76
деген уағдаларын берісті. Бұл уағда, бүл жігер бергеннің де, бермегеннің де ауызында һәм
көңілінде болып, тұс-тұстан елге ұғындырмақ һәм ұлт қазынасын көркейту жолында
аянбай қызмет етпек болысты.
Ұлт қазынасы сөз болғанда халықтың рухы көтерілгендігі сондай:
— Айналдырған үш тайыншам бар еді, ұлт қазынасына соның бірін бердім. Сатып
ақшасын алыңдар, - деп бір кедей келді.
— Барым осы. Алаш жолында аянар түгім жоқ, малым түгіл, басым құрбан, — деп
жыламсырап бір кедей шал келді.
Байларға қарап: «Партияға да неше мыңдап шашатынсыңдар, беретін жолдарың осы. Біз,
кедейлер, Алаш жолына басымызды беруге даярмыз, сендер малдарыңды аяма!» деп
айқайлаған кедейлердің сөзі көңілді балқытқандай әсер берді.
Мұхтар Жәлеладдинұлы деген жігіт:
— Ақшам жоқ. Жегіп жүрген аяулы екі сары атым бар, ұлт қазынасына салдым. Қазір
біреуің базарға шығарып сатыңдар, — деп қалада тұратындарға аманат тапсырды.
Павлодар қазағының бірлік-берекесі, ұлтшылдығы аса көзге көрінді. Заман түрленіп
тұрғанда алалық, алты ауыздық, іріген-шірігендік көрмедік. Шашау шықпастан Алаш
тілегінің үстінде екенін байқап, Құдайға шүкіршілік қылдық, қуандық.
Алаш баласы былай тұрсын, Павлодардағы азғантай ноғай ағайындардың Алашқа
тілектестігі, туысқандығы артықша көрінді. Ұлт қазынасы сөз болған соң Кереку
ноғайлары 8 жарым мың сом берді, тағы да жинамақшы. Бүл ағайындарға Алаш атынан
Алла риза болсын айтылды. Алаш қазынасына астындағы жалғыз атын түсіп берген ногай
болды. Аты — Хафиз Сатаров.
Қандасымыз, діндесіміз ноғай ағайындар былай тұрсын, ұлт қазынасы туралы сөз
сөйленгенде тыңдап тұрған Гавриил Колмогоров деген орыс келіп, бір мың сом ақшасын
суырып ортаға салды. Қазақпен көрші орыс едім деп әр ісімізге тілектестігін білдірді.
Құдайға шүкір, Павлодар қазағы Колмогоровтан бізді ұялтқан жоқ. Өзге елдер де ұлт
қазынасы сөз болғанда Колмогоровтың ісін ұмытпасын...
Сөйтіп, Павлодар елі өзге жұртқа үлгілі бір ізгі іске мұрындық болды. әр жерде әр ел
осындай қимылдайтын болса намыс-жігері, ұлт қаны қайнайтын болса қазына
табылатындығы иманымызды күшейтті.
Қазынасыз іс бітпейтіндігі белгілі. Неше айдан бері зор мақсат, ілгері тілеудің үстіндеміз.
Бірақ құр тілекпен алысқа кете алмаймыз. Білімді білімін, бай малын, жас қайратын, қарт
қариялығын ұлт жолына аянбай жұмсап, Алаш көшін жолда қалдырмай, мақсұтты
қонысына қондырғанша түнде ұйқы, күндіз күлкіден безбесек, жанды құрбан, малды пида
қылмасақ, басың базарға, малың талауға түсіп, қор болған күні өкініштен пайда жоқ.
Ондай күнді Құдай бізге көрсетпесін. Садақаңды сауыңда бер, Алаш!
Достарыңызбен бөлісу: