Көкірек қуысы
Көкірек қуысы алдыңғы жағынан төс сүйегіне, арт жағынан көкірек омыртқаларына жалғасады. Бұл 12 жұп қабырғадан түзілген. Көкірек қуысының жоғарғы жиегін I көкірек омыртқасы, I қабырға, төс тұтқасы қоршап жатады. Бұл жиектің алдыңғы жағы арт жағына қарағанда төмендеу келеді. Көкірек қуысының төменгі жиегін XII көкірек омыртқасы, төменгі қабырғалар, шеміршек бөліктері және төстің семсер өсіндісі жиектеп жатады.
Көкірек құысының пішіні әр түрлі болып келеді. Оның жыныстық және жастық ерекшеліктері де бар. Көкірек қуысында негізінен жүрек пен өкпе орналасқан. Қабырға шеміршектері көкірек клеткасына серпімділік қасиет береді. Көкірек клеткасының жалпы сырт пішіні конус тәріздес, оның мұндай пішінінде болуы қолдың еңбек құралына айналуына байланысты. Ал жануарлардың көкірек клеткасы керісінше, екі бүйірінен қысыңқы келеді. Жаңа туған балада да осыны байқаймыз. Сондықтан олар жиі тыныстап, қысқа дем алады. Өсе келе көкірек клеткасы дөңгелене бастайды. Оның жақсы дамып, дұрыс қалыптасуы үшін балаларды дене тәрбиесімен шұғылдандырып тұру керек. Рахит ауруымен ауырған балалардың көкірек клеткасы алдына қарай шығыңқы «құс көкіректі» келеді. Ересек адамда көкірек клеткасының пішіні жалпы физиологиялық жетілу жағдайына байланысты болады. Ал кәрі адамда бұлшық ет систамасының нашарлауына байланысты төмен түсіп, кішірейе бастайды. Әйел адамдарда ер адамдарға қарағанда көкірек клеткасы қысқалау келеді.
Қабырға құрылысы. Бұл жұқа иіліп келген 12 жұп сүйектерден түзілген. Жеке қабырғаның құрылысына келсек оның орта жерін қабырға денесі дейді. Ал алдыңғы және артқы бөліктері қабырға ұшымен аяқталады. Арт жағындағы сәл жуандап келген қабырға басы омыртқа денесіме жалғасады. Қабырға басынан кейінгі сәл жіңішкеріп келген жерін қабырға мойны, одан кейінгі дөңесті қабырға бұдыры дейді.
Қабырғалардың төменгі жиегі жоғарғы жиегіне қарағанда өткірлеу келеді. Төменгі жиегінің ішкі жағымен өтетін қабырға сайы арқылы қан тамырлары мен нерв талшықтары өтеді.
Әр қабырға өзіне сай омыртқаларымен екі буын жасап қабырға басы омыртқа денесімен, ал қабырға бұдыры омыртқаның көлденең өсіндісімен қосылады. Әр қабырғаның алдыңғы бөлігі шеміршек арқылы төске жалғасқан.
Қабырғалардың тікелей төске байланысатын жоғарғы жетеуін «нағыз қабырғалар» деп атаса, қалған 5 қабырғаны «жалған қабырғалар» дейді. Соңғыларының үшеуі шеміршектер арқылы өзара бірігіп барып VII қабырғаның шеміршегі арқылы төске жалғасады. Ал XI және ХІІ қабырғаларда «бос қабырғалар» дейді, себебі олар төспен байланыспай құрсақ етінің арасында бос аяқталмалады. Әр қабырғаның өз құрылысына қарай айырмашылығы да бар. I қабырға басқаларына қарағанда жалпақтау келеді әрі көлденең орналасқан. Оның жоғарғы бетінде мойынның сатылы еттері тіркелетін бұдырмақтары бар. Ол алдыңғы жағынан төс тұтқасына, арт жағынан I көкірек омыртқасына жалғасады.
Төс сүйегі жалпақ келген сүйек, ол 16 жасқа дейін төс тұтқасынан, төс денесінен және семсер өсіндісінен тұрады. Төс тұтқасының үстінде мойындырық ойындысы, екі жағында бұғана және I қабырғамен байланысатын ойындылары болады. Төс тұтқасы мен денесінің қосылар жерінде ІІ қабырға, ал одан төмен қарай Ш-ден VІІ-ші қабырғаларға дейінгі буын ойындыларын түзіп, қимылды байланысын жасайды.
Тұлға сүйектерінің байланысы. Тұлға сүйектері өзара қимылды (диартрозды) және қимылсыз (синартрозды) байланыстар жасайды. Омыртқа жотасының бас сүйектерімен байланысуын шүйде-атлант буыны дейді. Бұл эллипс тәрізді буындар қатарына жатады. Ал атлант пен эпистрофей омыртқаларының арасында үш түрлі буынды байланыс бар. Оның екеуі осы омыртқалардың астыңғы және үстіңгі буын беттерінің байланысуынан пайда болса, үшінші буыңдасуы I омыртқаның алдыңғы доғасымен II омыртқаның тіс өсіндісінің арасында пайда болады. Омыртқааралық шеміршектер бір омыртқа денесінің астыңғы бетін екінші омыртқа денесінің үстіңгі бетімен байланыстырып отырады Олар жоғарыдан төмен қарай қалыңдай түседі. Омыртқааралық шеміршектер омыртқа жотасына серпімділік (рессорлық) әрі еркін қимылды қасиет беріп, дененің қимылын арттырады. Сонымен бірге жүргенде, жүгіргенде, секіргенде де омыртқалардың бір-біріне түсетін салмағын баяулатады. Омыртқалардың буын өсінділері өзара байланысып буын түзеді. Мойын, көкірек омыртқаларының арасында жазық буын болса, бел омыртқалар арасында цилиндр тәрізді буындар жатады.
Омыртқа жотасы жалпы сіңір байламдары арқылы бекемделіп тұрады. Оларға омыртқа жотасының алдыңғы бетімен ұзына бойы өтетін алдыңғы ұзынша сіңір байламы және омыртқа денелерінің арт жағымен (омыртқа каналының ішімен) өтетін артқы ұзынша сіңір байламы жатады. Омыртқалар өсінділерінің араларын байланыстырып жататын көлденең және арқа өсінді аралық сіңір байламдары болады.
Бұл аталған шүйде-атлант, атлант-эпистрофей аралығындағы буындар өте күрделі құрылыстағы буындарға жатады. Осы буындар арқылы басты оңға-солға, алға-артқа июге, екі жағына айналдыруға болады. Бұл буындар буын сінірлерімен бірге бұлшық еттер арқылы да бекімделіп тұрады. Осы буын сіңірлерінің ішінде ең жақсы жетілгені – көлденең сіңір. Ол эпистрофейдің тіс тәрізді өсіндісінің арт жағынан өтіп, оның бекем орналасуына көмек етеді.
Ересек адамдардың омыртқа жотасы төрт иін түзеді. Оның алға қараған екі иінін мойын және бел лордозы, ал артқа қараған екі иінін кеуде және сегізкөз кифозы де атайды. Осы аталған иіндер өзара теңдесіп, омыртқа жотасын тепе-теңдік жағдайда ұстауға көмектеседі. Бұл иінде адамның тік жүруі нәтижесінде пайда болған.
Жаңа туған баланың омыртқа жотасының иіндері өте нашар жетілген. Мойын иіні бала басын көтере бастаға кезден, ал отыра алатын және тұра алатын кездерінде бел иіні пайда бола бастайды. Бұл иіндердің толық қалыптасуы 15—16 жаста аяқталады. Жастарда ересек адамға қарағанда омыртқа жотасы майысқақ-қимылды келеді. Сондықтан жас балалар тік жүруден-тұрудан тез шаршайды.
Омыртқа жотасының бір жағына қарай кисаюын сколиоз дейді. Сколиоз партада қисайып отырудан, бір қол мен салмақты зат тасудан және кейбір ауру түрінен пайда болуы мүмкін. Сколиоз болған баланыд омыртқа жотасын түзету үшін арнаулы қимыл жаттығуларын жасап емдеу қажет. Омыртқа жотасының жыныстық ерекшеліктері де бар. Орта есеппен алғанда әйел адамдарда ерлерге қара ғанда қысқа келеді.
Кәрі адамдарда омыртқа денелерінің және омыртқа аралық шеміршектердің кішіреюі нәтижесінде омыртқа жотасы 5—8 см дейін қысқарады. Бұл кезде көкірек омыртқасының артқа қарай иіліп, кеуде кифозының бүкіреюі байқалады. Көкірек клеткасының дұрыс қалыптасуының организм үшін маңызы зор. Ол дұрыс тыныс алуға, физиологиялық газ алмасу процесінің күшеюіне себеп болады. Сонымен бірге дененің жалпы сымбатының сынды қалыптасуына да үлкен әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |