Пирамида бөлімі ми сауытының ішіне қарай жатады. Бұл бөлімнің пішіні үш қырлы пирамидаға ұқсас болғандықтан пирамида деп атайды. Кеңейіп келген бөлігі сыртқа қарап, үшкір жағы ми сауытының ішіне еніп жатады. Оның артқы бетінде ішкі есту тесігі орналасқан. Бұл тесік арқылы ұлу-кіреберіс нервісі өтеді. Ал астыңғы жақ бетінде, бет нервісінің өтетін біз-еміздік тесігі және ұйқы артериясының өтетін ұйқы каналының тесігі және IX—X—XI ми нервлерінің өтетін мойындырық тесігі бар.
Пирамида бөлімінің ішінде есту және тепе-теңдік органдарыорналасқан. Тасша бөліміндегі дабылдық қуыс (ортанғы құлақ қуысы) есту (евстахиев) түтігі арқылы жұтқыншақпен жалғасқан, осының нәтижесінде ортаңғы құлақтағы қысым сыртқы ауа қысымымен теңдесіп, дабыл жарғағын қатты күшпен келген ауа толқынының әсерінен қорғап тұрады. Ортаңғы құлақ қуысында балғаша, төсше және үзеңгіше деген есту сүйектері орналасқан.
Ішкі құлақтың сүйекті лабиринті ұлу-кіреберіс және үш иірімді каналдардан тұрады. Лабиринттің ұлу бөлігінде есту, ал жарты иірімді бөлігінде тепе-теңдік (вестибулярлық) аппараты орналасқан.
Сына сүйек (клиновидная кость)—тақ сүйек. Ол ми сауытының астынғы жағында барлық сүйектермен байланысып бас сұйегінің астыңғы жақ негізін құрайды. Сол себептен мұны негізгі сүйек деп те атайды. Бұл сүйек шүйде сүйегі мен маңдай сүйегінің арасында сыналана жатады. Сына сүйек көз шарасының қабырғасын және самай шұқырын құруға да қатысады. Бұл сүйектің бірнеше тесіктері арқылы ми нервтері өтеді. Сонымен бірге бұған шайнау еттері де бекиді. Сына сүйектің толық келген орта жерін — денесі дейді, одан үлкен қанат, кіші қанат, қанат тәрізді өсінділер тарайды. Денесі арт жағынан шүйде сүйегімен байланысса, ол алдыңғы жағынан мұрын қуысымен жалғасады. Денесінің жоғарғы бетіндегі түрік ершігінде гипофиз безі орналасқан. Денесінің екі жағынан үлкен екі қанат шығады, онда ми нервтерінің өтетін бірнеше тесік тері жатады. Үлкен қанаттың алдыңғы беті көз шарасын құрауға қатысады, ал оның алдыңғы жағында кіші қанаты орналасқан. Бұл екі қанат өзара көз шарасының жоғарғы саңылауы арқылы ажырап жатады. Кіші қанат басталар жерінде көру нервісі ететін көру каналы болады.
Тор сүйек (решетчатая кость) мұрын қуысының жоғарғы бөлігін толтыра жатады. Бұл тақ сүйек ми сауытына да, бет сүйектерінің де құрамына кіреді. Тор сүйегінің көз шарасына қараған екі жақ бетін қағаз пластинка деп, ал ми сауытының қуысына қараған бөлігін тесікті пластка дейді. Оның тесіктері арқылы миға иіс нервтері өтеді. Осы көлденең жатқан тесікті пластинка бөлігінен төмен қарай мұрын қуысын екіге бөліп тік пластинка түседі. Бұл пластинканың (ми қуысына қараған) үшкір бөлігін әтеш айдары дейді. Оған қатты ми қабығы тіркеледі. Тік пластинканың екі жақ жанында тор сүйегінің шатырмақ (лабиринт) бөлігі жатады. Одан мұрынның сыртқы қабырғасына екі өсінді шығып жоғары және ортаңғы кеуілжір түзеді. Төменгі кеуілжір жеке жұқа сүйектен түзілген. Осы айтылған үш кеуілжір арасында жоғарғы, ортаңғы және төменгі деп аталатын үш ауа жолы жатады.
Бас қаңқасының бет бөлімі алуан түрлі сүйектерден түзілген. Бұған жоғарғы жақ, шықшыт, мүрын, көз, кеңсірік төменгі жақ, таңдай, кеңсірік және тіласты сүйектері жатады
Жоғарғы жақ беттін орталық бөлімін түзетін жұп сүйек. Оның орта жерінде денесі, одан таралатын төрт өсіндісі болады. Денесінің ішінде мұрын қуысына ашылатын ауа (гайморов пазух) қойнауы бар. Сыртқы бетінде ойысы және көз асты тесігі орналасқан. Денесінің жоғарғы беті — көз шарасының астыңғы қабырғасын, мұрын бөлігі — мұрын қуысының бүйір қабырғасын түзеді.
Жоғарғы жақтан айнала жатқан сүйектермен байланысатын төрт өсінді тарайды. Жоғары қарай мандай сүйегіне бағыт алған маңдай, шықшыт сүйегіне бағыт алған шықшыт, тіс ұяларын түзіп жатқан тістік және таңдай өсінділері болады.
Шықшыт сүйек (әлпет) беттің бүйір бөлімін түзетін жұп сүйек Мұның үш жағына қараған маңдай, самай, жоғарғы жақ өсінділері деп аталатын үш өсіндісі бар. Олар осы өзі аттас сүйектермен байланысады. Шықшыт сүйектері көз шарасының сырт жақ қабырғасын түзіп жатады. Артқа қарай бағыт алған самай өсіндісі арқылы самай сүйегімен байланысып шықшыт доғасын түзеді.
Мұрын сүйегі төрт бұрышты келген ұзынша пластинка тәрізді жұп сүйек. Ол мұрын қуысының алдыңғы тесігінің жоғарғы жиегін түзеді. Осы жерде тор, маңдай және жоғарғы жақ сүйектерімен байланыс жасап жатады.
Көз сүйегі (слезная кость) бейне кішкене шағын пластинкалар тәріздес болып келеді. Көз шарасының ішкі қабырғасын түзуге қатысады. Айнала маңдай, тор, жоғарғы жақ сүйектерімен шектеліп жатады. Оның төмен қарай мұрын қуысына бағыт алған өзекті сайы бар. Бұл сай мұрын қуысына ашылатын жас түтігін түзеді. Мұрынның ортаңғы және төменгі кеуілжір сүйегі жұқа пластинка тәрізді жұп сүйектер. Олар мұрын қуысының бүйір қабырғасында орналасқан.
Таңдай сүйек (небная кость)ауыз қуысынын, жоғарғы қабырғасын түзіп жатқан қатты таңдайдың арт жақ жалғасындағы жұп сүйек. Олар орталықтан жіктесе жатады. Әрқайсысы көлденең және тік пластинкадан түзілген. Көлденең бөлігі қатты таңдай құрамына қатысса, тік бөлігі мұрын қуысының жақтауын түзеді. Оларға сына сүйектің қанатты өсінділері жалғасып жатады.
Төменгі жақ сүйегі пішіні доға тәрізді. Жалпы бас сүйектері ішіндегі қозғалмалы сүйек. Оның доғаланып келген дене бөлігінен екі өсінді көтеріледі. Оның самай сүйгімен байланысып жақ буынын түзетін өсіндісін буын өсіндісі, ал оның алдыңғы жағындағы үшкір келген бөлігі тәждік өсіндісі дейді. Бүған шайнау, самай еттері тіркеледі. Денесінің алдына қарай шығыңқы келген жерін иек деп атайды. Іш жағында қан тамырлары мен нерв талшықтары өтетін қоректі тесіктер де орналасқан. Жақтың жоғарғы жиегінде тістерге арналған тіс ұялары жатады.
Тіласты сүйегі жақтың астында көмекейдің үстінде орналасқан доға тәріздес тақ сүйек. Оның орта жерін денесі, одан таралған кіші және үлкен мүйізшелері болады. Тіл асты сүйегі мойын еттерінің қалыңында орналасқан, оны қолмен байқауға да болады. Бұл сүйекке төменгі жағынан көмекей, ал жоғарғы жағынан тіл бекиді.
Кеңсірік (сошник) жұқа, төрт бұрышты пластинка тәрізді тақ сүйек. Ол тор сүйегінің тік пластинкасының астыңғы жағынан басталып мұрын қуысын бөліп тұруға қатынасады.