3. Меншік құқығының нысаны мен түрлері
Конституция және Азаматтық кодекс меншіктің екі нысанын: 1)жеке меншікті және 2)мемлекеттік меншікті ажыратады. Меншіктің нысаны өзі түрлерге бөлінеді.
АК-тің 191-бабы жеке меншіктің екі түрін белгілейді: 1)азаматтардың меншігі және 2)мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі.
АК-тің 192-бабы мемлекеттік меншіктің екі түрін белгілейді: 1)республикалық меншік, 2)коммуналдық меншік.
Меншікті түрлерге саралау әр түрлі негіздер бойынша жүргізілуі мүмкін. Мысалы, екі немесе бірнеше тұлғаның меншігінде болуымен сипатталатын ортақ меншік екі түрге бөлінеді: үлесті және бірлескен. Ортақ үлесті меншік меншік нысанына байланысты бірнеше тұлғаға тиесілі болуы мүмкін. Ортақ бірлескен меншік жеке сенімгерлік сипатта болғандықтан, тек азаматтар арасында болуы мүмкін. Ортақ бірлескен меншік: 1- ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, 2- шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі 3- жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік түрінде болады (АК 219-бап).
4. Ортақ меншік құқығы
Екі немесе бірнеше тұлғаның меншігіндегі мүлік оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады (АК 209-б. 1-т.). Осыған орай ортақ меншік ретінде екі немесе бірнеше тұлғаларға ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік түсініледі. Мұндай тұлғалар ортақ меншікке қатысушылар деп аталады.
Ортақ меншіктің екі түрі ажыратылады:
ортақ үлесті меншік, яғни ортақ үлестік меншік құғындағы меншік иелерінің әрқайсысының үлестері анықталған ортақ меншік түрі;
ортақ бірлескен меншік, яғни қатысушылардың үлестері белгіленбеген ортақ меншік.
Жылжымайтын мүлікке белгіленетін ортақ меншіктің ерекше бір түрі – кондоминиум, бұл ретте жылжымайтын мүліктің жекелеген бөліктері азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың бөлек меншігінде болады, ал жылжымайтын мүліктің бөлек меншікте бола алмайтын бөліктері бөлек меншік иелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады (АК 209-б. 6-т.). Мысалы, көп пәтерлі үй.
Азаматтық кодекс бөлінетін және бөлінбейтін мүліктерге ортақ меншік құқығының пайда болу негіздерін ажыратады. Екі немесе бірнеше тұлғалармен бөлінбейтін мүлікті меншікке иемдену кезінде, оны иемдену негіздеріне байланыссыз, оларда бұл мүлікке ортақ меншік құқығы туындайды. Ал бөлінетін мүлікке ортақ меншік заң актілерінде немесе шартта көзделген реттерде пайда болады (АК 209-б. 4-т.). Мысалы, ерлі-зайыптылардың неке кезінде жинаған бөлінетін мүліктері, заң күшіне орай, олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады(АК 223-б. 1-т.).
Достарыңызбен бөлісу: |