3-дәріс. Азаматтық-саяси қайшылықтар


Орта Азияны (Түркістанды) ұлттық-мемлекеттік межелеу



бет10/10
Дата08.02.2022
өлшемі90,2 Kb.
#118264
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
17 бет Студенттерге 3-дәріс ҚҚЗТ(1)

Орта Азияны (Түркістанды) ұлттық-мемлекеттік межелеу. Ежелгі заманнан бері қазақтың жері саналатын оңтүстік пен оңт-шығыс өңірлер (Сырдария мен Жетісу облыстары) түрлі себептермен 1917 ж. жарияланған Алаш автономиясының, 1920 ж. құрылған Қазақ АКСР-нің құрамына енгізілмеді, олар 1918 ж. көктемде құрылған Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының (Түркістан АКСР) құрамына қарады.
Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақ АКСР-іне қосу идеясы Азамат соғысы кезінде пайда болды. 1920 ж. Азамат соғысы аяқталып, 1922 ж. Кеңес Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) құрылды. 1924 ж. қаңтарда Қазақ АКСР-нің үкіметі Жетісу мен Сырдария облыстарының қазақ аудандарын Қазақстанға қосу туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ Түркістан АКСР-н бөлу және өзбек, түркмен, тәжік, қарақалпақ, қырғыздардың ұлттық-мемлекеттік құрылымдарын құру туралы мәселе де күн тәртібіне қойылды. Осы кезде Түркістан АКСР Орталық Атқару Комитеті (ОАК) төрағасы міндетін атқарушы Тұрар Рысқұлов 1920 ж. қаңтарда ТүркКомпартиясының V өлкелік конференциясында Түркістанның дербес ұлттық коммунистік ұйымдарын біртұтас «Түркі халықтарының коммунистік партиясына» біріктіру туралы мәселе көтерді, ТүркАКСР-н Түркістан Кеңестік Республикасы деп атауды ұсынды. Ал сол жылы мамырда Ресей Социалистік Федерациясының құрамындағы Түркістан республикасының ережелерінің жобасын ұсынды.
Орта Азияда Түркістан АКСР-мен қатар 1920 ж. Хорезм Республикасы, Бұхар Республикасы құрылған болатын. Осы үш республиканың арасында тығыз қатынастар орнады, бірігу үрдістері нығайды. 1923 ж. Ташкентте Орта Азия Экономикалық кеңесі құрылып, ол үш республиканың халық шаруашылығын жоспарлады. Орта Азия халықтарының ешқайсысы да қай республиканың болсын халқының көпшілігін құрамады, ортаазиялық республикалардың бірде-біреуі өзін ұлттық мемлекет деп атай алмады. Осылайша, Орта Азия республикаларының басшыларының бір бөлігі республикаларды біріктіру қажет десе (ТүркАКСР ОАК-ң төрағасы Т.Рысқұлов, ТүркАКСР Жер халық комиссары С.Қожанов, Орта Азия Экономикалық кеңесінің төрағасы М.Паскуцкий), ал екіншілері оларды бөлуді, межелеуді жақтады (ТуркКомпартия ОК хатшысы А.Рақымбаев). Т.Рысқұловтың ұсынысын В.И.Ленин мен әріптестері қабылдамады. Орталық билік осы ұлан байтақ аумақ бай дербес мемлекет болып, болашақта Кеңестік федерация құрамынан шығып кетеді деп қауіптеніп, Орта Азиядағы пантүркішілдік, панисламдық идеяларды, басмашылық қозғалысты әлсірету, таптық қарама-қарсылықтарды күшейту үшін Түркістан республикаларын межелеуді (бөлу) қажет деп тапты.
1924 ж. сәуірдің соңында РК(б)П ОК Ортаазбюросы мен ТүркКомпартиясы ОК-нің бірлескен отырысында үш шағын: қазақ, өзбек, түрікмен комиссияларынан тұратын Орта Азияны межелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия материалдарды қарап, РК(б)П ОК Ортаазбюросы 1924 ж. 12 мамырда 2 одақтас республика – Өзбек және Түрікм ен республикаларын және 2 автономиялық облыс – Өзбекстан құрамында Тәжік, РКФСР құрамында Қарақырғыз облыстарын құру, ал Түркістанның қазақ аудандарын Қазақ АКСР-нің құрамына енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім партияның ОК-не жіберілді. 1924 ж. 12 маусымда РК(б)П ОК Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады, онда межелеудің басты принциптері мен оны жүзеге асыру ұсыныстары айқындалды. Түркістан АКСР-де тұратын қарақалпақтар Қазақ АКСР құрамында Қарақалпақ автономиялы облысын құру туралы айтты. Бұған дейін Ташкент қаласы туралы қазақ пен өзбек халықтары арасында айтыс болған еді. Межелеу барысында Ташкентті Өзбек КСР-не жатқызу бекітілді. 1924 ж. 14 қазанда КСРО ОАК қаулысымен Түркістан, Бұхар, Хорезм республикалары таратылып, олардың жерлері Өзбекстан мен Түркменстан Кеңес Республикаларына бөліп берілді, ал Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ АКСР құрамына енді.
1924 жылы жүргізілген межелеу процестері барысында Қазақстан мен Орта Азия аумағында мынадай ұлттық-мемлекеттік құрылымдар болды: екі КСР құрылды – Өзбек КСР-і мен Түрікмен КСР-і; екі АКСР – РКФСР құрамындағы Қазақ АКСР-і мен Өзбек КСР құрамындағы Тәжік АКСР-і; екі автономиялық облыс – РКФСР құрамындағы Қарақырғыз автономиялық облысы (АО) мен Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ автономиялық облысы (АО).
Сырдария мен Жетісу обл-рының Қазақ АКСР-і құрамына енгізілуі нәтижесінде Қазақ жерінің біртұтас Қазақ республикасы болып қалыптасуы аяқталды. Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы км-ге жуық, яғни 1/3-ге ұлғайды, халқының саны 1468 мың адамға көбейіп, жалпы саны 5230 мыңға жетті. 1926 ж. халық санағы бойынша қазақтар республика халқының 2/3-не жуығын құрады (61,3%). 1924 ж-ң соңы мен 1925 ж-ң басында Қазақ АКСР-не қосылған жекелеген уездер мен болыстардың шекаралары одан әрі жүргізілді.
Осы кезеңде республиканың астанасын Орынбордан басқа қалаға ауыстыру мәселесі туындады. Орынбор Қазақ АКСР-нің қалыптасуында елеулі рөл атқарды (1920 – 1924 жылдары астана болды), бірақ жаңа тарихи жағдайларда оның географиялық орналасуы Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағынан дамыту талаптарына жауап бере алмады. Оның үстіне Орынбор қазақ халқының негізгі бөлігінен аумақтық тұрғыда оқшау орналасты, ал экономикалық жағынан Оңтүстік Оралмен байланысты еді. Орынбор қаласы мен Орынбор губерниясы тұрғындарының басым бөлігі орыстар болды. Республиканың болашақ астанасы ретінде Ақтөбе, Шымкент, Әулиеата, Қызылорда қалалары аталды. 1925 ж. Қазақ АКСР-нің астанасын Қызылорда қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. 1925 ж. 6 сәуірде Орынбор губерниясы Қазақ АКСР-і құрамынан шығарылды.
Қазақ АКСР-нің әкімшілік бөлінісін қайта құру 1925 ж-ң басында аяқталды. Қазақ АКСР-і енді Адай уезін (губернияға теңестірілген), Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу, Сырдария губернияларын және Қарақалпақ автономиялық облысын біріктірді. 1925 жылдың бірінші жартысында республиканың негізгі мемлекеттік мекемелері Қызылордаға көшірілді.
Қазақ жерінің қайта бірігуі оның халқының өміріндегі өте маңызды оқиға болып табылады. Ол кеңестік қазақ мемлекеттілігі аясында жүргізілгенімен, ол өңір халықтарының, қазақтардың ұлттық ұйысуының жаңа кезеңіне, олардың мемлекеттілігінің кеңестік негізде қалыптасуы мен нығаюына жол ашты.
1925 жылы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасында Кеңестік Қазақстанның V съезі өтті. Съезд байырғы халықтың – қазақтардың тарихи атауын қалпына келтіру үшін «алдағы уақытта қырғыз-қазақтар деп аталсын» деген қаулы қабылдады. Қырғыз АКСР-інің аты Қазақ Автономиялық Кеңес республикасы деп өзгертілді. Съезд сонымен бірге республиканың жаңа астанасының атауын да өзгертті. Перовск қаласы Қызылорда деп аталатын болды. 1929 ж. Қазақ АКСР-нің астанасы Алматы қаласына көшірілді. 1936 ж. 9 ақпанда ҚазақАКСР ОАК Қаулысымен қазақтар, Қазақстан деген дәл атауы қабылданды. 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің VIII Бүкілодақтық Төтенше съезінде жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияға сәйкес, 1937 жылы 26 наурызда Қазақ АКСР-і одақтық республика болып, яғни Қазақ Кеңестік Социалистік Республика (Қазақ КСР) болып қайта құрылды. 1937 жылы наурыз айында Қазақстан Кеңестерінің Төтенше X съезі Қазақ КСР Конституциясын бекітті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет