Теректің асқақтығы
Алатаудың көк майсалы бауырында тәкаппар бір терек өсіп тұрады. Ол ешкімді менсінбейді. Төңірегіндегі мәуелеген жеміс ағаштары мен гүл-бәйшешектерді көзіне де ілгісі келмейді.
«Дүниеде маған тең келер ешкім жоқ. Мен тамырларыммен жерді шеңгелдеп ұстап тұрмын. Ұшар басым көкті құлатпай тіреп тұр», - деп лепірді терек. Оның асқақтығы шектен асты.
Күнді жақтырмады: «Осының не керегі бар? Жапырақтарымды сарғайтып жіберетін болды-ау!» - деп тыжырынды.
Терек суды да жаратпады: «Су тамырларымды шірітіп жіберетін болды», - деп налыды. Ол желге де мін тақты: «Жел жапырақтарымды шуылдатып, тыныштық бермеді», - деді.
Бір күні теректің бұтағына бұлбұл келіп қонды да, тамылжытып сайрай бастады. Тәкаппар терек біреудің еңбегі мен талантын өзіне иемдене қоюдан да аулақ емес еді. Бұлбұлды шуылдаған жапырақтарымның бірі екен деп:
«Естіп тұрсыңдар ма? Қайсыларыңда осындай жыршы жапырақ бар?» - деп екіленді.
Бұны естіген бұлбұл намыстанып, өз жөніне ұшып кете берді. Енді терек желді де жақтырмады:
«Менің жыршы жапырағымды сен үзіп әкеттің. Оңбаған қаңғыбас», - деп тілдеді.
Бұны естіген жел тына қалды. Терек сәулелі күнге бажырая қарады:
«Е, е... кім екен десем. Міне, менің шырын жапырағымды құрғатып түсірген сен екенсің ғой», - деді.
Бұны естіген Күн енді қайтып шұғыласын терекке төкпей қойды. Сыңғырлап ағып жатқан мөлдір бұлақ теректің бұл айтқандары орынсыз екенін айта бастап еді, тәкаппар терек оған дүрсе қоя берді:
«Өшір үніңді! Сен маған ақыл айтуға әлі жеткен жоқсың», - деді. Мұны естіген бұлақ енді қайтып теректің тамырын нәрлендірмейтін болды.
Сөйтіп, күн нұрынсыз, сусыз, желсіз, ауасыз қалған терек аз күнде-ақ қуатынан айрылып, қалжырай бастады.
(«Балдырған» журналынан)
2.4. Интонация (айтылу мәнері) және оның компоненттері.
Интонация туралы түсінік
Орыс ғалымдары интонация жөнінде тұжырымды пайымдаулар айтқан. Белгілі тіл маманы, ғалым А.М.Пешковский «Интонация және грамматика» деген мақаласында ырғақты және сөз мелодиясын интонация аясында қарастырады. Ғалымның пікірінше, интонация, біріншіден, сөйлеудің эмоциялық жағын білдіреді, екіншіден, сөйлеудің сөздік құрамын байқатады. Мұның өзі сөйлеудің ең шағын ырғақтың өлшемдері – буын мен фразаның бір екпінге бағынған бөлшегіне («тактыларға») байланысты болатын нәрсе. Үшіншіден, интонация сөйлеудің грамматикалық жағын қамтиды. Тұтастай алғанда, А.М. Пешковский интонацияны екі тұрғыдан қарастырады:
1. Интонацияның ең кіші бөлшектері буын мен ырғақ болып табылады.
2. Ең үлкен бөлшектері – жай фраза мен күрделі фраза.
Көрнекті ғалым Б.В. Томашевский интонацияны «айтылу мәнері» деген. Ал қазақ топырағында сонау отызыншы жылдардың өзінде аса ірі тюрколог Қ.Жұбанов «Сөз сазы» деп атаған. Интонацияны айтылу мәнері десек те, сөз сазы десек те ойға қонымды.
