2. Асан қайғы толғауларындағы «Жерұйық» идеясы. «Асанның тауып моласын, Соған тәуеп етейін. Моласына түнейін, Ақ батасын күтейін. «Жолымды қу!»



Дата22.11.2022
өлшемі106 Kb.
#159382
Байланысты:
Асан Кайгы 2


2. Асан қайғы толғауларындағы «Жерұйық» идеясы.
«Асанның тауып моласын, Соған тәуеп етейін. Моласына түнейін, Ақ батасын күтейін. «Жолымды қу!» десе болғаны, Басқа жолды не етейін? Әз Жәнібек сендер бол, Мен Асан боп өтейін!» Мағжан Жұмабаев. («Есілде» өлеңінен) Ой иірімдері Әлемдік тарихта Мұса пайғамбар деген болған. Оған Алла тағаладан қасиетті төрт кітаптың алғашқысы «Тәурат» түсіпті. Оның, тағы да, мынадай тағылымды ісі бар. Оны «Мұса феномені» дейді. Оның мәнісі сол, ұзақ жылдар бойына Мысыр елінде құлдықта болған халықты түз-түгел көшіріп, оңаша алып шығып, санасына дамыл бермей, қырық жыл шөл даланы, тау-тасты кездіре жүріп, тазалау, біржолата ұмыттыру әдісі. Міне,осыны жасаған бізде де бір ұлы жаратылыс бар. Ол – Асан Қайғы бабамыз. Оның ұлағатты тірлігі сол – Әбілқайыр хан қырық жыл үстемдік еткен Дешті-Қыпшақ мемлекетінен Керей мен Жәнібек хандарға бір қауым жұртты бас­татып, Жетісу жерінің батысындағы Қозыбасы-Талас-Шу-Созақ ай­ма­­ғына қарт Қаратау жотасы арқылы алып өтіп, «қазақ» атанған жаңа ұлтқа, оның тінін,тілін, дінін, ділін біржолата орнықтыруға ат салысып, сосын, Мұса пайғамбар секілді хал­қымызға қоныс-жай болатын жерұйық іздеуі. Асан Қайғы бабамыз туралы халық жады көптеген аңыз-әңгімелерді, асыл сөздерді, жыр-толғауларды жақсы біледі. Бұл деректер – терең теңіз түбіндегі шашылған інжу-маржандай, дауыл тербеткен көк толқындай,бұлт буған мұзарт шыңдай,түске кірген елестей, алдыңнан бұлаң­дап қашқан сағымдай,жақындаған сайын кеңейе беретін көкжиектей. Міне, осыдан болса керек, ғалым-зерттеушілеріміз жылы сөз, жақсы пікір, оң қабақ білдіргенімен, ол туралы мәліметтерді, әңгіме-аңыздарды әртүрлі әдебиеттерге, зерттеу құралдарына айналдырғанымен, ғылыми орта әлі де ортақ бір шешімге келген емес. Кейінге ұрпақ әулие танып аты аңызға айналған «көшпелілер философы» (Ш.Уәлиханов) атанған Асан Қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары,өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді» (М.Әуезов). Асан Қайғы қазақтың ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібекті жақтады. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан Қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналды. Ішкі саясатта жер-су жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұрттың хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асан Қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу» теориясын ұсынды. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай,әділет тұрғысынан шеше білген. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып,қазақ қоғамының үлгісін жасады. Ол іздеген «Жерұйық» шұрайлы қоныс қана емес, елін, жерін жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы. Асан Қайғы осы тарихи ойларын хандармен, сұлтандармен, билермен, әсіресе, Жәнібек ханмен арпалысып жүріп іске асырмақ болады. Елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып, толғанған абызды халық Асан Қайғы деп атағаны сондықтан. Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көкседі. Осы мақсатты көздеп, ол сол хандыққа қазақ руларының түгелдей енуіне күш-жігерін жұмсайды. Асан Қайғы елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін,құтты қоныс тауып», адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін, мамыражай еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау «Жерұйық» деп атады. Алты атанға жүк артып, алты жыл бойына жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады.Әр қоныс, мекенге байланысты сын, баға беріп, отырады. Бұл бағалар әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді. Жыраудың «Жерұйықты» (кейде Жиделі-Байсын делінеді) іздеуі атақты Мұса пайғамбармен бірге Томас Мор «Утопиясы» (1516) мен Томмазо Кампанелланың «Күн қаласы» шығармасындағы (1602ж) қиял-армандарымен ұштасып жатыр. Бір зерттеушілер оны миф,аңыздық нұсқа, халықтың қиялынан туған кейіпкер тұлға деп біледі. Оның айтқан асыл сөздерін халықтың жерұйықты іздеуі, жақсы, тыныш заманды аңсауы деп тұжырымдайды. Ғалымдардың бір парасы, оны Алтын Орда дәуірінде ұлы хан Жәнібекпен бір заманда өмір сүрген, соның ақылгөйі болған дейді. Тағы бір топ, оны қазақ хандығын тұңғыш құрған Әз Жәнібек ханмен байланыстырады. Осымен бірге, оның өмір сүрген кезеңі де кезегімен жылжып отырады. Өмірге келген, дүниеден қайтқан жылдары да жұмбақ.Тіпті, жатқан жері де белгісіз... Бірқатар пікір білдірушілер, оның желмаясын желдіртіп жер шолуын мүмкін емес деп есептейді. Шық­қан тегіне таласатындар да табылады. Асан Қайғыдан қалған мұраларды басқаға телитіндер де баршылық... СОНЫМЕН АСАН ҚАЙҒЫ КІМ ЕДІ? Тарихта аты қалған ұлы тұлғалардың әрқайсысының өзіндік орны болады. Осы ретте, Асан Қайғыны қазіргі қазақ мемлекеттігінің, ел тәуелсіздігінің түп қазы­ғы деп қарастырсақ артықтық етпейді. Оның себебі, сол тарихи құбылыстардың мін­дет­ті түрде себеп пен салдары болады. Ендігі жерде, сол себеп пен салдарға дейін ой, қиял, арман,аңсар, идея, мақсат-мүдде дейтіндер елдің ұлағатты ұландарының кеудесінде кәусар бұлақтай атқылап,санаға салмақ түсіреді,тілін шешеді, жазуына жаңалық қосады. Міне, осы тұрғыдан алғанда Асан Қайғының тарихтан алатын орны әлі анықталған жоқ. Әйтсе де, қазақ дейтін халықты ұйыстыруда Асан Қайғыдай данышпанның болуы, ол Алладан келген ұлы сый деп білеміз. Біздің ұлы жұртымыздың басым бөлігі мыңдаған ғасыр бойына көшпелі өмір салтын ұстанды.Асан Қайғы бабамыз осы тіршіліктің түйінін тапты. Ол – Жерұйық болатын.Болса да «Жерұйық» бостан-босқа орнамайды, оны әуелі жер шолып іздеп, табу керек, орнығу керек, көркейту керек... Қазақ мемлекеттігіне 1456 жылы Қозыбасы, Шу бойынан құтты мекен тауып берген, өзі бастап келіп қоныстындырған,жаңа құрылымның ұраншысы болған Асан Қайғы бабамыз болатын. Ол ұлы-ұлы мемлекеттердің – Алтын Орда, Ноғайлы ұлысы, Қазақ хандығының бас биі, ақылманы, бастаушысы, елшісі, ұраншысы, сол мемлекеттің ең басты қағидаттарын қалып­тастырушы, құраушысы, реформаторы еді. Асан қайғы бар­лық жыраулық-дастаншыл ақындардың атасына айналды. Мынаны есте ұстаған жөн: Асан Қайғы данышпан басы бүтін қазақтікі, себебі, Қорқыт бабаға, болмаса, әл-Фарабиге, Бейбарысқа басқа халықтар да «біздікі» деп ортақтасуына болатын жағдаяттар бар болса, ал, Асан Қайғы таза қазақтық қалыптан пайда болды. Ол – ұлттық тұлға. Ол өз халқына бақыт тіледі,оның болашағын ойлап қайғыға батты.Сол себептен Асан Қайғы атанды. Қазақ­тың жер көлемін шолды, баға берді, небір асыл ойларды қалдырды. Тереңдей үңілгенде Асан Қайғы бабамыз, бүгінгі қазақ мемлекеттігінің дипломатиялық мектебін қалыптастырды. Ел мен елді жауластырмау, достастыру,татуластыру, қаз-қатар бейбіт өмір сүру қағидатын ең алғаш әлемнің жарығына алып шықты. Ол Керей мен Жәнібектің атынан Моголстан ханы Есенбұғамен келісімсөздер жүргізді. Соның арқасында болашақ өсіп-өнетін мемлекеттің алтын тұғырын жасады. Асан Қайғы бабамыз жер шолу арқылы жағрапия ғылымын қалыптастырды. Тіпті, экологиялық мақсатта жақсы ойлар туындатты. Ол сөз әлеміне де өз өрнегін салды. Тұшым­ды толғаулар қалдырды. АСАН ҚАЙҒЫ ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА? Біздің қолдағы деректер «болған» деп анықтама береді.Оны тапқан және жариялаған Ұлттық Ғылым Академиясының ұйғыр тілі бөлімін ұзақ жылдар басқарған, филология ғылымдарының докторы А.Ибатов. Бұл деректі ол 1966 жылы «Әділет хабаршысы» дейтін журналдың №2 және №5 сандарында жариялаған. Бұл дерек көзі кезінде хат танитын адамдарға арналып, орта түркі жазба әдеби тілінде, көне ұйғыр жазуымен жазылыпты. Ол «Тоқтамыс ханның бірінші Жарлығы» деп аталады. Жалпы, тарихта Тоқтамыс дегендер көп.Біздің сөз өткелі отырған Тоқтамыс хан – 1226-1280 жылдары Орда-Ежен хандық құрған Көк Орда деп аталатын ұлыстың кейінгі 1376-1395 жылдар аралығындағы билеушісі. Осы Тоқтамыс хан поляк князі Ягойлоға (аудармасындағы аты Иегейла) жолдаған бірінші Жарлығы хиджраның 795 жылы (біздіңше 1393) реджеп айының сегізінде түркі тілінде (орыс мәліметтерінде «татар тілі» деп аталады) түгелдей ұйғыр әрпімен жазылған. «Жарлықтың» мәтіні былай: Тоқтамыстың бірінші Жарлығы (қазіргі қазақ тілімен айтылғанда.) «Менің (Тоқтамыстың) сөзім! Иегейлаға (Ягойло) Ұлы орынға отырған жөнін білдіріп, Кетлұбұға, Асан бастаған елшілер жіберген едік. Сен де елшілер жіберген едің. Бұрнағы жылы Бекболат, Қожамедін, бастаған бірнеше ұландар – Бекіш, Тұрдышақберді, Дәуіт бастаған бектер Едіге деген кісіні Темірге астыртын жіберген екен. Ол тіл (хабар) алып келген еді. Олардың арам ниетпен хабар жіберіп, ілгері жасырын жетіп келгенін сезіп, жиылып, соғыспақшы болып тұрғанда, ол арам ниетті кісілер бұрын қозғау салып, әрекет жасағандықтан ел қарсы көтеріліп, бұл істің жөні осылай болған еді. Тәңір бізді жарылқап, дұшпандық қылған Бекболат, Қожамедін, Бекіш, Тұрдышақберді, Дәуіт бастаған ұлан­дар мен бектерді мұқалтты. Енді, осының жөнін білдіріп Асан, Тұлы-Қожа бастаған елшілерді жібердік. Енді, тағы болса, бізге қарас­ты елдердің шығындарын (салық) жи­нап, барған елшілерге беріңіздер, қазынаға жеткізсін! Және бұрынғы жөн-жосық бойынша базаршы серіктестіктердің (саудагерлер бірлестігін басқарушы адамдардың) жұмысы тағы жүрсін. Ұлы Ұлыстың қалпында сақ­талып қалуына тағы жақсы, сай болсын деп алтын нышанды Жарлық ұсындық (яғни, таңбасы алтын), (Тауық жылы, тарихтың жеті жүз тоқсан бесінде, ережеп айының сегіз жаңасында, Орта Донда тұрғанда жазыл­ған). Бұл Жарлықты жеткізген Асан, Тұлы-қожа дейтін елшілерді поляк князі Ягойла жақсы қарсы алады. Айтқанын орындайды. Тату-тәтті қалпын сақтайды. Осы тірліктің жақсылыққа бастағанын, екі жақтан да қолдау көргенін Тевтон (неміс) ордені мен Польша-Литва-Алтын Орда біріккен әскерлері арасындағы Грюнвальд шайқасынан байқаймыз. 1410 жылы қазіргі Польшаның солтүстігінде болған осы шайқаста Польша әскерін король (кейде князь) Ягойло бастап шығады. Литва әскерін Витаутас, Алтын Орданың қырық мыңдай қолын Тоқтамыс ханның үлкен баласы Жалаладдин қолында ұстайды. Сөйтіп, олар неміс, француз рыцарлары мен ағылшын,швейцарь жалдамалы жасақтарынан құралған Тевтон орденінің әскерін тас-талқан етеді. Осы Жарлықта Асанның аты екі жерде құрметпен аталады. «Елші етіп жібердік» деп анықтама беріледі. Тарих деректерінде Асан Қайғы белгілі бір кезеңде Ордадан шеттетілгенде 1419-1420 және екінші рет таққа 1427-1433 жылдар ара­лы­ғында отырған Ұлығ-Мұхаммед ханның қасында болғаны таңбаланған. Ол туралы Асан Қайғының: Орманбет хан өлгенде, Он сан ноғай бүлгенде, – деп басталатын ұзақ жыры бар. Халық ауыз әдебиеті – Ұлығ-Мұхаммед ханды «Орманбет хан» деп дәріптеген. Осы Ұлығ-Мұхаммедтің 1428 жылы 14 наурызда ешкінің терісінен илеп, жұмсартып қағаздай еткен былғарыға жазылған Жарлығында мынадай мәтін бар: «Бұрынғы хан ағаларымыз, Сіздің Үрім уәлайтының сұлтан аталарыңыз, ағаларыңыз бен елші сөйлесушілер жиылып, арнайы сәлем алысып, сауда басшылары бірге жүрісіп, жақсы барыс-келіс болған едік. Кейіннен хан ағамыз Тоқтамыс хан Сіздің ұлы бабамыз бойынша Ғазы Баязит-бекпен бұрынғы жақсы жөн-жосық бойынша елші сөйлеушілер жіберісіп, арнайы сәлем алысып, екеуі тағы достық, жақсылық арқылы Тәңірінің рахметіне ие болуда». Бұндағы айтылар сөз «Ұлың-Ұрымға, қызың-Қырымға» дейтін сөздегі, Үрім туралы (бұрынғы Византия мемлекеті) айтылып отыр. Демек, Асан бастаған елшілердің сол жақта да болғанын меңзейді. Ал, енді, тарихи деректерде, осы Жар­­лықты жазып отырған Ұлығ-Мұхаммедтің Сарай төңкерісі болғанда,қасына Асанды ертіп алып,белгілі мерзімде Литваның королі Витаутасты паналағаны мәлім. Иә,дұрыстап зерделей қарастырсақ мұндай құнды деректерге жолыға береміз. Белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев өзінің «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбегінде де(1991 жылы шыққан.) Асан Қайғы туралы тұжырымды қуаттайтын көптеген дерек келтіреді. Біріншіден, «Асан Қайғы өмір сүрген уақыт ХV ғасыр болса керек» деген болжам айтады. Екіншіден, «әйгілі жырау, көшпелі елдің философы, халықтың мұңын білдіруші» және де Хафиз Таныштың жазбаларына сүйене отырып, Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп бағалайды. Бұл кітаптың тағы бір құнды тұсы, оның «Асан Қайғы творчествосының негізгі идеясы – Қазақ хандығы тайпаларының бірлігі!» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткендігі. Осыған қарағанда, Асан Қайғы бабамыз Алтын Орда кезіндегі Жәнібек хан емес (1342-1356) одан берірек Қазақ хандығын құрған Жәнібектің маңында болғаны байқалады. Шынында да, қазіргі біздің тарихи шығармаларымызда «Асан Қайғы Сәбитұлы 1670 жылы туылып, 1466 жылы қайтыс болды.Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның замандасы әрі кеңесшісі болды» деген пікір қалыптасқан (Қараңыз: Сүйін­шәлиев Х. «VІІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» Алматы. Мектеп. 1989. 164-бет, («Бес ғасыр жырлайды» Алматы. Жазушы. 1989. Т.22-бет, Оразбаева А.67-бет т.т.). Асан Қайғы бабамыз туралы жаңылыс жолдар 1983 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» 5 томдығының «Көне заманнан бүгін­ге дейін» деп аталатын 2-ші томдығынан бастау алады.Бұл кітапты Қазақ ССР Ғылым Академиясы шығарған. «Дешті Қыпшақтағы әйгілі жыршылар Қодан тайшы (шамамен 1370 жылы туған), Асан Қайғы (ХІV ғасырда болса керек), Қазтуған (ХV ғасыр) болды. Аңыздарға қарағанда Жәнібек хан тұсында өмір сүрген Асан Қайғы әйгілі жы­рау, көре­ген­дік жырлар мен поэтикалық нақыл­дар айтушы болған. Шоқан Уәлиханов оны «Халық естелік­те­ріндегі әйгілі көшпелі философ» деп атай­ды. Асан Қайғы өзінің толғауларында (ғибрат жырларында) билік ұстағандардың өктем­дігін айыптайды. Билеушілерді ертеңгі күнді болжай білмейтіндігі үшін сынға алған. Өз халқының тағдырын ойлап қайғыға түскен.Қорлық көргендерге қорғаушы, халықтың мұңын білдіруші болған. Хафиз Таныш ол туралы «Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп жазды. Асан «қазақ және ноғай ордаларының» берік одағын жақтаған. Жәнібектің Жетісудағы Есен Бұға иелігіне көшіп кетуіне қарсы шығып,бұл орайда Жәнібектің әрекетін былай деп қатаң сынайды: Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің. Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойынды. Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің... Асан Қайғы творчествосының негізгі идеясы – Қазақ хандығы тайпаларының бірлігі идеясы!» (245-бет). Осы айтылған ойлар қаншалықты дұрыс және бұрыс екенін білу үшін бұл толғауды толық бергіміз келіп отыр: «Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған. Оймауыттай тоғай егіннің, Ойына келген асын жейтұғын, Жемде кеңес қылмадың. Жемнен де елді көшірдің. Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойынды. Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің. Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Екі семіз қолға алып, Ерлер жортып күн көрген. Еділ деген қиянға, Еңкейіп келдің тар жерге. Мұнда кеңес қылмадың. Кеңестің түбі нараду, Нәлет біздің жүріске. Еділ менен Жайықтың, Бірін жазға жайласаң, Бірін қысқа қыстасаң, Ал, қолыңды маларсың, Алтын менен күміске...» Бұл толғау Асан Қайғы бабамыздың аса ширығып айтқан жырларының бірі болып саналады. 1446 жылы көзі қарайған Тоқтамыс хан Жәнібек сұлтанның Сыр бойындағы ие­лігі, Сығанақты тартып алғаннан кейінгі халін дәл береді. Ежелгі дәстүрді бұза отырып, Тоқ­тамыс хан өктемдік танытып, Темір мен Жошы ұрпақтарынан тартып алынған жерлерді өз жақтастарына сойырғал-сыйлық ретінде таратады. Қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созақты – Бақтияр сұлтанға, Сығанақты – Манеадан оғланға,Үзкентті Уаққас биге ұсы­нады. Әбілқайырдың Ордасы да осында болды. Жырды мұқият оқыған адам Асан Қайғының айтып отырған оқиғасы Жем-Ойыл арқылы Жайыққа, одан әрман Еділге құлап бара жатқанын көрер еді. Демек, «Жетісудағы Есен-Бұға иелігіне көшіп кетуіне қарсы шығып, бұл орайда Жәнібектің әрекетін қатаң айыптаған» дейтін тұжырым қате боп шығады. Бұл айтылып жатқан оқиға, 1446 жылы болған. Ал, Ұлы көш 1456 жылы басталған. Ол қайта керісінше Еділ-Жайық-Ойыл-Жем болып Сырға соқпай, Қарт Қаратауға – Шуға қарай бағытталған. Тағы бір есте болатын нәрсе,дәл сол уақытта кітапта айтылған «қазақ пен ноғай ордаларының берік одағын бұзып, Жетісудағы Есен Бұға иелігіне көшу» дейтін ұғымдағы сөздер де шындыққа жанаспайды. Себебі, дәл сол уақытта «қазақ» қоғамы әлі де толық құралып бітпеген болатын. АСАН ҚАЙҒЫ ӨМІР СҮРГЕН КЕЗЕҢ 1342 жылы Алтын Орданың ұлы ханы Өзбек кенеттен қайтыс болады.Ол орнына үлкен ұлы Тыныбекті отырғызуға өсиет қалдырады. Бірақ, ханның бәйбішесі Тайдулла Шағатай ұлысында жорықта жүрген Тыныбек елге оралғанша, орнына өзінің ортаншы ұлы Жәнібекті отырғызады. Олар ендігі жерде таққа таласпас үшін ағасы Тыныбекті, інісі Қыдырбекті өлтіруге бұйрық береді. Кейбір деректерде олардың арасында шайқас болғаны айтылады. Ол 16 жылдай патшалық құрады. Оны кейбіреулер «Әз Жәні­бек» деп атағысы келеді. Бірақ, әлгіндей әрекеттерге барған адам «әз-әзиз-әулие» бола ала ма?! Оның орнына келген Бердібек те көп ұзамай дүниеден өтеді. Енді, Көк Орданың ханы Тоқтамыс тарих сахнасына шығады.Ол Едігемен, Ақсақ Темірмен алысады. Ол 1395 жылы тақтан тайдырылған соң орнына Темір-Құтлық отырады. Алтын Орда ыдырай бастайды. Асан Қайғы Ұлығ-Мұхаммедті паналайды. ХV ғасырдың 20-сыншы жылдардың аяғында Қазақстанның орталық,батыс және солтүстік батыс аудандарының территориясында бірнеше тәуелсіз феодалдық иеліктер болды. Арал теңізінен солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы. Бұдан батысқа таман – Ғазиби иеленген Ноғай (Маңғыт) ұлысы. Мұнан бөлек Шайбани әулетінен Мұстафа хан Атбасарды биледі. Маңғыт Кепек би мен Адаб бек Бүркіт Тура өңірінде билік жүргізді. Тобылда Шайбани әулеті Махмұд Қожа хан иелігі орналасты. Осындай аласапыранда, 1428 жылы Чимги-Тұра өңірінде (Батыс Сібір) Жошы әулеті Шайбанидің ұрпағы Дәулет Шайх-оғланныңбаласы Әбілқайыр хан боп жарияланды. Аса талантты қолбасшы болған ол Ноғай Ордасынан шығысқа қараған жерлерді өз иелігінде ұстады. Батыста Жайықтан (Орал) бастап, шығыста Балқашқа дейін бағындырды. Оңтүстікте Арал теңізі мен Сыр­да­рияның төменгі ағысынан солтүстікте Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қоластына біріктіре алды. Әбілқайыр Орта Азия иеліктеріне дейін саяси ойындарға араласып, Ұлықбектің ұрпағына үйлене алды. Керей мен Жәнібекті атажұртынан – Сығанақ маңынан біржолата ығыстырып шығарып,оны өз жақтастарына сойырғал түрінде үлестіріп берді. Әбілқайыр, әйтсе де, келешекті болжай алмайтын саяси интуициясы әлсіз жан боп шықты. Ол әуелі Қобыланды батыр мен Ақжол бидің қақтығысын дұрыс шеше алмады, ел ішіне наразылық кіргізіп алды. Ойламаған жерден қапылыста ойраттардың шолғыншы, шабуылшы әскерінен оңбай жеңілді де, абырой атақтан айырылып, Керей мен Жәнібек бастаған іргелі елінен айырылып қалды. 1433-34 жылдары Ұлығ Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін, Асан Қайғы Сығанаққа келіп Жәнібек сұлтанға қосылады. 1446 жылдары Еділге ауған елдің ішінде болады, қоныс қарай бастайды. Осы арада ғасырлар бойына шешілмей, пікір бір жерге орнықпай жүрген тарихи оқиғаны айта кеткен жөн болады. Ол – Қобыланды батыр мен арғын Қодан тайшаның баласы Ақжол бидің қақтығысы. Көптеген Қазақ хандығын зерттеушілер, болмаса тарихи тақырыпқа қалам тартушылар бұны майын тамызып тұрып суреттейді. Біздіңше, оқиғаның болғаны рас. Ақжол би бір отырыста,болмаса жиында Қара қыпшақ Қобыландының намысына тиетін сөздер айтады. Батыр әйгілі тілмардан жеңіліп қалады. Ол сонан соң, жарайды бұл жолы айдарыңнан жел ескені рас, бірақ, тағы да ұшырасармыз деп орнынан тұрып кетеді де, күндердің-күнінде Ақжол биді оңашада тосып алады. «Тілдің күшін көрдік, енді білектің күшін сынап көрсек қайтеді?» дейді. Ол уақытта жыраулар, ақындар, билер, болса да хандар батыр болуы тиіс заман ғой, Ақжол би Қобыландының қартайып қалғанын есепке алды ма «жарайды» дейді. Бірақ, батырдың аты батыр, Ақжолды қиып түсіреді. Сол шайқастан «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?» деп басталатын мұңлы жыр қалған. Осы ұлы оқиға Жәнібек сұлтанның маңына Дешті-Қыпшақтың патшасы Әбілқайырдан теңдік ала алмаған көптеген тайпаларды топтастырады. Әбілқайыр тұңғыш рет «Құн» Заңын орындамайды. Біріншіден батырға, оның артындағы жаужүрек елі Қыпшақтарға тісі батпайды, екіншіден олай етсе, өзінің қауқарсыз қалатынын ойлайды. Қара Қыпшақ Қобыланды болса да мойындамайды. Жекпе-жекке шақыр­ған, шыққан өзі, оның да қолында,менің де қолымда қылыш болды деп уәж айтады. Бірақ, Ақжол би тұтас іргелі елдің азаматы бол­ған­дықтан, құн дауламау сүйекке таңба болады. Осы кикілжіңді Жәнібек сұлтан Асан Қайғының қолдауымен біраз елді маңына таптауына пайдалана алады. Тіпті, саясаттан қашық жүрген немере ағасы Керей сұлтан қаны қызып Жәнібекке жақындайды. Қауым тұтастанады. Бұл келешекте әйтеуір бір болатын оқиғаның алғышарты еді. Қоныс қарау мәселесі де күн тәртібіне түпкілікті енеді. Ол Асан Қайғыға тапсырылады. Құрбанғани Халидтың «Тауарих Хамсасында» Асан Қайғының Жетісуды көктей өте отырып, Шын-Машын (Қытай) еліне дейін барғаны анық айтылады. Бұл оқиға Асан Қайғының Ежен ханға барғаны туралы ертегіде көрініс береді. Қазақта «жер дауы, жесір дауы қиын» дейтін сөз бар. Керей мен Жәнібек сұлтандарға Моголстанның ханы Есенбұға неге соншалықты шұрайлы жерлерді – Шу бойын, Қозыбасы алқабын бере салды десеңіз, осында Асан Қайғыдай ұлы бабаның «елшілік» қолтаңбасын табуға болады. Ол мәселе бұған дейін де, жер шола жүргенде келісіп қойған әңгіме (мәміле) деуге келеді. АСАН ҚАЙҒЫНЫҢ ТҮП-ТЕГІ ТУРАЛЫ ТӘМСІЛ Негізінен, Асан Қайғы Еділ бойында дүниеге келгенімен,оның атажұрты Жетісу боп қала береді.Ол Алтын Орда мемлекетінің құрамында Ұлы жүзді құраған көптеген рулардың болған­дығынан деп білеміз. Бұл сөздің қисынға келе­тін бір жері – Қазақ хандығын құрауға Үйсін тайпасының белсене араласуы. Керей мен Жәнібек Сырдың бойынан 500 шақырымдай алыста,қиыр шетте, Сарысу өзені мен Шу өзені­нің түйісер тұсында Бетпақдаланың батысында, Созақ ауданының территориясындағы «Таңбалытасқа» жазу қалдырған. Қазақша мәтіні былай: «Қыпшақ, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын иллахи қар рәсиге һамиша хаһа рахмет қыл сен алтауын, екінші түрде айтқанда: «О, Ием, үмітіне жету үшін осы алтауына рахметіңді бере көр!» Байқалып тұрғандай, араб әрпімен жазылған. Тапқан А.И.Шренк пен Х.Бекхожин.Олар оны Л.Кузнецовпен бірлесіп көшіріп алған. Оны «Записки Семипалатинского отдела русского географического общества, Вып.ХVІ.16-927г» жариялаған. Оны бізге жеткізген академик Әлкей Марғұлан. Міне, қараңыз: «Тамғалы тас сыры», «Қазақ тарихы» журналы, 1993 жыл. №3, 28-бет. Осы арада төмендегідей тағы бір ойлануға тұрарлық нәрсе бар. 1. Асан Қайғының шын аты – Хасенхан.Барлық жерде Сәбитұлы деп жазылады, айтылады. Аса білімдар адам Халидұлы Құрбанғали өзінің «Тауарих Хамса» кітабында Ұлы жүз Майқы биді – Асан Қайғының арғы атасы дейді. 2. Керей мен Жәнібекке ерген 6 тайпаның бірі – Үйсін. 3. Керей мен Жәнібек ханға ергендер Дешті – Қыпшақтан шығады. Ал барар бағыты – Моголстан. Жетісу – Ұлы жүздің ата қонысы. 4. Сонда, Үйсіндер жер жаннаты Жетісуда емес, Дешті-Қыпшақта, батыс аймақта не істеп жүр деген сұрақ өзінен-өзі тумай ма?!. 5. Зерделей қараған адам бар жұмбақтың шешуін Асан Қайғыдан табады деп ойлаймыз. Ол – Ұлы жүз, Майқы бидің ұрпағы болған соң, ондай ұлы адам белгілі бір тайпаға иық тіреуі керек. Демек, оның жанында белгілі бір дәрежедегі Үйсіндер болған. Дәл сол үйсіндер Керей мен Жәнібекті өз атажұрты – Жетісуға баруына құмбыл болған десек, көп жаңылыса қоймаймыз. Тіл алсаң іздеп қоныс көр, Желмая мініп жел шалсам, Тапқан жерге ел көшер. Мұны неге білмейсің?! ...Ай, Жәнібек ойласаң, Қилы-қилы заман болмай ма? Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма? Мұны неге білмейсің... Қош, аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің... – дейді, ұлы абыз. Құрбанғали Халидов «Асан Қайғы Шың­ғысхан замандасы Майқы бидің алтыншы немересі деседі» (Құрбанғали Халидов. «Тауарих хамса» 93-бет). Мұндағы «алтыншы немересі» деген уақытпен салыстырғанда біз­дер пайдаланып жүрген деректен онша алшақ кетпейді. Себебі, «алтыншы немере» әрқайсысы 25-30 жастан тұрғанда 180 жылға жуықтайды. Ол Асан Қайғының ғұмырнамасынан алшақ кетпейді. Құрбанғали Халидов мынадай аса құнды дерек береді: – Ол кісінің өз аты – ХАСАН, оны халық Асан Ата деп атап кеткен. «Жеті өзенді Қытай ішінде қысы аз,көбінесе жаз боп тұратын жер деп қолдарын Шығысқа сілтеп, «Асан Қайғыдан өзге адам бармапты деп айтады». Кейбір тарихшылар Асан Қайғының бірнеше мемлекеттердің жерін көктей өтіп,жел шолғанын шындыққа келмейді,шекара-шектерді басып өте алмайды деп пайымдайды. Бұл дұрыстыққа жатпайды,ол уақыт моңғол империясының құрылымдық белгілері әлі де толық жойылмағандықтан, Шың­ғыс­ханның өз қолынан үлес алған Майқы бидің алтыншы ұрпағы, абыз Асан Қайғыға ел аралау аса қиындыққа соқпағанын көреміз. Құрбанғали Халидов Асан Атаның бергі өмір өрнегіне де «Асан Қайғы олай болса әдепкіде Кіші Мұхаммед ханның алдында Сарайда болып,соңынан Ұлығ Мұхаммед ханға барған болып шығады» дейді. Ал, тарихта Кішік-Мұхаммед хан 1435-1465 жылдар арасында хандық құрған. Ұлығ-Мұхаммед хан болса, әуелде 1419-1420 жылдар аралығында Алтын Ордаға хан болып, орнынан айырылып қалып,1427-1438 жылдар аралығында өз алдына жеке хандық құрады. Осы тарихи оқиғаларды сараптай келгенде, Асан бабамыз бірқатар ауыр сөздерді Кіші Мұхаммедке айтқаны байқалады. Хан бір күні құс салып кеп, Асан Атаның алдына кеп былай деп мақтаныпты: – Ата,құладынды қайырып,аққу алғыз­дым! Сонда, Асан Ата назаланып: «Құладын құстың құлы еді, Аққу құстың асылы. «Қара» билеп халқыңды, Қор болар ханның нәсілі!» деп күңірене жауап қатады. Асан Қайғы туралы Құрбанғали Халидов тағы да мынадай дерек айтады: «1871 жылы зулкагда айында Құдабай ақын­мен кезігіп қалып (ол кезде зағип-екі көзі соқыр кісі еді). – Асан Ата кім,соның сөздерінен есіңізде қалғандары бар ма деп сұрап едім,мынадай өлеңмен жауап берді, – дейді ( «Тауарих Хамса» 93-бет). Мынадай да оқиға болыпты. Бір күні Кіші Мұхаммед хан» Пәлен деген адамды бек қойсам қайтеді?» – дейді. Асан Қайғы ол адамның басшылыққа лайық еместігін білдіріп: – Тырнадан жасауыл қойсаң, Басыңнан қиқу кетпес. Тексізден төре қойсаң, Жұртың мұратқа жетпес! – деп, өз ойын жасырмай айтқанда,ханға ұнамай қалып, мәжілістен қуып жіберіпті» («Тауарих Хамса» 93-бет). «Осылайша Асан Атаны Сарай ханы Кеңес­тен қуған соң, ол Қазандағы Ұлығ-Мұхам­мед ханның қасына барғаны кешірілген...» (нақыл етілген) сонда 93-бет). Асанның асыл түбі ноғай деймін, Үлкендердің айтуы солай деймін. Бұл сөзге анық-қанық емес едім, Естігенім,тақсыр-ау,былай деймін. Тегінде,ноғай-қазақ түбіміз бір, Алтай,Ертіс,Оралды қылған дүбір. Орманбет хан Ордадан шыққан күні, Асан Қайғы қайғырып айтыпты жыр... Иә,ол біз білетін: Орманбет хан өлгенде, Он сан ноғый бүлгенде... деп басталатын жыр екені айқын... Демек, Асан Ата 1433 жылдары Орманбет ханға осы жоқтауды және де «Ел айырылған» атты күй шығарғанына қарағанда, 1456 жылдары басталатын Қазақ хандығының Ұлы көшінен кездестіретінімізге шәк келтірмейміз... АСАН ҚАЙҒЫ ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН? Академик Досмұхамед Кішібеков 29 тамыз 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Кесе­не кімдікі?» деген мақала бастады. Онда ол, қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданы жеріндегі теміржол бекетінен 20 километр жердегі «Оқшы Ата» деген қорымда жатыр» деп біледі. Академик былай деп ой тұжырады: «Ал, енді, «Асан Қайғы кесенесі Шиелі жерінде деген пікірге қайта оралсақ,өзім сол жердің тумасы болғандықтанба әйтеуір оған әбден қосыламын». 1998 жылы шыққан Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 1-томындағы Асан Ата кесенесі Шиелідегі «жеті әулие» қорымында» деген тұжырымға тоқтайды. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың айтуынша «Асан Қайғы Жетісу жеріне, Ыс­тық­көлдің маңына жерленген». «Ай, заман-ай, заман-ай» кітабын құрастырған белгілі ғалым, қаламгер Мұхтар Мағауин ел аңызына сүйене отырып, Асыл бабамыз Ұлытауда жатыр дейді. Асан Қайғы бабамыз қалай болғанда да қазақ топырағында қалғанына шүкірлік етеміз. «Ақиқат» журналы 1998 жылғы №4 санында мұқабаға Сырдың бойында сақталынған көне күмбездің суретін басты. Оған «Асан Қайғы кесенесі» деп жа­зыл­ған. Бұл күмбез суреті бұдан бұрынырақ «Парасат» журналына да шыққан болатын. Мұрын жырау жырлады дейтін «Асан Қайғы, Тоған, Абат» атты ноғайлы жырлары тізбегіне кіретін дастан бар.Мұнда Асан Қайғының інісі – Тоған мен баласы – Абат айтылады. «Батырлар жырының» 9-томында толық айтылады. ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ «Өзі зордың болады ығы да зор» деп Абай ақын айтқандай, Асан Қайғы бабамыз туралы ең әуелі өз заманастары,хан,қаралар сөз етті.Оның бірқатары аңыз әңгімеге, ертегіге,тарихи жырларға айналды. Ол бірте-бірте «тал бесіктен-жер бесікке» жеткенше дейтін өмірдің өкінішті өксігіне, «қайғы» феноменіне айналды. Асан Қайғы желмаясын желдіртіп халқына қамсыз ғұмыр кештіретін Алла тағаланың дәрегейіндегі жәннат бағы­ның жердегі прообразы – Жер­ұйықты іздеумен ел есінде қалды. Ол қариялық қалыпта ханнан да қаймықпай сөз айта алатын жарқын жаратылыстың дәл өзі болды. Оның ұлылығында шек жоқ, Асан Қайғыдай өз халқына қалтқысыз қызмет қылған жан баласы жер бетінде некен-саяқ деуге болады. Себебі, бүгінгі Қазақ мем­ле­кеттігі Асан Атаның өсиетнамасының жемісі деуге әбден келеді. Тіпті, оның айтары түгесілген жоқ, Тәуелсіздік алдық десек те, Асан Қайғының сол «қайғылық қалпы» әлі де күн тәртібінен түс­кен жоқ.Жаһандануға жұтылып кетпесек екен деген қорқыныш Асан Қайғының бейнесін биіктете түседі деп ойлаймын. Қазақ қаламгерлерінің арасынан Асан­ның асыл ойларын ең алдымен Мұхтар Әуезов байқап, «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер» деп басталатын тол­ғауын «Еңлік-Кебек» пьесасына өте орынды пайдаланды. Одан ертерек 1843-1906 жылдар аралығында өмір сүрген жырау Мұрат Мөңкеұлы: Әуелі осы жерден ноғай кетті, Баласы мұсылманның нобай кетті. Қазтуған,Асан Қайғы,Орақ,Мамай, Әрі өтіп Тесіктаудан солай кетті. Жер қарап он екі жыл желмаямен, Асан би жердің үстін танып кетті. Су қарап он екі жыл қайықпенен, Асан би жердің бетін шарлап кетті... – деп толғады. Біз осы «Асан би жердің бетін шарлап кетті» дегенге қосыламыз.Оның ұлылығының қыры мен сыры ашыла беретіндігіне сенімдіміз. Бір ғана өкінетін нәрсе, мемлекеттің туын тіккен, ұраншысы болған, рухани ұста­нымын қалыптастырған Асан Қайғы бабамыздың Тәуелсіздік жылдары атаусыз қа­луы. Ертеректе Алаш ардақтылары «Асан Қайғы» атындағы аудан жасаған екен, кейінгі толқын оны жоқ етті. Жезқазған облысындағы, бүгінгі «Жаңаарқа» ауданы кезінде «Асан Қайғы» да болды. Оның кейбір ұрпақтары Қостанай облысындағы «Қайғы» ауылында тұрады. Қазіргі жастар оның кім екенін білмейді де. Бұл сөз жоқ ұлттық сананың әлі толық қалыптаспағанын көрсе­теді. Қазақ әйелінің «Ұлдың өзі туғандай, келіннің өзі келгендей» дейтін мақалы болушы еді, мен осының мағынасын енді ғана түсініп отырғандаймын...

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет