Күрделі сөздер түйдегі (ән салды, оқып отыр, жығылып қала жаздады, қол қойды т.б.);
Анықтауыш пен анықталатын сөздер тізбегі (биік тау, күміс қасық, қыруар мал, жүз сом т.б.);
Пысықтауыш пен баяндауыш болған сөз тізбегі (бүгін келді, жақсы оқыды, қаладан келді, зорға тұр т.б.);
Тұрақты сөз тіркестері (алма мойын, қиғаш қас, тонның ішкі бауындай, сөз берді, зыр жүргізді, табанын жалтыратты, ымырт жабылды, қас қарайды т.с.с.),
Жалғаусыз тура толықтауыш пен баяндауыш болған сөз тізбегі (кітап оқыды, хат жазды, кино көрді, өлең айтты т.б.)
Тіркес екпін мен сөз екпінінің кейбір қағаидалары ортақ болып та келеді. Мысалы: биік үй, торы ат, алыс жер дегендер дара сөз сияқты бір ғана екпінге ие болып, екпін үй, ат, жер сөздеріне түседі. Бұл тізбектер акцентуация жағынан да, ассимиляция жағынан да ішінара үйлесіп, біртұтас дыбыстық единица болып тұр. Айтылуында биігүй, торат, алышжер болып естіледі. Алғашқы екі тізбек кейінді ықпал, соңғы тізбек тоғыспалы ықпал заңымен де қиюласып тұрғанын байқаймыз. Ал тізбек ішіндегі сөз саны көбейсе де, ритмикалық екпін өзгермеуі ықтимал. Бірақ тізбектегі сөз саны үштен асса, тіркес екпін ыдырайды. Айталық, күміс шай қасық деген тіркестегі күміс шай – анықтауыш анықталған қасық деген сөзбен бірігіп, бір акцентуациялық комплекс жасап тұр. Егер анықтауыштың саны көбейіп әдемі күміс шай қасық десек, онда әдемі сөзі жекеленіп екпін ыдырайды да, бұл тіркесте екі екпін пайда болады. Сонда бірінші екпінге әдемі сөзі ие болады да, екінші екпінге күміс шай қасық ие болады.
Мысалдар:
«…кімде-кім неғұрлым көп адамға бақыт сыйласа – сол адамның өзі ең бақытты». (Дидро).
Жас ұланға
Кеудесіне нан піскен буға мастар,
Жел өкпелік мінез ғой артқа тастар.
Былық-шылық адамның арын ластар,
Мұндай жаннан шықпайды елді бастар.
Дегендей «ақыл – жастан, асыл - тастан».
Ел аузында қалғандай аңыз-дастан,
Ардагерлер өсер-ау арлы жастан.
Адалмен ауызданған әуел бастан.
Ер ұлан, соның бірі сен болғайсың,
Кемеңгер даналарға тең болғайсың.
«Шолақ сай тез тасиды» деген сөз бар,
Абзалы, Сарыарқадай кең болғайсың!
(І.Жарылғапов)
Курсивпен терілген сөз тізбектер бір ғана тіркес екпінімен айтылатын толасқа ие.
Л о г и к а л ы қ е к п і н
Сөздің белгілі бір буынына, сондай-ақ сөз тіркесіне екпін түсіп ерекше айтылатыны тәрізді, сөйлемдегі айтылатын ойдың мәніне қарай бір сөзді айрықша даралап айтамыз. Ол сөз ой екпініне ие болады да, ерекше әуенмен естіледі. Мұндай екпінді логикалық екпін дейді. Қазақ тілінде логикалық екпін көбінесе баяндауышқа жақын тұрады. Мысалы: Марат кеше лагерьден келді – деген сөйлемде лагерьден деген сөзделогикалық екпін түсіп тұр. Ал, Марат лагерьден кеше келді десек, мұнда логикалық екпінге кеше сөзі ие болып тұр. Егер, кеше лагерьден Марат келді делінсе, логикалық екпін Марат деген сөзге түседі.
Сөйлемнің айтылу сазына қарай, логикалық екпіннің орны өзгеруі ықтимал. Айталық, лепті сөйлемдерде баяндауыш сөйлем басында келіп, оған ерекше назар аударылса, екпін баяндауышқа түседі. Мысалы: Жасасын, Қазақстан Республикасы! Бақытты болыңдар, кішкене достарым!
Логикалық екпіні мәтінді мән-мәнерімен, эмоциялық нақышпен оқудың маңызды элементтердің біріне жатады. Сондықтан логикалық екпінді қою үшін мәтінді жіті қарап, жан-жақты талдап, мазмұнын терең түсіну талап етіледі.
Шығармамен танысқанда, біздің ең алдымен көңіл аударатынымыз көркем мәтіннің негізгі түйіні мен идеялық мазмұны болмақ. Шығарманың идеялық мазмұнына қарай сюжетін, көркем образдарын, кейіпкерлерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын айқындап аламыз.
Көркем сөз оқушы шығарманы орындай отырып, оның идеясына өзі еліктеп, өз ой елегінен өткізеді. Сондықтан көркем мәтінді орындаушының міндеті – шығарманың ой түйінін, мазмұнын көкейге толық түю.Тіпті кейбір қақтығыстар мен іс-әрекет, мінез-құлықтарды да байыптап алу керек. Ол үшін шығарманың әрбір сөйлемінде берілген ойын дәл, айқын түсініп алу міндет.
Сөйлемдегі сөздер бір-бірімен логикалық, мағыналық байланыста келеді. Әр сөйлемнің құрамындағы сөздердің ішінен ерекше назар аударылып, екпін түсетіні де, екпін түспейтіндері де болады. Екпін түскен сөз дауыстың қаттырақ шығып, оның көтеріңкі айтылып, не бәсеңдеуі, қарқынның (темп) баяулауы және кідірістің себімен дараланады. Кідіріс екпін түскен сөздің алдынан, соңынан, болмаса алды-артынан бірдей болуы мүмкін. Бұл тәсілдер бір-бірімен бөлек-бөлек қолданылмай, ұштасып та келеді. Айталық, екпін түскен сөз дауыстың көтеріңкі айтылып, баяулап шығуымен немесе екпінді сөз алдынан дауысты бәсеңдетіп барып, кідіріс жасау арқылы да дараланады. Осындай тәсілдердің көмегімен екпін түскен сөз сөйлемдегі басқа сөздерге қарағанда әлдеқайда мәнді, мәнерлі болып шығады. Бұл жайт шығарманың негізгі ой-түйінін тыңдаушылардың, әсіресе балалардың, дұрыс қабылдауына көмегін тигізеді. Бұған мына өлең жолдарында берілген сөздердің көкейге қонымды дыбысталуы дәлел болмақ:
Достарыңызбен бөлісу: |