Иммунитеті. Басқа оппортунистік инфекциялар кезіндегідей иммунитет қалыптасады, тұрақсыз, қарқынды емес.
Микробиологиялық диагноз қою. Зертханалық диагноз қою үшін экспресс әдіс, бактериологиялық және серологиялық әдістер қолданады, ал пневмококтық инфекцияға күмәнданғанда қосымша бактериоскопиялық пен биологиялық әдістер жүргізу қажет.
Бактериологиялық әдіс: Науқастың клиникалық белгілеріне байланысты алынатын зерттеу материалдары: 1) эндокардитке және сепсиске күмәнданған кезде - қан;
2) баспа мен скарлатина кезінде - бадамша бездері мен мұрын - жұтқыншақ кілегей қабығынан сүрінді және сілекей;
3) жарақаттар мен тері зақымданған кезде - жарақат бөліндісі;
4) зақымданған жерлерден ірің;
5) жүкті әйелдердің қынабынан бөлінді;
6) төменгі тыныс алу жолдары зақымданғанда - қақырық, бронхылардың шайындысы, өкпе абсцессінің іріңін және плевра сұйықтығын пункция жасап алады.
Серологиялық әдіс созылмалы инфекциялық процесс кезінде немесе науқас антибиотиктермен ұзақ емделгенде қоздырғыш бөлінуі қиындаған жағдайда қолданылады. КБР қанда стрептококтық антигенді және токсиндерге спецификалық стрептококтық антиденелерді (көбінде стрептолизин О немесе стрептокиназа) табу мақсатында қояды. Сонымен бірге серологиялық реакциялардың көмегімен тасымалдаушыларды да анықтайды.
Пневмококтық инфекция кезінде таза дақыл бөліп алу үшін биосынама қояды, яғни науқастан алынған материалды ақ тышқандардың көк етінің астына жұқтырады. Бірақ аралас инфекция кезінде пневмококтарға басқа да ШПМ қосылғанда, мысалы клебсиеллаға ақ тышқандардың сезімталдылығы жоғары, сондықтан таза дақылды биологиялық әдіспен бөліп алу қиындайды.
Емдеуі. А тобының стрептококтары бөлінгенде емдеу препараты - пенициллин. Пенициллинге резистентті штамдарын басқа сезімтал антибиотиктермен емдейді (левомицетин, цефтриаксон, ванкомицин, рифампицин және басқалары). Стрептококтарға қарсы емдік иммундыбиологиялық препараттар жоқ.
Алдын алуы. Арнайы сақтандыру шаралары жоқ, себебі иммунитет типтік спецификалық. Пневмоктық инфекцияның алдын алуы үшін әртүрлі 23 полисахаридті антигендердің серологиялық варианттары кіретін поливалентті вакцина ұсынылған. Егу сезімталдылықтары жоғары топтарға, 5 - 10 жыл аралығынды жасалып отырады.
Нейссериялар.
Нейссериялар – грам теріс аэробты коктар - Neisseriaceae тұқымдастығына, Niesseria туыстастығына жатады, бірнеше түрлі бар: Neisseria meningitides, N.gonorrhoeae, N.flava, N.subflava, N.perflava, N.sicca, N.mucosa, N.flavescens.
Адамға аса патогенді нейссериялар - N.gonorrhoeae және N.meningitidis.
Менингококты инфекция – Neisseria meningitidis тудыратын жұқпалы ауру. Қоздырғышты алғаш ашып және зерттеген А.Вексельбаум (1887 ж). Морфологиялық құрлысының сипаттамасын 1907 жылы Флекснер берді, ал Ослер деген ғалым 1899 жылы науқастың қанынан менингококты бөліп алды.