5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті



бет3/10
Дата04.11.2016
өлшемі2,2 Mb.
#291
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Дәрісті бекіту сұрақтары:

1. Мұрат қай жылы дүниеге келді?

2. Мұраттың толғауларын ата?

3. Мұрат Бала Оразбен, Жылқышымен қай жасында айтысты?

4. Мұраттың ұстазы, үйретушілері кім?

5. Мұраттың Бала Оразбен айтысы?

6. Мұрат өлеңдерін зерттеген кімдер, қай өлеңдер зерттелді?

Әдебиеттер тізімі:

Негізгі әдебиеттер: 7, 12, 13, 15. Қосымша әдебиеттер: 2, 6 9.

Тапсырма 1. .Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай-Қази»дастанын талдау

2.Мұраттың айтыстарының ерекшеліктерін жазыңыз.
ДӘРІС 4.СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәріс мақсаты: Ақын Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұмат ала отырып, толғауларының тәрбиелік мәнін, әлеуметтік маңызын ашу.

Жоспар:

1. Сүйінбайдың өмір жолы, мұрасының жариялануы мен зерттелуі,.

2.Толғауларының тақырыптық – идеялық мазмұны.

3.Ел тарихы, ел қорғаған батырлар туралы толғаныстары.

4.Жақсы мен жаман адамның қасиеттері туралы өлеңі.

5.Кәрілік, жастық туралы өлеңдері.

6.Сүйінбайдың айтыстары.

Тірек сөздер: Айтыскер, ақын, шешен.

«Жетісу ақындарының алтын діңгегі».
М.Әуезов

ХIХ ғасырда Жетісу өлкесінің тарихында өзіндік өшпес із қалдырған белгілі қоғам қайраткері және өз елінің, жерінің қа­мын ойлаған ірі тұлғаның бірі – Сүйінбай Аронұлы. Өз заманында Сүйінбай Жетісу жұртына дарынды ақын, жыршы ретінде ғана белгілі болып қоймады, сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын және заң жоралғыларын жетік білетін қуатты би ретінде де танылды. Сүйінбай ауыл биі қызметіне 1871 жылдың қаңтар айында сайланып, содан 1895 жылғы жаңа сайлауға дейін сеніп тапсырылған осы лауазымды мүлтіксіз атқарып, жиырма үш жылға жуық ауыл биі болды.Бұл келтірілген мәліметтің нақтылығы мұрағат құжаттары арқылы анықталып отыр.


Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Қа­рақастек деген жерде (қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында) дүниеге келген. Оның әкесі Арон жастайынан өткірлігімен, мәмлегер шешендігімен ел аузына іліккен. Атасы Құсеп Жиенқұлұлы жауын­гер ақын, жыршы, күйші, қобызшы болған екен. Сондай-ақ, әкесі Аронның бауырлары Жаңбыршы мен Жаманақ та қазақ арасына жыршы, қобызшы, күйшілігімен белгілі болған. Атадан балаға жалғасқан ақындық, шешендік өнер Сүйінбайға дарыған. Аронның Жаманшал, Жұмық, Сүйінбай, Оспан және Қосуақ атты ұлдары болған. Осы ұлдарының ішінде аты шығып, танымал болғаны Сүйінбай еді.
Сүйінбай Аронұлы жөнінде «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» мынандай мәліметтер келтіріледі: «Тарихи деректерде Қоқан хандығы шапқыншылығының әсерінен жан-жаққа бытырай көшіп, қиын-қыстау­ күндерде (1840-1860) іргесі ыдыраған қазақ руларының басын біріктіруде Сүйінбай мен Сарыбай бидің ықпалы зор болғандығы айтылады. Осы тұста ақын халықты қоқандықтарға қарсы тұрып, тәуелсіздік үшін күресуге шақырды. Өтеген батыр, Саурық батыр, Сұраншы батыр, Жабай батыр, Қарасай батыр сияқты толғаулар шығарды. Аумалы-төкпелі қоғамда өмір сүргендіктен Сүйінбай сал-серіліктен гөрі қоғамдық-әлеуметтік істерге белсене араласқан. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрған «Алатау округі және Үлкен орда қазақтарының бастығы» атты нөмірі 3-ші қорда алғаш рет Сүйінбай Аронұлының есімі 1860 жылы кездеседі. Ол құжатта Сүйінбай­дың есімі Сарыбайдың атымен бірге аталады. Соған қарағанда әуелден Сүйінбай Сарыбайдың жақын серігі әрі айнымас досы болған. Сүйінбай Аронұлы патша өкіметінің Жетісу өлке­сіндегі Қоқан хандығына жасаған әскери жорықтарына белсене қатыспаса да, өңірдегі қоғамдық-саяси оқиғалар­дың бел ортасында жүрді.
Жетісу жұртына ақын және би ретінде аса танымал болған Сүйінбай Аронұлы 1898 жылы Қарақыстақ деген жерде 83 жасқа келген шағында дү­ниеден өтеді. Сүйінбай бидің сүйегі Қарақыстақ өзенінің шығыс жағындағы биік жотаға қойылған, қабіріне кесене тұрғызылған. Сүйінбай поэзиясы терең философиясымен, ой сұлулығымен, ақын тіліндегі соны поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленді. М.Әуезов Сүйінбайды “айтыс өнерінің алтын діңгегі” атаған. Қазақ халқы әділет үшін күресте орғаушысы, жақтасы болған ақиық ақынның өлең, толғау, айтыстарын күні бүгінге дейін сақтап,“Сүйінбай осылай деген” деп әрдайым зерделерінде тұтқан. Сүйінбайдың айтыстары мен өлең-толғауларынжинау, жариялау ісі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 1920 жылы Түркістан АКСР- і халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған қырғыз (қазақ) ғылым комиссиясы ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мақсатында Сырдария, Жетісу облыстарына экспедиция ұйымдастырып, этнограф ғалым Ә.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алған.

1929 жылы алғаш рет “Жаңа әдебиет” журналында (ғ6) ақынның “Апырмау, мынау жатқан Сарыбай ма?” деген өлеңі басылды. Ақын шығармалары әр кезеңде жарық көрген хрестоматия оқулықтарға енгізіліп, ел ішінде насихатталды. С.Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинаққа “Шапырашты Сүйінбай ақынның қартайған шағында айтқаны” деген өлеңі енген. 1935 жылы І.Жансүгіров пен Ф.Ғабитованың құрастыруымен ақынның бір топ шығармасы “Сүйінбай ақын” деген атпен тұңғыш рет жеке жинақ болып жарық көрді. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин 1939, 1940 және 1944 жылы орта мектептің 8-сыныбына арналған хрестоматиясына Сүйінбайдың бірнеше өлеңін енгізген (“Сүйінбай мен Тезек төре”, “Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына көңіл айтқаны”, “Кәрілік туралы”).

Қазақстан ҒА құрылғаннан кейін (1946) Сүйінбай ақын мұрасын жинап, жариялаумен айналысқан ғалымдар: ӘДиваев, С.Бегалин, С.Жақыпбаев, қырғыз фольклористері Ш.Уметәлиев пен Э. Мұқанбетовтардың еңбектерін айрықша атауға болады. Сондай-ақ Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының әдеби қорында сақтаулы. “Ақын жырлары”, “17 – 19 ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары”, “Үш ғасыр жырлайды” атты жинақтарда Сүйінбай шығарм-на кеңінен орын берілген, “Айтыс” жинағының 1-томында “Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы” жарияланған.

Сүйінбай ақынның “Ақиық” атты жинағына таңдаулы шығармаларымен қатар, тыңнан қосылған көптеген өлең-толғаулары, айтыстары енген, шығармалары жүйеге келтіріліп, тақырыптарға бөлінген, кітапқа көлемді ғылыми алғысөз жазылып, соңынан түсіндірме сөздік берілген. Мәскеуде“Әлем әдебиетінің кітапханасы” сериясымен жарыққа шыққан 200 томдық жинақтың 102-томында Сүйінбайдың “Кәрілік” атты өлеңі жарияланған. Бұл ақын шығармаларының дүниежүзілік сөз өнеріне қосылған асыл мұра, аса құнды әдеби ескерткіш екендігін танытады. Сүйінбайдың Малыбай, Жетібай, Әзірбай атты ұлдары, Бағжан, Қойжан деген қыздары болған



2. Сүйінбай ақын ретінде өзінің бар жан – тәнімен ақиқатты, шындықты жақтады. Ол сараңдыққа, мейірімсіз жандарға, қатыгездікке, дүниеқоңыздыққа қарсы сөйледі. Феодалдық дәуірдің ру аралық тартысые сынап, төрелердің іс – әрекетін ащы мысқылмен әжуалай білді. Біз оның әлеуметтік ішкі қатынасты қатты шенеп айтқан мұндай өлеңдерінің қатарына «Сөк төренің баласы хан Абылай», «Сарыбайға», «Момын малын зұлымға алып беріп», «Төрт биге», Мақсұтқа», сияқты өлеңдерін жатқызамыз.Сүйінбай Аронұлы халқымыздың поэтикасына шебер тілді, жүйрік ақыны. Бұған оның билер мен төрелерді сынап, мысқылдап айтқан өлеңдері дәлел бола алады.Ақынның шығармаларындағы тақырып тынысы кең, ойтаным тереңдігі тіршіліктің алуан құбылыстарын қамтиды.Жеке адамдардың мінез – құлық , тұрмыс ерекшеліктерінен бастап өмір заңдылықтарын тереңнен түйіп тербеген ойшылдыққа ұласып отырады.

Сүйінбай Аронұлы – өмір, заман жайлы толғанып, философиялық қорытындылар жасаған терең ойлы өлеңдердің авторы. Ақынның «Әділеттік орнаса», «Надандық», «Жақсы менен жаманның айырмасы», «Жақсы болса ағайын», «Нақылдар», «Өсиет», «Ақын боп жиырмамда», «Дүние ойлап тұрсам баяны жоқ», т.б өлеңдерінде халықтық, философиялық мәселелер қозғалады. Бұл өлеңдерінде негізінен, ел басқару, халық тағдыры мен адам бойындағы жақсы, жаман дағдылар сараланады және өмірдің бағасы мен өткіншілігі жайлы ой – толғамдар, ақыл – өсиет айтылады.



3. Сүйінбай Аронұлы – әлеуметтік мәні бар өлеңдермен қоса, ірі сюжетті толғау, жырларында елді бірлікке, ерлікке шақырады. Мәселен, «Бөрілі менің байрағым», «Барша жұрттың бағы үшін» тәрізді шығармалары осындай азаматтық үні басым, патриоттық толғаулар болып саналады.

Академик жазушы Ғ.Мүсірепов бір сөзінде: «Бөрілі менің байрағым (бөрілі байрақ – қасқырдың бас суреті салынған шапыраштылардың жебелі туы мен найзасы) деген Шапырашты елінің жауға аттанғанда айтатын ұран өлеңдері болған», - деген. Ал бұл өлең жайында профессор С.Садырбаев Сүйінбай Аронұлының шығармалар жинағының алғы сөзінде: «Бұл өлең Сүйінбайдың азаттыққа арнап айтқан ұлы шығармасының бірі.Ұран түрінде айтылатын бұл өлеңнің идеялық мазмұны: жердүниені сілкіндіріп, тау мен тасты теңселтіп, тау мен тасты теңселтіп, жауға қарсы аттанып бара жатқан Сүйінбай елінің, қазақ халқының қаһармандық бейнесі көрсетілген, - деп жазған

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен, -

деген жолдардан дыбыс үндестігін өленің күш – қуатын одан ары еселеп тұр.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен,

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен, -

деген сөздер адамның рухын көтеріп, ерік, жігерін жинайды. Батырлар жорық алдында айтатын жырға сұранып тұрғандай.Бұл өлеңдерде замандар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан ерлік, батырлық дәстүрлер дәріптелінеді.Мұнда ақын өз атынан сөйлей отырып, жеке адамның табанды жауынгерлік ерлік жолын көптің мұрат – мақсатымен үндестіреді.

Бөрілі байрақ астында,

Ту түсіріп, жау алған,

Қазыбек, Қастек атамыз –

деген жолдардағы Қазыбек, Қастек - XVI – XVII ғасырларда қоқандықтарға қарсы тұрып, жауынгерлерді күреске бастаған батырлар.

Сүйінбай « Ту алып. Жауға шықсаң сен» деген толғауында:

Батыр елден шығады –

Ұрандап жауға шабатын,

Жауына орай салатын.

Ақын елден шығады –

Айтыста жығып шалатын, -

деп қол бастаған халық батырларының ерлік ісіне сүйсінеді.Ондай атақты ерлердің ел намысын қорғап, жау қолына тосқауыл бола алған қаһармандық сипаттарына тоқталады. Жауынгер ақын азаттық үшін жүріп жатқан шайқастың бел ортасында болып, халықтың еркіндікті қалаған ұранына үн қосқандығын орынды мақтап етеді.

Ей Сұраншы, Саурық!

Қоқанның қолы қаптады,

Қасиетті жерімді,

Тозаң қылып таптады.

Қыспақта қалған елің бар,

Құтылар жолды таппады, -

деп жаудың елге көрсеткен зәбір –зорлығын, қиянатын айту арқылы ақын батырлардың Қоқан билеушілеріне деген ашу – ыза -кегін өршітіп, оларға жаңа күш, тың қайрат береді.Сүйінбай мұндай батырлық толғауларында әрқашан езілуші ел атынан сөйлеп,халықтың сенім артқан батырлары Сұраншы мен Саурыққа үнемі қайырылып отырады. Саурық, Сұраншы батырлардың көптеген ірі шайқастарына қатысқан даңқты Сүйінбай ақын ел еркіндігі үшін жан аямай күрескен ерлерді өмір шындығына сүйене отырып, лайықты бағалайды. Осындай толғаулардан басқа Сүйінбай ақынның көлемді, желілі жыр, дастандары болған. Мысалы, «Жабай батыр», «Қарасай батыр», «Өтеген батыр» атты эпостық жырларында ақын елдік, ерлік, азаматтық мәселелерді кеңінен қамтып, эпикалық сарында жырланған.Аталған шығармалардың ішінде сюжеттік, копозициялық құрылымы жағынан тұтас та толық сақталғаны - «Өтеген батыр» жыры. Ал «Жабай батыр», «Қарасай батыр», дастаңдарының бас-аяғы түгел емес. Бір кездерде ұзақ жырланып айтылған бұл шығармалар біздің заманымызға тек үзінді күйінде ғана жеткен.

Қазақ халқы бастан кешкен үлкен тарихтың тұтас бір кезеңі Сүйінбай айтқан «Өтеген батыр» дастаны арқылы елес берген.Сүйінбай бұл шығармада қазақ халқының Жетісу өлкесіндегі атамекен қоныс жайын, ағынды өзендері мен көлдерін, жайқалған егінді аймақтары мен сылдырап аққан бұлақтарын, орман, тоғай, тауларын, жау қолынан азат еткен Өтеген батырдың ерлік істерін суреттеген. Патриоттық жырда халықтың азаттық пен бостандық жолындағы қаһармандық күресі, мұқалмас айбынды мінезі шыншылдықпен бейнеленген.

Сүйінбайдың ерекше туындыларының бірі – «Сұраншы батыр» толғауы. Толғауда Сұраншының ерлік істерін суреттеуге көп орын берілген. Жаудың он мың қолына қарсы барған батырдың батылдығы, жүректілігі және алған бетінен қайтпайтын табанды образы бейнеленген. Ақырында жау қолымен болған қырғын соғыста жеңіске жеткен Сұраншының халыққа бостандық әпергені айтылады. Сұраншы батыр бастаған қазақ жасағына төтеп бере алмай шегінген Қоқан қолы билеп, төстеп отырған жерлерінен айырыла бастайды.


Он мың қолдан қаймықпай,

Суырды, найза қылышты.

Таң сарғайып атқанда,

Қалың жауды қашырды.

Алдына салып қуалап,

Шоқпардан әрі асырды...

Сүйінбай сүйсіне жырлаған Сұраншы Ақынбекұлы батырлығына қоса ақылды, жағдайды тез сараптағыш және соғыстың әдіс-амалдарын жете білетін қолбасшы.Толғауда айтылатын атақты шайқаста Сұраншы батыр жауға жақындап, тұс- тұстан от жақтырған, сол арқылы қоқандықтарға қалың әскердің қоршауында қалғандай әсер еткен.

Ақын батырдың жанкешті мінезін, ерлігін сипаттайды. Сұраншының елжандылығын, ұлтжандылығын ұрпаққа үлгі қылады.

Халықтың бірлік – берекесін сақтаған батырлыарды ақын ел тарихында өзіндік орны бар азаматтар деп таныған.

4. Сүйінбай Аронұлы шығармашылығындағы орны бөлек өлеңдерінің бірі – «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері». Бұл өміршең өлеңі. Өйткені, жақсы мен жаман адам қай заманды да, қай қоғамды да алып қарасаң табылады.жақсы мен жаманды ажырата білу үлкен таным тәжірибені керек етеді. Ақынның бұл өлеңі бізге жақсы адам мен жаман адамның арасы жер мен көктй екенін ұқтырып қана қоймай, бізге адамдарды қандай қасиетеріне қарап айыратынымызды үйретеді.
Жақсы жігіт ел-жұртының баласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай, -

деп жырлайды ақын.

Байқағанымыздай, ақын жақсы адам жайында шабыттана тебіренеді. Жақсы адамның сөзін халық бағалап, оны қолданады. Демек, жақсы жан өмірде өзінің өнегелі сөзімен мәңгі жасайды. Сүйінбай жақсы мен жамандықтың қоғам тірлігінен және жеке адамның өмір ағымындағы іс – әрекетінен туып отырғандығын анықтайды.
Жаманның көкірегі-көр, көзі-соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай.
Жақсы адам қай жерден ажырайды,
Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай.
Жамандар-өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай, -

деп ақын жаман адамдардан жирендіреді. Жаман адамның айналасына, халыққа, қоғамға қандай қиянат жасайтынын түсіндіргісі келген ақынның сөз қолданысы өте шебер. Теңеулерді өзінің орнымен, ретімен тапқыр да ұтымды қолданады.

Ақын жақсы мен жаманды салыстыру арқылы елге үлгі көрсетеді. Сүйінбай:
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданарсың тұрмысыңа-ай, -

деп ойын түйіндейді. Бұл өлеңнің, әсіресе, жас ұрпаққа берері мол. Оң мен солын, жақсы мен жаман адамды ажырата білу үшін олар осы өлеңді оқыса, көп ой алары анық.



5. Сүйінбай ақын «Кәрілік» өлеңінде:

Ақын боп жиырмада желдей болдым,

Отызда асқар биік белдей болдым.

Отыз асып қырыққа келгеннен соң,

Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.

Қырықтан асып, елуге келгеннен соң,

Түбім терең, құрақты көлдей болдым.

Елу асып, алпысқа келгеннен соң,

Салыңды суға ілінген сеңдей болдым.

Алпыс асып, жетпіске елгеннен соң,

Тап – тақыр ел жайлаған жердей болдым, - дейді.

Ақын адам өмірінің белестерін бейнелі тілмен шебер жеткізеді. Ақын шығармаларының ішінде осы өлеңнің орны өзгелерден бөлек тұр. Бұл өлеңде Сүйінбай адам өмірін кезеңдерге бөліп, әр өмір белестерінің ерекшеліктеріне тоқталады. Жылдан – жылға адамның өзгеретініне, кәріліктің келіп, өз белгілерін танытатынына, оған қарсы адамның шарасыздығын білдіреді. Нақты тақырыпты толғаған туынды біртіндеп адам өмірінің мәні, жеке адам мен тіршілік хақындағы философиялық ойларға бастайды.Жиырмада желдей ескен ақын,отызда селдей тасыған,елуде құрақты терең көлдей ақын, лирикалық қаһарман тоқсанда ақ үрпек балапандай дәрменсіз, бейкүнә жан. Өнердің мәні қайратыңның барында дегенді меңзегендей.

Бұл өзі көне түркі жазбаларынан, орта ғасырлардағы қазақ – ноғай жырларынан желі тартқан дәстүрлі сарын. Сүйінбай Аронұлы ол дәстүрлі толғамға өз заманының сазы мен нақышын қосады. Дәстүрді жаңғырта жалғастырады.

6. Сүйінбай айтыстары XIX ғасыр айтыстарының ішінде өз алдына дараланып жоғары тұрады. Бұл оның айтыстарының мәнділігі мен тіл өткірлігінен байқалады, Ол өзінің өлеңдерінде кейбір ақындарша өз елінің байларын бедел тұтып, айтар сөзді сол бай мен төрелер мәртебесін мадақтауан қарастырмайды. Ақынның сүйеніші қалың ел және Өтеген, Сұраншы, Сыпатай сияқты батыр атанған ел азаматтары болады. Осындай әйгілі азаматтарды тірек тұтқан ақынды қарсыластары «кедейсің» деп қанша тиіссе де жеңе алмайды.

Сүйінбай Аронұлының ең шоқтығы биік айтыстарының бірі – Тезек төремен айтысы. Тезек төре Абылайханның ұрпағы, Ұлы жүз қазақтарының албан руының аға сұлтаны. Тезек төре әлеуметтік тегіне бола қоғамдағы тарихи орны, қабілеті , еңбегі бағаланбай кеткен ауқатты зиялылардың қатарындағы адам. Сүйінбай мен Тезек Төренің айтысын әлеуметтік мәні жағынан екі ақынның айтысы деуден гөрі, қоғамдық екі тап өкілінің саяси тартысы деуге тұрарлықтай. Себебі, айтыста екі ақын жарысқа түспейді, мұнда бір – бірінен жыр өнерін асыру мақсаты қойылмайды. Ашықтан – ашық қоғамдық екі тап өкілі егеседі. Қара халық атынан бұқара тілегін көтере Сүйінбай шықса, Абылайдай атақты атаның баласы, текті төре Тезек өз табының туын осылайша тіл безейді. Қоғамдық екі таптың өкілі белдесіп, саяси сайысқа түседі.

Сүйінбайдың тағы бір ерекше айтысы – қырғыз ақыны Қатағанмен болған сайысы. Екеуінің сөз сайысы – ел аралық, ұлтаралық айтыс. Ұлт ретінде тілдік, мемлекеттік-территориялық, психикалық пішін, әлемдік қауымдастыққа танымал белгілерінің бәрі толық келетін осы екі ұлттың мәдени қазыналары өздеріне меншікті қалпымен бағаланады.

Сүйінбай өлеңдері – өзінің формасы жағынан халық поэзиясы үлгісіндегі шығармалар. Ақын шығармалары ырғақты ұйқас, асқан шеберлігімен, өзіндік көркемдік бітімімен құнды. Сүйінбайдың өлеңдері тау сусындай тасқындап, талай жандардың жүрегінің түбінен орын алады. Халық рухын биіктетіп, өлең жолдармен ел еңсесін тіктеген Сүйінбай Аронұлы XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса ірі тұлғалы дарыны.


Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Сүйінбайды жастық шағы қалай өтті?

  2. Ақынның айтыстарының ішіндегі ең іргелісі қайсы?

  3. Сүйінбайдың «Жақсы мен жаман адам» туралы, «Кәрілік» өлеңдерінң негізгі идеясы не?


Әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер: 12, 13, 14, 15. Қосымша әдебиеттер: 2, 6.

Тапсырма:1.Сүйінбайдың айтыстарына талдау.

2.Түре айтыс пен сүре айтыс үлгілері туралы жазыңыз

ДӘРІС 5 ӨНЕР ТҰТАСТЫҒЫ МАЗМҰНЫНДАҒЫ АҚЫНДАР ПОЭЗИЯСЫ (БІРЖАН САЛ ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ,САРА ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ)

Мақсаты: Сара Тастанбекқызы мен Біржан Қожағұлұлы туралы түсінік беру. Ақындар поэзиясы, сал – серілер жайлы білімді одан әрі жетілдіру,.

Тірек сөздер: ақын, сал – серілер, айтыс, әнші, поэзия, өнер иелері.
Дәрістің жоспары:


  1. Біржан сал Қожағұлұлы

  2. Сара Тастанбекқызы

Өнер тұтастығы мазмұнындағы ақындар (сал-серілер, әнші ақындар) шығармашылығындағы көрнек өнерінің ежелгі замандық тұтастық (синкретизм) белгілерінің сақталуы, жаңғыра қолданылуы (әншілік, ақындық, жыршылық, сазгерлік, аңшылық-мергендік, атбегілік-сейістік, құсбегілік-саятшылық, әртүрлі мазмұндағы күлдіргі ойынпаздық, палуандық, ұсталық-зергерлік, т.б.).

Біржан сал Қожағұлұлы

Әйгілі қазақ ақыны, сазгер. Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Бойында әншілік дарыны бар, домбырада шебер ойнайтын Біржан жастайынан қазақ даласына танымал болған. Ол бірегей сазды-поэтикалық шығармаларды дүниеге келтірген. Ел аралап, алуан түрлі айтыстардың ортасында жүрген. Айналасына дарынды жастарды жиып, өзіндік көшпелі театр құрған.

Рулық-патриархалдық әдет-ғұрыпқа қарсы шығып, жырына әйел теңсіздігін, әлеумет күйін арқау еткен өнерпаздың өмірі қиындықтар мен мұқтаждыққа толы болды. Қуғынға ұшырап, руарарлық қақтығыстардың куәгері болып, ауруға шалдыққан ол 1897 жылы қайтыс болды.

Біржан шығармаларында махаббат тақырыбы негізгі орын алады. Осы тақырыпта оның "Айтбай", "Ғашығым", "Ғашық жар", "Ләйлім-шырақ" т. б. шынайы сыршылдықтан туындаған өлеңдерін атап айтуға болады.

"Орынбор әнінде" жан серігі домбыраны жырлайды.

Ақын халық мүддесін қозғайтын өлеңдері "Жанбота" мен "Адасқақта" Азнабай мен Жанбота сияқты болыстардың халыққа көрсетіп отырған қысымшылығын әшкерелейді.

Ақынның "Жамбас сипар", "Теміртас" тағы басқа да әндері мұң мен шерге толы. Біржанның 40-тан астам өлеңдері бүгінгі күнге дейін жетті. Ол айтыс өнерінің де шебері болғаны мәлім. Оның Жетісуға арнайы келіп, Сара Тастанбекқызымен айтысы осы жанрдың озық үлгісіне жатады. Біржан өлеңдері ұлттық өлең өнерін жоғары деңгейге көтерген. Біржанның ерекше ақын-сазгер, өте дарындылығын бағалаған халық, оған "сал" атты қосымша ат берген. Сал өзінің шығармашылығында халық өнерінің барлық әуендік, поэтикалық, драмалық түрлерін біріктірді. Біржан салдың соңында есімдері жұртшылыққа танымал Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанов, Әсет Найманбаев, Балуан-Шолақ Баймұрзин, Доскей Әлімбаев, Құлтума Сармұратов сынды шәкірттері мен ізбасарлары қалды.

Сал ақындар ауыл-ауылды аралап, екеуара бірігіп немесе хормен өлең айтып, халықтың көңілін көтеретін болған.

1865 жылдың жайма шуақ жаз айы. Көк майсалы Көкшетау етегіне тігілген ақ шаңқан үйлер шапқан ат шаршайтындай аймақты алып жатыр. Себебі Сары Арқаның астанасы Омбыдан "генерал-губернатор келе жатыр" деген хабар алыс-жақын аймақты түгел шарлап, қалың ел әуре-сарсаңға түскен. Әсіресе болыс, старшындар қатты әбігер үстінде. Үй тігу, қонақ күту, сән-салтанат көрсету жөнінде бірінен-бірі асып түскісі келіп жанталасуда. Бұл аймақтағы көп болыстың ішіндегі ең көрнектілері - Азнабай мен Жанбота. Азнабай - жуан тұқым Қоңырқожаның баласы болса, Жанботаның "сегіз болыстан шені артық" (Біржан салдың сөзі)...

Түске салым Жанбота тіктірген үйлер жақтан шырқау ән естілді. Бұл - "Сары Арқаны әнмен сандалтқан" Біржанның дауысы екенін естіген жұрт сол жаққа құлақ түріп, аңсары ауа бастаған. Басқа шаруа былай қалып, әсіресе жас жігіттер, қыз-келіншек ән шыққан жаққа ағыла бастады. Бұл - Жанботадан абыройын асырғысы келіп жүрген Азнабай болысқа ұнаған жоқ. Генерал-губернатор келмей жатып, Жанбота ауылының той-думанға айнала бастағанын жақтырмай, араға кісі салып көріп еді, бақталас болыс: "Жастардың қолқалауымен ән салып отырған Біржанға мен не деймін?" - деп қырсық жауап қайтарыпты.

Біржан отырған үйдің иесіне: "генерал-губернатор келгенше қоя тұрсын" - деп сөз айттырса, ол да: "Жиналып тұрған көпшілікке топырақ шаша алмаймын", - десе керек. Бұған ашуланған Азнабай мінезі дөкір, дойыр қамшылы поштабайын жұмсап: "Тоқтат Біржанды!" - деп бұйырады. Поштабай барып бұйрықты жеткізсе, Біржан тоқтамайды. Поштабай әуелі қолындағы домбырасын тартып алмақ болады. Өзі де балуанға түсіп жүрген қарулы Біржан домбырасын бермейді. Сосын поштабай қолындағы қамшымен Біржанды бір тартып жібереді. Мұның аяғы төбелеске айналып, отырған жұрт поштабайды үйден қуып шығады. Бірақ денесіне қамшы тиген Біржан бұған қатты намыстанып, жан айқайы "Жанбота" әнін шығарған. Мұнда өзін қолқалап ертіп келген Жанбота болысқа:

"Жанбота, осы ма еді өлген жерім?

Көкшетау боқтығына көмген жерің?!" -

деп ашулана шырқаса да, "қарғаның көзін қарға шұқымайды" дегендей, "азуы алты қарыс" Азнабайға ештеңе істей алмасын байқаған соң, атақты "Адасқақ" әнін шығарған. Онда бұл дүниеде әділеттің жоқтығын, кім болса да біреуге жағынудың, жағымпазданудың керек еместігін, өз күшіңе, біліміңе, қабілетіңе қарай өмір сүру керектігін өкіне, ашына айтқан.

Бұдан кейін Біржан сал өз ауылында тұрақтамай, ел кезіп кетеді. "Үш жүзді сайран қылған Біржан едім" деп өлеңінде өзі айтқандай, қазақ жерінің барлық түкпірін аралайды. Ел көреді, жер көреді, талай той-думандардың сәні, көркі болады. Жүрген жерлерінің бәрінде бүгінге дейін ел аузында жүрген, халқымыздың өшпес мәдени қазынасына айналған әндер шығарады. Бүгінгі әншілеріміз айтып жүрген "Ләйлім шырақ", "Теміртас", "Жайма шуақ", "Айтпай", "Бурылтай", "Айбозым", "Асыл-Ақық", "Керкекіл", "Ақ серкеш", "Мәті-Дәулен", "Алтын балдақ", "Телқоңыр", "Аққошқар", "Көкек" т. б. әндері - мәңгі өлмейтін туындылар. Бұлардың бәрі бұрын жеке дауыста орындалса, ұлы композиторымыз Мұқан Төлебаев біразын "Біржан - Сара" операсында пайдаланған. Арқаның ақиығы Біржанның Жетісу бұлбұлы атанған ақын Сарамен айтысы да - өлмес қазынамыз.

Біржанды өз құлағымен тыңдаған данышпан Абай:

Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең - менше сүй, -

Деген мәңгілікке жетерлік сөз қалдырған.



Біржан Қожағұлұлы композитор, әнші, акын. Біржанның үлкен әкесі - Қожағұл, өз әкесі Тұрлыбай қарапайым шаруа болған. Біржан алғаш ауыл арасында ән салып, өнер куған, бертін келе өз жанынан да ән шығара бастайды. Ол — қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Біржан сал әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан окиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанының нәзік сезім күйлерін лирикалық әсем сазға бөлейді. Біржанның алғашқы әндерінің бірі — «Біржан сал» әні. Мұнда жастық шақтың от-жалыны да, салдық, серілік салты да, сұлулык атаулыға қызығу да көрініс береді. «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Бірлен», «Ғашығым», «Мәті-Дәулен» сияқты әндер Біржан сал шығармашылығындағы шоқтығы биік, сыршыл шығармалар. Мысалы «Ләйлім-Шырак» немесе «Көлбай-Жанбай» әнінде жоғалған шідерін тілге тиек ете отырып, өзі қонып шыққан үйдің сұлу қызы Ләйлімге деген ішкі жан толкынысы, көніл күйі паш етіледі. Біржан сал патриархалды-феодалды заманның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін заңжосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне асқақ әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер. Оның «Жанботасы» тек Азнабай болыстың ғана зорлықшылдығын әшкерелеп қоймайды, сол сияқты озбыршыл Жанботаларға деген акынның ашу-ызасын білдіреді. Ал «Адасқақ» атты әнінде осы ойын, шонжарларға деген іштегі ыза-кегін одан әрі айқындай түседі. Заманының әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына деген Біржан салның наразылығы, өкініш үні тіпті оның өмірінің соңғы кезеңінде шығарған «Жамбас сипар», «Теміртас», «Қарасу есік алды» деп аталатын трагедиялық әндерінен де айқын сезіледі.

Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн-бояуымен, өз әуенімен жеке-дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салның әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мүса, Акан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай т. б.), енді бірқатары оның ән шығармашылығы, орындаушылық өнерін, халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болды (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз т. б.). Біржан салның ізін қуған осындай өнерлі адамдар арқылы біздің заманға оның 44-ке жуық әні жетті. Кеңес заманында Ғ. Айтбаев, К, Байжанов, Ә. Кашаубаев, К. Бабаков, Қ. Лекеров, Ж. Елебеков, М. Ержанов сынды әншілер Біржанның өз шығармашылығын, оның әншілік-орындаушылық ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Біржан сал әнші-композиторлығымен қатар талантты әрі дарынды суырыпсалма ақын да болған (Біржан мен Сара айтысы т. б.). Оның ақындық өнерін кейінірек Сара, Әсет, Доскей сияқты ақындар жалғастырды. Біржан сал өмірінің сонғы кезеңі трагедиялық жағдайда өтті. Ел ішіндегі руаралық талас-тартыстың салдары Біржанға да соқпай кеткен жок. Біржанды «жынданды» деп ел арасына жалған лақап таратып, қол-аяғын байлап, жан азабын тартқызады. Кеңестік заманда әдебиетшілер мен музыка этнографтары Біржаның жырларын, сыршыл әндерін жинап, бірнеше рет жинақ етіп бастырды. Оның әдеби және музыка шығармашылығы туралы бірқатар зерттеулер де жазылды. Біржан мен Сараның айтысы негізінде КСРО халық артисі, композитор М. Төлебаев қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болған «Біржан—Сара» операсын жазды (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі). Ал академик А.Қ. Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты кітабының үлкен бір тарауын Біржанға арнады. 1982 ж. республика жұртшылығы халық композиторының туғанына 150 жыл толуын салтанатпен атап өтті.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет