Қ. Жалаиридің шежіресі — ертедегі қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығарма.
Ш.Уəлиханов бұл кітаптың аңыздан гөрі ақиқаты молырақ деп жазған» [16; 194].
Қадырғали би еңбегін зерттеудегі жасалынған ізденістердің нəтижесін «Қазақстан тарихы» жаңа басылымының бірінші томынан анық байқауға болады: «Өлкенің ортағасырлық тарихын жазу жөнінде Еуразия тарихнамасындағы алғашқы тəжірибелер XVII ғасырда жасалды. Жалайыр тайпасынан шыққан түрік тарихшысы Қадырəлі бек 1602 жылы ауызша айтылып келген тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің тарихи жинағы негізінде «Оқиғалар жинағы» деген еңбек құрастырған, онда монғол шапкыншылығынан кейінгі қыпшақ даласында болған оқиғалар суреттеледі»
Соңғы кездері Қадырғали Жалаиридің еңбегін тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев арнайы зерттеп жүр. Ғалым өз ойын «Қадырғали би Қосымұлы жəне оның
«Жылнамалар жинағы» атты монографиясында (Р.Сыздықовамен бірге жазылған) былайша түйіндейді: «Қадырғали би еңбегі — ортағасырлық түркі жазба тарихының дəстүрі арқасында өмірге келген еңбек. Сондай-ақ Қадырғали би — сол тарихи кезеңдегі мəдени дамудың деңгейі мен сипатына сай жазба тарихпен қатар, жатқа тарих айту дəстүрін де жақсы меңгерген автор. Ал ол өмір сүрген тарихи кезеңде көшпелі түркі қоғамдарында қоғамдық-мəдени құбылыс ретінде ауызша тарих айту дəстүрінің гүлдеу дəуірі еді. «Жинақта» берілген шежірелік материалдар, түркі халықтары арасында кең тараған Едіге жайлы эпостан үзінді, пайдаланылған мақал-мəтелдер соның айғағы. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қадырғали би еңбегі — жазба жəне ауызекі тарих айту дəстүрлерінің өзара ықпалының тамаша көрінісі. Сондықтан да еңбекке белгілі бір тарихи кезеңде қатар даму алған осы екі дəстүрдің бірдей үлгісі ретінде қарау оның деректік сапасын тура бағалауға көмектесері даусыз.
«Жинақтың» астарлы ойы, жазу стилі, көркем тілі оның авторының таланттан құр қол еместігін, заманында қазақ қоғамында белгілі би, халықтың жүріп өткен жолын жақсы білген шежіре адам болғандығын білдіреді. Сондай-ақ Қадырғали бидің өзі өте жақсы меңгерген ана тілі түркіден басқа, парсы тілін біршама жетік, ал араб, орыс тілдерін де білгендігі байқалады. Міне, осы қасиеттер оған тайпалық одақтан халықтық бірлік жолына түскен қазақ қоғамының алғашқы жылнамашыларының бірі болуға көмектесетіндігі сөзсіз. Академик Ə.Марғұланның сөзімен айтсақ, Қадырғали бидің еңбегі — қазақ жазба мəдениетінің алғашқы үлгісі. Оның артында қалдырған мұрасы осындай қорытындыға негіз бола алады» [1; 36].
Жоғарыда келтірілген деректерді қорытындылай келе айтарымыз, соңғы жылдары көптеген зерттеушілердің күш салуы арқасында Қадырғали Жалаиридің еңбегі өз халқымыздың алтын қазынасына айналғанына өте қуаныштымыз. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», — дейді дана халқымыз. Барды бағалау, қолдағы асылды жоғалтып алмау — ең абыройлы міндет деп санасақ, аталмыш туынды — сол асылдың көзі, алтынның сынығы.
Түйін
Қадырғали Жалаириден бұрын, бұдан да басқа қазақ тілінде қолжазба кітаптар болды деген тарихи мағлұматтар бар. Бірақ ол ескерткіштер əлі табылған жоқ. Сондықтан да, əзірше қолымызда бар деректерге сүйене отырып, XVI ғасырда таза қазақ тілінде тарихи еңбек жазған Қадырғали Қосымұлын — қазақ тіліндегі жазба шығармалардың бастаушысы деуге болады.
Қадырғалидың тарихи еңбегінің ғылыми жұртшылыққа белгілі болғанына бір ғасырдан артық уақыт өтті. Бірақ оқушылардың көпшілігі күні бүгінге дейін қазақ тіліндегі тұңғыш тарихи шығарма, жазба ескерткішті қалдырған адамның кім екенін, оның еңбегінің халқымыздың мəдени тарихынан алатын орнын жете білмей келді. Тіпті ғылыми жұмыспен шұғылданып, қазақтың тарихы, тілі жəне əдебиетін зерттеп жүрген кейбір оқымыстыларымыздың өздері де бұл авторға жəне оның еңбегіне соңғы уақытқа дейін жеткілікті назар аудармады. Сол себептен де Қадырғали Жалаиридің есімі ұмытылуға тақалып, өзінің тарихта алатын орнына ие бола алмады.
Осы жағдайды ескере отырып, Қадырғали би Қосымұлының «Жамиғ ат-Тауарих» («Шежірелер жинағы») еңбегінің жазылуына 400 жыл толуына орай өткізілген конференцияда қазақтың майталман жазушысы М.Мағауин «Ұлы тарихшы, ұлы қолбасшы» тақырыбына көсіле баяндама жасады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде: «Бүгін Ұлыстың Ұлы күні, қазақ тарихының Ұлы күні, 400 жылдан соң бабамыздың бағалы еңбегімен ұрпағы етене қауышты. Соңғы 40–50 жыл бойында тарихқа, əдебиетке, мəдениетке қатысты көп түсінікті қайта қарау керек деп ұғамын. Айталық, би ұғымы біздің бабамыздың заманында ел билеуші, князь деген мағынаны білдірген. Оның мəнін жойған патшалық өкімет қой. Демек, біздің Қадырғали би бабамыз кезінде Сібір хандығын жайлаған халықтың ішінде ел билеушісі болған. Қадырғали Жалаири — қазақ халқының деңгейін көрсететін биіктік. Оның заманында халықтың санасы да күшті еді. Мен оның есімін Алматыдағы ұлттық кітапханаға беру қажет деп есептеймін», — деген ұсыныс жасады [3; 16].
Келешекте ұлы бабамыз Жалаиридің «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі əлі де толық зерттеулерді қажет етеді. Өйткені бұл туынды — тұнып тұрған байлық. XIІ ғасырдың басынан бергі қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайларын зерделей білген Қадырғали бабамыздың есімі алдағы уақытта жарқырата көрсетуге тұрарлық есім.
Сөз соңында айтарымыз, қайткен күнде де Қадырғали би Қосымұлы Жалаири сынды ұлы ғұламаларымыздың бар екенін бағалай білейік, ағайын!
Достарыңызбен бөлісу: |