Бақылау сұрақтары:
1. Дыбыстау мүшелерін атаңыздар.
2. Сөйлеу техникасының артықшылығы неде?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
15-16 дәрістер. Дауыс. Оқудағы дауыстың маңызы
Жоспар:
1.Дауыс сазы
2.Оқудағы дауыстың маңызы
Дауыс сөйлеуші адамның сөзін, өзіндік үнін, көңіл күйін тыңдаушыға бағыттап отырады.
Дауыстың естілуі – тию – физиологиялық әрекеттің нәтижесі.
Адам сөйлеуге ыңғайланғанда тыныс алу мүшесі арқылы ауа жұтады. Осы кезде өкпе кеңейіп, сөйлей бастасымен, өкпедегі ауа сыртқа қарай шығуға бағытталады. Өкпеден қайтқан ауа тамақтағы дауыс шымылдығының аз-кем тосқауылына кездеседі. Себебі дауыс шымылдығы дегеніміз тамақтың ішкі жағында кеңірдектің екі жағынан бір-біріне қарсы біткен жиырылмалы ет. Ол бірде керіліп, бірде жымдасып тұрады. Өкпеден ауа қайтқанда осы дауыс шымылдығы керіліп тұрса, діріл пайда болып үн шығады.
Ал дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, діріл пайда болмай, үннен гөрі баяу сылдыр пайда болады. Яғни дауыс шымылдығының керіліп, жиырылуынан шыққан үн таза дауыс деуге болмас еді. Енді ол қуыс мүшелеріне түседі. Онда мұрын қуысы мен ауыз қуысындағы дыбыстау мүшелерінің күшейткіштеріне (резонаторларына) тікелей байланысты болады. Себебі, мұрын қуысындағы кеңсіріктің, ауыз қуысындағы кішкене тілдің, таңдайдың, тістің, жақтың тағы басқалардың дұрыс орналасуы, түзу болуы дауыстың дұрыс шығуына мол әсер етеді. Мысалы, кеңсіріктің, кішкене тілдің өз орнынан сәл ауытқуы, қисаюы, ауруға ұшырауы дауысты бұзады. Біз өмірде сирек те болса естіп жүретін «маңқа», «мыңқылдап сөйлейді», «дауысы қарлығып қалыпты» т.б. деген сөздер осы дауыс күшейткіштерінің қызметі мен дауыс шымылдығы ауруға ұшыраған жағдайда болады. Кейде дауыс кеңістігінің ауруға ұшырауына байланысты дауыста сырыл пайда болады. Сондықтан әркім өзінің дыбыстау мүшелерінің атқаратын қызметін жете түсініп, оның гигиеналық жағына ұқыптылықпен қарауы керек.
Әр адамның өзгеге ұқсамайтын өз дауысы болады. Алайда, сирек те болса ұқсас дауыстылар да кездеседі. Соның өзінде өзіндік өзгешелігі болады. Барлығы ортақ табиғи негізгі дауыспен қатар, әрбір адамда қосымша дауыс сарыны немесе оберетондар болады. Сол оберетондар арқылы адамның жеке-дара өз дауысы жасалынып, үні таза шығады.
Дауыс белгілі жаратылыс заңдылығымен бірде төмен, бірде жоғары, бірде орташа қалыпта сан рет алмасып, жылыстап қайталанып отырып сөйлеу әуенін түзейді.
Дауыстың өзіндік сапалары – дауыстың күші, дауыстың тазалығы, дауыстың беріктігі, дауыстың икемділігі, тұрақтылығы мен шыдамдылығы.
Дауыстың осы сапаларын жетілдіріп, байқап фонетикалық дыбыстық, буындық жаттығулар жасап, сөзге, сөз тіркестеріне қойылатын екпінді ажырата білу міндет.
Әркім өз дауысының мүліктерін байқап, оқылатын тексте, сөйлеген сөзде дауысты қалай икемдеу керегін өзі ғана белгілей алады.
Әркімнің өз дауысы болады дедік. Бірақ, менің дауысым осындай деп, өзінің дауысын оқу кезінде, сөйлеу кезінде аңғарып, жаттықтырмаса көркем шығарманың түрлі жанрларын оқу кезінде текстіге дауыс қоя алмайды.
Оқылатын шығарманы мұғалім жан-жақты талдап, қай жерін қалай оқу керек, дауыс қай жерде көтеріледі, төмендейді, орташа қалыпқа түседі деп дайындалады. Дайындалып, дауысты дұрыс қойып оқығанда мазмұнды жұмыс болады.
СОВЕТТІК МЕНІҢ ӨЗ ЕЛІМ
Галстук қызыл мойнымда,
Мектепке қарай жүгірдім,
Қолымды тұңғыш қойдым да,
Бетін бір аштым білімнің.
Сапқа да тұрдым, ту алдым,
Келді деп менің кезегім;
Әкемдей сонда қуандың
Советтік менің өз елім!
Тауға да шықтым, жер бастым,
Аспанға ұштым, көк көрдім,
Өмірге құлаш кең аштым,
Бәрін де көзден өткердім.
Жарқылдап жаһан – кең сарай,
Аралап оймен кеземін.
Таппадымсенен артық жай,
Советтік менің өз елім!..
(Қ. Аманжолов.)
Қ. Аманжоловтың «Советтік менің өз елім» деген өлеңін оқығанда дауысқа ешқандай күш түсірмей-ақ, жұмсақ та жылы леппен көңілді оқылады. Кеудең шаттыққа толып, жігер қосылады.
Ал кейбір шығармалар мазмұн мағынасына қарай керісінше қаталдау дауыс биіктігін бірде жоғары, бірде төмен алып, мазмұнына икемдеп оқуды қажет етеді.
МӘНШҮК
Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың.
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.
Қолында пулеметі «Максим» оның,
Бойында күш-жігері тасқын оның.
Ерлермен тізе қосып атакада,
Оғымен қырғын майдан ашты жолын.
Көзінен ұшқын өрттей лапылдаған,
Жауына қаһар тігіп қатуланған.
Отан үшін шайқасақан ауыр күнде,
Төнсе де өлім қаупі, жасымаған.
(С. Машақов)
Бұл өлеңді оқығандағы дауыс құйылысы мен сазы, бояу – нақышы сәл өзгешелеу болады. себебі шығарма мазмұны қан төгілген қаһарлы жылдардағы кезеңді көз алдыңа елестетеді. Қаптаған жауға жаралы қыздың жалғыз өзі бетпе-бет келіп жатыр. Ашу, ыза да, күйініш, сүйініш те қабат келіп тұр. Сондықтан оқу кезінде өз дауысыңның күшін шамалап оқуға икемде. Дауысты тақырып мазмұнына сай құбылтып, дұрыс қоя білу сауаттылықты білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |