1. ҚҰМЫРСҚА МЕН КӨГЕРШІН
Бір күні құмырсқа шөліркеп, су ішуге өзенге түсті. Бейшараны толқын соғып, суға кетіп қала жаздады. Сол мезгілде аузында тістеген бұтағы бар көгершін құмырсқаны көрді де аяп, бұтақты судың үстіне тастады. Құмырсқа бұтаққа мініп, толқынмен судың жиегіне шығып, ажалдан құтылды. Мұның артынан бағанағы көгершін өзеннің жағасына қонып, бір аңшының құрып қойған ауының астындағы бидайды теріп жей бастады. Аңшы ауды тартып қалып, көгершінді ұстап алайын деп жатқанын құмырсқа көріп қалып, өрмелеп барып, оның аяғын шағып алды. Аңшы абдырап ауды қоя бергенде, көгершін ұшып кетті.
(С.Көбеев)
2. АДАСУ
Күн еңкейіп қалған. Мұны шалдар «күн жорғасына мінді» дейтін. Мұнысы – көп кешікпей-ақ күн батады дегені. Асығу керек, отарды тауып алу керек. Бүгін не болған өзі, отар қайда, әкем қайда? Жал-жалдың басымен жүгіріп келемін. Күнде осы уақытта әкем қойын осы адырда жайып жүруші еді. Бүгін жым-жылас жоқ. Бұл қалай? Әлде шал бүгін өрісін өзгертті ме екен? Жоқ, маған олай деген емес. Жақын маңда мал жоқ. Олай жүгіріп, бұлай жүгіріп әбден ала өкпе болдым.
Менің байқауымша ауа райы өзгеріп бара жатқан сияқты. Батыстан туырлықтай бұлт шықты. Түсі қап-қара. Дегбірсіздене бастадым...
Күнбастыс жақ қап-қара болып түнеріп келеді. Әне-міне дегенше бар аймақ қап-қара болып көрінбей қалды.
Кеі өкпемді қолыма алып жүгіріп келемін, жүгіріп келемін. Құлағыма ысқырған желдің дыбысы келеді. Әне-міне дегенше, зу етіп алдымды құйын орай өтті. Алғашқы екпін аяғымды жерге тигізбей, дедектетіп барады. Сөйтіп, кездейсоқ құм дауылы басталды да кетті.
Құм дауылы! Алай-түлей аласапыран дүние. Айналаны адам болжап болмайды. Жан түршігерлік дүлей! Ысқырық. Көзіңді ашсаң, құм құйылады. Аяқ бассаң, бұтаға сүрінесің. Отырсаң, құмға тірідей көміліп қаласың. Мұндай жағдайда тек ілби беру керек, ілби беру керек. Құтырған дүние. Айналаң әлем тапырық.
Бағытымнан айрылып қалдым. Жел жаңа ғана ту сыртымнан еді, енді қарсы алдыма өтті. Демек мен бұрыс кеттім ғой, желді ту сыртыма салып, ыққа қарап жүрейін деп ойладым. Сөйттім де ыққа салып, ыққа қарап жүрейін деп ойладым. Сөйттім де ыққа қарай жүрдім.
Алды-артыңды болжай алмаған соң, қиын екен. Ауыл қайда, ел қайда, біліп болмайды. Қазір, әйтеуір, желдің жетегінде қаңбақтай ығып барамын.
Шаршадым. Дем алсам, аузы-мұрныма құм тығылып, тынысым тарылады. Баяғыдай жүрісім де өнер емес. Аяғым да шалыныса бастады. Сүрініп-қабынып, қармана ілгері қарай ілбіп келемін.
Қалыңға тап болдым. Сексеуілден аяқ алып жүргісіз. Жел сыңсып тұр. Сексеуіл шырпысы шексіз қобыздай зар илейді.
Төңірек ұлып тұр. «-У-у-у-у-у!» Қалт тұра қалдым. Басым мең-зең. Осы мен қай жаққа кетіп қалғанмын? Жақын маңда сексеуіл орманы жоқ еді ғоә. Жүре берсем, бір қияға шығандап шығып кетермін. Сексеуілді паналап отырайын, таң атысымен мүмкін дауыл да басылар. Содан соң үйді тауып алармын деген шешімге келдім. Қарманып жүріп атанның беліндей бір дәу сексеуілдің түбіне келіп отыра кеттім.
Шәргез жел құтырынып тұр. Долығады. Ұлиды. Сыңсиды. Ұйтқып-ұйтқып, көзге топырақ шашады.
(К.Әжікеев)
3. Эмфазалық екпінмен мәнерлеп сыныпта оқыңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |