Қияр мен капуста
(Неміс халық ертегісі)
Ертеде қияр мен капуста қол ұстасқан дос болыпты. Бір күні екі дос суға шомылуға өзенге келіпті. Келген бетте қияр шешініп, суға күмп беріпті де, жүзе бастапты. Капуста бір-бірлеп, қабат-қабат көйлегін шешкенше, күн де батып, қас қарайыпты. Осыған дейін су ішінде қалшылдап тұрған қиярдың терісі суықтан бүршіктеніп күлдіреп кетіпті. Қиярдың қабығындағы бүршіктер міне, содан пайда болыпты.
Үш жалқау
Ертеде бірінен-бірі өткен ағайынды үш жалқау болыпты. Бар бітіретіндері бас көтермей ұйықтай береді екен. Бірде үшеуі жолға шығыпты. Тоғай арасына келгенде мәуелі ағаш көлеңкесіне қисая кетіпті.
Бірінші жалқау: Е, құдай мына өріктер піссе – депті.
Екіншісі: Ауызға келіп түссе, - депті.
Сонда үшіншісі оларды кінәлай сөйлеп:
- Туу, соны айтуға қалай ерінбейсіңдер? – депті.
Сонымен қатар, халық ертегісі ішінде балардың сүйіп тыңдайтын, олардың жас ерекшеліктеріне тән мұралар сондай көп. Халық ертегісі ғасырлар бойы балалардың ықыласын өзіне қызықтыра тартып, жас жанына әсер етіп, көңілді шаттық күлкіге бөлеп, қуантады.Халық ертегілерінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан қиянатын танытады, сана-сезім, ақыл-ой қызметінің ерте дамуына, ерте қалыптасуына жәрдемдеседі.
Халық ертегісін балардың сүйіп тыңдайтыны, оның ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа айтылып, әбден екшеліп, халықтың даналық, тапқыр ой-пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен берілгендігінде. Басталған жерден-ақ оқиғасы қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді де, баланың ойын бірден қызықтырып, жетектеп әкетеді.
Мысалы «Тазшаның қырық өтірігі», деген ертегіде хан алдында шарт жүгініп, өлімге басын байлап, нар тәуекел деп отырған тазша бала қырық ауыз өтірікті мүдірмей айтып шыққан соң да, ханның кенеттен оқыс қойған сұрақтарына аса тапқырлықпен жауап береді.
«Бәйтерегің қысқа шығар» - деген ханның сұрағына кішкентай тазша бала:
«Болса болар, түбінен таңертең ұшқан күйкентай басына кешке жетіп қонушы еді», дейді.
«Күнің қысқа шығар» дегенде, «болса болар, таңертең қашқан Марал кешке бұзаулаушы еді» деп ханның жетекші сұрақтарына да мүдірмей жауап береді. Өзінің тапқырлығымен өлімнен құтылады. Дәулеті төмен, өзі қу кедей болса да, ақыл парасаты жағынан ханнан асып түседі. Халық даналығының ұтымды қасиеті, биік шоқтығы, ұшқыр қиялы осындай тапқырлығымен көрінеді. Оның балаларға көрнекті де, қызықты жақтары осынысында.
Қазақ ертегілеріндегі көп айтылатын тазшалар бейнесі сырт пішіні жағынан сондай елеусіз, нұсқасы келмеген жарамсыз жан боп көрінсе де, ақыл-айласы, сөзге тапқырлығы, қулығы бәрінен де асып түсіп отырады. Алдынан ажал тосып тұрса да саспайтыны, жол тауып құтылып кете беретіні балаларды қатты сүйсіндіріп, көп ойға қалдырады.
Тазша бала қырық өтірікті мүдірмей айтып, ханның жетекші сұрақтарына да жауап берген соң, хан бұл баланың ақылына, тапқырлығына таң қалады. Баланы сөзден жаңылтып мерт ете алмағанына хан жағынан іштей қатты күйінеді де.
«Сен бала бір міндеттен құтылдың. Сөзуар тапқырлығың да бар екен. Қырық өтірікті сөзбан айттың, енді тағы да осындай қырық өтірікті өлеңмен айта аласың ба?» - дейді хан сүріндірсем, осы жерден сүріндірермін дегендей. Тазша бала оған да мүдірместен, тіпті, қиналмастан «айтсам, айтайын» - деп бірден төгілтіп жібереді.
Өтірік өлең дегенде бұл шын нәрсені бұрмалайтын, баланы дұрыс бағытынан тайдыратын нәрсе деп, оның байыбына бармай, оған жеңіл-желпі нәрсе деп, шошына қарауға болмайды. Өтірік өлеңдердің айтылуында да ерекше сыр-сипат бар.
Халық ертегілерінен адам болашағының гүл бақшасы, бақытты жарқын тұрмысы, келешегі барлығы көрінеді. Халық ертегілерінен осындай неше алуан жақсы сезімдерді, тапқырлықты байқаған балалар осындай бақытты тұрмысты көруді өздеріне мақсат етіп қояды. Қиялдың, ой жемісінің іс жүзіне асуына талаптанады. Талаптан тұған жігер-қайрат оларды өмірдің жарқын болашағын, бақытты тұрмысын құрушылардың қатарына қарай баурайды.
Халықтық шығармалардағы балалар әдебиетіне тән қасиет онда қайталау жиі кездеседі. Бір сөзді, не бір сөйлемді, кейде оқиға желісін, кейіпкерлердің жеңістен жеңіске жеткен батырлық, ерлік істерін қайталап айту арқылы танытады... Айнымай қайталап келетін, еселеп айтылатын сөз, сөйлем айырмашылықтары болады – «Күндерден күн өткенде, күн артынан күн жеткенде, айлардан ай, жылдардан жыл өтіп, темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болып, өлдім-талдым, өштім-жандым...» деп келеді. Кейде «Ертек, ертек ерте екен, ешкі жүні бөрте екен, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» - деген әлденеше қайталанған жетекші сөздер болады. Немесе: «Жоғарғы дәудің басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас» деген батырлық, ерлік пәрменін асыра түсетін айлалы сөздер айтылады. Еселене қайталап, қайталанған сайын жаңа ұғым, көрікті ой тудыратын, не үстеме мағына беретін сөздер, өлеңдер жиі кездеседі.
Осы сияқты қайталау ертегі, жыр айтушылардың сөзіне ерекше көрік беріп, әрлендіре, түрлендіре түседі. Әсіресе, балалардың есінде тез сақталып, жатқа айтуға да көп жеңілдіктер келтіреді.
Ертегінің негізгі айтпағы, балаларға ой салар тұсы – оның мақсатшылдығы, алған бетінен қайтпауы, жасымай, азып-тозбай, бір сәт те туған жерін, ата-анасын есінен шығармауы.
Достарыңызбен бөлісу: |