1.ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы және оның саяси қайраткерлік қызметі
НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ НАЗАРБАЕВ
1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды. Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын». Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беріп, халықтың байырғы дәстүрлері мен жоралғылары туралы әңгімелейтінін, немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алады.
Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті. Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін. Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген».
Нұрсұлтанның балалық және жастық шағы ұзаққа созылған жоқ. Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.
Сол кезде оның тағы бір қыры ашылып, прагматизмге қадам басты. Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды. Нұрсұлтан ертерек еңсесін тіктеп, өз ахуалын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келді. Өйткені, ол отбасындағы үлкен ұл еді. Жас Назарбаев ауқымды құрылыста жаңа үлкен өмір басталатынын, алдан жеке мүмкіндіктер мол ашылатынын қапысыз сезінді. Ол өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуге бел байлап, түбегейлі шешімге бекінді.
Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді. Нұрсұлтан шыныққан шымыр жастардан іріктелген домнашылар тобына қосылды. Жас Назарбаев бұлшық еті мен мінезінің мықтылығын спортта, балуандардың боз кілемінде дәлелдей білді. Осындай жекпе-жектердің бірінде ол өзінің әріптесі, жергілікті украин жігіті Николай Литошконың жауырынын жерге тигізді. «Миколаның» әдепкідегі таң қалуы кейіннен құрметке ауысып, қазақ Назарбаев пен украин Литошко арасындағы мызғымас достыққа ұласты. Нұрсұлтан Литошко отбасының жиі барып тұратын қадірлі қонағына айналды. Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі тез өте шықты.
Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты. Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.
Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты. Оның ізінше зайыбы Сара Алпысқызы Назарбаева да 1967 жылы «Қармет» жанындағы зауыт-втузды бітіріп, экономист дипломын алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді. Басында ол бұл ұсынысқа онша ықылас танытқан жоқ – жалақының едәуір бөлігінен айрылуы мен «жалынды жылдарының» жалғаспай қалатыны қынжылтты. Бірақ қатаң партиялық тәртіп осыған міндеттеді. Оған қоса металлург достары да мұның басшылық жұмысқа барғанын құптады. Біраз уақыт өткен соң ол бұл маңызды іске қызу араласып кетті. Қалың көптің ортасында солардың мүддесі және арман-тілектерін сезіне отырып тіршілік ету, оларды басқару мен ұйымдастыру Назарбаевтың қанында бар қасиет болып шықты. Бірге жұмыс істеген жандардың көбі кейіннен оның адамды және оған қатысты оқиғаны есте сақтайтын керемет қабілеті, үнемі бәрін ұғуға, түпкі мәніне жетуге, сұхбаттасушысын мұқият тыңдауға және түсінуге тырысатыны туралы айтып жүрді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің еске алуынша, онда астамсу сезімі болмаған, басқарушылық лауазымдарға деген айтарлықтай құлшынысты да сезінбепті. Алайда, жасөспірім кезінен «орташа» күйінде қалуды қаламайтын өзіндік биік намысқойлығы, әрқашан бірінші болуға ұмтылу дағдысы қалыптасқан. Жетекші әрі ұйымдастырушы ретінде ол біртіндеп цех басшысынан министрлерге дейінгі сан алуан адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады.
Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды. Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді. Ол комбинаттағы кемшіліктерді жасырмады, қайта олармен күресті. Нәтижесінде комбинаттағы істер оңға баса бастады, Теміртаудың өзінің де құрылысы дамып, абаттана, жақсара түсті. Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Ол КСРО-дағы одақтық республикалардағы ең жас премьер еді. Бірақ өзге әріптестерімен салыстырғанда жас екендігіне қарамастан, ол сол кездің өзінде кемеліне келген мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасты. Өзінің жаңа қызметінің биігінен ол туған республикасының дамуында жіберілген қателік-қиғаштықтардың ауқымы мен олар тудыратын қасіретті толық сезіне алды. Ол Қазақстанның одақтық экономика үшін алып шикізат қорына айналып кеткенін көрді. Тұтыну тауарларының 60 пайызы Қазақстанға өзге республикалардан әкелінетінін, қазақстандықтардың ең басты мұқтаждықтары бұрынғыша шикізаттық дамудың ыңғайына қарай өтелетінін аңғарды. Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады. Әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады. Бірақ уақыт ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Өзгерістер пісіп-жетілді. Оқиғалар барған сайын жеделдей түсті. КСРО-да 1989 жылғы көктемде алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Мәскеуде 1989 жылғы маусымда реформалардың қажеттігі, идеология мен экономиканың түйткілді мәселелері қызу талқыланған КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Оған пленумға қатысқан 158 адамның 154-і жақтап дауыс берді. Сол 1989 жылғы шілдеде Қарағандыда экономикалық қана емес, саяси мақсат көздеп, Семей полигонын жабу туралы талап қойған шахтерлер ереуілі басталды. Назарбаев ереуілшілердің талаптарын қолдады – ол адамдардың орталық ведомстволар монополиясына деген наразылығын жақсы түсінді. Дәл солар сияқты ол өзі де Қазақстанның экономикалық дербестігін, зардабы зор сынақтардың тоқтатылуын қалайтын. Демократиялық үдерістер КСРО республикаларында жаппай еңбекшілер бірлестіктерінің құрылуына алып келді. Қазақстандағы ең алғашқы және мейлінше қатары қалың қозғалыстың бірі 1989 жылы құрылған, түпкі мақсаты Семей полигонын және Қазақстан аумағындағы өзге де сынақ орындарын жабуды көздеген «Невада – Семей» экологиялық қозғалысы еді. Бұл қозғалыс та Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты қолдауына ие болды. Барша қазақстандықтардан жаппай қолдау тапқан оның күш-жігері керемет табысқа жеткізді – халыққа қасірет әкелген Семей полигоны біржола жабылды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімін өткізді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Ардақты ұлын ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз айнымас басшысының еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының қайта қабылданғанКонституциялық заңы негізінде 2010 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) мәртебесі берілді.
Зайыбы, Сара Алпысқызы Назарбаева, 1992 жылғы ақпаннан – Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының негізін салушы және президенті. Бүгінде «Бөбек» – республиканың тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, шет елдерде де мойындалған ең белсенді қайырымдылық қоры. Қор жүздеген және мыңдаған қайырымдылық шараларын өткізіп, жетім балалар мен мүгедектерге көмек, аналарға қолдау көрсетіп келеді. С.Назарбаева – 1994 жылғы шілдеден бастап «SOS – Қазақстанның балалар қалашықтары» қорының президенті. 1999 жылғы наурыздан бастап «Демография» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы. Қайырымдылық және қамқорлық саласындағы ерен еңбегі үшін Сара Назарбаева халықаралық ұйымдардың көптеген марапаттарына ие болды. Олардың арасында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы Халықаралық жүлдесі, Unity халықаралық жүлдесі, «Құрманжан Датқа» жүлдесі сияқты елеулі марапаттар бар. Ол Шыңғыс Айтматов атындағы «Өзін-өзі тану философиясына қосқан ұлы үлесі үшін» алтын медальінің иегері. Сара Алпысқызы Софи Лореннің қолынан Ресей Қызыл Крест қоғамы тағайындаған және өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көпжылдық қызметі үшін берілетін «Алтын жүрек» халықаралық жүлдесін алды. Ол 2010 жылы өз өмірін SOS Kinderdorf балалар қалашығының балаларына арнаған әйелдерге берілетін SOS Kinderdorf International Халықаралық қорының марапаты – «Алтын жүзікке» ие болды. Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы (1963 ж.т.), үлкен қызы. Екі ұлы және қызы бар. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Саяси ғылымдар докторы. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян және неміс тілдерін меңгерген. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоғамдық Қорының директоры. ҚР Парламенті Мәжілісінің 5-шақырылымдағы депутаты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарады. Құлыбаева Динара Нұрсұлтанқызы (1967 ж.т.), ортаншы қызы. Ұлы мен қызы бар. 1989 жылы А.В.Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын бітірді. Қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілдерін меңгерген. 1998 жылы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтында іскерлік әкімшіліктендіру магистрі дәрежесін алды. 2007 жылы докторлық диссертация қорғады. 2004 жылдан бері Қазақстан-Британ техникалық университеті директорлар кеңесінің төрайымы. Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қорын басқарады. Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызы (1980 ж.т.), кіші қызы. Қазақстандағы және шетелдердегі мектептер мен университеттерде оқыды. ҚазМЗУ-ді бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген. Екі қыз тәрбиелеп отыр. «Европа плюс» радиосында директордың көмекшісі, «ТұранӘлемБанкте» заң департаментінің стажері, Нұрсұлтан Назарбаевтың хатшысы болып жұмыс істеді. «Элитстрой» құрылыс компаниясының басшысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті немересі және екі шөбересі бар.
Ғылыми дәрежелері мен атақтары
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құрметті докторы (Қазақстан). 1992 жылғы қараша.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (Қазақстан). 1995 жылғы маусым.
М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемелекеттік университетінің құрметті профессоры (Ресей). 1996 жылғы мамыр.
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (Ресей).1997 жылғы мамыр.
К. Э. Циолковский атындағы Космонавтика академиясының құрметті мүшесі (Ресей). 1999 жылғы сәуір.
Ереван мемлекеттік университетінің құрметті докторы (Беларусь). 2001 жылғы мамыр.
Ислам әлемі ғылым академиясының құрметті мүшесі (Иордания). 2002 жылғы сәуір.
Кэмбридж университетінің құрметті прфессоры (Ұлыбритания). 2004 жылғы сәуір.
"Окан" университетінің құрметті докторы (Түркия). 2009 жылғы қазан.
Достарыңызбен бөлісу: |