88
АВТОНОМИЯ МӘСЕЛЕСІ
Бостандық болғаннан бері жұрт боламын деген жұрттардың түн ұйқысын төрт бөлген,
ақыл ойын толқытқан — Автономия мәселесі. Автономияны ешкім оңайсынған жоқ.
Күшіне, өнеріне сенген халықтардың бірсыпырасы бұл іске белсене кірісті. Біз секілді
өнері жоқ, өнері кем жұрттар өз басын өзі байқап, заманның маңызына қарай әндегісі
келді. Жақсы заман болысса да, ежелден қоңсы қонып, саясат, билік, шаруа жүзінде
байланысып отырған іргелі ауыл Россия жауымен жағаласып жатқанда мен жөнімді
таптым, сен не болсаң ол бол деуімізден түбінде өзімізге қандай пайда, қандай зиян
келуіне көзіміз жетпей, еншімізді татулықпен сөйлесіп, жолдасып отырып алалық деп
мемлекет құрылтайын күттік. Бостандық, құрдастық туғаны рас болса, ұлт тілегімізге
мемлекет құрылтайы қарсы болмасына көзіміз жеткендей үмітті болдық. Сол оймен
жүрген кезде құрылтай қуылды.
Автономияны бойына сеніп, оңайсынған елдер де, шамасына қарап бойын тежеген елдер
де бір дәрежеде болып қалды. Жарияланған автономиялар жоғалды, жарияланбағандар
жарыққа шыға алмай қалды. Бірақ бұл жоғалу, бұл қалулар түпкілікті емес, уақытша
екендігіне ешкімнің шүбәсі жоқ. Саясат теңізі мейлі тоқсан тоғыз толқысын, халық
жүретіндегі
тілек жоғалмайды, өлмейді.
Автономиялы болмақ жұрттардың бірі біз едік. Сондықтан автономия мәселесі бізге жаңа
мәселе емес. Он екі айдан бері ауызға алынып, соз болып, сан тартысқа түскен мәселе.
Неше үйезде неше рет сиездер болған. Соның бәрінде автономия сөз болмай қалған жоқ.
Бұл автономия жалпы мұсылман сиездерінде, жалпы қазақ-қырғыз сиездерінде армансыз
тексерілген. Автономияның қиындығы да, оңайлығы да, пайдасы да, зияны да қаралған.
Өзіміздің қандай халық екеніміз де, көршілеріміздің кім екені де ескерілген. Байлығымыз
да, күшіміз де есепке алынған. Жеке боламыз ба, біреумен қосыламыз ба о да ақылға
салынған, сыннан өткерілген. Бұл туралы қандай пікір болса да, түгел газеттерімізде
жазылған. Ең соңғы Орынборда болған жалпы қазақ-қырғыз сиезі тоғыз күндей толғанып,
ілгері-кейінгі, ерсілі-қарсылы пікірлерді қорытып, киіз туырлықты қазақ-қырғыз Алаш
туының астына жиылуға бір ауыздан қаулы қылған.
Автономия уағдалы күнінде жарияланбаған болса оның себебін жұрт көрмей отырған жоқ.
Біз шалалығымыздан кейін қалып, өзгелер озып кетіп отырған жоқ. Бізге туған күн
жұрттың бәріне де туып отыр. Россиядағы халықтар автономия алатын болса, біз де
мақұрым қалмайтынымыз анық. Басымызға ала қайғы туып отырған жоқ.
Осы шешілген, армансыз ашылған мәселені «Үш жүз» газеті (7 номер) жаңғыртып отыр.
«Қазақ-қырғыз өз алдына автономия бола алмайды. Сондықтан Түркістан мен Сібірдің
біріне қосылу керек» дейді.
«Үш жүз» қандай газет екенін жұрт білсе де, «Үш жүзбен» айтысып жатуға артық
уақытымыз болмаса да заман мынадай толқысып, аз күн жұрттың көңілі жабырқап, жігері
жасығандай болып отырған кезде автономия секілді зор мәселені жаңғыртып, жұрттың
ойындағысын тапқандай уайымды жағын айта қалған соң бастан кешіп тұрған оқиғаны
мәңгіліктей көріп, «мынанікі рас-ау, автономия дегеннің өзі пәле екен той һәм жұрттың
автономия бас шылары жабылып, айдалып, қашып-пысып жүр, елдері бүліншілікке,
қырғынға ұшырап жатыр» деп теріс ұғынушылар болмасын деп осы баяндаманы жазып
отырмыз.
«Үш жүз» жазушы: «Қазақ-қырғыз бауырларым, ойлан! Орып борда 80 азамат бата
қылыпты, сол болады ғой деп алты миллион алаштың көз жасын арқалап жүрмейік», —
дейді. (түсіндірме: бұл арада «Үш жүз» біреудің бүркеншік есімі болып тұр).
89
Ойлан дегені жөн, жаны ашығандық. Бірақ автономияны oйланбай, бақанын ала шапқан
ешкім жоқ-ты. Бір жылдан бері ойланып келеді. Түркістан мен Сібірдің біріне қосылу
пайдалы болмай па деген сөз жаңа пікір емес. Бұ да талай тексерілген, сыналған Жұрт
Алаш болуды қабылдаған. Біреу Түркістанға, біреу Сібірге тартса, Алаш баласы быж-тыж
болып бытырап кететіндігі де мағлұм болған. Түркістанға енді барып қосылмақ түгіл,
бұрын қосы лып қалған Сырдария облысы Алашқа қайта шығуға қаулы қылған. Онан бері
Алаш оз алдына автономия болса, жұрт болмай ма екен дерлік өзгерген дәлел-себеп жоқ.
Автономиямыз жарияланбай отырғанды дәлел қылатын болса, солардың біріне қосылалық
деп отырған Түркістан, Сібір халқы дәл осы күні біз күндерлік емес. «Алты миллион
Алаштың көз жасына қалып жүрмелік» деген ақылын, уайымын халыққа ертерек
ұғындыру керек еді. Бұл ақыл түстен кейін айтылып отыр. Айтқан екен, жұрт қабыл
алмаса, саяси жолдастары арадай шақса кімге өкпелеуге болады? Автономия туралы таза
пікірді уақытында газеттерге жазу керек еді, халыққа ұғындыру керек еді. Екі рет болған
жалпы қазақ-қырғыз сиездеріне доклад қылу керек еді. Былтыр бір айтылып еді, биыл
тағы құлақтарыңа саламын дегенге заман күтіп тұра ма, қысқа күн де қырық құбылып тұр.
Біз де айтамыз: ойлан, Алаш! Тәуекелге бел байлап, бетті құбылаға қаратып, мақсұтты
жолға бір шыққаннан кейін ол жолда тау да болар, тас та болар, жау да болар, жат та
болар, алдырармыз да , шалдырармыз да, еш кепіл емес. Жақсылық-жамандыққа бірдей
шыдасақ қана дегенімізге жетеміз.
Ат арытпай, тон тоздырмақ, еңбексіз, құрбансыз, күйімізді жамылып, уайым етіп,
отбасында отыра берсек, отыра берерміз. Отыра бергеннің қызығын көргеміз, көріп те
келеміз. Мұнан соң да көрерміз. Дүние жүзін ат шашасынан қан қылған, көздің жасын сөл
қылған не нәрсе?
Тіршілік, жұртшылық үшін талас-тартыс. Таласпасаң, тартыспасаң сыбағалы орын саған
жоқ, көрген күнің қараң!
Достарыңызбен бөлісу: