№29 «Балауса»бөбекжайы
Баяндама.
Тәрбиеші:Сагинова.Д.Б.
Тақырыбы: «Көркем әдебиет арқылы баланың тілін дамыту»
Мақсаты: Балалардың ойлау қабілеттерін арттырып,байланыстыра сөйлеуге үйрету.Сөздік қорын молайту.Шығармашылық ізденістерін,қиялдарын дамыту.Балаларға жалықтырып алмайтындай,сана-сезіміне әсер ету арқылы, қызықтыра отырып бойларына сіңіру.
Міндеттері:
1. Балалардың санасына туған тіліне деген ынта -ықыласын, қызығушылығын арттыру. Балаларды өз ана тілінде сөйлеуге үйрету.
2. Балалардың ойының ұшқыр қиялының зеректігін арттыру.
3. Ұлттық дүниетанымын кеңейту.
Күтілетін нәтиже:
Көркем әдебиет арқылы балаларға ертегі тыңдатып,өлең-жырлар,жұмбақтар,мақал-мәтелдер,жаңылтпаштар,санамақтар арқылы тілін,ой-өрісін,дүниетанымын,қиялын дамыту.Балалардың көбі санамақ айтқанды жақсы көреді.Далада ,топта ойын ойнардың алдында санамақ жатқа білетін болса,тіл байлығы жетіле түсуіне күмәнім жоқ.Бесікке бөлей отырып өлең жолдары арқылы «Әлдилей»отырып айтқызса баланың есте сақталуы тез болмақ.Осы тақырыбым бойынша балалардан иманды да инабатты, сыпайы,алғыр,батыл,зерек бүлдіршіндер шығады деп күтемін.
Мектепке дейінгі балаларды өз ана тілінде сөйлеуге үйретуде,тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұйымдастыруда олардың сөйлеу тілін дамытуға,сөз құрастырып сөйлеуіне,сөздік қорының молаюына баса көңіл бөлген жөн.Сәбилердің дүние танымын кеңейтіп,ойын өрістетіп тіл байлығын жетілдіруде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше.Балабақшада тіл дамыту жұмыстарын айнала қоршаған ортамен, сондай-ақ көркем әдебиетпен таныстыру арқылы жүзеге асыруға болады.Балаға әңгімелеп айтуға,оқып тыңдауға,жаттауға арналған материал оның даму денгейіне, жас шамасына лайықты болған жөн.Әдеби шығармалардың тілі жеңіл де, көркем,балаға түсінікті,олардың сөз қорын жаңа сөздермен байыта тындай болуы керек.
Баланың тілін дамытудың негізі-көркем шығарманың мәтіні екеніне ерекше тоқталып өтетін болсақ,3-4 жасқа дейінгі балалардың суретті кітаптарды қызыға қарайтыны мәлім.Сондықтан оларға суреті айқын кітапшаларды көрсетіп,мазмұнын айтып беру қолайлы.Бұл жастағы сәбилерге оқиғасы сәтті аяқталатын,қорқыныш сезімін тудырмайтын халық ауыз әдебиеті нұсқауларын жатқа айтып беріп,ойната тыңдату тиімді. Мысалы: «Бесік жыры» «Бауырсақ» «Торғай» «Бақа» «Мақта қыз бен мысық» шығармаларын ұсынуға, сондай-ақ «Бауырсақ» ертегісін қуыршақ театры арқылы өткізуге болады. Ол үшін алдын ала дайындық кезінде рөлдерді бөліп беру, әр кейіпкердің дауыстарын келтіріп еркін ойнауға машықтандыру керек. Рөлдерге бөлініп ойнау арқылы бұл ертегі балалардың есінде жатталып қалады. Көркем әдебиет арқылы бала тілін дамытуда тек қана ертегі, өлкең, әңгімемен шектелмей жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мақал-мәтел түрлерін де сабақ жоспарларына енгізген жөн. Мысалы: Тілі шыға бастаған жас бөбекпен, тілі шыққан балдырғандардың көбінесе «Р» дыбысы мен «И» дыбысын «Ш-С» дыбыстарын шатастыру жиі байқалады. Көбінесе сол «Р» дыбысы мен «И» дыбысын дұрыс үйретуде жаңылтпашты қолданудың нәтижесін көріп жүрміз. Жаңылтпаш жаттығулар арқылы «Р» дыбысына тілі келіп сөзді мүдірмей айтуға үйренген баланың қуанышы қойнына сыймай, өмірдің өткелінен өткендей әсер алады. Балабақшада тағы бір жүргізілетін жұмыстың түрі-санамақтар. Санамақтарды халық негізінен балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі сан үйретеді, әрі дүние танытады, баланың қысынды ойлау мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Ал Жұмбақ баланың ойлау қабілетін дамытады,тапқырлыққа баулу мақсатында қолданылады. Жұмбақтың шешуін табу арқылы заттардың, жан-жануардың, киім-кешек, т.б. аттарын есте сақтау қабілетін күшейтеді. Дүниетанымын кеңейтіп, ойын ұштайды, тапқырлыққа баулиды. Жұмбақтардың жауабын табу арқылы бала ойы бірте-бірте толыға береді. Бала тілін дамытуда мақал-мәтелдердің де алатын орны ерекше. Балаға айтатын ақыл-насихат, өнеге, өсиет әсерлі, әрі ойда қалатындай мәнді болуы керек. Қазақтың мақал-мәтелдерінің көбі елдікті, ынтымақты, бірлікті,адамгершілікті, инабаттылыққа баулып жақсы мен жаманды ерлік пен ездікті салыстыра сөз етіп, адам өмірінде неден үйрену, неден жирену керектігін аңғартады. Бала тілін дамытуға көркем әдебиет түрлерін орынды пайдалана білген әрбір тәрбиеші баланың санасын арттыра отырып, түсінігін кеңейтіп, ұғымын байытады.
Мен балаларға ертегіні ұйымдастырылған оқу қызметінде және оқу қызметінен тыс уақыттарда да өткіземін. Сонымен қатар, күннің екінші жартысында әңгіме,өлеңдер жаттау,айтылған ертегінің мазмұнын толық қабылдау және тіл байлықтарын арттыру мақсатымен түрлі көңіл көтеру ойындарын жүргіземін. Балаларға ертегілерді үстел үсті театры, саусақ театры, мысалы, «Мақта қыз бен мысық» ертегісін сурет немесе слайд бойынша әңгімелеу арқылы, «Бауырсақ» ертегісін қуыршақ театры арқылы , «Мақтаншақ қоян», «Қоянның үйшігі» етегіліерін драматизациялау арқылы, «Жеті лақ пен қасқыр» ертегісін көлеңке театры арқылы, «Шалқан», «Үйшік» ертегілерін атрибуттармен сахналау тәсілдері арқылы үйретемін. Осы аталған ертегілерге ертегі персонаждарының қуыршақтарын , костьмдерін, көрнекіліктерін жинақтадым. Әр ұйымдастырылған іс-әрекеттерді мен балаларға қызықты етіп өткізуге тырысамын.
Қорытындылай келе, бала тілін дамытуда, ой – өрісін кеңейтуде көркем әдебиетті балабақшада пайдаланудың маңызы зор. Көркем әдебиет оқу қызметінде балаларға тәрбие беруде ертегілерді,ұлттық өнер түрлерін көбірек пайдалану керек. Ата-бабамыздың аманаттап кеткен асыл қазынасын жоғалтпай, мына жаһандану заманында құндылығын арттыра берейік.
Орал 2017.ж.
Достарыңызбен бөлісу: |