Интонация (сөз сазы) естілетін сөздің мәнерлегіш тәсілдерінің біріне жатады. Олар (дауыстың қатты, жай шығып құбылуы – дауыс күші, кідіріс, дауыс қарқыны, сарын т.б.) сөз дыбыстарымен қосақтала іліктесіп айтылады да үстеме мәнге ие болады, бірақ сөз дыбыстарындай жеке-жеке ажыратылмайды және сөздің материалдық қабығынан тыс өмір сүрмейді. Бұларды реңк үстейтін қосалқы дыбыстар десе де болады.
Көркем сөз оқушы не әңгімелеп беруші негізгі дауыс сарынының фонында өз үнінің алуан түрлі реңкін – интонациясын (айтылу мәнерін) баяндап отырған оқиғасы қызықты, тартымды, жанды, нанымды болу мақсатында пайдаланады.
Сөз сазы – сөйлеудің мәндік, эмоциялық нақыш бояуы. Ол көркем сөз орындаушының ішкі сезімін, ойын білдіретін, көркем образдарды бейнелеуге көмектесетін алуан түрлі дауыс реңкі.
Анығырақ түсіну үшін, көркем сөз орындаушының өнерін суретшілердің өнерімен салыстыруға болар еді. Айталық белгілі суретші
И.И. Шишкиннің жұртқа мәлім «Рожь» (Қара бидай); қазақтың халық суретшісі А.Қастеевтің «Ымырт» деген картиналарын қарасақ, «Қара бидай» суретінің бояуы қошқыл күңгірт. Бұл бояулар картинаның негізгі тоны. Бірақ картинаға үңіле түссек, сол негізгі түс түріне алуандас келетін толып жатқан реңктерін байқаймыз. Қара бидайдың сабағын салу үшін И.И.Шишкин сарғылт түстің әр алуан реңктерін пайдаланады, ал А.Қастеев болса, күн батып, қас қарайған шақтың суретін салуға қоңыр қою түстің толып жатқан реңктерін береді.
Мәнерлеп оқуда зор рөл атқаратын – интонация. Интонация дегеніміз - сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпін, сөлеудің қарқыны, ритмі (ырғағы), кідіріс (пауза), сазы.
Интонация жайында анығырақ түсінік беру үшін оның кейбір элементтеріне арнайы тоқталайық.
Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін, ал ой екпіні – логикалық екпін. Сөйлемді айтқанда я оқығанда, оның ішіндегі сөздер интонация мен мағынасына, айтылу ырғағына қарай, өзара топ-топқа бөлінеді. Ол топ синтагма деп аталады. Синтагмада бір я одан да көп сөздер болады. Әр синтагмада бір сөз көтеріңкі дауыспен ерекшелене айтылады. Міне соны екпін түскен сөз дейміз.
Сөз екпіні түскен сөздер ой екпіні түскен сөздерден көп төмен айтылады. Кейде оларға екпін түсіп тұрғаны сезілмейтін кездер де болады. Бұдан шығатын қорытынды – екпін түскен сөздердің бәрін көтеріңкі дауыспен айта бермеу керек. Тек ой екпіні түскен сөзді ғана даралай айтуға болады.
Бұл суретшілердің өз туындыларына бір түсті бояудың алуан түрлі реңктері келтіріліп, соншама нәзік қолдана білу шеберліктері олардың картиналарын қанша қарасаң да, көз тоймайтын, эстетикалық ләззат алатын дәрежеге көтерді.
Картиналардың бір ғана түсінің әр реңкімен нақыштайтын суреткерлер сияқты көркем сөз шеберлері де негізгі дауыс сарыны фонында интонацияның (сөз сазының) көмегімен өз даусының мәнерлі үнін дыбыстап түзіп, тыңдаушысының эмоциясына әсер етіп, еліктіреді. Сөйтіп ол тыңдаушыларын кейіпкерлердің тағдыры жайлы ойландырады. Қуанышына сүйініп, ренішіне күйініп, біріне жаны ашып жақтап, енді біріне саған сол керек дезігіп айызын қандырады. Сипаттап отырған оқиғаны өмірдегідей көз алдына елестетеді.
Интонация (сөз сазы) арқылы орындаушы тыңдаушыларға әдеби көркем шығарманың мәнін ашып береді. Кейіпкерлерді, олардың көңіл күйін, мінез-құлқын, іс-әрекетін суреттейді, кейіпкерге деген өз көзқарасын да білдіре кетеді. Айтылу мәнері арқылы орындаушы поэтикалық образдарды да, табиғат көрінісін, оқиға өтіп жатқан жағдайды да өрнектейді.
Өмірдің өзі-ақ адамдардың бір-бірімен күнделікті қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде орасан көп интонация, дауыс сазын туғызған. Интонация адамның эмоциясына байланысты түрленіп шығатындықтан, оның естілу сазы сан алуан құбылып келеді. Дауыс реңкі кейде қуанышты, кейде мұңды, кейде назды, кейде ызалы, кейде сыпайы, кейде дөрекі, кейде қызба, кейде солғын, кейде саңқылдап, кейде күмілжіп, кейде қуақы, күлдіргі, кейде байсалды боп естіледі.
Айтылу мәнері неғұрлым күрделі де алуан түрлі болып келсе, көркем сөз орындаушының шеберлігі соғұрлым нәзік болмақ.
Көркем әңгіме, ертегі өлеңдердегі бейнелі образдар бөбектерге қатты әсер етеді. Оларға өмір шындығын түсінуге ықпал жасайды.
Жанрлық жағынан аса бай көркем әдебиетіміз бен халық поэзиясының мән-мазмұнын балдырғандардың көкейіне қалай қондыру керек? Оны бөбектер тек ауызекі естулері арқылы ғана қабылдайды. Ауызекі естілетін сөз мазмұнды, дұрыс және айтылу мәнері нақышты болса, көкейге қонады. Бірақ сөзді дұрыс түсініп қабылдау үшін, баланы жасынан машықтандырып, үйрету керек.
Мектеп жасына дейінгі балалар тіл үйренуге құштар ықыласты келеді. Бөбектердің «тіл құбылыстарына» өте сезімталдығы тәжірибеден байқалған. Дұрыс тәрбие мен көркем шығарманы оқып берудің нәтижесінде бала жасына лайық тіл үйренеді, сөздігі молаяды, грамматикалық құрылысты игереді. Біртіндеп тілі ширап, айналасындағылар түсінетіндей етіп, байланыстырып сөйлей бастайды. Сөйтіп баланың тілі шығады, яғни сөйлеу тілі дами бастайды.
Бала тілі алғаш шыға бастағанда интонация, ырғақ және сөздің жалпы дыбысталу бейнесі семантикалық мән-мағынаны білдіруге ауысатынын атап айтпасқа болмайды. Сөз сөйлегендегі интонацияның рөлі ерекше: ол сөздің мағынасын күшейтеді, кейде тіпті сөздің білдіретін мағынасынан да басым түседі. Интонация арқылы айтылған сөз мағынасына қарама-қарсы келетін мәнді де білдіре алады. Айталық, сұраққа нақты жауап беріп, тоқ етерін айтудың орнына оқушы әр нәрсенің басын шалып, басқа бір нәрсені айтады, сонда мұғалім кекесінді үнмен: «дұры-ыс!» (ы дыбысын созып айтып, даусын төмендетеді) – деп, оқушының сөзін бөліп, тоқтатады.
Айтылған сөз мағынасы, шыныда, мақұлдағанды емес, бұрыс деген ұғымды беерді. «Бұлт төніп келеді» деген сөйлемді бірнеше сазбен: сақтандыру, қорқыныш, үрей немесе қуанышты, селсоқ, жайбарақат жай-күйді айтушының ой-пікіріне, ситуацияға байланысты құбылтып айтуға болады. Осылайша, сөйлеу әуені айтылу мақсатына қарай сөйлеу сазын түзеді.
Қазіргі түркі тілдерінің грамматикасында сөйлемнің түрлері «айтылу мақсатына қарай», «мақсаты мен интонациясына қарай» немесе тек «сөйлем түрлері» деп бөлінеді.
Интонацияның компоненттері бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады.
Достарыңызбен бөлісу: |