Бақылау сұрақтары:
Байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстарының мақсаты қандай?
Балалардың тіліне қойылатын негізгі талаптарды айтыңдар.
Бастауыш мектеп балаларына шығарма жаздыру үшін мұғалім қандай басшылық жасайды?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
11-12 дәрістер. Мәнерлеп оқу туралы ұғым
Жоспар:
1.Мәнерлеп оқу деген не?
2. Мәнерлеп оқудың жолдары
Бастауыш класс оқушылары алғаш мектеп табалдырығын аттап, сауат ашуға ұмтылған кезден бастап әрбір үйренген дыбыстың таңбасын жазып, оқып дағыдланады. Алғаш екі әріптің басын қосып оқыған кезде оның мағынасын түсінуге тырысады. Біртіндеп екі-үш буынды сөздерді, екі-үш сөздерден тұратын сөйлемдерді оқып үйренеді. Осы кезден бастап балалар не оқыса да түсініп, дұрыс оқиды. Оқуға қойылатын түсінік, дұрыс оқу талаптарын саналы меңгере бастағаннан соң-ақ бала сөйлемдегі сөздерді біршама жылдамдықпен бір-біріне ұластыра оқып кетеді. Оқыған сөйлемнің мағынасына, абзацтағы бірнеше сөйлеммен айтылған ойды ұғып, сол арқылы белгілі тақырыптың мазмұнына түсінеді. Бұл процесс бастауыш класта жеңілден ауырға қарай деген дидактикалық принциппен бала психологиясының дамуына, тілдік материалдарды жүйелі меңгеруіне тікелей байланысты дамиды.
Бастауыш класс мұғалімдері алдындағы оқушының оқуға қаншалықты төселгенін арнаулы есеп жүргізу арқылы бақылап отыратыны белгілі. Балалар саналы түрде түсініп, дұрыс оқуға төселгенде тексті қиындықсыз біршама жылдамдықпен оқиды. Текстегі сан алуан оқиғалар, құбылыстар, іс-әрекеттер бірден оқылмайтынын түсінеді. Мәнерлеп, әсерлі оқуға талпынады. Оқу үлгісінің түрлерін мұғалім көрсетіп береді, үйретеді.
Мәнерлеп оқу дегеніміз – қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу. Қарапайым сөйлеу деп күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде бір-бірімізбен қарым-қатынас жасағанда алуан түрлі дыбыс құбылысына түсіріп сөйлеуді айтып жүрміз. Өйткені, адамдар бір-бірімен сөйлескенде әр түрлі оқиғалар, хабарлар, көріп-білгендері туралы әңгімелейді және сол әңгімелерін өте шебер, әсерлі жеткізеді. Ондайда тыңдаушының қаншама әсер алатыны белгілі.
Ал мектеп практикасына келсек, оқу мен сөйлеудің арасында алшақтық мол. Алайда, осы екеуінің арасындағы ажырамас тұтастық пен байланысты түсініп оқу қажет-ақ. Сөйлеу тіліндегідей етіп ешкім де оқи алмас, бірақ сөйлеу әуеніне жақын оқуға мүмкіндік мол.
Ол үшін мәнерлеп оқуға жаттықтыру барысында мұғалім әңгімелеу үлгісінің бірнеше түрлерін магнитофон таспасына жазып алып тыңдатуына болады. Балалардың саяхат кезіндегі немесе белгілі бір кинофильмнен алған әсерлерін әңгімелетіп отырып, магнитофонға жазып алып, оны қағазға түсіріп, сол әңгімені айтқан баланың өзіне қайта оқытса, екеуі екі бөлек дүние болып шығады. Өйткені, оқушы өзінің еркін сөйлескен әңгімесін тексін қағаздан оқығанда сөйлеу кезіндегі эмоциялық әсерінен айырылып қалады. Әрине, бұндай кезде сөйлеу аппаратының қызметі де, дауыс та оқушы дағдысы мен икемділігіне бағынады. Соның салдарынан балалар үшін де, үлкендер үшін де мәнерлі көркем оқу мен қарапайым сөйлеудің бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ сияқты көрінеді. Оқу мен сөйлеудің байланысын түсініп, салыстыра отырып жаттығулар түрлерін жасап үйренсе, олардың ұқсастығы мен айырмашылығы анық көрінеді. Көркем сөз шеберлерінің күйтабаққа жазылған сөздерін тыңдату арқылыда мәнерлеп оқу, көркем оқу дегеннің не екендігі туралы ұғымдар беруге болады.
Сондықтан бастауыш класс мұғалімдері балалар аудиториясында оқылатын әрбір көркем шығарманың көркемдігін сақтай отырып мәнерлі оқып береді. Сонда ғана оқушы әрбір көркем туындыдан эстетикалық ләззат алады. Онсыз оқудың құны болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |