5.Терең тіс жегінің клиникасы. Орта тісжегі ауыру сезімі аса мазаламағандықтан немесе қуыстың тістердің жанасу бетінде орналасуынан көп жағдайда байқаусыз қала беруі мүмкін. Сондықтан тісжегі қуысы тереңдеп ұлпа маңындағы дентин бұзылады және қуыс табанында жұмсарған жұқа дентин қабаты ғана сақталады(тісжегі қарқынды дамыған кезде) немесе пигменттелген жылтыр дентин қабаты (баяу дамыған кезде) пайда болады. Бұл кезде қуыстың табаны тіс мойыны деңгейінен аз ғана жоғары орналасады. Кейде қуыстың тереңдегені соншалық, біріншілік дентин қабаттары жойылып, екіншілік дентин қабаты бұзыла бастайды. Терең тісжегі кезінде болатын негізгі шағымдар- бұзылған тісте механикалық, температуралық және химиялық әсерлерден пайда болатын ауыру сезімі және оның әсер етуші ықпал жойылған кезде тез басылуы. Тісжегінің басқа сатыларына қарағанда мұнда ауыру сезімі күштірек және тіс көбінесе суықтан қақсап ауырады.
Қарап тексергенде терең және кең тісжегі қуысы анықталады, ішінде ас қалдықтары, ыдыраған дентин сақталған, қабырғасында пигменттелген кейде пигменттелмеген ақшыл-сары түсті жұмсақ дентин қабаттары анықталады.
Қуыстың табаны бірде өте жұмсақ, байқап сүңгілемесе ұлпа мүйізшесі ашылып кетуі мүмкін, әлсіз сүңгілегеннің өзінде табанында ауыру сезімі байқалады (қарқынды дамыған тісжегі кезінде). Кейде қуыстың табаны пигменттелген, қаттылау, қаттырақ сүңгілеп байқағанда ғана ауыру сезімі туындайды (баяу дамыған тісжегі кезінде). Терең тісжегі кезінде ұлпаның электр қозғыштығы 6-8 мка тең, кейде аздап төмендеуі де мүмкін (10-15 мка шамасында). Ескере кететін жағдай, терең тісжегі қуысы тістердің жанасу беттерінде орналасқан кезде әртүрлі тітіркендіргіштерден ауыру сезімі мазалай бермейді. Тісжегі қуысы кеңейіп, қуыстың шайнау беті немесе еріндер жақ беттері қабырғаларындағы дентин толығымен минералсызданып, жабынды кіреуке шайнау күштері әсерінен бұзылған кезде ғана сырқат тіс мазалай бастайды және тісжегі қуысы анықталады. Бұндай жағдай көбінесе жоғарғы жақ тістерінде жиі орын алады.