10. Танымдық процестерді дамыту теориялары. Л.С.Выготскийдің теориялары ( Шунк Дейл «Оқыту теориясы» кітабы бойынша)
Выготскийдің теориясы да конструктивистік сипатта. Выготский адамдардың жануарлардан айырмашылығы, олардың қоршаған ортаны өз мақсатына қарай өзгерте алатын мүмкіндігі бар деп есептеді. Оның кейбір ойлары Сталиннің көзқарасына қайшы келгендіктен, оларды жарыққа шығармады. 1980 жылға дейін оның еңбектерін қолдануға Кеңес одағында шектеу қойылды. Соңғы жылдары Выготскийдің еңбектері басқа тілдерге аударылып, тарала бастады, осының арқасында оның білім беру, психология, лингвистика салаларына әсері артып отыр. Выготский адам ойын жаңаша түсіндіруге тырысып көрді. Ол бұрын болып кеткен әрекеттерді мінез-құлық тұрғысынан түсіндіруден бас тартты. Сананың немесе қоршаған ортаның рөлін жоққа шығарудың орнына, ол қоршаған ортаның санаға әсерін анықтауға тырысты. Выготскийдің теориясының «мәдени-тарихи аспектілері оқыту мен дамуды олардың контекстерінен бөліп қарастыра алмаймыз» деген пікірді алға тартады. Оқушылардың өз әлемдерімен, яғни адамдармен, заттармен, мектептермен байланысы олардың ойын өзгертеді. Концептілердің мағынасы сыртқы ортамен байланысқа түскен кезде өзгереді. Олай болса, «мектеп» жай бір сөз немесе физикалық құрылым емес, ол сондай-ақ, оқыту мен азаматтықты да арттыруды мақсат етеді. Сонымен қатар, дамуға әсер ететін тұлғалық, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан факторлар да болады. Выготскийді сондай-ақ, менталдық және физикалық кемістігі бар балалар да қызықтырды. Осы факторлар негізінде ол батыс зерттеушілері мен практик мамандардың назарын ерекше тартып отырған тұлғааралық факторға ерекше көңіл бөледі. Выготский әлеуметтік байланыстар оқыту тәжірибесін өзгертеді деп есептеді. Оның барлық жоғарғы менталдық қызметтер әлеуметтік ортамен байланысты деген пікірі қайшылықтарға толы болғанымен, онда шындық та жоқ емес. Тіл аталмыш процеске әсер ететін ең маңызды фактор. Выготский мәдени даму мен ойлауды білдірудің тіл, санау және жазу сияқты сыртқы процестерін қалыптастыру психологиялық дамудың ең маңызды компоненті болып табылады деп ойлады. Бұл процесті қалыптастырғаннан кейін, адам келесі кезекте ойлау мен әрекеттерді: өзіндік басқару мен оларға әсер ететін белгілерді қолданады. Өзіндік басқару эгоцентризмдік сөйлеудің (ол туралы келесі дәрістемізде айтатын боламыз) маңызды қызметін қамтиды. Выготскийдің теориясының негізгі түйіндері мыналар: • Әлеуметтік байланыстар аса маңызды. Білім екі немесе одан көп адамдар арасында қалыптасады. • Өзіндік басқару әлеуметтік байланыстар кезінде көрініс табатын әрекеттер мен менталдық операцияларды игеру (ішкі сипаттарды дамыту) кезінде дамиды. • Адамның дамуы тәсілдерді (тіл, символдар) мәдени тұрғыдан жеткізу кезінде орын алады. • Тіл аса маңызды тәсіл. Тіл әлеуметтік сөйлеуден эгоцентризмдік сөйлеуге және іштей сөйлеуге айналады. Проксималды даму аймағы дегеніміз балалардың өз бетінше және басқалардың көмегімен атқара алатын әрекеттерінің айырмашылығы. Проксималды даму аймағында ересектермен және құрдастарымен байланысқа түсу танымдық дамуды арттырады. Проксималды даму аймағы Выготскийдің теориясының негізгі концептісі ретінде «өз бетімен мәселені шеше білу қабілеті арқылы анықталатын немесе өздерінен қабілеті жоғары құрдастарымен бірлесе отырып шешу арқылы анықталатын проксималды даму аймағын (ПДА) айтуға болады. Проксималды даму аймағы қажітті білім беру шарттарын ескере отырып, оқушы игере алатын білімнің көлемін сипаттайды. Бұл белгілі бір салаға қатысты оқушылардың даму дайындығы мен интеллектуалдық деңгейі жайлы тест. Ол оқыту мен дамудың қандай байланысы бар екендігін көрсетеді. Проксималды даму аймағы кезінде оқушы мен мұғалім немесе тьютор мен оқушы, сарапшы мен жас маман оқушы өз бетімен орындай алмайтын қиын тапсырманы бірлесе орындайды.
Выготскийдің идеясын білім саласына қатысты көптеген мәселелерге қатысты қолдануға болады. Бұл теория Өзіндік оқуға ерекше әсер етті. Өзіндік оқуға жоспарлау, тексеру, бағалау сияқты көптеген метатанымдық процестер атсалысады. Выготскийдің пікірінше, адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасы оқытуға көмектеседі. Адамның оқыту процесіне қосар үлесі оның нәтижесіне қатты әсер етеді. Шунк бұған мынадай мысал келтіреді: «Мұзда сырғанауға үйрететін жаттықтырушылар мұзда сырғанау техникасы жайлы жақсы білетін және жақсы сырғанай алатын оқушылармен жұмыс жасай алады. Оқушылар сырғанауға қатысты тәжірибелеріне сүйене отырып, тепе- теңдік, жылдамдық, қозғалыс, денесін ұстай білу сияқты білімдерін пайдалана алады. Жаттықтырушылар оқушылардың артықшылықтары мен кемшіліктерін ескере отырып, нәтижелерін жақсарту үшін олардың түрлі қозғалысты үйренуіне көмектеседі. Мысалы, сырғанаушының секіру жылдамдығы мен биіктігі қажетті шамада болғанына қарамастан, оның үш айналып секіріп, аяқтың ұшымен түсе алмайтынын байқаған жаттықтырушы оның айналу кезінде аяғын басқа жаққа бұрып жіберетінін, осыдан болып, тапсырманы дұрыс орындай алмайтынын байқайды. Жаттықтырушы сырғанаушыға осы қатесін айтып, түсіндіріп, оның қозғалысын ауыстырып үйренуіне көмектескеннен кейін, сырғанаушы дұрыс секіре бастайды. Фермаларда туып өскен, малдардың тууы, ауруы және оларға қарау сияқты тәжірибелері бар ветеринария мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер оқуға түскен кезде біраз біліммен келеді. Олардың оқытушылары бұны студенттердің білімін арттыру үшін қолданады. Студенттерге сиырдың немесе аттың тұяғының жарақатын қалай емдеуге болатынын түсіндіру үшін оқытушы бұл жағынан тәжірибесі бар студенттерді шақырып, олардың нені байқағанын сұрайды және олардың осы біліміне сүйене отырып, тұяқты емдеудің ең соңғы және тиімді жолдарын үйретеді. Әлеуметтік орта арқылы оқушылардың танымдық білім алуына бірнеше жол арқылы қол жеткізуге болады. Олардың ішіндегі ең танымалы скаффолдинг деп аталады. Скаффолдинг – оқушылардың шамасы жетпейтін тапсырмаларды бақылау арқылы оқушылардың тез игере алатын тапсырмаларды орындауын қамтамасыз ету. Білім беру кезінде мұғалім сабақты өзі бастайды, сосын ғана оқушы мен мұғалім жауапкершіліктерін бөлісіп алады. Оқушылардың білімі артқан сайын, олар өз бетімен әрекет жасай білуі үшін мұғалім скаффолдинг тәсілін қолданыстан алып тастайды. Выготскийдің идеясын білдіретін тағы бір тәсіл ретінде өзара білім беруді айтуға болады. Өзара білім беруге мұғалім мен оқушылардың шағын тобының арасындағы интерактивті диалогты жатқызуға болады. Алдымен, мұғалім әрекеттерді қалай іске асыру керектігін көрсетеді, сосын мұғалім мен оқушылар кезек-кезек мұғалімнің рөлін атқарады. Оқып түсіну кезінде оқушылар сұрақ қоюды үйреніп жатқан болса, мұғалім алдымен оқушылардың түсіну деңгейін анықтау үшін қалай сұрақ қоюға болатынын көрсетеді.