Медициналық және фармацевтикалық тауарлардың тауартануы – кешенді ғылыми комплекс, ол:
· медициналық және фармацевтикалық тауарлардың тұтынушылық құнын;
· олардың жіктелуі мен кодталуын;
· стандартизациясын;
· тауарлардың сапасын қалыптастыратын және сақтайтын факторларды;
· сапасын бақылау және бағалау әдістерін;
· бәсекелестік мүмкіндігін;
· тауарлар ассортиментін қалыптастыру заңдылығын және оның құрылымын;
· тасымалдау, сақтау, тұтыну және эксплуатациясы кезінде тауарлардың сапасын сақтау жағдайларын, - зерттейді.
Тауар – қандай да бір қоғамдық қажеттілікті қанағаттандыру мақсатымен сатуға арналған еңбек өнімі. Тауар тұтынушылық қасиеттерімен сипатталады, ол тауардың нақты қажеттіліктерді қанағаттандыруымен негізделеді. Бұл тұтынушылық қасиеттері тек тұтыну немесе эксплуатация процесінде байқалады.
Тұтыну термині қолдану процесінде өздері жұмсалатын , шығындалатын тауарларға қатысты. Эксплуатация термині қолдану процесінде өздерінің ресурстарын жұмсайтын тауарларға қатысты болады. Медициналық және фармацевтикалық тауралардың тұтынушылық қасиеттерін жіктеудің оларды талдауда және бағалауда үлкен маңызы бар. Бұл әсіресе бәсекелестік мүмкіндігі жоғарысын таңдау үшін тауарлардың тұтынушылық қасиетінде тез бағытталуды талап ететін қазіргі медициналық және фармацевтикалық нарық жағдайында үлкен мәнге ие.
Тауар адам қажеттілігін қанағаттандыру үшін, ол пайдалы болуы керек. Экономикалық теория тұрғысынан пайдалылық – тауарды немесе қызмет түрін пайдаланудан алатын жалпы қанағаттану. Пайдалылық еңбек өнімін тұтыншылық құнына ие тауарға айналдырады.
Тауардың құны және тұтынушылық құны болады.
Тауардың құны оны өндіруге кеткен қоғамдық қажетті еңбекпен анықталады. Ақшалық мәнде ол баға болып табылады.
Тауардың тұтынушылық құны – оны қолдану барысында байқалатын экономикалық категория. Тауартану тауардың материалды-заттық тұтыну құнын зерттейді. Тауартану объектісіне, тауармен бірге, тауартануда сапа категориясымен сипатталатын жекелеген тұтынушылық құны да жатады. Тауардың сапасы – тауардың жарамдылығын негіздейтін тұтынушылық қасиеттерінің жиынтығы, яғни белгілі бір эксплуатация жағдайында тауардың қолданылуына сәйкес белгілі бір қажеттілікті қанағаттандыру қабілеті. Тауар сапасының техникалық аспектісі тауартанудағы зерттеу объектісі болып табылады. Тауар сапасының көрсеткіші – тұтыну және өндірудің нақты жағдайларына қатысты тауардың сапасын анықтайтын қасиеттерінің сандық сипаттамасы.
Тауар сапасы оны жасау және өндіру процесі кезінде қалыптасады. Тауар өндірісі кезіндегі әртүрлі қызметтерге қатысты ережелер, жалпы принциптер және сипаттамалар нормативті құжатпен белгіленеді. Құжаттарға стандарттар (технологиялық регламент және сапа стандарты) және басқа да құжаттар кіреді - классификаторлар, мемлекеттік реестрлер, ережелер, ұсыныстар және т.б. Тауар сапасының деңгейі техникалық регламентте көрсетіледі, ол міндетті және тауарды қолдану және өндірудің сапасын, қауіпсіздігін және тиімділігін қамтамасыз етеді. Тауар сапасының деңгейі тауар сапасының мемлекеттік стандартымен регламенттеледі, онда тауарлардың тұтынушылық қасиетінің деңгейі және тізімі, сонымен бірге осы көрсеткіштерді бақылау әдістері бар. Дәрілік заттар туралы заңда сапа деп дәрілік заттардың мемлекеттік сапа стандартына сай келуін айтады. Дәрілік зат үшін сапаның мемлекеттік стандарты - фармакопеялық бап. Тауартануда сапа көрсеткіштерін келесі белгілері бойынша жіктеу қабылданған: 1) сипатталатын қасиеттерінің саны бойынша: жекелеген және кешенді;
2) берілу тәсілі бойынша: натуралды бірліктерде және баллмен;
3) анықтау әдісі бойынша: органолептикалық, инструменталды, әлеуметтік, сараптық;
4) қолдану саласы бойынша: өнім бірлігі, біртекті өнімдер бірлігінің жиынтығы, әртүрлі өнімдердің бірлігінің жиынтығы;
5) анықтау стадиясы бойынша: жобалау стадиясында, өндіру стадиясында, тұтыну стадиясында.
Өнім сапасының көрсеткіштерінің номенклатурасын таңдау мемлекеттік стандартпен регламенттеледі.
|