Neisseria gonorrhoeae туғызатын жедел немесе созылмалы жыныстық
(венерологиялық) жұқпалы ауру, несеп-жыныс жүйесінің шырышты қабығының, көз конъюнктивасының (бленнорея), басқа ағзалардың іріңді қабынуымен сипатталады. Соз қоздырғышын (гонококк) 1879 жылы А.Нейссер ашты.
Морфологиясы.Гонококк – бұршақ тәрізді грам теріс диплококк, қозғалмайды, спора түзбейді, пилиі, микрокапсуласы бар. Анилин бояуларымен жақсы боялады (метилен көгі, бриллиант жасылы және т.б.).
Іріңді бөліндіде гонококтар лейкоциттердің ішінде орналасады (аяқталмаған фагоцитоз). Пенициллин әсерінен L-пішіндері пайда болуы, химиотерапиялық препараттардың әсерінен қасиеттерін жылдам өзгертіп, грам оңға айналуы мүмкін.
Дақылдандыру.Гонококтар аэроб, құрамында сарысу, қан немесе асцитті сұйық бар арнайы қоректік орталарда, 37°С температурада, көмірқышқыл газының мөлшері жоғары болғанда түссіз, колониялар түзіп өседі. Қанды агарда гемолиз бермейді, құрамында сүт, желатин және картоп қосылған қоректік ортада өспейді. Тығыз ортада колониялары түссіз шық тамшысына ұқсас келеді. Сұйық қоректік орта бетінде нәзік қабықша пайда болады, сорпаны лайландырады.
Ферменттік белсенділігі төмен.
Антигендік қасиеті және патогенділік факторлары. Антигендік құрылымы күрделі, соматикалық және капсулалық антигендері бар. ЛПС күшті иммуногенділік көрсетеді. Негізгі антигендік жүк пилилер мен сыртқы мембрананың беткей ақуыздарында болады. Пилилер ақуыздық суббірліктердің тізбегінен, қанттардың қалдықтарынан және фосфорлық қышқылдан тұрады. Сыртқы мембрана протеиндерден тұрады.