Ш. Уəлиханов Дулатидің еңбектерін алғаш рет ресей ғылымында зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген ғалым
Тарихта өзіндік орны бар «Тарих-и Рашиди» атты туындыны XVIII ғасырда Үндістанды басып алған ағылшындар тауып, Лондонда екі рет ағылшын тілінде басып шығарса, ал өзімізден алғаш рет қол созған адам Шоқан Уəлиханов болыпты. Ол Қашғарияға барған сапарында «Тарих-и Рашидидің» ұйғыр тіліне аударылған нұсқасын қолына түсіріп, оның он шақты бетін орыс тіліне аударыпты.
Ш.Уəлихановтың белгілі ғылыми еңбегі «Очерки Джунгарии» («Жоңғария очерктері») Петербордағы ОГҚМ-ның (Записки Русского Географического Общества) 1861 жылы бірінші кітабында 184-200 беттерде, екінші кітабында 35–58 беттерде басылып шыққан [17].
Осындай аса құнды ғылыми басылымның бірнеше беттері М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабына арналған. Онда Шоқан тарихи еңбектің сол уақытқа дейін Ресей ғылымында белгісіз болып келгенін айтады. Сол кезде Ғылым академиясының мұражайында оның түрікше аудармасы, ал Петербор университетінде түпнұсқасы, яғни парсы тіліндегі нұсқасының, сақтаулы екенін көрсетеді де: «Ғылым академиясының мұражайында бұл кітаптың түрікше аудармасы бар, ал С-Петербор университетінің кітапханасында – парсыша түпнұсқасы сақталған. Өкінішке орай, академиядағы кітап толық емес, ал университеттегі кітаптың қатесі көп, соған қарағанда, оны парсы тілін білмейтін адам көшірген» [18; 352], — деп сол қолжазбалардың кемшіліктерінің көп екенін атап айтады. Осындай жағдайлар қазақ ғалымы Ш.Уəлиханов Петербордағы М. Хайдар кітабының нұсқасымен өте жақсы таныс болғанын жəне жан-жақты зерттегенін көрсетеді.
Сонымен, қалай айтсақ та, М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты классикалық шығармасын алғаш зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген қазақтың кемеңгер ғалымы Шоқан Уəлиханов екені бұл күнде баршаға аян.
Достарыңызбен бөлісу: |