5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті


ДӘРІС № 8 Тақырыбы: Абай Құнанбайұлының шығармашылық өмірбаяны. Ақылбай Абайұлы,Мағауия Абайұлы шығармашылықтары.Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев



бет6/10
Дата04.11.2016
өлшемі2,2 Mb.
#291
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

ДӘРІС № 8

Тақырыбы: Абай Құнанбайұлының шығармашылық өмірбаяны. Ақылбай Абайұлы,Мағауия Абайұлы шығармашылықтары.Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев

Мақсаты: Абайдың шығармаларына тоқталу.Балаларының шығармашылықтарының көркемдігі мен тереңдігіне үңілу.

Тірек сөздер: Күз, жастық, махаббат, білім бай мен кедей, адамгершілік

Жоспар:

  1. өмірлері туралы мәлімет.

  2. Абайдың заман, өмір, табиғат, ғылым,өнер жайлы толғаныстары.

  3. Абайдың поэмалары

  4. Абайдың қара сөздері.

  5. Ақылбайдың,Мағауияның поэмалары

Абай 1845 жылы тамыз айында Абай ауданында Шыңғыстауда туған.Абай ауыл молдасынан оқып,кейін Ахмет -Риза медресесінде білім алады.

Абай өмірдің сан қырына қалам сілтеген ақын.Бай мен кедей арасындағы теңсіздікті "Күз" "Қараша мен желтоқсан сол бір екі ай" деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра келіп, кедейлердің аянышты халін суреттейді.

Кедейдің өзі жүрер малын бағып

Отыруға отын жоқ үзбей жағып

Тоңған иін жылытып тонын илеп

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып

Махаббат, әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең камтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келеді.Ол қазақ қыздарының теңсіздікке езіліп сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді.Абай үйлену ерлі зайыпты болу ісіне немқұрайлы қарауға,мал беріп алғанның бәрі жар болып, дос өмір сүре алады мыс деген ескі түсініктерге қарсы шықты:

Кәрі жас дәурені өткен тату емес

Епке көнер ет жүрек сату емес

Кімде кім үлкен болса екі мүшел

Мал беріп алғанымен қатын емес

дейді.


Абай шығармашылығынан орын алар тақырып ағартушылық білім жайлы.Абай оқыған білімді жастардың мақсаты айқын болу керек, ол халқы үшін еңбек етерлік азамат болсын деп талап қояды."Я тілмаш, я адвокат болсам деген бәрінде ой ", деп бас қамынан аспайтын тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтып ел үшін оқитын жаста түбегейлі мақсат болуы керек деп ескертіп, жастардың алдына дана адамдарды үлгі етеді.Абай поэмалары "Ескендір" "Масғұт және Әзім әңгімесі".Абай поэмаларында әлеуметтік , адамгершілік идеяларын көрсетеді.

Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең

Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең

дейді.Мұндай адамның көзі, нәпсісі тек топырақтан ғана тояды деп Абай соғысқұмар патшаға көз сүйегін тартып Аристотельдің ұтымды сөзімен аяқтайды.Абайдың "Масғұт" поэмасы жаңа идеяға құрылған.Ақын өз поэмасының негізгі кейіпкері Масғұтты адамгершілік үшін күрескер етіп көрсетеді.Абай поэмаларының ерекшеліктері ақынның өзіндік түр іздеу жолындағы сол кездегі әдебиеттегі тосын жаналығы деуге болады.

Әлеуметтік идеясы мен композициялық тұтастығы жағынан Ақылбайдың "Дағыстаны" мен Мағауияның "Медғат Қасымы " жаңа туындылары.

Абай қара сөздері әдеби жаңа түр, алғаш көрінген проза.Ақынның тереңнен толғаған озық ойларының шынайы туындысы.Кейбір тарихи не философиялық пікірлерін жеткізе айту үшін поэзиядан гөрі қарасөздің мүмкіншілігі мол сияқты көрінді.Абай дүние, табиғат, дін, өмір туралы ойлары ретінде трактат формасында эсселер жазған.Абай өз қоғамының маңызды мәселерін толғап сын айта білген алысты болжай білген ойшыл дана.

Абай Құнанбаев қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл ойы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері, өз ұлтының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы қазақ поэзиясын кезінің ең озық деңгейіне көтеріліп, қоғамдық дамудың шындығын бейнелеп дұрыс қорытынды шығара білген ақын.Ол халқының болашағы үшін аянбай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді.Белгілі тарихи кезеңнің алға қойған сұрақтарына жауап беріп, ел көшін зор мақсатқа меңзеді.Қазақстанның Россияға қосылуының тарихи маңызын түсініп өз халқы үшін оның ізгі әсерінен мол үміт күтті.

Абай өзі айтқандай соқтықпалы , соқпақсыз жерде өсті, үстем тап билеген ауыр заманда өмір сүрді.Сол қоғамның езілген халыққа істеп отырған тағылық, айуандық қылмыстарын көзімен көрді.Ол халық игілігін болашақ қамын көздеді.Ел дертіне ем болар түскен еңсесіне дем болар қуат оқу, өнер деп тың жол ұсынды.

Ақын өзінің жастық шағы мен ер жеткен кезін, кездескен соқтықпаларын, етек басты кедергілерін:

Жасымда албырт өстім ойдан жырақ

Айлаға ашуға да жақтым жырақ

Ерте ояндым, ойландым жете алмадыа

Етек басты көп көрдім елден бірақ

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме

Өзі ермей ерік бермей жұрт қор етті

Сен есірке тыныш ұйықтат бақ сөзіме

деп түйді.Абай қазақ халқын қараңғылықтан алып шығатын жол тек мәдениет деп білді.Абай мәдениеттің маңызын оның қоғам өмірінен алатын орнын дұрыс түсінді.Ол өлеңге жеңіл желпі қарап, байларды мақтап тілін безеп мал үшін сатылып өнердің қадірін кетіріп жүрген ақынсымақтарды қатты сынға алды:

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап

Мақалдап айтады екен сөз қостап

Ақындары ақылсыз надан келіп

Көк жерді өлең қыпты жоқтан қармап

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап

әр елден өлеңменен қайыр сұрап

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап

Абай өлеңдері еңбек сүйгіштікке тәрбиелейтін зор идеялы шығармалар.Абай дүниеде өмір сүру, оны білу де тану да бәрі еңбекпен келетінін түсіндірді.Адам өмірі үшін де ол еңбектің шешуші роль атқаратынын еңбексіз өмірдің адамды аздыратынын ескертті.

Тамағы тоқтық

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын

Абайдың көптеген өлеңі ақынның өз еліне халқына деген сүйіспеншілігін бейнеледі,Абай қазақ қызының шынайы бейнесін жасады.Абайдың қаламынан туған қыз бейнесі Пушкин жырлаған орыс қызы да Гете суреттеген неміс қызыда емес,ақының өзі көрсеткендей қазақтың ақ жарқын, үяң жүзді ай бейнелі піскен алма секілді сұлуындай суреттейді.

Махаббатты өте жоғары бағалай ақын ғашық болу тек жа сезіммен сүйгендік емес адамшылық пен шын көңілдің тоғысқандығы деп суреттейді.Ол жастардың сүйген жарына деген нағыз адал көңілдерін ашып жыр ете білді.Жүрекпен сыйласқан сырласқан екі жастың кездесуі олардың арасындағы іштей бірін бірі ұғынулары шебер бейнеленеді.

Аядап ақырын

Жүрекпен алысып

Сыбдырын,тықырын

Көңілмен танысып

Иығы тиісіп

Төмендеп көздері

Үндемей сүйісіп

Мас болып өздері

Бірін бірі шынайы ынтық екі ғашықтың кездесу суреттері, жүректерімен алысқан сырлары үнсіз ұғыну, құмарлық құштарлық.Абай прозасы ішінде ғақлия, нақыл сөздер де ғылыми мақалалар ойшылық трактат өткір сын мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме адамгершілік өсиеттерде публистикалық насихат түрлері де шешендік әңгіме кеңестері де бар.Тек көлемді проза жазбаған.


  1. Өсиет ғақлия.Бұған Абайдың адамгершілік мораль мінез туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибадат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады.Олар "Он үшінші" "Жиырмасыншы" "Жиырма сегізінші" "өтыз сегізінші" сөздері деуге болады.

  2. Тастих немесе философиялық трактат.Бұған Абайдың философиялық ойларын дүниеге көзқарастарын білдіретін, ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады.Мысалы: "Жетінші сөз" "Он жетінші сөз" "Қырық бесінші сөз".

  3. Нақыл тұспал сөз Абайдың өлеңдерінде қарасөздерінде тауып айтқан тұжырымды афоризм.Мысалы: Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық

Абай музыкалық шығарма жазған композитор.Оның бізге жеткен әсем әндері бар.Ақынның музыка саласындағы өнерін А.Жұбанов өзінің "Замана бұлбұлдарында " кең талдап танытқан болатын.Қазір Абайды екі күйі де табылып отыр: "Май " "Тор жорға" күйлері.

Абайтану қазір өз алдына бөлек бір ғылым болып қалыптасты.Бұл ғылымды негіздеуде аса көрнекті ғалымымыз М.О.Әуезовтің еңбегін ерекше атап көрсету қажет.Ол қазақтың классик ақыны Абайдың көркем образдарын жасаумен қатар терең ғылыми зерттеу жұмысын да жүргізіп, абайтану ғылымының негізін салды.Ақын шығармаларын жинап зерттеп оның танылуына үлес қосты.Абай өз елінің мәдениетіне өнеріне үлес қосқан ұлы дана ойшыл.Абай бұқарашыл ой сананың жемісі.Абай шығармаларында қазақ тіліне тән белгілер сақталған.



ДӘРІС 9

Тақырыбы: ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті

Дәріс жоспары:

1. ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай

2. Оқу-ағарту мәселесі. Қазақ баспасөзінің дамуы

3. Әдеби жанрлардың дамуы

4. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиетіне көзқарас

Тірек сөздер: идеология,отарлау саясаты, көтеріліс, оқу-ағарту, баспасөз,шыншыл лирика, проза, роман, драматургия, аударма, көсемсөз, әдеби сын

Мақсаты: ХХ ғасыр басындағы тарихи жағдайға шолу, оқу-ағарту жайы мен баспасөз ісінің дамуын, жанрлардың дамуын түсіндіру.

Дәрістің жалпы мазмұны

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті дамуының күрделі сипаты. Тарихи өзгерістерге сай идеологияның қалыптасуы. Заманның жаңғыруына сай қалыптасқан бұрынғы көзқарастар мен тұжырымдарға жаңаша тұрғыдан қарау.

Бұл кезеңдегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік жағдайы және ұлттық мәдениеттің даму бағыттары. Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Орыс патшасының отарлау саясатының орныға түсуі. Ресейдегі 1905 жылғы оқиғалардың Қазақстандағы дүмпуі. 1916 жылғы оқиғалар. Наразылықтың халықтық қозғалысқа ұласуы. Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы көтерілістердің ұлт санасын оятудағы маңызы.

Қазақстан оқу-ағарту ісінің жедел өрістеуі. Қазақ мектептері мен оның түрлері. Ескі үлгідегі мектептер. Өмір талаптарына жауап беру дәрежесі. Ауылдық мектептердің пайда болуы. Жаңа сипаттағы оқу жүйесі. Жәдитше оқытудың артықшылықтары.

Қазақстанда баспасөз ісінің қанат жаюы. Газет-журналдар санының көбеюі. Қазақ баспасөзінің тарихы туралы мәлімет. «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті. Кітап шығару ісінің жандануы.

Ауыз әдебиеті үлгілерінің жиналып, кітап болып шығуы. Шығыс хисса-дастандарының көптеп аударылып, кітап болып шығуы.

Әдебиеттің дамуы. ХХ ғасыр басындағы саяси, әлеуметтік өзгерістер, мәдени жаңарулардың ұлттық әдебиетке тікелей қозғау салуы. Қазақ әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, көркемдік жағынан өркендеуі. Поэзияда жалаң насихаттық сарынның азайып, Абай үлгісіндегі шыншыл лириканың орнығуы. Лирика тілінің өткір сипат алуы, тақырып ауқымының кеңейюі, әлеуметтік мәселелерді қозғаудағы батылдығы. өмір құбылыстарын шынайы бейнелейтін оқиғалы, күрделі шығармалардың пайда болуы.

Проза жанрының өркендеуі. Тұңғыш қазақ романының дүниеге келуі. Күрделі проза үлгісінде жазылған алғашқы романдардың тақырыптық бағыттары. Оларда дәуір мәселелерінің көтерілгені. Шағын проза үлгісіндегі шығармалардың жазылғаны. М.Дулатов, С.Көбеев, Т.Жомартбаев, Ш.Құдайбердіұлының т.б. жазушылардың қазақ прозасын өркендетужолында ерекше еңбек атқарғаны.

Алғашқы драматургиялық шығармалардың дүниеге келуі. /Б.Серкебаев «Бақсы», «Ғазиза», 1912; К.Төгісов «Надандық құрбаны», 1915; Б.Майлин «Шаншар молда», 1916; Ж.Аймауытов «Рабиға», «Мансапқорлар», «Қанапия-Шарбану», 1916-1917; М.Әуезов «Еңлік-Кебек», 1917/.

Аударма жанрының өрістеуі. Заман талабынан туған рухани қажеттілікті түсіне отырып, қазақ қаламгерлерінің өзге елдер әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына жеткізуі. Абай, Ыбырай дәстүрлерінің жалғасуы.

Көсемсөз дамуының жайы. Көсемсөз жанрының қуатты күшке айналуы. Қазақ баспасөзінде тарихи кезең тақырыбы көтерген ойлы да батыл мақалалардың көптеп жариялануы. А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, Шәкәрімнің, Сұлтанмахмұттың, М.Сералыұлының, Ә.Бөкейханұлының мақалалары. Бұл еңбектердің дәуір мәселелерін көтерудегі, халықтын санасын оятудағы және ұлттық көсемсөз өнерін дамытудағы маңызының айырықша екендігі.

Әдеби сынның ілгерлеуіндегі Шоқан, Ыбырай, Абай дәстүрінің жалғасуы. Бұл кезеңнің толғақты мәселелерін қозғалған көркем әдебиет пен әдеби сынның өзара байланыста дамуы. Проблемалық сыңдардың көріне бастау. «Айқапта» басылған С.Торайғырұлы, М.Сералыұлының, С.Сейфулиннің, «Қазақ» газетіндегі А.Байтұрсының, М.Дулатұлының әдебиет туралы сың еңбектері.

Олардың қаламгер машығы, көркем шығармаларының табиғаты туралы тұжырымдар жазылғаны. Сын жанрында әдебиеттің көркемдік, эстетикалық мәселелерін көтеруге талпыну. Кейбір сын әдебиеттерінде сыңаржақ идеологияға, таптық көзқарасқа бой ұрушылық. Сынның жалпы деңгейі туралы мәлімет. Алғашқы қадамға тән ерекшелік.

Әдебиет мәселелері, жекелеген қаламгерлердің шығармашылығы, Абайдың әдеби мұрасы, халықтың ауыз әдебиеті жөнінде ойлы мақалалардың жарық көруі.



20-ғасыр басындағы қазақ әдебиеті

Дәрістің мақсаты: 20- ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жайлы түсінік қалыптастырып, осы ғасырдың көрнекті ақын- жазушыларыментолық таныстыру

Тірек сөздер: Тарихи, шындық,отаршылдық, әлеуметтік теңсіздік, әйел теңсіздігі,байлардың озбырлығы,тарихи жағдай, алашорда, және т.б.

Дәрістің жоспары:

  1. 20- ғасырдағы тарихи оқиғалар

  2. 20- ғасыр оқиғаларының әдебиетпен ұштастығы

  3. 20- ғасыр басындағы көрнекті ақын- жазушылар

  4. Ақын -жазушылардың тарихта қалдырған іздері

Қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік ерекшелігі басым тұстардың бірі- 20 ғасыр басындағы он бес – жиырма жыл. Бұл кезең шиеленісті қоғамдық – саяси оқиғаларға толы болды да, мәдени- рухани дүниеде күрделі де шешуші құбылыстарды тудырды. 19 ғасырдың соңына қарай қалыптасып , өзіндік даму сатысына көтерілген ағартушылық, демократтық бағыттағы әдебиет қайраткерлеріне енді жаңа 20 ғасырдың табалдырығында туындаған қазақ халқының ұлттық- әлеуметтік сан алуан мәселелеріне араласып, сан- салалы ұлттық маңызы зор тақырыптарды қозғауына тура келді.

Бұл кезде қазақ жері тұтастай Ресей империясының отаршылдығына өтіп болған еді. Ресей билігіне біржолата түскен қазақ елінің көкейкесті тарихи мәселелерін саяси жолмен, Ресей Думасына қатысу, Ресейде білім алған қазақ зиялыларының қайраткерлігі арқылы жүзеге асыруға талап жасау көзқарасы байқалып келе жатты. Бірақ бұл шын мәнінде суға кеткен тал қармайдының керіндей әлжуаз , келешегі көмескі әрекеттер болатын.Ресей ықпалына біржолата көшкеннен кейін, ол мемлекеттің ішкі- сыртқы шиеленісті жағдайларының барлығы Қазақ еліне тікелей әсер етті. Бірінші орыс революциясы , Бірінші дүние жүзілік соғыс, патша самодержавиесі мен большевиктер партиясының арасындағы текетірес тудырған ахуал, қазақ жеріне орыс переселендерінің бұрынғыдан да көптеп келуінің үдей түсуі, түрлі қуатты саяси ағымдар мен партиялардың қазақ жеріне де дендеп ене бастауы қазақ қауымының тіршілігін ширек ғасырдан астам уақыт бойы аласапыранға түсірді. Бұл кезең сипатын І.Жансүгіров «Абайдың ата заманы» деп атай отырып, қазақ елінің қоғам құрылысына , шаруа түріне сырттан өзгеріс кіре бастаған кез деп бағалады. Ол өзгеріс- шаруашылықта базар өзгерісі де, қоғам жүйесінің ел билеу түрінде – орыс патшасына бодан болып, орыс тәртібімен басқарылу өзгерісі дейді. « Қырдың шаруашылығына өзгеріс кіргізе бастаған сауда капиталының базары қырды кимелеп жаумалаумен келіп кіргенін» айтады. « Қыр қазағын жаулап алып, бодан еткен орыс патшасы елге өзінің билеу тәртібін кіргізді, өз әмірін, өз тәртібін іске асырып отыратын өз адамдарын қойды.Сонымен елдің төбесі де , төресі де өзгерді» дей келе, І.Жансүгіров енді қазақтың бұрынғы ақсүйектері , ханзадалары , ру жуандары патша өкіметінің елдегі тірегі болып, көмек, қолдауды орыстардан алып тұрғанын сипаттайды.Елдің билігіне , өз үстемдігіне таласқандар орысқа арқа сүйенетін әдет шыққандығын , енді ру ағалары , ақсүйектер патшашылданып, орыс әкімдеріне айналғандығын жазады. Бұл да қазақ қауымының ортасындағы қайшылықты күшейте түс кен өзгеріс еді.

Осы кезеңдегі әдебиеттің даму зыңдылықтарының басты сипаттарын профессор Б.Кенжебаев өткен ғасырдың алпысыншы , тоқсаныншы жылдарда жарық көрген еңбектерінде мүмкіндігінше толымды көрсетіп берді. «19- ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанда да капитализм дәурен сүрді» деп түйіндеген ғалым 20- ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік жағдайдың алғышарттарын мынадай деректермен байланыстырады. «1904 жылғы орыс – жапон соғысы , Ресейдегі 1905-1907 жылдардығы буржуазиялық- демократиялық төңкеріс , 1914-1918 жылдардығы бірінші империалистік соғыс , қазақ халқының 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілісі , 1917 жылғы ақпандағы буржуазиялық- демократиялық төңкеріс , сол жылғы Қазан төңкерісі – осының бәрі Ресейде империализм өркендеуінің нәтижесі еді.

Сөз жоқ, бұл экономикалық зор өзгерістер , саяси күрес, көтерілістер , сұрапыл соғыстар , төңкерістер өз кезеңдерінде қазақ арасындағы оқу- ағарту жұмыстарына , қазақ тілінде шыққан кітап, журнал, газеттердің мазмұнына , ақын- жазушылардың көзқарастарына , қазақ әдебиетінің бағытына үлкен әсер етті». 20- ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үрдісін сол тұстағы қазақ қауымының саяси – әлеуметтік ахуалынан бөліп қарау мүмкін емес. Әдеби шығармалардың көркемдік- идеялық табиғатын, жанрлық түрлену ерекшеліктеріне дейінгі ішкі құбылыстарын тек қоғамдағы қарым- қатынастар мен сол мазасыз дәуірдегі дүниетаным аясында ғана парықтауға болады. Ал бұл кезең қазақ қауымы үшін аса күрделі тарихи белес еді.

Нақ осы белесте алашшылардың көкейкесті мүддесі бой көрсетіп, біртіндеп қозғалыс қатарын түзеп, Алашорда қайраткерлері ықпалды әлеуетті күшке айнала бастады. Большевиктер партиясының да қазақ жеріне тамыр жайып, белсенді күшке ие болуы қарама- қайшылықты үдете түсті. Сөйтіп екі ғасырға жуық мерзімді қамтыған Қазақстанның Ресейге қосылуының ұзақ процесі аяқталып, Ресейде қанат жайған империализмнің темір құрсауы дала өміріне шеңгелін еркін салды. Капиталистік қарым- қатынас, сауда – саттық , өндірістік баю мүддесі , соған сүйенген қатыгез отарлаушылық саясатының күллі зардаптары шарықтау шегіне жетті. Шортанбай , Дулат болжап жырлайтын зар заман елесі шын көрініске айналды. «Ақша» деген мал шықты . «Қазақ жері дархан бай өлке екені танылып, жыртқыштық түрде пйдалану, талан- таражға салу, тегін пайда оңай олжа табу аймағына айнала бастады.Кен байлықтары бар жерлерде тұрпайы концессиялар ашылды, пайдакүнемдер ағылып келіп жатты, шұрайлы жерлер тартылып алынды, жергілікті бай- феодалдар мен патша өкіметінің әкімдері елді бұлтартпай басқару , тонау, езгілеу , ұлттық ой- сана мен мәдениеттің дамуына мүмкіндік бермеу істерін жүргізу жүйесін нығайта түсті».

Абай шығармаларын хатқа түсіру қолға алынды . Абайдың әдеби хатшысы (Мұрсейіт) Бікеұлы 1905 жылы ақын өлеңдері мен қарасөздерін араб әліпбиімен көшіріп шықты. Бес жылдың ішінде ұлы ақын шығармаларының үш қолжазбасы (1905, 1907, 1910) түзілді.

Алаштың ардақты ардагерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтар қазақтың бас ақынының мұрасы жөніндегі терең танымдық шығармаларын жариялатты. 19- ғасырдың соңында қазақ әдебиетінің бұрын- соңды болмаған асқар биігіне көтерілген Абай дәстүрі, реалистік көркемдік таным дүниесі осыдан кейінгі ұлттық сөз өнерінің мұратын , мақсатын, бітім- пішінін біржолата айқындап, бекітіп кетті.Абайдан соңғы қазақ әдебиеті реалистік сипатын тапты, жаңа бағытта өріс кеңейтті. 20- ғасырдың алғашқы он- жиырма жылындағы қазақ әдебиетінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов , Міржақып Дулатов шығармалары жоталаныпкөзге түседі. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабы «Қалың елім , қазағым» деп тебіренген, іші қанжылай еміренген Абайдың өзекжарды мұңының жалғасы сынды , ұлт жігерін одан әрі қарай қайрау іспетті шықты. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Мұхаметжан Сералин, Бернияз Күлеев, Спандияр Көбеев сынды тұлғалы таланттардың ақындық шабытты шақтары мен қоғамдық қайраткерлігінің белсенді күндері осы кезеңге тұспа- тұс келеді.

20- ғасырдың басындағы қазақ ортасындағы ұлттық әдебиет тынысы қандай еді? Нақ осы тұста жазба әдебиеттің білікті де білімді, дүниетанымы кең өрісті , әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен жақсы таныс , өз елінің өткені мен болашағы жайлы заман ағымында толғанған ақындармен жазушылардың қуатты толқыны, кесек дарынды суреткерлердің шоғыры бой көрсетті. Сол толқынның бел ортасында Шәкәрім , Міржақып, Мағжан , Ахмет , Жүсіпбектер тұрды. Осы аса әлеуетті толқынның шығармалары арқылы қазақтың ұлттық әдебиетінің жаңа кезеңі замана сөзін айтты. Қазақ өлеңінің мазмұны да, өрнегі мен рухы да жаңа толғаммен шыға бастады. « Оян , қазақ!» сол ұлттық поэзияның жаңа күнінің бөрілі байрағындай жұрт көңілін аударды да тұрды.

Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті қалыппыз ғой!-

деп , Абай сөздеріне үн қосып , Абай күңіренісіне жауап іздегендей болады. «Ғылым мен мағрифатты керек қылмай» , «надандық шәрбатына» қанған түнектен шығудың жолын іздейді. Салбөкселікті қой, жата бермей «Оян!» дейді.Міржақып Ресей бодандығына кірген жылдарды, қазақ жерінің жат қолына өтіп болған жылын атап көрсетеді. Айтылуға , халық жадында қалуға тиісті даталар мен деректерді ақын осылай да жұрт есіне салғандай екен. Абайдың қоғамдық- философиялық күңіреністі ойларынан кейінгі леп, жігерлі қадам осы еді. Қазақ қауымының бар болмысын , үмітті күндері мен күйікті түндерінен кейінгі ақын « Оян, қазақ!» демеске болмайтын- ды. Абайдың рухани суреткерлік мектебінен дәріс алып шыққан ақындар қазақ қамын осылай толғана ойлаған- ды.

Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов есігін ашқан дана Абайдың реалистік суреткерлік дәстүрі жоталанып көрінді, абайтанудың тұғырлы іргетасы қаланды.

20- ғасыр басындағы қазақ романы көркемдік жүйесінде әлеуметтік мазмұнның алатын орны үлкен. Мысалы, әйел теңдігі тақырыбындағы шығармалардың бәрі негізгі мәселе ретінде махабатты емес, қазақ қоғамы алдында тұрған келелі әлеуметтік проблемаларды алады.Замана лебін сезіп, жаңалыққа ұмтылған жастарға қарсы тұрған күштер мен түрлі әлеуметтік топтар әрекетін жан- жақты суреттейді. Осы ғасырдағы қаламгерлер шығармаларында әлеуметтік тақырыптар мен идеялар көркемдік – идеялық ізденістерінің негізін құрайды.

20- ғасырда тарихи сана түлеп , жаңғырықты. Алаш тұлғаларының қоғамдық сананы біржолата жаңа белеске көтеріп кетуі әдебиеттің түбегейлі мүдделерін айқындап бергендей еді.Жаңа қаламгерлер, жаңа қоғам , ел қайраткерлері шықты. Саяси күрестің маңызы артты. Сонымен бірге, қоғамдық қарым- қатынастардың жеделдеуі, баспагерлік істің қанат жаюы, әдебиеттегі әртүрлі көркемдік- жанрлық терең түлеулер эстетикалық танымның жаңашылдығына бастады. Осы тұста прозаның кесек жанрлары, аударма , драматургия тосын жаңалық болумен бірге жедел даму үрдісін танытты.



Дәрісті бекіту сұрақтары:

1.20- ғасыр басындағы қазақ елінің жағдайы

2.20- ғасыр басындағы ақын- жазушылар

3.20- ғасыр басындағы ақын- жазушылардың көтерген тақырыптары

4.20- ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері

Тапсырма:

1.20- ғасыр басындағы қазақ әдебиеті туралы тың деректер қарастыру

2.Осы ғасырдың ақындарының өлеңдерінен үзінді жатқа айту

3. 20- ғасырда көтерілген мәселелер жайлы жазушылардың туындыларын оқу
Әдебиеттер:

1.«Бес ғасыр жырлайды»1989 1-том,

2. «Қазақ әдебиетінің тарихы» ҚР-ның Президенті бастамасымен шығарылған. А-2006

3.Әуезов.М Әдебиет тарихы А-91

4.Әбдиманұлы XXғ қазақ әдебиеті А-67

5. Мағауин М Ғасырлар бедері А-91

6 .Мәдібай К Зар заман ағымы А-97

7. Исмаилов Е Ақындар А-56

8. XXғ қазақ поэзиясы А-1985

9. XXғ қазақ ақындары А-1988

10. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991.
Нұржан Наушабайұлы (1859-1919).

Мақсаты: Нұржан Наушабайұлы шығармашылығымен танысу,оқу

Тірек сөздер:жақсылық,жамандық,Назым,жұмбақ айтыс,

Шығармашылық өмірбаян. Өзі өмір сүрген заман жайындағы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділсіздік, байлық пен кедейлік жөніндегі жазуы. Жастарға бағыт бағдар беру, ғибрат айту ыңғайындағы ойларының айқындығы. Өлеңдерінде ел ішіндегі келеңсіздіктерді сынау. «Заман азды» деген ой білдіруі. Бірқатар «Назымдарының» көркемдік деңгейінің биіктігі. Араб, парсы, шағатай тілдерінің әсерінде жазылуы. Үш кітап шығарғаны. Сапарғалимен жұмбақ айтысының мәні мен ерекшеліктері. Жаңа ұғымдарды пайдаланғаны. Ауыз әдебиеті дәстүрін ұстағаны. Адамның жаратылуы, қазақтың шығу жайындағы пікірлер. Жалпы өмір құбылыстарына деген көзқарас, түсінігіндегі ерекшеліктері. Тақырыбы: Шәді Жәңгірұлы (1865-1933).



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет