Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
9-10 дәрістер. Байланыстырып сөйлеу жұмыстарының мақсаты мен оған қойылатын методикалық талаптар
Жоспар:
1. Байланыстырып сөйлеу жұмыстары туралы ұғым.
2. Байланыстырып сөйлеу жұмыстарының мақсаты мен оған қойылатын методикалық талаптар
Шығарма жаздырғанда балалардың өз тәжірибесіне сүйеніп, бойындағы білімін, дағдысы мен шеберліктерін жарыққа шығаруға, іске асыруға жол беру керек. Методист Ш. Кәрібаев: «Шығарма жаздыру жұмысы оқытушының үнемі басшылық етіп отыруын керек қылады. Өйткені не болса, соны я кез келген тақырыпты жаздыра беруге болмайды. Оқушылармен тиісті әңгіме жүргізіп, байқап сұрастыра отырып, шындыққа үйлесетін, шамасы келетін, жақсы білетін, еркін меңгеріп айта алатын материалды жаздырған дұрыс», – дейді. Сондықтан қандай жағдайда болмасын, мазмұндама мен шығарма мұғалімнің басшылығымен дұрыс әдіс арқылы жүргізілгенде ғана белгілі бір нәтиже береді, көзделген мақсатқа жетеді. Ол үшін мұғалім бұл жұмысарға қойылатын методикалық талаптарды жақсы білуге тиіс.
Бастауыш мектептерде жүргізілетін тіл дамыту жұмысы негізінен мынадай мақсаттарды көздейді: 1) оқушылардың байқағыштық ойлау қабілеттері мен тілін, дүние танымын дамыту, әр нәрсені салыстыра талдап салыстыру негізінде өз беттерімен қорытынды шығара білуге үйрету; 2) оқушыларға қазақ әдеби тілі нормасына сай, өз сезімін, ойын дұрыс жазып бере алатындай дағдылар, шеберліктер қалыптастыру; 3) оқушыларды ана тілін сүюге, оның алтын қорын, тамаша сырлы, көркем де нәзік сөз байлығын қолдана білуге және оны сезініп, құрметтей білуге тәрбиелеу; 4) қазақ тіл ғылыми табысы негізінде оқушылардың жазу тілін дамытуға септігі тиетін мазмұндама мен шығарма жұмыстарының оңай да тиімді түрлерін іріктеп алып ұсыну; 5) шығарма мен мазмұндама текстері арқылы балаларды өз Отанына шын берілген патриот, бір-біріне достық, интернационалдық рухта, бауырластық сезімге, қоғамымызға саналы де белсенді қызмет ете білуге тәрбиелеу.
Балалардың тілін дамыту, оларды байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстарының бұл мақсаттары мұғалімдердің озық тәжірибелері мен ғылыми эксперименттердің ең жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, бір ізге келтірілген методиканы басшылыққа алып жұмыс істегенде ғана іске асады.
Бұл жұмыстарға қойылатын методикалық талаптардың бастылары:
1) Берілген тақырыпты ашып көрсете білу, оқушы өзінің жинаған материалын берілген тақырыптағы негізгі ойды көрсететіндей етіп іріктеуі қажет. 2) Жазылған жұмыстың мазмұнды болуы, балалардың жазған мазмұндамалар мен шығармалары орфографиялық, пунктуациялық жағынан ған емес, мазмұны жағынан да, ойдың реңін білдіруі, сөйлемдердің арасындағы байланыстардың дұрыстығы т.б. жақтарынан да бағалануға тиіс. 3) Оқушы материалды ешбір қайшылықсыз, белгілі бір ретпен, жүйелі түрде баяндауға тиіс, яғни алдын ала синтездеу жұмысы дұрыс ұйымдастырылып, саналы түрде өткізілуі қажет. Оқушы әуелі не жөнінде, одан кейін нені айтатынын толық синтездеп, жоспар жобасын жасап алады. Сөз, сөйлем қалдырып кетіп, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан сақ болған жөн. 4) Оқушылар айтайын деген ойын дәлме-дәл, анық білдіретіндей етіп, сөздерді, материалдың ішіндегі негізгілерін, таңдап қолдануға тиіс (мысалы, ІІІ класс оқушысы «Мәншүк» тексті бойынша мазмұндама жазғанда, «жаудың жаңбырша жаудырған оғы» деген тіркесті сол қалпында беруге тырысып, «жаудың тамаша жаудырған оғы» деп жазған. Мұндай қателерге жол бермеу үшін, сөз іріктеу, сөйлем құрастыру т.б. тексті анализдеу, синтездеу жұмысына дұрыс мәне берген жөн. 5) Басы артық сөз қолдану, қыстырма сөз қолдану, бір сөздің бірнеше рет қайталануы сияқты кемшіліктерге жол бермеу шарасы жасалуға тиіс. (Мысалы, «қар ери бастасымен, қызғалдақтар шыға бастады», «Күн жауды, күн жауған соң, жер су болады», «Қарғаның қарны ашты», Сосын ол тамақ іздеді. Сосын қарға келіп қонды»). 6) Оқушы жазба жұмысында сөйлемдерді белгілі бір формада қарастыратын болсын, яғни бір сөйлем өткен шақта, екінші сөйлем келер шақта тұрмасын («Мен тауға бардым. Күн ыстық болады»). 7) Жергілікті ауызекі сөйлеуде қолданылатын сөздерді жазуда қолдануға дағдылнбау керек («Там төбесін қар басып қалды»; «Жейдесі су болды», «Азанда бүлдірген теруге кетті»). 8) Жазба жұмыстарын жетілдіре білу дағдыларын оқушылар міндетті түрде меңгерген болуға тиіс, яғни жазба жұмыстарының орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық қателерін оқушы мұқият қарап, тексеріп шығатын болсын. Мұнда тіпті кейбірқате құрастырылған сөйлемдерді жөндеуге де жол беріледі.
Міне, бастауыш кластардағы тіл дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстарының барлығы да осы көрсетілген талаптарды орындау жолына бағытталады.
Достарыңызбен бөлісу: |