93
ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Мархұмның аты да Қазы еді, Қазы — би деген
сөз. Қазы билігін айтып кетті.
Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің
орның бөлек.
Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті
сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл баласы)
қалыпты. Соны тәрбиелеп адам қылу, бәріңнің — барлық Алаштың мойнына парыз һәм
өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін тана
көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін жанын қиып, құрбан болатын
азаматты көремін деген үмітім жоқ еді, көрдім. Енді бүгін өлсем де арманым жоқ.
Қарағым, Қазыжан! Қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ кешу қыл, қош, қабірің нұрлы
болсын!» дейді.
Жиылған әлеумет еңіреп жылап жіберді.
Сонан кейін Міржақып тұрып мынаны айтты:
Мынау кім
жатқан әлеумет,
Жас қабірді жамылып?
Мұнша ардақты кім еді,
Тұрсыңдар бәрің жабығып?!
Жалғызы
ма еді біреудің,
Тілеп алған зарығып?
Байы
ма еді бұл елдің,
Құрметтейтін жабылып?
Би мен бектің бірі ме,
Жылардай жұрты сағынып?
Ханзада яки сейіт пе,
Қазашы шулар қамығып?
Жоқ, әлеумет!
Бұл жатқан:
Жалғыз да емес,
Бай да емес;
Би де емес,
Бек те емес;
Сейіт те емес,
Хан де емес!
Бусанып жатқан жас қиыр,
Иесін мұның айтайын:
Мақсұты
ұлттың жолына;
Туын ұстап қолына,
Жас ғұмырын
пида еткен,
Жар-жолдасын күйзелткен,
Алаштың адал баласы,
Армансыз өлген данасы!
Жүректен жалғыз оқ тиген,
Жаза баспай дөп тиген,
Алаштың бұл құрбаны –
Аяулы жолдас, Қазы жас!
94
Қош, бауырым жолдасым!
Армансыз сенің өз басың.
Қабыл болып құрбаны,
Алашты Құдай оңдасын!
Жиылған халық қамығып, көңілі босап, көзіне жас алды. Бұлардан кейін Райымжан,
Жанғали қажы, Мұстақым сөз сөйледі. Ақырында Қазының бірге оқып жүрген жолдасы
Жүсіпбек еңіреп тұрып:
— «Жан бауырым, жолдасым, қош бол! Жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы
қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің. Бұл күнде мынадай мезгілсіз
қазаға душар болдың. Өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бірақ
арманың кетті, ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың. Тым
болмаса, ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Қош, бауырым, жолдасым,
қош!», — деп көзінің жасын тия алмай, сөзін әзер тоқтатты.
Сөйтіп 7 мартта бейсенбі күні Алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапарына жөнелтіп,
жұрт тарқасты.
Сол күні біздің басшы азаматтар Қазының жолсыз өлгені туралы большевик
бастықтарымен сөйлесті. Олар: «Біз мұндай жұмысты істе деп ешкімге бұйырғанымыз
жоқ. Өз бетімен істеп жүрген бұзақылардың жұмысы» деп оқ атқан солдаттарды
айыптапты. Сонан кейін атушы солдаттар военно-революционный сотқа берілді.
Қазы марқұм жасы 22 де, Семей үйезі Еңірекей болысында сыбан деген рудан еді.
Жасынан кедейлікпен алысып, талабымен оқып келіп еді. Семейде екі класты школды
бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып 1915 жылы семинарияға түсті.
Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген
жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып
тұрушы еді. Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті,
ұлтының жолында жанын құрбан қылды. Жасаған ие еңсесін толтырып, кейінгі жастардан
орынбасар шығарсын.
Басшы азаматтарымыз һәм обласной қазақ комитеті кеңесіп, марқұмның басына тас қоюға
һәм жақсылап белгі-бейіт салуға қаулы қылды. Қазының оқуға жасы жеткен бір інісі бар
еді. Соны оқытуға стипендия ашты. Кәрі ата-анасына һәм қатын-баласына жеті мың сом
ақша бермек болды.
Жастар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып, Құран оқытты, дұға
қылдырды.
Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас. Тарихта аты қалар. Бірақ біздің бұдан
үлгі алып, жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек.
Рухың шат болсын шәһид болған Алаштың шын баласы! Біз де сенің ізіңде.
Қош, жолдасымыз!
Достарыңызбен бөлісу: