2 – 5 1 – тарау Жақын шетелдік қазақтар тілінің зерттелуі



бет3/6
Дата26.08.2017
өлшемі1,15 Mb.
#28487
1   2   3   4   5   6

1.5. Түрікменстан қазақтарының тілдік

зерттелу жайы
Түрікмен ССР-ында сол кездегі өмір сүріп отырған қазақтардың келуі тек ондаған жылдармен ғана саналмайтындығын тарихи материалдар анықтайды. Шекаралас болып, көрші отыра бастаған мерзімді быйлай қойғанда, қазақтардың түрікмен жеріне кіре бастауының өзі 100-жылдардың арғы жағындағы оқиға екендігін мына бір жалпы мәліметтен де көруге болады: «Первые группы казахов рода туркмен – адай появляются на западные границах хивунского ханства еще в конце ХҮІІІ в., тесня туркмен с Устюрта. Однако наиболее острый период вытеснения казахами туркмен наступил позднее, в середине ХІХ в. Казахи упорно захватывали у туркмен – комудов пастбищные территории и пахотные земли в север-заподной части ханства,… делінген (12, 33 б.)

Мұнда әңгіме Хиуа хандығы туралы болып отырғандықтан, оның Түрікмен ССР-ның территориясына да қатысы бар, себебі қазіргі кездегі Ташауаз төңірегіндегі бұрынғы Хиуа хандығының батысына қарасты жерді де қамтиды. Осы көрсетілген, ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап-ақ қазақтардың түрікмен жерінде тұрақты түрде қалып қойғандығы басқа да тарихи мәліметтерден байқалады (13, 14-15 б.)

Қазақтардың түрікмен жеріне қарай жылжуы ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастала отырып, ХХ ғасырдың 30-жылдарында ғана аяқталған процесс деп шамалауға болады. Түрлі саяси және экономикалық жағдайлармен байланысты өткен тарихи оқиғалар – осы 2 ғасырдан астам уақыттардың ішінде қазақ, түрікмен халықтарының ертеден таныс болуына мықтап әсерін тигізген.

Моңғол жаулаушыларының үстемдігінің әлсіреп, Қазақстан жеріндегі тайпалар басқыншылар езгісінен арыла бастап, бас біріктіріп, «қазақ халқы» болып қалыптаса бастауының соңынан көп кешікпей-ақ жаңа қалыптасып, әлі де саяси және экономикалық жағынан нығая қоймаған қазақ халқы тағы бір шапқыншылыққа душар болып, бұл сол халықтың тарихында өшпес таңба салып, «ақтабан шұбырынды» аталған кезең еді.

Қазақтардың жоңғар қалмақтарынан ойсырап жеңіліп, қоныс аударуы қазақ халқын бірқатар көршілес отырған халықтармен таныстыруға себепші болды. Жаңа бас қосқан қазақтың үш жүзіне кіретін рулар бет-бетімен босуының нәтижесі – Кіші жүздің кейбір руларын түрікмендер ортасынан орын іздеуге әкеліп соқтырды. Осылайша қазақтар ең алғаш өздерінің еркінен тысқары түрікмендердің жерінен ығыстыруға мәжбүр болды.

ХҮІІІ ғасырдың орта шенінен бастап, қалмақтардың үстемдігінен арылғаннан кейінгі жерде Кіші жүз қазақтарын билеуші хан, билер жайлым, өрістерін кеңге сала отырып, сол кездегі Арал теңізінің оңтүстігіне дейін созылған Хиуа хандығының жеріне дейін жетіп отырған. Бұл кездерде Хиуа хандығының ішінде билеп-төстеушілікке таласқан аласапыран кезең болса және екінші жағынан Орта Азия билігін қолына алуға тырысқан түрікмендердің афшар тайпасынан шыққан Надир шахтың жаулау саясатының күшейген уақыты болатын. Хиуа хандығында туған осындай екі жақты қауіпті қазақ билеушілері де пайдаланып қалуды көздеді. Кей-кездерде олардың бұл ниеттері жүзеге асқан уақыттары да болды. Хиуа хандығының ісіне қазақ хандары мен билерінің араласуын тарихшылар әртүрлі себептер арқылы баяндайды. Қалай болған күнде де, кейбір қазақ хандарының Хиуада хандық құрғандығы тарихи материалдан анықтала түседі. Хиуаны жаулап алғанан кейін Надир шах, оған бағынғысы келмей қашқан жергілікті халықтың билеушілерінің орнына ханды әр жерден сайлайды. Сондай хандардың бірі болып тағайындалған Әбілқайыр ханның баласы Нұралы болды (1741 ж.). Бірақ ол жергілікті халықтың өшпенділігінен қауіптеніп жарты жылдан кейін Хиуадан қашып кетеді. Надир шах кезінде Хиуада ұзақ хандық құрған қазақтардың бірі Қайып хан (1741-1757) (14, 252-262 б.)

Қайып хан өлген соң да, Хиуада қазақтардың хандық құруы үзілмеген. Солардың бірі – қазақ сұлтандарынан шыққан Тәуке хан. Ол 1764 жылға дейін Хиуада хандық құрған. Бұл келтірілген тарихи фактілер Хиуада хандық құрған қазақтардың санын білдіру мақсатымен көрсетілмейді. Мұның өзі Хиуа хандығына қарасты қазақтар санының шағын мөлшерде болмағандығының айғағы. Ханды тағайындаушы жақта және хандықты қолына алушы адам да бел тұтып, арқа сүйерлік тіректі қарастырады.

Қазақтар түрікмен жеріне, дәлірек айтқанда, Түрікмен ССР-нің территориясына бірқатар жері кіріп отырған Хиуа хандығына ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жоғарыдағы көрсетілген жағдайлармен келгендігі анықталады. Сол кездегі Хиуа хандығындағы қазақтардың саны 10-15 мыңға жеткен. Әрине, бұл көрсетілген сан дәл емес.

Жоғарыда келтірілген тарихи материалдардан басқа, орыс (ғалымдарының) зерттеушілері мен саяхатшыларының еңбектерінде біраз қазақтар жайлы сөз болған. Мысалы, 1832 жылғы экспедиция журналына жазылған Г.С.Карелиннің мынадай жазуы бар: « 2 (14) июля. Сестра туркменского старшины Акмамет Бека была выдана в замужество за киргизца Джименевского колена Илемеса. Сын его Бердыбек приехал навестить своего дядю…» (Записки императорского русского географического общества. Том 10. Спб., 1883. стр90.)

Бұл жерде үстірттегі қазақтардың Хиуамен сауда-саттық жасап отыратындығы байқалды.

Түркменстан территориясы бойынша көп мекендеген жерлері Красноводск маңы, Небит-даг төңірегі, Ташауызға қарасты аймақтар. Бұлардың басқа Мары, Ашхабад маңайындағы жерлерде де жұбын жазбастан отырған қазақ ауылдары жиі кездеседі.

Түрікмен ССР-ында тұратын қазақтардың тіліндегі жергілікті ерекшеліктер-дің ішінде көлемі жағынан шағыны – фонетикалық ерекшеліктер. (13, 28 б.)

Фонетикалық ерекшеліктердің бұл шағындағы говордың дыбыстық құрамының қазақтың әдеби тіліндегі дыбыстық құрамнан ерекшеленбейтіндігімен сипатталады. Яғни, говордағы дыбыс саны және олардың жасалу орындары (артикуляциясы) әдеби тіліміздегі дыбыстармен қабысып, шендесіп жатады.

Говордың фонетикалық ерекшеліктеріне тән құбылыс – қазақтың байырғы төл сөзінің басында аффрикат «ч» дыбысының естілуі. Бұл басқа дыбыс алмасуларына қарағанда басымырақ кездеседі. Говордағы фонетикалық ерекшеліктерді басқа говорлардағы сол тектес ерекшеліктермен салыстыра және мүмкіндігінше, тарихи ескерткіштермен байланыстыра қарау да көзделеді.

Говордағы дауыстылардың алмасуы алуан түрде ұшырасады. Жасалу орнына қарай жуан дауыстылар жіңішке дауыстылармен кейде, керісінше алмасып отырса, енді бірде жасалу жолына қарай ашық дауыстылар қысаң дауыстылармен немесе оған керісінше алмасады. Бұлармен бірге ерін қатысына қарай бөлінетін дауыстылар – езу дыбыстары өзара, ерін дыбыстары да іштей бірінің орнына бірі қолданылып отырса, ішінара ерін дыбыстарының езу дыбыстарымен алмасып отыратын жағдайлар да говорға жат емес.

Әдеби тілдегі жуан дауысты «а» дыбысының орнына говордағы бірқатар сөздердің біреуі буынында жіңішке «ә» дыбысы қолданылады. Осы дыбыс алмасуының нәтижесінде әдеби тілдегі жуан айтылатын сөздер жіңішке түрінде естіледі. М: Көрсетілген іске екі әпте бұрын дайындалмалы. Шабақтың кәтерлі жауы – шортан. Ойын-сәуік көрмейсіңіз бе?

«а» дыбысының орнына «ә» дыбысының қолданылуы тек ел аузынан жинастырылған материалдарда ғана кездесіп қоймайды. Олар жергілікті баспасөз бетінде де кездеседі. М: Әлайда, Айдардың баласы ойын басталып жатқанда кекесін сөзін тоқтатпай, күңкілдеді де отырды. («Қарбұғаз көл жұмысшысы», (9,29-30 б.)

Профессор І.Кеңесбаев Н.В:Юшманов және Е.Д.Поливановтардың пікірлеріне сүйенсек, қазіргі тіліндегі «ә» фонемасының сирек кездесуінің басты себебі – олардың қазақ тіліне басқа күншығыс тілдерінен келген сөздермен байланысты болуы керек. (15, 235 б)

Кейде говорда жуан дауысты «а» дыбысының орнына жіңішке дауысты «е» қолданылатындығын да, аз көлемді болғандықтан осы жерде айта кеткен жөн. М: шерт-шарт, миуе-миуа. М: Тельман колхозбен арадағы шертке қол қойылды мА? Мыналардың бәрісі миуе ағаштар. (эксп). Бұл құбылыс та Қазақстанның кейбір жерінде кездеседі.(16, 8 б.)

Езу дыбысының ішінде қысаң дауысты «ы» дыбысының орнына әдеби тілден өзгешеленіп, біраз сөздерде ашық дауысты «а» дыбысы қолданылады. Бірақ, мұндай өзгерісте кездесетін сөздер саны онша көп емес: арқалы-арқылы, қажарлы-қажырлы, қанжаға-қанжыға, құдағай-құдағи. М: Жиналған топтың ішіндегі қажарлылары: Батырбай, Көңілімқос т.б. («Жұмысшы, 5/1-41). Осы қалыны Дәлубай арқалы алуым бар. (13, 34 б).

ы/а болып д/ы дыбыстарының өзара алмасулары кейбір жекелеген сөздерде Қазақстанның батыс аймағындағы қазақтар тілінде ұшырап отырады. Олардың кейбіреулерінен бұл дыбыс алмасулары говорда көрсетілген сөздердің шеңберінен асып та кетпейді. Мысалы, Байғанин ауданында осы дыбыстардың өзара алмасуына «қажарлы», Маңғыстау говорында «қажарлы», «құдағай», «сағырдақ», «арқалы» сөздері алынған. (17, 7 б.)

Е/І. Езу дыбыстарының ашық және қысаң дауыстылар біршама сөздерде өзара алмасады.

«Е дыбысының қай сөздердің құрамына (дыбысымен алмасып келуі де ерекшелік туғызады» (18, 19 б.)

Е/І дыбыс алмасуы Қарақалпақстанның солтүстік аудандарында мекендеуші және Түрікменстандағы қазақтардың тілінде кездеседі. Ал Қазақстан территориясында Семей облысының Абай, Шұбартау, Көкпекті, Ақсуат, Шығыс қазақстан облысының Большенарым: сөйлеу тілімен бірге Маңғыстау говорында да ұшырайды.

«Е» дыбысының «і» дыбысына алмасатын жағдайларының барлығы, ертеректе де қазақ тілінде болғандығы В.В.Радловтың еңбегінде «Іш бір кісі де мұның батыр екенін білмеді» (13, 135 б.) деген сөйлемдегі «іш» сөзінен де, Н.И.Ильминскийдің соңындағы сөздікте кездесетін «өткүл-брод», «іштеме-что-нибудь» сөздерінен де аңғаруға болады. Тілдегі дауыстылардан гөрі дауыссыз дыбыстарының сан жағынан басымдығынан болуы керек, говордағы дауыстыларға тән ерекшеліктерге қарағанда дауыссыздардың өзара дыбыс алмасу жағы молырақ болып келеді.

Түрікменстанда тұратын қазақтар тілінде ч дыбысының ш дыбысын алмастыратын реттері бар екендігін байқауға болады.

М: Беті бүлк етпестен маған «чық» дегені. Тона четкері үй бригадирдікі.
Чыттан киіп көйлекті

Қақты жеңгең көлбекті


Жетпістегі қара чалымыз Сүгірдің өлеңін тыңдалы. Босына чаптыққаны несі, атаң-енең деуім жоқ. Мәспіз шырағым, көңіл чат, тек жастың ұлғайғаны болмаса. Біз мұны көбіне әтішкір дейміз, арқа жақ көрінеді мұны чаттауық дейтін (эксп) Осы келтірілген сөздердің сөз басындағы дыбыстардың отырған анық, айқын аффрикат ч өлке деген мәселенің төңірегінде сөз қозғайтын болсақ, әрине нақты экспериментсіз үзілді-кесілді, кесіп-пішіп, не «иә» не «жоқ» деп айту мүмкін емес.

Ә.Нұрмағамбетовтың айтуынша, дәл осы говордағы сөз басындағы «ч» деген а таза күйдегі, анық аффрикат деп айту қиын. Егер аффрикат «ч» дыбысы «ти» дыбысының толық қосындысы деп қарастыру, говордағы кездесетін дыбыста тек «т»-ң болмашы бөлшекшесінде ғана екенін байқаған.

Ж/д дүз-жүз, дүзу-жүзу. М: Кейде үш дүздің де баласы дейміз. Көбіміз өзен, дариядан алыспыз, суға дүзу дегеннің не екенін де біле бермейміз. Ал қазақ тілінде бұл дыбыс алмасуын ертеректе П.М.Мелиоранский көрсетіп кеткен еді. (19, 71 б.)

Бұл ерекшелікті Бекетов қарақалпақ қазақтарының тіл ерекшелігіненде байқауға болатындығын жоққа шығармайды. М: Дүз-жүз (пышақтың дизг), дүз сом (жүз сом), дүзеуі (жүзеді) т.б. (18, 45 б.)

Бұл говорда қазақ тілінің басқа говорларында кездесетін сөздермен қатар, оларда ұшыраспайын тың да, соны мағыналы сөздерге жиі тап боламыз. М: астақта // аштақта (етке салатын нанды ысқанда астына салынатын тақтай), кәт (керует), тікеш (тандыр пешке не табаға пісірілетін нанның бетіне өрнек салатын ыдыс), құм (құмырсқаның үлкен түрі) т.б. сөздер үй тұрмысына қажетті заттар тобына жатады.

Нұрмағамбетов говордың лексикалық ерекшеліктерін құрамы жағынан екі салаға бөліп қарастырады. (13, 60 б.) Бірі – тіліміздің дамуының өткен дәуірлеріне тән тайпалық, рулық тілдердің сақталып қалған сарқындылары, көне табы десе, енді бірі - өздері ортасында өмір сүріп отырған басқа халықтардан енген, говор үшін «кірме» сөздер. Кірме сөздің дені қай халыққа тән дегенді ашып айтуға мүмкіндік бар. Оны нұсқайтын көрсеткіш – лексикалық ерекшеліктегі сөздер. Аралас отырған халықтардың ішінде әсерін мол да көлемді тигізуші – түрікмен халқы. Түрікменстан батысындағы (Красноводск төңірегі, Қарабұғаз, Небитдаг маңы) қазақтар көбіне-көп түрікмен халқымен, оның ішінде елеут тайпаларымен араласа орналасқан да, солармен тікелей қарым-қатынаста, Ашхабад, Мары, Байраш-Али төңірегіндегі қазақтар түрікменнің емут, теке т.б. тайпаларымен қатар өзбектермен де аралас отырып, солармен тығыз қарым-қатынаста.

Синонимге көңіл бөлгені туралы айтар болсам, мысалы: «Осы самсықтығыңды қашан қоясың» деген сөйлемде сөйлеуші адам, екі адамды өте жиренішті, жек көрінішті дәрежеде көрсету үшін, әдейі самсық сөзін қолданып отыр. Бұл жердегі самсық сөзіне синоним болатын самас, нәскүр, нәкос сөздерінің қай-қайсысы болса да адамның есінің жарымдығын, кемістігін білдіріп, кемсіну мағынасында қолданады. М: «Ол бір самас жан ғой» деген самас сөзі.

Әрбір синонимдік қатардағы сөздердің бірі жиі қолданылса, бірі сирек қолданылуы мүмкін. Говорда ұрыс, сауаш (соғыс мағынасында) деген сөздердің қай-қайсысы болса да қазақтың әдеби тілінің нормасы емес, бұл екі сөздің екеуі де түрікмен тілінен ауысқан сөздер. (Н. 1974, 63 б.) Солай бола тұрса да бұлардың алғашқысы («ұрыс» сөзі) соңғыға қарағанда (сауаш) жергілікті қазақтардың тілінде жиі қолданылады.

Көп мағыналы сөздер мен омонимдерге көңіл бөлген. М: Сұқпа: бірінші мағынасы столдың астындағы суырмалы жәшігі, екінші мағынасы – қайықтың ортасына желкен тағы үшін кигізілетін ұзынша тақтай. Тұлғасы жағынан айырмасы жоқ, мағыналары ерекшеленіп тұрған бір ғана сөздің омонимге жатпай, көп мағыналы сөздер қатарына жатуының мәні – оның әуелде бір түбірден шығуы.

«Сұқпа» сөзінің түбірі «сұғу» етістігі де, оған қазақ тіліндегі етіс сөзден есім тудыратын –па жұрнағының қосылуы нәтижесінде жаңа ұғым пайда болды, ал ұғым говорда атқаратын қызметі жағынан біріне бірі ұқсас екі затқа ат болып тағылып отыр.

Түркменстан қазақтарының тіл ерекшеліктерінде тағы бір кездесетін мына «көрпеш» сөзінің үш түрлі мағынасы байқалады: 1) кенже туған қозы; 2) жоңышқаның ең соңғы орып алғаны; 3) жаңа туған қозыны салу үшін арнайы қазылған шұқыр.

Говордағы омонимдердің бәрін қамту мүмкін болмағандықтан қалғандары-ның бір тобын зерттеуші Н. өз еңбегінде байлай топшылаған:

1) жаңғақ, 2) мақтаның гүлі түскеннен кейінгі өсіп шығатын түйіншек. Алқа: 1) құлып; 2) топ жиын. Сабақ: 1) сырға; 2) жіп; Тақта: 1) бірқатар, біраз мағынасын береді; 2) ру.

Кейбір сөздердің этимологиясы анықтаған.

Говорда этимологиясы жөнінде сөз болғалы отырған сөздердің біразы түркі тілдерінде кездесетін фактілермен тікелей байланысты да, енді біреулері шығыс тілдерінің (әсіресе иран, араб) элементтерінің қосындысы арқылы баяндалады. Түркі тілдерінің өз мүмкіншілігімен пайда болған сөздерді қарауда мына жағдайлар ескерілді.

М: Алақшын – қазан не плита орнатылған пештің аузына шоқ жаю үшін кірпіштен қалап жасаған орын. Оның үстіне шәнек, аққұман қойылады. Дәл осы тұлғада, бірақ мағынасының аз-кем айырмашылығымен бұл сөзді қазақтармен аралас отырған қарақалпақ тілінде кездестіреміз. Қарақалпақша: алақшын-киіз үй ішіндегі ошақты үш жағынан қоршап тұратын тақтай (төсекті оттан сақтау мақсатымен).Бұл сөзді екі элементтен қосылып жасалған деп қарап, алғашқы «алақ» сөзінің төркінін баяндауға тырысалық. Түркі тілдерінің басқаларын былай қойғанда да, қазақ тілінде де, осы біреуі элементтің тұлғасына сәйкес сөздер кездеспейді емес. Мыс: алақ-жұлақ, алақтау т.б. Бірақ ондай сөздермен біз көңіл аударып отырған «алақ» сөзінің мағынасы бір-біріне үйлеспейді.

Әтішкір – шоқ, көмір т.б. қол күйетін заттарды ұстауға арналған құрал. Әдеби тілдегі «шымшуыр» мағынасын береді. Бұл сөз говордағы мағынасында Қазақстан территориясында Маңғыстау говорында, «әтішкір» тұлғасында Қарақалпақ АССР-ындағы қазақтар тілінде кездеседі. «Әтішкір» сөзіне байланысты: оттемір не отқысқашты кейде қайда қойғанын білмей ұмытып қалған кісі ашуы келгенде «әлгі аты өшкір қайда қалды!» - дейді екен. Осыдан барып оны әтешкір деп атап кетсе керек», деген сияқты халықтық этимологиялар бар (20, 173 б.)

Байтаба – жүннен тоқылған шылғау. Мұның өзі тек осы говорға ғана тән сөз емес. Қазақстан территориясындағы Батыс Қазақстан мен Гурьев облыстары маңындағы қазақтардың жергілікті тіл ерекшеліктері мен Маңғыстау говорында да жиі кездесіп отырады.

Бестақа – ерлер киетін етіктің бір түрі. Аяқ киімнің бұл атауы Қазақстанда Маңғыстау тұрғындарының тілінде айтылады. Сырт қарағанның өзінде де бұл сөздің екі сөзден біріккендігін байқауға әбден болады. Олардың бірі – «бес», екіншісі – «тақа». Бұл екі сөздің екеуі де қазақ тілінде бар сөздер. Сол сөздердің мағынасынан тудырып, «бестағалы» етік деудің өзі өрескел. Белгілі бір тілдегі сөздердің мағынасы, қаншама туыс тіл болса да, екеуі бір тілдегі сөздермен мағына жағынан бір бола беру міндетті еместігі күдіксіз нәрсе. Міне сондықтан да «бестақа» сөзінің де мағынасын сол жердегі қазақтардың қарым-қатынас жасап отырған ортасынан іздеу әбден орынды да заңды.

Көнгерген сөздерге көңіл бөлген.

К.С.Говордағы көнерген сөздерге көңіл аудару – тілдегі лексиканың ертедегі даму дәрежесін, халықтың әдет-ғұрпының өткендегісімен таныстыру деген сөз.

Көнерген сөздер дегенде: «При этом надо иметь ввиду, что среди специфически диалектныз слов можно выделить две их группы: один из них в настоящее время уже находятся в пассивном запасе словаря местных диалектов, т.е. это такие слова, которые известны в говорах, но которые практически почти не употребляются», - деген Иванов В.В. (13, 83 б.)

Көнерген сөздерді әдетте біз екі топқа бөлеміз. Бірі – архаизм, екінші бірі – историзм. Архаизм сөздердің әдет-ғұрып, діни ұғымдармен байланыстыларының өзі іштей бірнеше салаларға бөліп айтуға келеді. Алдымен дінге байланысты сөздердің ішінде жеке тұрғанда мағынасы халыққа түсініксіз, тек тіркесте кездесетін сөздер де бар.

Мыс., «жүзіңді бабалы көрсін» (Өкпелеудің өте күштілігінен туған қарғыс сөз) деген сөйлемдегі «бабалы» сөзінің мағынасын байыбына барып, ешкім түсіне бермейді. Жергілікті қариялардың түсінігінде бабалы - өлікті жуушы адам көрінеді. «Иманы імрә болсын». Осы тіркестегі «імрә» сөзі де жеке алғанда түсініксіз сөз. Историзмдердің кейбіреулерінің тіпті соңғы кезге дейін қолданылып, кейін 7-8 жыл шамасында-ақ, пассив сөзге айналғандары да бар. Мұның өзі өндірістегі техникалық дамуымен түсіндіріледі.

М: Әжі – тасты, кірпіштерді; қалағанда байланыстыратын мықтылығы цементпен таласарлықтай лай түрі. Оны былай жасайды: жердің бір қабат астында пайда болатын бозінген – сахар дейтін ақ түсті бос құмді отқа жағып өртеп, одан пайда болған күлді су қосып лай жасайды. Міне осы лайды «әжі» деп атап, там салған кездерде қолданған.

Басқа тілден ауысқан сөздер. басқа тілден енген сөздерді Нұрмағамбетов өз еңбектерінде екіге бөліп қарастырады.(13,89б)

1. Орыс тілінен енген.

2. Шығыс халықтарынан, әсіресе араб, Иран тілінен ауысып алынған сөздер.

1. Орыс тілінен енген сөздер. Күнделікті тұрмысқа қажетті зат атаулары мен шаруашылықтың қай саласында болса да жергілікті тұрғындар тілінде орыс тілінен енген сөздер көптеп кездеседі. Қазақтың әдеби тілінде қолданылып жүрген «жоспар», «аудан», үгіт-насихат» сияқты сөздері, говор көлемінде үнемі план, район, пропаганда (осы сөзден шыққан етістік – пропагандылау) тұлғасында орыс тіліндегісінен аударылмай айтылады. Кей уақыттарда дыбыстық қабығының өзгеріске ұшырауы былай тұрсын, жергілікті халық тіліне орыс тілінен ауысқан мәшін, мотор, пошта сияқты сөздер басқа бір мағынаға ие бола отырып, говордың ерекшелігін молайта түседі. Жергілікті халықтың қолдануын да мәшін сөзі – автомобиль, мотор – мотоцикл, пошта-жолаушылар поезы мағыналарында көрінеді.

2. Араб, Иран тілдерінен ауысып алынған сөздер. Түрікмен ССР-ындағы жергілікті қазақтардың тіліндегі араб, Иран сөздері түрікмен халқы арқылы еніп отыр. Мәселе, түрікмен халқының көрсетілген шығыс халықтарымен қазіргі кезде тікелей қарым-қатынаста болу, болмауында емес.

М: Жергілікті тұрғындардың тіліндегі күре, шайыр, мекерлік, тапауыт, сеттер // жетер, есасы, мыдам, беден, шар, танап, желдесу сөздерінің араб тіліндегі тұлғалануы мен мағынасы.

куррэ – құлын

мекрь – құлық, зұлымдық.

сатрь – жол, сызық (дәптердің, өлеңнің)

шарь – ашулы, ызалы,

сохнь – алаң (площадь)

Зат есім. Говордағы зат есімдерге тән ерекшеліктердің жиі кездесетін сөз тудырушы жұрнақтар. Үш есім тудыратын жұрнақтар, көп жағдайда, өздерінің тұлғасы жағынан әдеби тілдегіден ерекшеленбейді.

1. Есімдерден зат есім тудыратын жұрнақтар.

-шылық, -шілік, -ақыншылық (ақындық), мұғалімшілік (мұғалімдік), шатақшылық (туыстық), жақыншылық (жақындық), тентекшілік (тентектік), ақымақшылық (ақымақтық), қытшылық (аздық) және т.б. Бұл сөздерде көрсетілген жұрнақтар түбірге тура жалғанып тұрса, ал өнімшілік (өндірістік), қойымшылық (көп молалар) сияқты сөздерде етістіктен зат есім тудыратын –ым, -ім жұрнағынан кейін жалғанған. Кейде әдеби тілде «түсінбестік», «білместік» формасындағы зат есімдер «түсінбесшілік», «білмегеншілік» болып келеді. Жоғарыда көрсетілген сөздердің қай-қайсына болса да әдеби тілде –лық, -лік немесе солардың дыбыстық варианттары жалғанады. М: оқушылар маманшылық меңгеруде. Бухгалтерліктен мұғалімшілікті жақсы көрдім. 7 класты бітірген екі қыз, бір ер баланы Ашхабадтағы доғдыршылық техникумға оқуға жіберің деген.

2) Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар –ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе. Говорда етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтардың ішіндегі ең өнімділері осылар. Бұлардың өнімді болулары орынды да. Өйткені қазақтың әдеби тілінде де зат есім тудыруда ең көп қызмет атқаратын осылар. Оны былай қойғанда қазақтармен аралас отырған түрікмен тілінде де –ма, -ме етістіктен зат есім тудырудағы өнімді жұрнақтар болып саналады.

Бірақ бұл тілде ол жұрнақтардың қазақ тіліндегідей басқа дыбыстық варианттары жоқ. Говордағы бұл жұрнақтар арқылы жасалған зат есімдер: шөктірме (аудың тасы), шайма (қайықты жағаға байлайтын жіп), сұқпа (қайықтың бір бөлігі), орысша «киль»), қыздырма (безгек), ұйма (ұйық, қою батпақ), жайма (қаптың кішкене түрі), шөгерме (түрікмендер киетін үлкен бас киім), тықпа (бүрме, бүрілген қой еті); Бұл келтірілген сөздерде бірлі-дарымы болмаса, көбінесе зат есім тудыратын жұрнақтар түбірге тура қосылған.

Аяқтаспа (малдың етін бөлісіп алу), отырыспа (ойынсауық мәжілісі, орысша – «вечер») сияқты зат есімдерде белгілі бір грамматикалық формадан кейін жалғанып тұр. «-қы, -ғы, -кі, -гі - қайтарғы (тойтарыс), шеккі (таразы), бұққы (бекініс), шапқы (темір кесетін құрал), алғы (аласы), бергі (бересі), жарғы (ара). Қуанбай өзіне қайтарғы берді білем, жұмғанда аузын ашпай қалды-ау. Немістер біз жатқан бұққыны аң етпеді. Ерте уақытта әкеңнен алғым бар, соның үшін бермеймін деп отыр. Шеккі тастарының орнына Жиенбай таразыға қолын салады. Етістіктен зат есім тудыруда көрсетілген жұрнақтар қазақ тілінде де активті түрде қызмет атқарумен қатар, жергілікті қазақтар өмір сүріп отырған орта түрікмен тілінде сөз тудыруда да ауызға жиі ілігеді.

-қақа, -кек - батқақ (батпақ), піскек (піспек), жауын қанша жауса да батқақ дегенді білмейміз.

-ық, -қ – тапсырық (тапсырма), қорқылық (қорқыныш), жинақ (жиналыс). Мақтадан жеке жағынан қорқылық бар. Берілген тапсырықты кім орындамалы.

Тұрғын қазақтардың тілінде кездесетін сын есімге жататын сөздер өз ішінен бөле келгенде қазақтың әдеби тіліндегідей мағына жағынан сапалық та, қатыстық та, ал тұлға жағынан қарағанда негізгі және туынды түрлері де біршама кездеседі.

1) Есімдерден сын есім тудыратын жұрнақтар мұндай ерекшелігі Қарақалпақ қазақтарында да кездеседі.

-лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті - ауылды (ауылда тұратын), алматылы (алматылық), жерлі (жергілікті), мөрлі (әйгілі, атағы шыққан), шеккілі (салмағы ауыр, таразы тартатын), отырымды (отырықшы), тынымды (тыныш), тонаулы (жасаулы мүлікті). Ол ертеде мөрлі пьянкеш болды (эксп.) Өсербаевтың баққан малдары шеккілі болып шықты.

Мөрлі, шеккілі сияқты сөздердегі жұрнақтар беретін мағынасы жағынан әдеби тілдегіден алшақ кетіп тұрған жоқ. Ерекшелік тек әдеби тілде жалғанбайтын сөзге жалғануы (мөрлі), әрі говордың өзіне тән сөзіне жалғануымен (шеккілі) көзге түсуінде.

2) Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтардағы ерекшелік. Бұл құбылыс негізінен говорда онша да көп еместігі байқалады. М:

-шаң – ұялшаң (ұялшақ), аяншаң (аяншақ). Балам ұялшаң болсаң, үлесіңнен құ қаласың.

Говорда жекелеген сөздер кездеседі, қолданылу жағынан жиі ұшырап отыратын кейбір заттың түсін, түрін білдіретін сан есімдердің жұрнақтары туралы да айтуға болады.

-ымтыл, -імтіл, -көгімтіл (көкшіл), сарғымтыл (сарғыш), қарамтыл (қаралау). Тона сарғылтым көрігнедер түйе болмасын. Көзің алдына не болған, көгімтілденіп тұр ғой.

-ғырт, - шалғырт (сұрлау, бурылдау). Анна жылдары шалғырт түсті сүтті сиыры болатын.

Сан есім сөздеріндегі ерекшеліктер өте сирек кездеседі. М: Қазіргі кезде әдеби тілімізде «1» санының тәуелденген түрі «бірі» болып кездессе, говорда үнемі «бірісі» тұлғасында айтылады. Көп таңдай бермей бірісіне қанағат тұтпалы. Осы сөйлемдегі «бірісіне» тұлғасындағы сөз қазақтың әдеби тілінің тұрғысында не «біріне», не «біреуіне» болмақ.

Ал, мұндай жағдайды тюркологтардыңда еңбектерінен байқауға болады. М: П.М.Мелиоранский өзінің еңбегінде (19, 40 б.)

Қазақ тіліндегі «1» сан есімінің тәуелдік жалғауының 3-і жағын 2 рет қабылдайтындығының жиі ұшырайтындығын және сирек те болса осындай жағдай кейбір басқа сөздерде де (қайын-ы-сы, керег-і-сі) болатындығын көрсеткен.

М: - Нешесін алып кетіпті дедің түйенің?

- Бірісін де қалдырмапты.

…Траншеяда қолма-қол найзаласумен бірнешесін өлтырып, екі немісті штабқа алып келді.

Есімдік.

Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де, есімдіктердің саны басқа сөз таптарына қарағанда өте аз, санамалы мөлшерде кездеседі.

Сілтеу есімдігі:

Әңгіме болып отырған говорға тән – тона, тонау сілтеу есімдігі бар. Тонадағы сұл жорабым қайда? Тонада активтердің жұмысының кемшілігін сындағаның үшін, сотқа береміз деп дабыл көрсетілген

Есімдіктердің бұл түрлерінде тұлғасы жағынан қазақтың әдеби тіліндегі сұрау есімдіктерінен ауытқушылық жоқ. Әдетте, әдеби тілімізде сұрау есімдігі «қай» десек кейде говорда орнына «кім?» және не?» сұраулары қолданылады. «Кім?» есімдігі «қай есімдігінің орнына көбіне адамға байланысты, дәлірек айтсақ, екеуі бір адамның ұлтын, руын білгісі келгенде немесе белгілі бір адамды тағайындап, анықтап білуге ниеттенгенде өте жиі қолданылады. М: Кім қазақтың? Кім оқушы жоқ?

Бұл келтірілген мысалдардың алдыңғысы бір адамның екеуі адамды қазақтың ішіндегі қай рудан екенін білгісі келгендігі болса, екінші сөйлемде сабақтан қалған оқушының кім екендігін анықтап білу.

«Қай?» сұрағының орнына говорда «не?» сұрағын қолданады. М: Не йерден келдің?

Қазақтың әдеби тілінде «кейбіреу», «біреу» белгісіздік есімдіктердің орнына говорда «кімісі» деп ерекшеленеді.

Бұл есімдік кейде қысқара келіп «кімі», тіпті «кім» түрінде де қолданыла береді. М: Кімісі шай ішіп, кімісі бетімен отырды. Кім онда, кім мұнда қалды.

Жергілікті қазақтар тілінде ерекшеліктердің ішінде өзінің алуан түрлі болып келуі және жиі қолданылуы жағынан етістікке тән морфологиялық көрсеткіштер өзгеше орын алады.

-малы, -мелі, -налы, -нелі – бұлар құрамы жағынан күрделі жұрнақтар. Дәл мұндай жұрнақ қазақ әдеби тілінде кездеспейтіні хақ, бірақ говорда етістік түбіріне жалғанып, мағынаға ие болатындығын байқауға болады. М: сол ауданнан товар алмалы. Бала келсе де қой соймалы.

Ал қазақ әдеби тілінде: Сол ауданнан товар алу керек. Бала келсе де қой сою керек.

Мұнда – малы жұрнағы жалғанған, баяндауыш қызметін атқарып тұрған етістіктер, әдеби тілдің тұрғысынан алып қарағанда, күрделі баяндауыштың, дәлірек айтқанда, тұйық етіс пен «керек», «тиіс» модаль сөздерінің тіркесіп келіп прдикаттанғанда беретін мағына орнына жүріп тұр.

М: Мен киноға бармалы едім. Бүгін ол сол қызды барып көрмелі.

Әдеби тілде. Мен киноға баруым керек. Бүгін ол сол қызды барып көруі тиіс.

Көсемше жайлы бірер сөз қозғасақ. –п (-ып, -іп) жұрнағы арқылы жасалған көсемшеге байланысты говорда айтақаларлықтай және жүйелі түрде кездесіп отыратын ерекшеліктер бар.

М: Ел ең алдымен Сырға көшіп бастады. Қоңыраттағыларда Қазақстанға кетіп бастапты. Герман әскері… Польшаның терістік және түстік жағына шабуыл жасап бастаған, март айының басында фермада қойлар қоздап, ешкілер лақтап бастады.

Жоғарыдағы келтірілген мысалдар әдеби тілдің қалпында құралған болса да, олардағы үнемді көсемшелер тұлғасында көрініп тұрған сөздер үнемсіз көсемше ретінде –а, -е, й жұрнақтарының бірін қабылдаған болар еді.

Ертеректе қазақ тілін зерттеушілердің еңбектерінен –ар, -ер жұрнақтарының дәл зерттеліп отырған говордағыдай қолданысын ұшыратамыз.

М: Мұнан жаман қалаға неше шақырым болар? Көрмеген кісі қайтіп алар? Бұрынғы заманда бір байның баласы бар еді, өзі қаршыға салар еді (19, 13-14 б).

П.М.Мелиоранский соңғы сөйлемде «салар» сөзін сөйлеу тілінің нормасы емес деп көрсетеді. Дегенмен де осы келтірілген сөйлемдердегі –ар жұрнағының қолданысында зерттеліп отырған говормен сәйкестік барлығы көрінеді.

Үстеуге байланысты говорда кездесетін ерекшеліктер көбіне әдеби тілдегі түбірге қосылатын қосымшалар орнына басқа жалғау не жұрнақтардың жалғануымен сипатталады.

-нан, -нен, -дан, -тан, -тен - шыннан, өтіріктен, дұрыстан, растан, тезден, зордан. Шыннан да мен шыдай алмадым. Олай демедім, өтіріктен айтпа. Арақ ішуден шыннан да қолы тимейтіні рас екен дегенді. Осының қорытындысын тезден қайтарсаңыз тым жақсы болар еді.

Көрсетілген қосымшалар арқылы жасалған үстеулер қазақ әдеби тілінде де кездеседі. Ал говорда бұл қосымшалар жалғанып жасалған сөздердің ерекшелікке есептелінуінің өзі - әдеби тілдегі мұндай қосымшалар жалғанбайтын түбірге жалғануынан, жалғана қалған күйде басқа қосымша қабылдауынан. Сөйлемде кездесетін шыннан, дұрыстан сөздері әдеби тілде «шынымен», «шынында» тұлғасында кездеседі.

Қорыта келгенде мұнда да, Түркменстан қазақтарының тіліне көңіл бөлінген, яғни толықтай зерттеген ғалым Нұрмағамбетов болды. Бұл ғалым жоғарыда аталған аймақтағы қазақтардың тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жағына аса көңіл бөлген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет