенеді.
Бала үлкендерге еліктеу арқылы ана тілінің сөз екпіндерін, интонациясын дұрыс сақтауға үйренеді.
Сондықтан әр сөз ауыздан шыққанда оның ішіндегі кейбір дыбыстары немесе сөздің (желініп) қоймай, түсінікті, анық естудің дұрыс болуын қамтамасыз етуі керек.
Оқушылардың тіл мүкістігінен немесе еркеліктен сөздерді әдейі бұзып айтушылық райлары мектепте көптеп кездеседі. Ондай оқушылармен кезінде жеке жұмыстар жүргізілген дұрыс.
3. Оқушылардың сөзі анық болуы тиіс. Айтайын деген ойына мағынасы дәлме-дәл келетін сөзді тыңдап, теріп алып сөз сөйлеуге қазақ тілінің сөз байлығы жеткілікті. Мұғалімнің міндеті – балаларды ойын күмілжітпей, дәл айтуға үйрету. Әрине бұл талап та жоғарыда айтылған сөздік қорын молайту талабымен ұштасып жатыр. Дәл айтылмаған ойды түсінудің өзі бірсыпыра қиындыққа ұшыратады.
4. Оқушылар ойын тәртіппен бір жүйеге түсіріп айта білуге тиіс. Бұлай дағдыланбаған оқушы әңгімедегі оқиғаларды есіне түсіруіне қарай байланыссыз, шашыратып айтады да, оның мағынасы мүлде түсініксіз болып шығады.
Бұл әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына тән кемшілік, өйткені кішкене балалар бір оқиғаны еске түсіргенде оның жүйесін, тәртібін, яғни оқиғаның неден басталып, қалай аяқталғанын басына тоқып ойлап тұрмайды. Оқығанын, еске түскен жайды лақ еткізіп айта салады.
Мұғалімнің ең басты міндеті – балалардың айтар ойын тәртіппен, жүйелі сөйлеуге үйрету. Бұл үшін жоспарлы түрде әдейі сабақтар ұйымдастырылып, онда балалардың көңілдері сөйлемдердің орналасу тәртібіне аударылуы тиіс. Оқушылардың жазған мазмұндама мен шығармаларын талқылау кезінде де ондағы ой жүйесі қатты ескеріледі.
5. Оқушылардың сөздері таза болуға тиіс. Яғни балалар ойды білдіруге көмегі жоқ, артық сөздерді қолданбай, таза сөйлеуге дағдыланатын болуы керек.
6. Оқушылардың сөзі мүмкіндігінше бейнелі болуға тиіс. Бейнелеп сөйлеген сөз сәнді шығады және тыңдаушыға күшті әсер етеді. Бастауыш сынып оқушыларынан, әрине толық мағынасындағы бейнелеп сөйлеуді талап етуге болмайды. Мұнда тек балалар тек бейнелеп сөйлеу элементтеріне еліктейтіндей ғана жұмыстар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстағы негізгі міндет – балаларды көркем шығармада кездесетін бейнелі ұғымларды түсіне білуге үйрету, кейбір әңгімелердегі бейнелі тіркестерді өздері сөйлегенде не мазмұндама, шығарма жазғанда қолдана білуге дағдыландыру керек.
7. Оқушылардың сөйлеген кездегі тұрысына, сөздің айтылуына (дыбыстық жағы, мәнерлілігі, жылдамдығы, дауыс сазы, екпін т.б.) көптеген талаптар қойылады.
а) оқушының сөйлегенде дауыс сазы не қатты, не тым (естілмейтіндей) жай шықпай, бір қалыпты, орта, қоңыр дауыспен сөйлеуге тиіс.Оқушы сөйлегенде асығып-аптықпай немесе тым жайбарақаттыққа салынбай, байсалды сөйлеп үйрену, өзін дұрыс ұстау (бет әлпеті, қабақ қағысы, зейін, танымайтан жерде өзін ұстау мәнері т.б.) мәдениетіне жаттықтырудың да маңызы бар.Оқушыларды мұндай қасиеттерге тәрбиелеу олардың болашағы үшін қажет екендігін көрсете келіп, балалардың табиғи сөйлеу мәнерін бұзбай, қайта дамыта түскенде ғана, «ойы мен сезімі бет әлпетінен көрініп, көзінен от шашып тұратын шешендерді» жиірек кездестіруге болады.
ә) оқушылар сөйлеу ішінде ойдың тірегі болып тұрған сөзді тауып, оған логикалық екпін түсіре сөйлеуге, лепті, сұраулы, хабарлы сөйлемдерді тиісті интоницияға түсіріп, сөйлеп дағдылануға тиіс.Оқушыларды осы көрсетілген талаптарға сай сөйлеуге дағдыландыру үшін жоспарлы түрде әдістемелік жұмыс жүргізілуі тиіс.
8. Ауызша сөйлеу кезінде оқушылар өзіне айтылған сөздерді тыңдап, оның мәнін байыппен аңғара білуге жаттықтырылуы тиіс. Сонымен қатар олар әңгімелесу барысында сұрақ қоя алуға және өзіне қойылған сұрақтарға тиянақты жауап қайтара алуға дағдыландырыла алынады.
Оқушылардың біреумен сөйлесе алу шеберліктері сөз жоқ сөздік қорының байлығына, сонымен қатар тілдің грамматикалық құрылысын қандай дәрежеде меңгергендіктеріне байланысты.
9. Көпшілік алдында сөйлей білуге үйрету қажет. Сынып алдында немесе басқа жиындарда, тіпті танымайтын аудиторияларды (мекемелерде, үлкендер қатысқан жиналыстарда) тыңдаушыларына қарап ойын асықпай, саспай, қысылмай айтып беру, ой ұшқырлығын дамытады, ұжым алдында өзін ұстай алуға дағдыландырады. Сонымен қатар, сөздік пайдалануға фразалар құра білуге, айтылатын әңгімесінің мазмұнын құрастыру шеберлігіне, яғни ойлаудың алуан түрлі қасиеттерін қалыптастырып, оларды шығармашылық белсенділікке дағдыландырады. Оқушылардың оқыған материалда, мазмұнын дұрыс қабылдап ондағы негізгі ойды жақсы түсіну үшін оқу сабақтарында неше түрлі сабақтар ұйымдастырылады. Бұл талаптар алты жасарларға да жат емес. Себебі мектеп жасындағы бала тілдің фонологиялық жүйесін толық түсінеді.
Мұндай жұмыстар оқылатын материалдардың сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі. Оқушылар мәтінді дұрыс қабылдау үшін негізінен мынадай жұмыстар жүргізеді:
Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау;
Мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу;
Шығарманы оқу;
Әңгіменің жоспарын жасау;
Оқыған шығарманың мазмұнын айту;
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар.
Азат елдің азаматы егеменді елдің тұтқасын қолына берік ұстайтын, тәуелсіздіктің мағынасын терең түсінетін сабырлы, сауатты экономика құпиясын меңгерген, салауатты азамат болуы қажет.