Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы Майданда есімі асқақтаған батыр қыз 1922 жылдың қазанында Батыс Қазақстан облысы Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.
Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп "Моншағым" деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей, "Мәншүк" деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін "Мәншүк" деп жаздырады.
Үш жасында Мәншүкті әкесінің інісі Ахмет пен оның жары Әмина Мәметовалар асырап алады. Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, ал әйелі Әмина – әдебиет пәнінің мұғалімі әрі әдіскер.
Тегін ауыстырған Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алды. Осы жылдар ішінде Мәншүктің туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі көз жұмған.
1938 жылы дәрігер Ахмет Мәметовке "халық жауы" деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Осы оқиғадан кейін Мәншүк дәрігер болу арманынан бас тартып, жұмысшы факультетіне оқуға түседі.
18 жастағы Мәншүк әкесінің атылып кеткенін білмей, кеңес үкіметін қорғап, айдаудағы жақын адамын құтқару үшін майданға аттанады. Себебі ол кезде қоғамда "Халық жауының" балалары өз еркімен майданға аттанса, ата-анасының бар жазасы кешіріледі" деген сөз тарады. Осы сөз құлағына тигелі Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге бару туралы өтініш жазады.
Мәншүк тек 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4 890 жауынгер болды. Оның ішінде екеуі қазақ қызы – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова.
Пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Осы батальон 1943 жылдың күзінде Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде "Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?" деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару "Максим" пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды.
Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң оған Кеңес одағының батыры атағы берілді.