Мәліметтер қорының модельдері. Иерархиялық модель. Желілік модель. Реляциялық моделі
Алғашқыда мәліметтер қорының иерархиялық модельдері пайда болды. Иерархиялық модельде мәліметтер арасындағы байланыстар реттелген граф (немесе бұтақ) түрінде берілген.
Иерархиялық МҚ-ның құрылымын (сұлбасын) сипаттау үшін кейбір программалау тілінде «бұтақ» мәліметтер типі қолданылады.
«Бұтақ» типі ПЛ/1 және Си программалау тілдерінің «құрылым» атты мәліметтер типімен және Паскаль тілінің «жазба» типімен ұқсас. Оларда типтердің бір-біріне салынуына жол беріледі, олардың әрқайсысы белгілі бір деңгейде орналасқан.
«Бұтақ» типі құрамдас болып келеді. Оған ішкі типтер («кіші бұтақтар») кіреді, олардың әрқайсысы өз кезегінде «бұтақ» типі болып табылады. «Бұтақ» типінің әрқайсысы бір «түбірлік» типтен және бағыныңқы типтердің реттелген жиынтығынан (бос болуыда мүмкін) тұрады.
«Бұтақ» типіне енгізілген қарапайым типтердің әрқайсысы «жазба» атты жай немесе құрама тип болып табылады. Қарапайым «жазба» бір типтен тұрады, мысалы, сандық типтегі, ал құрама «жазба» типтердің белгілі бір жиынтығын, мысалы, бүтін, символдар жолы және көрсеткіштерді (сілтеме) біріктіреді.
Түбірлік деп бағыныңқы типтері бар және өзі ішкі тип болмайтын тип аталады. Бағыныңқы тип (ішкі тип) өзі үшін ата тегі (ата-ана) рөлін атқаратын типке қатысты ұрпақ болып табылады. Бір типтің ұрпақтары бір-біріне қатысты егіздер болып табылады.
Тұтастай алғанда «бұтақ» типі «жазба» типтерінің иерархиялық тұрғыдан ұйымдастырылған жиынтығын сипаттайды.
Иерархиялық МҚ құрамында «жазба» (жазбалар) типіндегі мәліметтер даналарын (экземплярын) қамтитын «бұтақ» типіндегі мәліметтер даналарының реттелген жиынтығы болып табылады. Көп жағдайда типтердің арасындағы туыстық қатынастарды жазбалардың арасындағы қатынастарға көшіреді. Жазбалар өрістері шындығында МҚ-ның негізгі мазмұнын құрайтын сандық немесе символдық мәндерді сақтайды. Иерархиялық МҚ-ғы барлық элементтерді қарап шығу әдетте жоғарыдан төмен қарай және солдан оңға қарай жүргізіледі.
Иерархиялық модельдің мәліметтер қорлары бұтақ түріндегі құрылымы бар нысандарды сипаттауға ыңғайлы. Мысалы, белгілі бір кәсіпорынның құрылымын келесі түрде келтіруге болады (1-сурет).
1-сурет. Кәсіпорынның иерархиялық құрылымы
Өзінен басқа жазбаға сілтеме жасалатын жазба «ата тегі» немесе бағындыратын жазба деп аталады. Сілтеме жасалатын жазба «ұрпақ» немесе бағыныңқы жазба деп аталады. Иерархиялық модельде әрбір ұрпақтың тек бір ғана ата тегі болады, басқаша айтқанда бір ұрпаққа екі және екіден артық ата тегі сілтеме жасай алмайды. Сілтемені нұсқау үшін ата тегі-жазбаның өрісі болуы тиіс, ол жерге тасымалдағыштағы ұрпақ-жазбаның физикалық мекен-жайы жазылады. Ұрпақ-жазба сақталатын тасымалдағыштағы осы физикалық мекен-жай көрсеткіш деп аталады.
Сонымен, иерархиялық модельдегі мәліметтер арасындағы байланысты ұйымдастыру үшін физикалық мекен-жайлардың көрсеткіштері қолданылады.
Мәліметтердің иерархиялық моделінің артықшылықтарына ЭЕМ жадын тиімді пайдалану мен мәліметтермен негізгі амалдарды орындау уақытының көрсеткіштері жатады. Мәліметтердің иерархиялық моделі иерархиялық тұрғыдан реттелген ақпаратпен жұмыс істеу үшін ыңғайлы.
Иерархиялық модельдің кемшілігіне күрделі логикалық байланыстары бар ақпаратты өңдеу үшін оның көлемінің тым орасан үлкен болуы, сондай-ақ қарапайым пайдаланушы үшін түсінуге қиындығы жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |