5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті



бет2/10
Дата04.11.2016
өлшемі2,2 Mb.
#291
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Исатай мен Махамбеттің халықты көтеріліске бастауының себептері мен мақсаттары неде?

  2. Көтерілістің шешуші кезеңдеріндегі оқиғалар ақынның қай шығармаларында суреттеледі?

  3. Махамбеттің іс-әрекеттері мен ой танымының көтеріліс басылғаннан соңғы бағыты қалай өрістеді?

  4. Исатай-Махамбет бастаған ұлт - азаттық күрес тарихы баяндалатын қандай зерттеу еңбектері бар?


Әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер: 23, 24, 25. Қосымша әдебиеттер: 6, 7, 8

Тапсырма:1.Махамбет өлеңдерін көркемдік ерекшелігіне талдаңыз.

2. «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны»өлеңінің шығу тарихын,композициялық ерекшелігін жазыңыз.



ДӘРІС 3. Зар заман ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет 1927жылы М. Әуезов енгізген термин, зар заман кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. Әуезов Зар заман ақындары дәуірін Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен аяқтайды. Зар заман ақындары тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Зар заман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді.

Ресей империясы отарлаушыларының озбырлығы мен сұрқия саясаты Зар заман ақындарының өлең-жырларында жан-жақты суреттеледі. Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, діннен аулақтату сықылды империялық пиғылдың жүзеге асуына қарсыласу қозғалысы Зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді. Бұрынғы жыраулар поэзиясымен үндесіп жататын өршіл рух, әсіресе, Мұрат Мөңкеұлының жырларынан айқын байқалады. Зар заман ақындары шығармаларындағы ұлттық болмысты, қазақы қадыр-қасиетті сақтап қалуға үндеген ой-пікірлер жанайқаймен, шарасыздықпен, соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай бодандықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің өршіл үні айқын аңғарылады. Зар заман ақындарының шығармаларында сары уайымға салыну, қайғы-мұңға берілу сарыны да байқалады. Бұл кезең ақындары келер күннен үміт жоқтығына налиды, тығырықтан шығатын жол таппай қиналады. Олар елдің басына түскен нәубетті ақырзаманның келгені деп ұғады. Бұл жердегі ақырзаман – ғаламдық апат, жарық дүниедегі көзге ілінген нәрсенің тып-типыл болуы турасындағы емес, отаршылдықтың шеңгеліне мықтап түскен ұлттың күйреуі сипатындағы ақырзаман. Халықты қан қақсатқан зобалаңның себебін Зар заман ақындарының бірі адам қолымен жасалған зұлымдықтан, екіншілері діннің бұзылғандығынан деп топшылайды. Әсіресе, Шортанбай ақын шарасыздықтан дінді таяныш қылады.



Шортанбай Қанайұлының әдеби туындылары

Дәрістің мақсаты: ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен мәлімет беру. Өмірі және туындыларымен танысу.

Дәрістің жоспары:

  1. Өмірі жайлы мәлімет

  2. Мұрасының жариялануы, зерттелуі.

  3. Шығармашылық тұлғасының қалыптасу кезеңдері.

Тірек сөздер: ақын, толғау, мұсылмандық, айтыс.

Шортанбай Қанайұлы (1818 ж, қазіргі Жамбыл обылысы Қаратау өңірі –1881ж, қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы) ақын, діни қайраткер. Ол Түркістан жерінде Қаратауды жайлаған шаруа Қанайдың отбасында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алмаған. Бұрыннан қазақ халқының қасиетті астанасы есепті Түркістан қаласы, оның сол тұстағы шартарапқа жайылған даңқы жас талапқа әсерсіз болмаған.

Қиялына қанат бітіріп, өнер-білім биігіне талпыған алғашқы тәлім-тәрбие ұясындай ізгі әсер еткен, парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Көзі ашық, сауатты, білімге құштар жасқа үлгі-өнер боларлық ойлы орта, тәлімге -ұстаздар да кезіксе керек-ті.

Көкірегі ояу, көркемдікке әуес сезімтал жас естіген есті сөздерін құлағына құйып, көрген ғажайыптарың ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.

Жас талап тұстастарының бірі аллатағала әмірімен, діни түсіністіктермен байланыстырса, екіншісі Яссауи қалдырған парасат сөздерін тақпақтап, ауызға-өсиетке негізделген «Диуани Хикметтен» үзінділер келтіріп, көкейге ой салар сырлы сөзжинағын ауызға алар еді. Жалғыз ғана емес, одан бергі Түркістандық өнерпаздар.

Мұсылмандық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарақаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға тура келеді.

Одан кейін Аюлы-Ақсу бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағанан шағын мешіт салдырып, медресе ашады. Өле-өлгенше осы биді төңіректеп, өмір кешеді. Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына кезігеді.

Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашып, діни жұмыс атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Тіршіліктің талабы, өмірдің рухани азығы, дүниенің қызығы оны тәубасынан жаңылдырады. Қызойнақ пен Алтыбақан кештеріне бірден барып, жастарға араласып кеткісі-ақ келеді. Амалын тапса, екеуін де қолданып, өзі де елден шеттемей, жастарға да, үлкендерге де үйір боп, солардың ортасында өмір сүру, мүмкін болғанынша сезімге бой алдырмай, ақыл мен парасатқа жүгіну қажет. Осылайша ой түйген Шортанбай өзін еркін ұстайды.

Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққа жетелейді. Елдегі әр қилы дәстүрлі той, жиын, келін түсіру, қыз ұзату салттарына байланысты думандарға еліктемеу мүмкін емес.

Ел толған төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Біраздан кейін өзін-өзі билей алмай, бойын кернеген ақындық өнердің аузын қалай ашып жібергенін өзі де сезбей қалады.

Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын деп атап кетеді. Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, - дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.

Еліне ақын боп танылған Шортанбайдың өнерлік жолына шолар болсақ, онда да өзіндік сыр жоқ емес. Қазақта бұрын-соңды, не көп десе, ақын көп деп жауап берілер еді. Бұл жауаптың екі мағынасы бар. Ақынның көптігі, ең алдымен, халықтың талантқа бай екенін көрсетеді. Екіншіден не нәрсе көп болса, онда құнсыздық та орын алып, яғни, ақын емес, елде ақындыққа жақындар да көбейер еді. Кез келген ұйқас сөз өлең емес, өлең ол Абайша айтқанда, "сөз сарасы" немесе "өлең сөздің патшасы".

Ал оны жасаушы "Ер данасы" - шын мәніндегі ақын. Ойын-сауықта екінің бірі елдің алты аузын айта алады. Бірақ ол нағыз ақын ба, жоқ, ол сөзге әуестердің бір ғана.

Ол ХІХғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын. Шортанбай белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің “Зар заман”, “Бала зары”, “Тар заман”, “Опасыз жалған”, т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Шортанбай өзіне дейінгі Бұқар, Тәтіқара, Ақтамберді жыраулар мен Шал ақынның мол мұраларымен жақсы таныс болған.

Шортанбай -өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей – кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Жан-жақты талан- таражға душар боп жатқан туған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген білгір жазушы. Кеңес заманында толғаулары мен айтыстары С.Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқаларында» (1931), С.Мұқанов,К.Бекхожин құрастырған «қазақ әдебиетінің хрестоматиясында» (1942), «Айтыс» (1965) жинағында жарияланды. Ш-дың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары, Бәйіш атты қызы болған. Шортанбай шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегінде кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға ақынның "Тар заман", "Опасыз жалған", "Байды құдай атқаны", "Атамыз Адам пайғамбар", "Өсиет – насихат сөздер", "Айттым сәлем", "Асан қожаға" т.б. енген.

Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топта, т.б. Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатарлар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді. Оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегі қайғы қасіреттің де шынайы суреті жасалады.

Халық қайғысының қалыңдауына негізгі себеп – отаршыл патша өкіметінің озбыр саясаты және оны жүргізіп жатқан жергілікті әкімдер. Генерал, майор, князь, тілмәш, дуанбасы, оның соты, әскері, түрмесі, т.б.

Бұлар елді еркіндіктен айырған, дәулетін судай шашқан аждаһа іспетті. Халық қайғысының негізгі себепкерін "Жалмауыз болды ұлығың", - деп әкімдерден көреді.

Заман қайтып оңалсын,

Адам қайтып қуансын.

Жанарал болды ұлығың,

Майыр болды сыпайы.

Айрылмайтын дерт болды,

Кедейге қылғап зорлығың,

Князьді көрдің піріндей,

Тілмәшті көрдің биіңдей.

Дуанды көрдің үйіндей,

Абақты тұр алдында,

Қазылып қойған көріндей.

ХІХ ғасырдың көптеген ақындары қазақтың тәуелділікке душар боп, қоныс қысымына ұшырағанын күйіне жырлады. Қолынан шығып кеткен мекендеріне іштері қазандай қайнап, жоқтау айтып, зар жылады. Патшалықтың ең ілкі тырнағына ілінген Сарыарқа, Еділ, Жайық, Есіл жер суларының шұрайлы бойларынан айрылу шымбайына қатты батты. Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш –түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді.

Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екіталай. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет жасап, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішіндегі әр түрлі жетесіздіктерге, талан-таражға, алуасыздыққа, берекесіздікке, ойсыз опасыздыққа қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, мініп түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды. Оны ақын жақсы түсінді. Отаршылар мен оның қазақ жеріндегі сыбайластары билеген заманды ол халық басына түскен ақырзаман, елдің береке-бірлігін кетірген тар заман, жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар заман деп өзінше қорытты.

Бұл заманның енді бір кесапаты ол халықты өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған кәсібінен, тіршілік қамынан, үйреншікті, сүйегіне сіңген әдет-ғұрпынан, наным-сенімнен, иманнан, дағдылы ел билеу салтынан айырды.

Осылайша халықтың ұлттық тұрпаты, елдік сипаты бұзылды. Адамы, азаматы, оларды мінез-құлқы, іс-әрекеті өзгерді. Олар тәуелсіздігінен айрылды. Құлдық тәуелсіздік қамытын киді. Өзіндік дербестігі жойылды. Міне, осының бәрі ақынның зарлы-шерлі толғаулары арқылы сыртқа шықты. Ол халықтың мұңы боп қалыптысты.

Шортанбай шығармаларының негізгі арқауы деп, оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Адамгершілік ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің зор мақсаты санағандықтан болса керек. Ақын әр тұста терең толғап, өрнекті де өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады.

ақынның қоштасу сөздері, өсиеттері мәнсіз емес. Елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салихалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді.

Әрбір адамға үлгі боларлық нақылдар тізбектеліп, өзінің өмір тәжірибесін жинақтайды. Тойымсыздыққа, опасыздыққа қарсы күресуге, қанағат, рақым сияқты адал жан айналысар істерге меңзейді.

Ақын адамның мінезіне ерекше көңіл бөледі, жақсы адам өз мінезіне қарауыл қойып, жауап беріп отыру керек дейді. Бұл мәселеде кейде ол Абайдың "мінезді түзелмейді дегеннің тілін кесер едім" дегеніне қосылмайтын сияқты.

Адам санаулы өмір жолын есепсіз, мәнсіз өткізіп алмай, нәтижелі, нәрлі, пайдалы өткізуі абзал. Керексіз, өнімсіз іспен шұғылданбай, еліне, халқына, өзіне, жақын-жуығына керекті тиімді әрекеттер істей білуге дағдыланғаны жөн деп термелейді.

Жамандық пен жақсылық, адамдық пен арамдық арасын ажырата білуге, достық пен қастық, шындық пен жалғанды айырып, бірін жақтап, екіншісіне қарсы тұруға шақырады.

Талапты жас, ең алдымен оқуға әуес болуы керек. Өнер, білім тек оқумен келеді. Тәлім-тәрбие алған жас ойлы, өнерлі боп өседі. Арамдыққа, зұлымдыққа бармайды. Олар құдай жолына да, адам үшін де аянбай еңбек етуге тиіс. Дүние, өмір қызығына алданбай, қиындыққа төзіп, ізденуді қолдайды.

Жылы үй, сәнді киім, мұқтажсыз өмір жастарды бейқам өсіреді. Асылы, болам деген жас еңбекке, өнерге әуестеніп, аң аулап, құс салып, кәсіппен айналысуы керек.

Шындығында да ақын туындылары әсерлі, мәңгі жасарлық мәнді. Көп жылдар өтсе де жырау сөздері өзінің құнын жоймай, халық мақсатына қызмет етіп келеді. Әсіресе, адамгершілік ақыл, өнегелі өсиет сөздері, шебер де шешен тұжырымдары құнды. Басына қайғылы, ауыр күн туған азамат, ел-жұрт Шортанбай толғауларынан өз ойына үндес сөз табады. Оның өлең жолдарын жиі қайталайды. Күйзелген жанына жай тауып, көкірегін кергеген қасіреттерді жеңілдетіп, рухани күш табады. Шортанбай сөздерін тек қасіретті адамдар үшін пайдалы туынды деп біржақты түсінікке жетелеуден аулақпыз. Керісінше, оның шығармалары – алуан салалы, өміршең, адамның бойына жігер, қуат құярлық оптимизмге де толы, оқушысын өз ырқына бірден көндіріп, ілестіріп кетерлік логикасы мықты туындылар. Сондықтан да әрбір дәуір ол туралы әр түрлі пікірлер айтып, кейде айтыстар туғызып келеді.

Шортанбай туралы осы соңғы жылдарға дейін етек алып келген кереғар пікірлердің орын алу негізі де оның талғамының күрделілігі, күштілігі демекпіз. Шортанбай – бір топтың не бір таптың ақыны емес. Ол жалпыға ортақ өз елінің, халқының жырауы. Сонысымен де құнды.

Шортанбай шығармаларын бастан-аяқ дидактикалық сарында келеді деуге болмайды. Ірі талант иесі, ұлы жырауға тән ақынның өзіндік көркемдік стилі қалыптасқан. Ақын айтар ойын жай баяндай сала бермейді.

Әр тұста ақылға бай, ойлы сөздер ұшқыр да өткір тілмен өрнектеліп, көркем бейнеленіп, өрелі туынды боп шығады. Ақындық шалқар шабыт пен төгілген сөз нөсерлері қазіргі оқушыларына да әсер естіледі.

Ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды мен Жезқазған облыстарына қарасты Шет ауданы жерінде қайтыс болды. Ол -өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен. Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді. Қалықтаған сұңқар ем, Қанатым сынды ұша алмай, Қиындап қуға түсе алмай, - деген ақынның өз сөзіне назар салайықшы. Асылы, "қияға қанат қағар сұңқар едім" - деп бекерге айтпайды.

Шортанбай толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы “Келер заман сипаты” атты шығармасы. Онда халқының болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді. Шортанбай сонымен қатар айтыс ақыны ретінде Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сайысқа түскен. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өне бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығын, тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, алдын орап кететін сезімталдығын танытады. Шортанбай өз шығармаларында заманның кескін-келбетін дәл басып, нақты көрінісін жасаған шыншыл ақын ретінде танылды да, өзінің болмыс-бітіміндегі көріпкелдік қасиетінің арқасында бұлыңғыр болашақты айна қатесіз болжай білген әулиелік қасиетімен ерекшеленді, өлеңдерінің ою-өрнегін қиюластыра білген, мазмұн мен маңызды ұштастыра білген шебер ақын болды. Шортанбай мұраларын алғаш зерттеушілердің бірі М.Әуезов Шортанбаймен қатарлас өмір сүрген ақындар шығарм-н тұтастай алғанда Шортанбай мұрасына сай “Зар заман ақындары” деп саралады. Шортанбай мұраларын зерттеу ісінде С.Мұқанов, І.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Нұртазин, М.Мағауин, С.Қирабаев, Ы.Дүйсенбаев, Ғ.Мұсабаевтар көп еңбек сіңірді.

Дәрісті бекіту сұрақтары:


  1. Шортанбай Қанайұлы туған жерінен қоныс аудару себебі.

  2. Отарлау саясаты кезіндегі өлеңдері

  3. Адамгершілік тақырыбындағы толғаулары

Әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер: 5, 7, 11. Қосымша әдебиеттер: 4, 6, 7.

Тапсырма:Шортанбай қай ағымның ақыны?Дәлелдеңіз М.О.Әуезов пікірі

2.Шортанбай кімдермен айтысқан жауап жазыңыз

МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ ТУЫНДЫЛАРЫ

Мақсаты: Зар заман ақындарының бірі Мұрат Мөңкеұлының өмірімен танстыру. Шығармаларын оқыту арқылы ақынның жаңа қырларын ашу. Мұраттың шығармалары арқылы сезіміне әсер ету, рухын ояту.

Тірек сөздер: Ақын, жазушы, айтыскер ақын, жыршы ақын.

Дәрістің жоспары:


  1. Мұрат Мөңкеұлының әдеби туындылары.

  2. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларының зерттелуі.

  3. Мұрат толғаулары "Үш қиян", "Қарасай-Қази", "Қазтуған"

  4. Мұраттың айтыс өнері

  5. Мұрат жайында айтылған жазушылар пікірі

Кеңес кезінде “зар заман” ақындарының ішінде жеткіліксіз зерттеген ақындардың бірі – Мұрат Мөңкеұлы. Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы Атырау облысы, Қызыл қоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген.Мұраттың әкесі Мөңке кедей шаруа болған деп жазылады кейбір деректерде. Мұраттың жалғыз інісі болған, аты Матай. Мұрат өмірі көп зерттелмеген бірақ аз да болса өз үлестерін қосқан адамдар да бар олар: Х Сүйіншалиев, Ы Дүйсенбаев, С Мұқанов, Қ Жұмалиев.1940-50 жылдар арасында жарық көрген мектеп оқулықтарында енгізіліп жүрген Мұрат ақын 1947 жылғы атышулы қаулыдан кейін зерттеу объектісінен мүлде түсіп қалды десе де болады. Тіпті 1959 жылғы конференцияда Мұрат туралы арнайы баяндама болған жоқ. Осы конференцияның ұсыныстарында Мұраттың шығармашылығын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын, ал жоғары оқу орындарында әдебиеттің қайшылықта дамығанын көрсету үшін ғана аталсын деп айтылды. Соның салдарынан Мұрат Мөңкеұлы 6 кітаптан тұратын әдебиет тарихынан да орын таба алмады. Оның шығармалары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1962 жылы шығарған “XVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағына” да енбеді.
Тек жинақтың “Кіріспесіндегі” шолуға Ы.Дүйсенбаев ақынның атын атап, оған бірнеше жол арнайды, және оған берген мінездемесі 1959 жылғы конференцияда айтылған бағамен үндес. Осы бір “әттегенайын” түзейін деген болу керек, Ысқақ Тәкімұлы Мұрат ақынның төрт шығармасын өзі құрастырып, алғы сөзін жазған “Үш ғасыр жырлайды” деген жинаққа енгізген Алайда, алғы сөзінде Мұратқа берген ескі бағасын қайталайды, бірақ шығармаларының алдында берген қысқаша мәліметінде былай деп жазады: “Мұрат жас кезінен жиын тойға үнемі араласып, өлең айтуға машықтана бастайды, ел ішінде: “шешен, тапқыр бала" атанып жүреді. Көп ұзамай ол айтысқа да түседі. Мұрат айтыстың асқан шебері болумен қатар үлкен эпик ақын. Оның шығармаларындағы қайшылықтары мен қателіктеріне байланысты дарынды ақынның творчествосы соңғы кезде жөнді бағаланбай келді».

Міне, өзі көрсеткен осы олқылықты Ы.Дүйсенбаев өзінің докторлық диссертациясында, кейінірек шыққан “Ғасырлар сыры” кітабында біршама толтырды десек болады.Еңбегінің 20 бетін түгелімен Мұрат ақынға арнап, Ысқақ Тәкімұлы оның шығармашылығын тұңғыш рет мол қамтып, кең түрде, жан-жақты талдаған. Ең әуелі ғалым ақынның ғұмыры жөнінде бірсыпыра жаңа деректер келтіреді, оның ақын ретінде қалыптасқан ортасын көрсетеді, жекелеген адамдар туралы баян етеді. Сөйтіп, Ысқақ Тәкімұлы ақынның жастай өлеңге үйір, тапқырлығы мен өскен ортасын, көзқарас-танымының қалыптасу, кемелдену кезеңдерін сөз етеді. Артына елеулі әлеуметтік мәні зор мұра қалдырған ірі тұлғаның екі түрлі мәселеге орай кейінгі кезге дейін орынсыз ауызға алынбай, зерттелмей келгенін айтады.Зерттеушінің пікірінше, оның біріншісі -патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюі әсерінен кейбір шығармаларындағы жалпы орысқа деген қарсылығы болса, екіншісі- ірі туындыларының дені әйгілі Едіге ұрпақтарына байланысты болуы – делінеді. Ы.Дүйсенбаев Едіге туралы теріс түсінік тарихшылардың жаңсақ бағасынан екенін айта келіп, былайша тұжырым жасайды: “Соның өзінде ақынға көзқарасың теріс екен деп, оны үзілді-кесілді тарихтан шығарып тастауға болмайды, оның үстіне Мұрат ақынды жан түңілерлік құбыжық, тұрған бойымен қап-қара, бастан-аяқ кертартпа деп қараудың өзі шындықтан мүлде алшақ жатыр.


Сонан соң, орыс халқы мен қазақ халқының ежелден келе жатқан достық қарым-қатынасын сөз еткенде, біз әдетте тарихшылардың осы мәселе жөнінде қалыптасып үлгірген сыңар жақ, кейде қате тұжырымдарына еріп кетемі Өзіміз тексеріп, зерттеп отырған дәуірдің ерекшеліктерін яғни ондағы қайшылықтар мен игі нышандарды тереңірек тануға, дұрысырақ ұғынуға үнемі бара бермейміз ал, мұның ақыры неге апарып соғатыны айтпаса да белгілі Ал, енді Едігеге келсек, ақиқатта тіпті басқаша, құр Едіге деген аты болмаса, қазақ жырында мүлде бір өзге жанның бейнесі беріледі емес пе? Қалай болғанда, қазақ фольклорының ең бір бай саласынан Едіге мен оның ұрпақтарына бола безіп, мансұқ ету, зерттемей тастау дұрыс па? Ендеше, осы тақырыпты азды-көпті қамтитын Мұрат ақынның шығармаларындағы қайшылықтар мен кемшіліктерді әділ көрсете отырып, оларға ғылыми талдау жасауымыз қажет, онсыз ақынның творчествосына толық баға беру өте қиын”.Осылайша өзіндік бағыт ұстанған зерттеуші Мұрат ақынның өлең, толғауларына, атап айтсақ, “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази” поэмалары мен “Байұлы Байбақты Ғұмар Қазыұлына Мұрат ақынның айтқаны” секілді өлеңдеріне, әр кездегі айтыстарына тоқталады. Мұрат ақынның шығармаларын Ысқақ Дүйсенбаев тұңғыш рет жүйелеп, үш салаға бөліп қарастырады. Біріншісі - ақынның өлеңдері мен толғаулары, екіншісі - дастандары (“Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази”), үшіншісі - ақынның айтыстары. Біз де зерттеушінің ізімен жүруді жөн көрдік. Өлең, жырлары онша көп емес, бар болғаны 15 шақты ғана жыр, соған қарағанда, қысқа өлеңдері бізге түгел жете қоймаған тәрізді. Ақын Қаражанға, Есентемір, Тұрабай, Есенғалиға арнаған өлеңдерінде (Қазиға, Бегалыға арнауларында) оларды жер-көкке сыйғызбай мақтаса, қалған өлеңдерінде болыстықпен кеудесіне нан піскендерді сын садағына алады,- дей келе, зерттеуші бұған Қашқыншы Қаражан Құлбас баласын мақташы дегенде айтқан ақын сынын айқын дәлелге келтіреді. Мұрат тек Құлбас баласы Қаражанды ғана емес, болыс болып елді жеген, ел-жұртқа сонысымен ылаң салған кісілерді аяусыз сынап, кесірлі-кесапат мінезділерді тезге салып жөндеуді көздейді. Ақынның әлеуметтік өмір туралы, сондағы адамдар қарым-қатынасы, өткен даналар мен бүгінгі жастардың бірлік-байланысы, әсіресе, ер жігіттің халық алдындағы міндет-борышы мен ең ақыры, ақындық өнер жайындағы ой-толғаныстары да аса елеулі. Ақын өткен өмірге қарағанда, бұрынғы даналардың халық қамы үшін еткен іс-әрекеттерін кейінгілерге үлгі ете сөйлеп:

Дүниенің төрт бұрышын,

Қорқыт атаң шайқады.

Ажалға айла таба алмай,

Қайта айналып келді деп,

Бұрынғылар айтады.

Заманның болар тәрізін.

Асан қайғы әулие,

Көзі көрмей байқады,

Қанша дәулет бітсе де,

Басыңнан аумас бақытың.

Алпыс күн асқан дария ,

Алты күнде қайтады –

деп дүниенің баянсыздығына орай айтқан ақын ойының байыптылығына көңіл аударады. Мұраттың сөз өнерінің сұлу сиқырлығы мен әсемдігін көркем бейнелеген мына бір жыры да жоғарыдағы пікірімізге дәлел болғандай:


Жылы қылып сөйлейін,
Ақ теңгенің мөріндей.
Шалқақтатып сөйлейін,
Айдынның шалқар көліндей.
Асыл қылып сөйлейін,
Базардың алтын беріндей
Жабыстырып сөйлейін,
Тұтқыр сары желімдей.
Сұлу қылып сөйлейін,
Қос жорғаны мініп ап,
Түскен жаңа келіндей !

"Үш қиян” толғау-дастанында акын "Үш қиян” деп — үш өзен салаларын айтады. Олар: Батыс Қазақстан өлкесі, Атырау аңғары, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өзендерінің айналасы. Олардьщ отаршылдардьщ колында кеткені, елдің өрісінен айырылып торыққаны жырланады. Соның салдарынан "заман” бүзылды: ақшалыньщ күні туды, пара-пәле көбейді, арамзалар болыс болып, ел биледі, ағайындық пен татулыққа жік түсті, ел ішін жылпостар жайлады, Дәулеттіден бақ тайды деп күңіренеді:

Заманы қайтіп түзелсін, Ақшасына сүйеніп,

Қоңсыдан туған би болды... Айтқан сөзі пұл болды,

Акылсыздың баласы Заманың мұндай сұм болды.

Заманның болашағы — жастар. Акын сол жастарды заман бұза ма деп те кауіп ойлайды.

Ақ борықтай иілген, Ащы суға тойдырып,

Кейінгі туған баланың Бұза ма деп іреңін.

Ұстай ма деп білегін, Адыра қалғыр заманың

Шая ма деп жүрегін... Мен жаратпаймьн сүреңін.

Тәуелсіздігінен, жерінен айырылған казақ кайда бармақ? Мұрат осыны ойлап түңғиық ойға батады. Баяғы заманның Асан қайғы, Қазтуған, Орақ, Телағыс сынды ірі тұлғалар өскен жерден айырылған ендігі ұрпақ қайтпек?

Еділдің бойы — қанды қиян,

Жайықтың бойы — майлы қиян,

Маңғыстаудын бойы — шаңды қиян,

Адыра қалғыр Ү ш қиян!..

Жеті жұрттың кеткен жер,

Қайырсыз болған неткен жер?

Адыра қалрыр, көк Жайық,

Көпір салып өткен жер.

Асан қайғы, Қазтуған,

Орақ, Мамай, Телағыс,

Шоралар шұбап кеткен жер!

"Үш қиян” — тілі көркем толғау. Онда бейнелі сөздер, әсерлі суреттер мол. Теңеу, эпитеттердің шебер қолданыстары көптеп кездеседі.

Емендей белін бүгілтіп,

Жібектей жалын төгілтіп.

Еріні төмен салпиған,

Құйрығы гүлдей малынған.

Күдері бел, күшнек сан,

Бедеу атқа мінген жер.

Мұрат шығармаларының екінші саласына жататын шоқтығы биік – “Үш қиян” дастаны. Мұнда оның ел тағдырына байланысты көкейтесті ойлары: халықтың тұрмыс-тіршілігі, өкініші мен күдігі, арманы мен үміті, жұрт бақыты мен ертеңі, жер, қоныс туралы толғаныстары үлкен күңіреніспен сипатталады. Ақын пайымдауынша, ел болашағы барынша бұлдыр, мұнартқан сағым секілді болып көрінеді, сол себепті ол өткенді ойлап, соның қаймағы бұзылмай қайта оралуын көксейді. Бұл жырлар Шортанбай, Дулат шығармаларымен терең үндесіп өзара астасып отырады. Дәл осы сарынды Мұраттың “Сарыарқа” туындысына да тән деген жөн. Мұнда да “Үш қияндағы” секілді Ресей империясының қанау-тонау саясаты туралы ой ашып айтылады.

"Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойындағысы болғаны",

Бұлардан басқа Мұрат ақынның мұраларында "Қазтуған" "Шәлгез" "Қарасай-Қази" бірнеше толғау-термелері бар. "Қазтуған”, "Қарасай—Қази”, "Шәлгез” жырларында ноғайлы жұртының аңыздарын баян етеді.

”Қазтуған” толғауының басты кейіпкері — XV ғасырда өмір сүрген, әрі батыр, әрі шешен жырау, Еділ мен Жайык алқабын жайлаған Сүйінішұлы Қазтуған. Оқиға Қазтуған аузымен монолог ретінде баяндалады.

Елдің Еділ-Жайық аралығындағы шұрайлы жерлерінен айырылған күнін толғайды:

Еділді алса, елді алар,

Енді алмаған нең калар,

Жайықты алса, жанды алар,

Жанды алған соң нең қалар?..

"Қарасай — Қази” жыры — Мұрат шығармаларының ең көлемдісі, оны нағыз эпостық поэма деуге болады. Жырдың сюжеті — тартымды, ширак, жинақы құрылған. Ноғай-қазақтың батыры Орақ екіжүзді, күншіл ағайындардың арамза істерінен қапияда қаза табады. Жырда батырдың қазасы ел-жұртына ауыр тигені — оның досы Ақмырзаның, шешесі Көрібоздың, қария Қараүлектің жоқтаулары арқылы үлкен психологиялык тебіреніспен беріледі. Әкеден айырылып жетім калған екі жас Қарасай мен Қази толғаныстары сай-сүйекті сыркыратады.

Жырдағы бөлекше әсер калдыратын бейне — Қарасай мен Қазидың анасы. Ол — қос батыр ұлан өсірген асыл ана, мейірімді де адал жар. Батырлар жырындағыдай "көркіне ақылы сай” әйел деп суреттелмейді, оның аяғы аксақ, көзі сокыр. Жырда бұл кемдікке саналмайды. Орақтың сүйкімді жары ерін қалай сүйсе, елін де солай адал сүйеді.

Ол батырға сай — жар, әрі ана ретінде көрінеді:

Қарсыласқан дұшпанды Қабыландай соғып жер еді.

Маңдайы күндей балқыған,

Көзі судай толқыган,

Иісі запырандай аңқыған,

Бір патшадай неме еді,

Өтіп кетті демесең,

Қай батырдан кем еді?.. —

деп, жары Орақ батырды аса жоғары бағалайды.

Ақынның көлемді де көркем шығармасы -“Қарасай-Қази” дастанында күрделі де шытырман оқиға жоқ, өзімізде бұрыннан бар батырлар жырындағы тәсілдер; диалогтың молдығы, аттың адамша сөйлеуі, түс көру, аян беру секілді жәйттар кеңінен қолданылады. Жыр арасында батырлар жырында жиі кездесетін қара сөзді пайдалануға да орын берілген. Жырдың қысқаша фабуласы: Мұса бидің Мамайы мен Орағы бірі би, бірі батыр болып елді билесе, қалған 28 ұлының бір тобы бұларды күндейді. Орақтың есігінің алдына өзінің алмас қылышын құрып қойып, жылқыны дүсірлетіп қуып, “жау келді, Орақ, шық” деп айқайлайды. Орақ есіктегі қылышқа түсіп қалып, жараланып қайтыс болады. Оның шешесі Қараүлек, әйелі, Қарасай, Қази деген екі баласы артында қалып, батыр болып жетіледі. Он жеті жастағы Қарасай мен он бестегі Қазидың өсіп ер жетуін негізгі оқиға етіп жырласа да, Орақтың ерлігі, Қарабатыр, Тілеке, Алшы, Смайыл, Тобаяқтардың зұлымдықтары диалог арқылы ашылып отырады. Әсіресе, Орақтың елі үшін жасаған сансыз ерлік істері досы Ақмырзаның, шешесі Қараүлектің сөздері, әйелінің жоқтауынан айқын көрініс тапқан. Ал, Орақтың өлуіне себеп болған бақастар тобы өз айыптарын өздері мойындап, “ақырында күндей, күндей жоғалттық” деуге мәжбүр болады. Ел шетіне жау келгенде, баяғы “бес батыр” қарсы аттанады да, Қарасай жорыққа бармай қалады. Қарасай шешесінің сөзінен кейін әкесінің асын беріп, өзіне лайық ат іздейді. Қарындасы Қибатты Ноғайлының қарт батыры Көкшеге бермекші болып, оның Көкбұйра атын мініп жауға аттанады. Қырық күн бұрын кеткен әскерді қуып жетеді. Жау қарасынан қорқып Қарабатыр, Тілекелер кейін қайтып, Қарасай мен Естерекұлы Ер Тарғын ғана қалады, кейін Қази келіп қосылады. Үш батыр жауды жеңіп, еліне оралады. Мұнда үш батырдың қажыр-қайраты, шексіз ерлігі әсем суреттеліп, Қарабатыр тобының пасық-зұлымдығы, опасыздығы шебер сипатталады.

Зерттеуші Мұраттың айтыстағы шеберлігі мен тапқырлығын оның бес айтысын талдау арқылы көрсете алған. Жылқышы, Бала Ораз, Кете Жаскелең ақындармен және әйел ақындар Жантолы, Тыныштықпен айтыстарының көбінде рулық сипат орын алса да, Мұраттың айтыста төселген алғырлығы, сөз өрнегін келістіре білетін шешендігі зерттеуші тарапынан жоғары бағаланады. Мұрат бала кезінен атыс өнеріңде көрінген болатын. Мұратың ең алғашқы айтысы Жылқышымен айтысы болатын. Және ол осы айтыста жеңіске жеткен болатын. Мұратты айтыс өнеріне дайыдаған Есет Қараұлы болатын. Мұраттың бұл жолда еңбегі зор. Мұарттың Жылқышымен айтысар алдында осы Есеттен барып бата алады. Есет ақын Мұратқа шежірелер жататып айтысқа өзі дайындайды. Ал сондай айтыстардың бірі 1863 жылы Бала Оразбен айтысы. Ы.Дүйсенбаев өз ой-пікірлерін қорыта отырып, мынадай тұжырым ұсынады: “Әдетте Мұрат шығармаларына баға бергенде, отаршылыққа қарсы реакция ретінде туған оның ащы сөздерінің парқына бармай бұлары жалпы орыс атаулыға айтылған наразылық деп танып келдік. Сонда Мұрат ақынды бастан-ақ ескішіл, әдебиетіміздің қорына қосқан ешбір үлесі жоқ деп кесіп айта аламыз ба? Ақынның ізгі ізденістері, туған халқының тағдыры туралы толғаныстары мен өмір шындығы екі арасындағы қабыспас қайшылықтардың себептерін неге ашпаймыз? Қайткен күнде де “кертартпа” деген ұғымды тым тар көлемде қарамай, бір жағы замана қайшылықтары ескерілсе. Қай ақынның болсын творчествосындағы барлық ерекшеліктерді түгелдей қамтып барып, терең топшылау, әділ қорытынды жасаған дұрыс”.Бұл – шын мәнісінде әділ баға еді, себебі қашан да, қай ақын болса да әдебиетімізге қосқан өзіндік үлесімен,тың жаңалығымен өлшенсе керек. Мұрат Мөңкеұлы шығармалары халық аузынан, Ғылым академиясының қолжазба қорынан жинақталып, халыққа танылуына, оның шығармашылығының ғылыми айналымға түскеніне көп уақыт өткен жоқ. Қазір ол республика халқына танылды. Совет үкіметі кезінде кертартпа ақын деп, шығармалары баспа орындарында жарияланбай, халық санасынан аластатылса, қазір оқу орындарының бағдарламаларына енгізіліп, толғаулары мен дастандары әртүрлі жинақтарда жариялануда. Мұратты қаншама халыққа танылды дегенмен, Абай мен Махамбеттей, Ақтамберді мен Бұқардай мол орнығып, санаға сіңе қойған жоқ. Махамбет жырлары халыққа Мұрат арқылы мәңгілік ғұмырға ие болды. "Қырымның қырық батырын", Ноғайлы жырауларының толғауларын, көптеген батырлар жырларын Мұрын жыраудың Мұрат ақыннан үйренгендігі шындық. Қазақ елі ақынның я батырдың қай өлкеден екендігіне қарамастан, бәріне де ортақ болса, атақты ақындар да, батырлар да күллі қазақтың құрметтісі. Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткен. Мұрат Мөңкеұлы 17 жасында Жылқышы, 20 жасында бала Ораз, 25-інде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, жеңіп шыққан. Ол өзінің өжет мінезі, қағытпаға жүйріктігі, тапқырлығымен әрдайым жеңіске жеткен.

Мұрат Мөңкеұлының өзіндік ерекшелігі — заманның бұзылуы себептеріне терендей үңіліп шешімін табуы. Мұны М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: "Бұл да азған заманның белгісін айтьш келіп, заман неден бұзылғанына шешу айтады.

Шешуі: Заманды бұзған қазақтың өз қалауы.”



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет