5В050400 «Журналистика» мамандығына арналған



бет1/7
Дата25.08.2017
өлшемі1,33 Mb.
#25909
  1   2   3   4   5   6   7

УМКД 042-18-15.1.26/03-2013


2013 жылғы

№1 басылым



79 беттің -шісі





050400 «Журналистика» мамандығына арналған

«Әдеби редакциялау» пәнінің
ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР

СЕМЕЙ

2013
МАЗМҰНЫ

1 Глоссарий

2 Дәрістер

3 Практикалық сабақтар



4 Студенттердің өздік жұмысы

1 ГЛОССАРИЙ

«Әдеби редакциялау» пәні бойынша 5В050400 - журналистика мамандығына арналған глоссарий

Ақпарат – информация /лат. Informatio-түсіндіру, баяндау, хабардар ету/. 1) істің жағдайы, қандай да болмасын оқиға немесе біреудің қызметі туралы хабарлау, мәлімет беру. Ақпарат “хабарландыру”, “хабар-ошар” деген ұғымды білдіреді.

Ақпарат құралдарының тәуелсіздігі – мемлекет тәуелсіздігінің саяси-экономикалық және ғылыми-техникалық дербестігімен пара-пар басты белгілерінің бірі.

Ақпарат саясаты – мемлекеттік ұйымдардың қоғамдағы ақпараттар желісін дамытуға бағытталған реттеушілік қызметі. Бұл тек телекоммуникацияларды ақпараттық жүйелерді немесе БАҚ-ты ғана емес, барлық түрдегі – іскерлік, ғылыми-танымдық, хабарламалық, т.б сипаттағы ақпараттарды жасауға, сақтауға, өңдеуге, көрсетуге, таратуға байланысты өндірістік үрдістер мен қарым-қатынастардың бүкіл жиынтығын қамтиды.

Байланыс - әр түрлі құралдар арқылы хабар беру мен хабар қабылдау, материалдық өндірістің барлық саласы үшін тікелей қызмет көрсету жолында түрлі хабарларды таратуды қамтамасыз етеді.

Басқару функциясын атқарушы басылым - саяси және экономикалық билік құрылымдарының жұмыстарына үгіт-насихат жасауға бағытталған, сонымен қатар оппозициялық басылым, билік басындағыларды сынап, қоғамды дамыту үшін әзірлеген өз жобаларын ұсынатындар.

Динамикалық әдіс - әдістің өзгермелілігі деген мағынада.

Журналистика – қоғамдық институт, қоғам айнасы. Қазіргі заман тақырыптары мен проблемаларын қамти отырып, оқырман қауымның әртүрлі өкілдерінің қажеттілігін күнделікті қоғамдық ақпаратпен негізінен публицистика формаларын пайдалана отырып қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қоғамдық өзекті проблемаларды қозғаған ғылыми, көркемдік әртүрлі туындыларды жариялайды. Журналистика қоғамдық пікірді қалыптастырушы, жасаушы бірден бір қоғамдық институт.

Публицистика – публицистика мерзімді басылымдарды мазмұны жағынан байытып, қоғамдық-саяси материалдық ой-идеяларды жазбаша әшкерелеп, замана талабын бейнелейді. Зерттеушілер публицистика журналистиканың пайда болуына алғы шарт болған деп пайымдайды. Публицистика – қоғамдық өмірдің ең өзекті проблемаларын көтеріп, саяси іс-қызметке белсенді араласады және ғылым мен өнерге де тікелей сабақтастығы бар.

Публикацияның тиімділігі - бастапқы кезеңде таңдап алынған фактінің қоғамдық мәнін, саяси маңызы, әлеуметтік бағытын қаншалықты бейнелей алды дегенмен тығыз сабақтасады. Сондай-ақ, тиімділік – публикация тақырыбының мезгілін тапқандығы, практикалық өзекті проблемаға берген жауабы, қоғамдық өмірге байланысты белсенділігінің деңгейі т.б. Жалпы публикация тиімділігі редакция жұмысының алыс және таяу мерзімде жасалатын жоспарлардың біртұтас сапасы, ғылыми негізділігі, кәсіби шеберлігі, өзара үйлесімі және мақсаттың орындалуына сай туындайды.

Принцип – латынның - негіз, бастау деген сөзінен шыққан, өзара байланысты бірнеше мағына мен қоғамдық-саяси қызметтің барлық саласында кеңінен қолданылады. Принцип - ғылыми, қоғамдық, саяси шығармашылық аумақтағы барлық іс әрекеттің теориялық-методикалық түп негізі. Принцип осылайша журналистиканың да іс қимылының теориялық негізі болатындықтан істі жүргізуші сол аумақтағы мағлұматтан бастау алады. Принцип - журналистиканың дамуы мен іс қимылы заңдылықтарының жиынтығы. Сонымен қатар танымдық процесс, көзқарасты қалыптастыру мен ұйымдастыру ісінің бірлігін қамтамасыз етудегі журналистикалық қызметтің әдістемелік негізі болып табылады.

Принтер – мәліметтерді басуға арналған құрылғы.

Сапалы басылым - интелектісі жоғары қоғам өкілдеріне және бұқаралық оқырманға арналған басылым.

Саясат – алғашында мемлекеттік және қоғамдық істер немесе мемлекетті басқару шеберлігі деген мағынаны білдірген. Кейін келе оның мағынасы кеңейді. Саясат - өз мүдделерін іске асыруға, қорғауға бағытталған және саяси билікті басып алуға, қолында ұстауға, оны пайдалануға тырысушылықпен байланысты мемлекеттер, топтар, ұлттар, үлкен әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастар саласындағы азаматтар мен жеке адамдар билігінің мекеме, бірлестіктердің қызметі.

Саясиланған басылым - негізінен қандай да бір партия мен қозғалыс арасында саяси күресті көрсетуге бағытталған және бейсаяси - саясаттан бойын аулақ ұстайтын басылым;

Тиімділік - латынның «эффективность» яғни орындау, нәтиже деген сөзінен шыққан. Саяси сөздік анықтамаларында көзделген мақсаттың орындалу мөлшері іс-қимылдың нәтижесін мақсатпен теңестіру немесе мақсаттың орындалу өлшемі деп анықтаған. Ал, басқару теориясында тиімділік принципі алға қойған мақсатты, еңбек, материал, қарыз жағынан ең аз бөлігін жұмсап, ең қысқа мерзімде нәтижеге жету деп түсіндіреді. Көптеген ғалымдар тиімділікті алға қойған мақсаттың орындалған мөлшері деп тұжырымдаған

Функция - латынның істеу, жасау, атқару, орындау іс-әрекеттің мақсаты деген мағынаны білдіретін сөзі. Екі обьектінің бірі өзгергенде келесісі де бірге өзгеру қатынасын да функция деп атайтыны тағы бар. Олай болса, қарым-қатынас жүйесіндегі белгілі обьектінің бірі өзгергенде келесісінің де бірге өзгеруін де функция деп атайды. Олай болса қарым-қатынас жүйесіндегі белгілі обьектінің қажетті талабын функция деп көріп оны элемент ретінде өз аумағында өзара сабақтастықтарымен тану дұрыс. Функция нендей бір ұғымның теориялық ішкі сипатын көрсетеді. Белгілі жүйенің іс-әрекеттік тәсілі мен оның ішкі характерін функция анықтайды деген тұжырым бар.

Мемлекеттік басылым – қазынадан қаржы алатын басылым.

Ресми баспасөз - үкіметтің және тәуелсіз баспасөз құрылтайшылары мен меншік иелерінің көзқарасын айқындайды.

Іскер, экономикалық басылым – іскер адамдар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін және көңіл көтеруге арналған – оқырмандарға демалыс ұйымдастырады.

Корректор – баспа терімінде кеткен қателерді жөндеп, басылым корректурасын жүргізуші редакция, баспа, баспахана қызметкері.

Коллегия - әкімшілік бұйыру немесе немесе мекемелер басқаруға ресми бекітілген адамдар тобы.

Корреспонденция – күнделікті оқиғалар туралы газет-журналға жіберілген хабар.

Концепция – белгілі құбылыстар жайындағы көзқарас жүйесі, бірдеме туралы негізгі пікір.

Контекс – текстің мағына жағынан тиянақты болуы.

Коммерциялық басылым - өз тапқан қаржысына өмір сүретін басылым.

Коммуникация - адамзаттық, субъективтік, жеке тұлғалық факторлар аса маңызды болып келеді. Коммуникациялық үрдістерде коммуникатордың құндылық бағыты, психологиялық әсері, көзқарасы, әдеті негізгі рөл атқарады.

Лингвистика – тіл білімі ғылымы.

Легитимді басылым – ақпарат министрлігінде ресми түрде тіркелген және легитимді емес – билік құрылымдарын мойындамайтын басылым;
ұлттық – республиканың барлық аймағын қамтитын және трансұлттық – алыс және жақын шетелдерде шығарылатын басылым.

Модератор – бұл сөздің үш мағынасы бар. 1. тілді музыка аспаптарында үннің күшін реттеп тұратын тетік. 2. машинаның жүріс қарқынын реттеп тұратын тетік. 3. бағдарлама компоненттерін бір жерге жинақтайтын тележүргізуші деп немесе дискуссияны жүргізушісі айтуға болады.

Сканер – текстік мәліметтерді тікелей оқуға арналған құрылғы.

Сценарий – экранға дайындалған әдеби шығарманың сюжеттік нобайы.

Сюжет – телевидение, радио шығармаларындағы іс-әрекеттің, оқиға желісінің дамуы.

Спутниктік теледидар – телевизияның ең көп дамыған түрі, көптеген сигналдарды қабылдап, кескінін анық көрсете алады.

Цикл – белгілі уақыттың ішінде орындалған істің жиынтығы.

Цифроанологиялық әдісте – теледидар экранынан түзелген кескіндерді көруге болады.

Цифрологиялық әдісте – теледидар бағдарламаларындағы қорларды, архивтік материалдарды сақтауға көмектеседі, көрсетілген бадарламаларды көркем хаттауға жаңа мүмкіндіктер береді.

Интернет – жалпыға бірдей ақпараттық ресурс.

Радиоторап – сыммен хабар тарату желісінің абоненттеріне орталық радиохабарларын, жергілікті хабарларды таратуға арналған қабылдағыш.

Радиохабар – радио арқылы берілетін ақпараттық, қоғамдық, саяси, мәдени хабарларды тарату құралдарының бірі.

Радиоқабылдағыш – радиосигналдарды немесе радиосәулелерді қабылдауға және таратуға арналған құрылғы.

Радиобайланыс – радиотолқындар арқылы жүзеге асырылатын электр байцланысы.

Ақпараттық процестер – адамдар, тірі организмдер, техникалық құрылғылар арасында және қоғамдық өмірде ақпаратты тасымалдау, жинақтау және түрлендіру процесі болып табылады.
2 ДӘРІСТЕР

Әдеби редакциялаупәні бойынша оқылатын дәрістердің қысқаша тезисі


1-дәріс

тақырыбы: Әдеби редакциялау пәні туралы түсінік
Дәріс мақсаты: Журналистикаға қатысты тұжырымдар және әдеби редакцияға жалпы түсініктеме бере отырып, оның даму тарихын талдап, түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

  1. Журналистикаға қатысты тұжырымдар әдеби редакцияға жалпы түсініктеме.

  2. Мәтінді түзетудің әдістерімен таныстыру.

  3. Редактордың басты міндеттері.

Журналистика – өмір көрінісі. Ол өмірді сипаттап қана қоймай, онда болып жатқан іс-әрекеттер жөнінде ой тастайды, қоғамға жол сілтейді, бағыт-бағдар алуына көмек етеді. Осылайша журналистика маңызды қоғамдық-саяси рөл атқарып, жұртшылыққа әлеуметтік белсенділік туғызып, шындықты ашып береді. Журналистік қызмет халықтың керегіне жауап беріп, әлеуметтік дамудың жолдарын жариялап отырады. Журналист бұл салада қоғамдық-саяси қызмет жасаудың өнерін игере біліп, әлеуметтік процестерге өз еңбегімен белсене араласады.

Қандай да бір қоғам, саяси жүйе болсын оның дамуында жалпы ақпараттық қызметтің, бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметі мен рөлі зор, өйткені қоғамның қалыпты саяси-әлеуметтік өмірін күнделікті ақпарат тарату қызметінсіз көзге елестету қиын. Ақпараттар күнбе-күн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады.

Бұқаралық ақпарат құралдары дегенде, ең алдымен теледидар, радио, газет-журналдар мен ақпарат агентттіктерінде қызмет істеп жүрген төртінші билік өкілдері – ақпаратты жинап, оны миллиондаған көрерменге жеткізетін журналистерді ойға алатынымыз даусыз. Алайда ақпаратты жинау өз алдына, оны өңдеп содан кейін халыққа жеткізу шығармашылық процесс екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Мысалы, экрандағы 2 минуттық сюжет үшін қанша адамның еңбегі сарп етілгені жайлы көзі қарақты әр көрермен көбіне-көп ойлана бермейтіні де негізсіз емес. Өйткені бүкіл ұжымның жұмысы кадр сыртында қалатыны белгілі. Газет – журналдарда да сол. Материал редакциялаудан өтпейінше, тұтынушыға жол тарта алмайды. Ал көрермен сол еңбектің тек жемісін ғана көріп қабылдайды, яғни дайын өнімді қабыл алады.

Ал дайындалмаған шикі материалмен жұмыс жасайтын кім? Бұл қиын да үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметті өз мойнына алатын кім? Ол бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымдарында маңызды орын алатын мамандық иесі – редактор.

Телевизия, радио, баспасөз бетіне жарияланатын журналисттік шығарманың мәтінімен жұмыс жасау кезіндегі редакторлық кәсіптің теориялық, практикалық әдіс-тәсілдерімен танысу - осы пәннің басты мақсаты. Бұл басқаның материалын баспаға дайындар алдында керек болады және өз қаламынан шыққан шығарманы объективті бағалауға септігін тигізеді. Мәтіннің формалық түтастығын сақтай білу, стильдік, логикалық қателерден аулақ болу, оқырманның түйсігіне сай оқиғаны суреттей алу қабілеті журналистің кәсіби біліктілігін білдіреді. Әдеби редакция теориясының журналистік шығармашылықта алатын орнын, маңыздылығын осы факторлардан-ақ байқаймыз.

Бұл сабақта мәтінмен жұмыс жасаудың белгілі теориялық негіздемелері мен практикалық әдіс-тәсілдері жайлы, сонымен қатар редактордың қызметтік міндеттеріне арналған мәліметтер қамтылған.


  1. әдеби редакцияға жалпы түсініктеме беру;

  2. мәтінді түзетудің әдістерімен таныстыру;

  3. редактордың басты міндеттерін айқындау;

  4. филологиялық әдістердің ішіндегі редакторлық анализдің мәні мен мамұнын ашу, сонымен қатар практикалық редакцияда алатын орнын анықтау;

Кеңестік идеология іргесінің сөгілуі, жаңа уақыттың орнауы мен қоғамның өмір сүру дағдысының ауысуы—журналистика саласын да ауқымды өзгерістерге салды. БАҚ-да журналист емес журналистер, редактордың кәсіби міндеттерінен ада редакторлар келіп, қазақ журналистикасына үлес қосып жатқан жайлары бар... Сондықтан әдеби редакциядағы ғылыми-практикалық мәселелерге қалам тартудың өзі өзекті.

Бүгінгі таңда редактордың жұмысы мәтінді түзету мен тексеруден ғана тұрмайды. Оның атқаратын қызметі өте ауқымды. Кей жағдайда оның іс-әрекеті оны телебағдарламаларды, газет материалдарын жасаудағы шығармашылық процестің көшбасшысы етіп көрсетеді. Бұл ретте көп сөз айтуға болады, оның теориялық та, практикалық та мәнін ашуға болады. Өйткені осы жолда талай ғалымдар зерттеулер жасаған, ой-пікірлер айтқан. Редакторлық іс-әрекеттің мақсаттары мен міндеттері, редактордың жұмысының ерекшеліктері, редакциялаудың жалпы әдістемесінің негізі туралы А.Мильчин, Н.М. Сикорский, К.И.Белинский, М.П.Сенкович, К.М. Накорякова секілді т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңінен зерттелген.


Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Журналистикаға қатысты тұжырымдар әдеби редакцияға жалпы түсініктеме.

  2. Мәтінді түзетудің әдістерімен таныстыру.

  3. Редактордың басты міндеттері.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.

  2. Лазутина Г. В. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2001.

  3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.


2-дәріс

тақырыбы: Редакциялаудың жалпы әдістемесі
Дәріс мақсаты: Редакторлық бағалаудың жалпы әдістемесі, шығармаға нақты мақсат тұрғысынан қарау, автор еңбегін шыншылдық масштабымен айқындауды талдап, түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

  1. Редакциялау ұғымы.

  2. Редакциялаудың міндеті.

  3. Редактордың басты міндеттері.

Редакциялау ұғымы өте күрделі ұғым. Латын тілінен аударғанда «redactus» – «тәртіпке келтірілген» деген мағынада. Баспасөз, радио, теледидарда редакциялау қоғамдық-әдеби іс-әрекет облысы, жариялауға материал дайындау дегенді білдіреді. Көптеген жағдайда редакциялаудың міндетін айқындауда оның мәтінді түзету деген бір жағы ғана қарастырылады. Түзету - редактор іс-әрекетіндегі маңызды құбылыс. Оның басты міндеті мазмұн мен шығарма формасына сараптама жасау болып табылады. Бұл оны дұрыс бағалау мен жетілдіру үшін қажет. Редакциялаудың міндеті – шығарманың қоғамдық бағалануы. Теледидардардағы редакциялау пәні түрлі жанрдағы мәтіннен бастап бейнеқатардың иллюстрациялары бола алады. Редакциялауға саяси және қоғамдық мәні бар аспект кіреді. Редакциялау арқылы шығармадағы қателер түзетіледі. Редактордың міндеті - өзі түзеген материалдың эффектілі болуын қамтамасыз ету. Ол эфирге шығатын жарияланымға толығымен жауапты. Ал сыншы-рецензент жарыққа шыққан материалдың кемшілігі мен құндылығын анықтайды, көрермен мен оқырманға оны дұрыс бағалауға көмектеседі, авторға қажетті кеңес береді.

Өзінің ақпараттық қызметін орындау барысында БАҚ материалдары жақсы, түсінікті баяндалуы тиіс, өйткені ол түрлі топ өкілдеріне арналады. Редактордың шығармашылық мүмкіндігі мен шеберлігінен материалдың сапасы айқындалады. Редактор мамандығында сыншы мен тіл маманы, стилист пен педагог, ұйымдастырушы мен суретші мамандығы ұштасады. Редактор өз білімін әрдайым жетілдіріп отыруы қажет. Жан-жақты білімі бар, логикалық ойлауы зор, әдеби тілдің нормаларын жетік білетін адам ғана редактор бола алады. Редакторлық бағалау – шығармаға нақты мақсат тұрғысынан қарау, автор еңбегін шыншылдық масштабымен айқындау.

Редактор кітап, радио немесе телебағдарлама дайындаудың барлық өндірістік-технологиялық процесін білуі шарт. Полиграфия негіздері мен техникалық мүмкіндіктерді білуі оған шығарманың әсерін күшейтуге көмектеседі. Редакциялау – шығармашылық процесс, оны редактордың жеке дара ерекшеліктері айқындайды. Бүгінгі таңда тәжірибеде редакциялаудың жалпы әдістемесі қалыптасты.



Дайындық кезеңі. Редакторлық іс-әрекеттің басы – дайындық кезеңі болып табылады. Оны ұйымдастырушы – шығармашылық кезең деп те есептеуге болады. Оған басылым, радио немесе теледидар бағытына сәйкес тақырыптық бағдарын айқындау, айдарлар мен жобалар, автор таңдауы жатады.

Әдеби редакциялаудан ең алғашқы дәрісін 1952 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде профессор К. И. Былинский оқыған. Бұл дәріс арқылы курстың жалпы концепциясы қалыптасып, бағдарламаның негізгі бөлімдері анықталды. Бұл жаңа оқу бағдарламасының дайындық кезеңі аяқталды дегенді білдіреді. Практика бағдарламасы жасалып, алғашқы әдістемелік еңбектер жарық көре бастады.

«Әдеби редакциялау» ұғымы баспасөз тарихына К. И. Былинскийдің «Әдеби редакциялау мен газет материалдарына түзету енгізудің негіздері» кітабы жарық көргеннен кейін, яғни 1940-шы жылдардың аяғында енді. Жаңа терминнің шығуы екі жағдаймен түсіндірілді: «Газет жұмысы жағдайында материалдардың редакциялық дайындығының спецификасын айқындау мен «әдеби өңдеу» – тіл мен стиль қателерін түзету» деген ұғымды кеңейту болды. Газет материалдарын редакциялаудың ерекшеліктері айқын еді: редактор публикация характерін, оның ақпараттылығын, автор позициясының спецификасын, автордың оқиға мен оқырманға жақындылығын, ақпараттың жылдамдығы мен редакцияның жұмыс жағдайын есепке алуы тиіс.

Алғашында әдеби редакциялауға деген көзқарас практикалық ойларға негізделді. Кейіннен әдебиетке көптеген авторлар келді. Олардың қолжазбаларын баспаға жіберу үшін көптеген қарапайым қателерді түзеу керек болды. Редакциялаудан жазылған алғашқы еңбектер редакторларды осы жағдайларға үйретті. Өзінің қалыптасуы кезеңінде әрбір практикалық пән норма мәселелерімен қақтығысады. Практикалық талаптар мен ғылыми білім деңгейі әрқашан тығыз байланыста болды. Әдеби редакциялаудың өткен жолы қолданбалы гуманитарлық пәндермен бірге өтті. Әдеби редакциялаудың қалыптасу процесі әлеуметтік контекспен айқындалды. Өзінің дамуы жағынан ол редакциялаудың теориясы мен практикасы сияқты пәндермен қатар жүрді.

Мәтінмен жұмыс істеу - өте күрделі процесс. Автор жаңа, құнды, дәлелді деректер тапқан кезде қажетті сөздер ойға өздері келеді. Бұл - өте кең тараған көзқарас. «Жақсы жазу үшін жақсы ойлау керек» деген тұжырым екінші орында болды.

Баспа теоретиктері өз құрылымдарында филологиядан гөрі әлеуметтану көп екендігін мойындайды. Әдеби редакциялау жайлы мәлімет өте аз болды. Бүгінгі күні редакциялауды филологиялық пән ретінде қарастыра келе, біз жинаған бақылауларымызды бір жүйеге келтіріп, оны терең ұғына аламыз. Құрылымы жағынан кешенді пән болғандықтан, ол бірнеше гуманитарлық пәндерді, соның ішінде логика, психологияны қамтиды. Ал теориялық құрылымы жағынан әдеби редакциялау лингвистика мен әдебиеттануға сүйенеді. Осыған байланысты біз практикалық міндеттерді шешу кезінде библиография, текстология, информатика сияқты пәндерге жүгінеміз.



Мәтінді түзету процесі. Редактор мәтінді түзету үшін ең алдымен оны терең ұғынып, оқып алуы қажет. Көркем әдебиет редакторларының тәжірибесіне негізделген редакциялаудың дәстүрлі әдісі осылай жасауды қажет етеді. Ғылыми және техникалық әдебиетті баспаға дайындау кезінде ұсынылған редакциялаудың динамикалық әдісі редакторға материал жайлы өз әдісі бойынша, мәтін терең зерттеліп оқылғаннан кейін түзету енгізіледі де, басуға ұсынылар алдында тағы бір қаралады.

Редакциялаудың теориясы мен практикасына байланысты әдебиетте редакторлық сараптама мәселелерін екінші орынға ығыстырып шығарды.

Редакторлық жұмыс - өте күрделі жұмыс. Кез-келген мәтінге қолданыла беретін түзету түрлері болмайды. Түзету әдісін редактор өзі таңдайды. Бірақ оның бұл таңдауы нақты, әрі негізделген болуы қажет. Түзетулер мен өзгертулердің саны ол жұмыстың сапасын айқындамайды. Бүгінгі күні де газет редакцияларында кейбір қызметкерлер автор шығармасын қайтадан жазып шығуды өз міндеті деп санайды. Мұндай өңдеуден кейін көп жағдайда мәтін өз өңін жоғалтады.

Түзету түрлері. Редакциялау әдісінде түзетудің төрт түрі белгілі: қайта оқып түзету, қысқарту арқылы түзету, өңдеу арқылы түзету, қайта жазып барып түзету.

Қайта оқып түзету – тексті түпнұсқасымен салыстырып оқып барып ондағы әріп қателерін түзету. Ресми материалдарды, қайта басылып шығатын кітаптарды редакциялау барысында түзетудің осы түрі қолданылады.

Қысқарту арқылы түзету – текстің мазмұнын, логикалық жүйесін сақтай отырып, оны белгіленген көлемге, яғни таңбаға, жолға, бетке түсіріп ықшамдау. Шығарманы шұбалаңқылықтан, нанымсыз дәлелдерден, біртекті дәлелдеулер мен қайталаулардан арылту үшін де түзетудің осы түрі қолданылады.

Өңдеу арқылы түзету – авторлық тексті сақтай отырып, шығарманың композициялық құрылысындағы олқылықты жою, деректік және логикалық қателерін түзетіп, тілі мен стиліндегі кемшіліктерін жөндеу.

Қайта жазып барып түзету - әдеби тілді нашар меңгерген авторлардың қолжазбаларын әзірлеу кезінде қолданылады. Мұнда әдеби өңдеуші автордың негізгі ойын, өзіндік стиль ерекшелігін сақтай отырып, шығарманы қайта жазып шығады.
Дәрісті бекіту сұрақтары:


  1. Редакторлық іс-әрекеттің басы – дайындық кезеңі.

  2. Түзету түрлері.

  3. Мәтінді түзету процесі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.

  2. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.

  3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.


3-дәріс

тақырыбы: Ұйымдастырушылық – шығармашылық кезең
Дәріс мақсаты: Ұйымдастырушылық жұмыстың жедел бағдарламаларда, трансляциялар, мерекелік кештер, байқаулар мен ток-шоу кезінде алатын маңызы зор. Бұл кезде қатысушыларды дұрыс таңдап, олармен танысып, мінез-құлықтарын зерттеп, олардың әрқайсысының атқаратын міндетін жете түсіндіру – ұйымдастырушылық – шығармашылық кезеңнен бастау алатынын талдап, түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

  1. Жанрлық беттеу.

  2. Бағдарлама блогын дайындау.

Редакциялаудың жалпы әдістемесі әрбір редактор үшін қажет. Ал теледидар бағдарламасын редакциялаудың кітап пен газет мақаласынан өте көп ерекшеліктері бар. Өйткені соңғыларында редактор мәтінмен ғана жұмыс істейді. Теледидар редакторы мәтіндік материалдан (бейне) видеоқатармен де айналысуы керек, яғни сөз бен бейне үйлесім табуы қажет. Бұл оның телережиссура негіздері, сонымен қатар теледидардың техникалық мүмкіндіктерімен танысуын талап етеді.

Теледидар бағдарламасын дайындау кезеңдерінің барлығында қоғамдық жұмыс көлемі кітап пен мақаланы басуға дайындау кезеңіндегі жұмыс көлемінен едәуір үлкен. Онда: автор таңдауы, объектілердің сарапталуы, бағдарламада көрсетілетін ұйымдармен келісім, бейнелік материалдар таңдау, қатысушыларды іздеу сияқты көптеген іс-әрекеттер атқарылады. Өзіміз байқап отырғандай, теледидар редакторының қызметі басқаларымен салыстырғанда өте қиын.

Оның іс-әрекетін кейде әдеби-ұйымдастырушылық деп те айқындайды. Бірақ бізде теледидар редакторы режиссерді, операторды, суретші мен администраторды ауыстыра ала ма деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл сұрақ, бір қарағанда, заңды сияқты. Бағдарламаның сапасы шығармашылық топтың әрбір мүшесі өз жұмысын жоғары деңгейде орындағанда ғана жақсы болады. Редактор бұл жерде ұйымдастырушы, бағыттаушы, барлық топтың жұмысын үйлестіруші ретінде қызмет атқарады. Олардың жалпы мақсаттары – бағдарламаның кәсіби деңгейін жоғары етіп көрсету болып табылады. Редактор осыған жауапты.

Тікелей эфирде редактор «дайындалмаған» материалмен жұмыс жасайды. Бұл жерде ең бастысы – тақырыпты ашып, бағдарламаның дұрыс мағынасын бере білу. Әрине, көркемдік безендірілуіне редактордан гөрі қоюшы режиссердің жауапкершілігі басымдау. Осылайша, теледидар редакторына өз жұмысын жоғары деңгейде орындау үшін редакциялау шеберлігін білумен қатар, теледидар драматургиясы төңірегіндегі мәселелер жөнінде хабары болуы керек.

Редактор сонымен қатар шешендік өнер негіздерін, бағдарлама дайындау технологиясын, экранның бейнелік көркемдік құралдарын жақсы меңгеруі керек. Теледидар редакторына тағы бір қажет қасиет – адамдармен қатынас орната білу. Оның іс-әрекетінде ұйымдастырушылық қабілет маңызды орын алады, сондықтан бағдарлама дайындаудың барлық кезеңіндегі дұрыс жүргізілген жұмыс бағдарлама сапасына үлкен әсерін тигізеді.

Ұйымдастырушылық жұмыстың жедел бағдарламаларда, трансляциялар, мерекелік кештер, байқаулар мен ток-шоу кезінде алатын маңызы зор. Бұл кезде қатысушыларды дұрыс таңдап, олармен танысып, мінез-құлықтарын зерттеп, олардың әрқайсысының атқаратын міндетін жете түсіндіру қажет.

Редактор теледидар қызметінде түрлі мәселелерді шешеді, сондықтан оның жұмысының кезеңдерінің саны өте көп.

Теледидар редакторы үшін дайындық кезеңі тақырып өңдеуден басталады. Ең алдымен теледидар мүмкіндігі мен спецификасын айқындай алатын материал таңдалады. Ол кезде редактор бірнеше позицияға арқа сүйеді.

Біріншіден, теледидардың ерекше қасиеттері: жеделдік, көру мүмкіндігі, бірден кең аудиторияны қамтуы.

Екіншіден, теледидардың басқа бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы.

Үшіншіден, теледидар көрсетілімнің спецификасы. Бағдарламаның бір рет көрсетілуі тиімді қабылдауды төмендетеді. Деректі материалдарда тақырып нақты, әрі түсінікті баяндалуы, дұрыс ұйымдастырылуы қажет.

Төртіншіден, аудитория тұрақтылығы, олармен жүйелі түрде қарым-қатынаста болу.

Бесіншіден, теледидар аудиториясының әртүрлілігі, яғни көрермендердің жасы, білім деңгейі әр түрлі болады.

Редактор ұсыныстарды, журналистердің меншікті және штаттан тыс тілшілерінің, шығармашылық бірлестік өкілдерінің, мамандардың жобаларын қарастырады. Осы кезеңде көрерменге тақырыпты дұрыс жеткізе алатын көркемдік құралдар таңдалады. Он жыл ішінде телерадио хабарлардың мемлекеттік монополиялық жүйесі бұзылды. Бұл көптеген мемлекеттік емес, яғни жекеменшік телерадио компаниялардың пайда болуына әкеп соқты. Сондықтан бірін-бірін қайталаудан аулақ болған жөн. Әрбір арнаның өзіндік «мінезі» болуы шарт, олардың айдарлары, жүргізушілері, хабар беру түрлері мен жанрларында айырмашылық болуы тиіс.

Мысалы, «Астана» арнасының тұрақты аудиториясы бар. Бірақ әлі күнге дейін айдарлар мен жүргізушілері жиі ауыстырыла береді. Бағдарлама саясатын жүргізу үшін міндетті түрде оның құрамдас бөліктерін: айдарлар, циклдар, сериялар мен блоктарды бөліп алу керек. Айдар бағдарламаны тақырыптық принцип бойынша немесе мақсаты бойынша біріктіреді: «Азамат» (Хабар), «Әлі есімде» (Ел арна), «Назар», «Айна ақпарат», «Ел мен жер», «Астана уақыты» (Қазақстан), «Хабар - жер», «Айбын» (Хабар), «Жеті күн» (Хабар), «Дода» (31 арна) т.б. Бұл бағдарламалар бір-бірінен жанры, формасы, жеделдігі жағынан өзгешеленеді. Тақырыптық жағынан бірдей материалдарды біріктіре отырып, айдар көрерменге өзіне қажет бағдарламаны тез таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар көрерменге бағыт береді, бағдарлама мағынасын терең ұғынуға көмектеседі. Айдар таңдауға да сақ болған жөн.

Бағдарламаның тағы бір маңызды құрамдас бөлігі - циклдар. Оған бір бағыттағы бағдарламалар кіреді, оларды бір автор жүргізіп, қатысушылары да бір болады. Циклда тақырыбы жағынан әр түрлі материалдың бірігуі қойылған міндетті толық шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, «Айна. Апта қорытындысы» (Қазақстан), «Жеті күн» (Хабар), «Апта» (Астана), «Состояние -kz» (31 арна), «Портрет недели» (КТК). Бұл циклдардың басты артықшылығы – таңдалған мәселені жан-жақты, әрі жүйелі зерттеуге мүмкіндік берілуі.

Теледидар тәжірибесінде бағдарламалық блоктар кең қанат жайды. Олар түрлі бағдарламаларды уақытына қарай жинақтауға мүмкіндік береді. Мысалы, таңертеңгілік, кешкілік блоктар («Көңіл ашар» (Қазақстан), «Нұрнама» (Рахат), «180 минут» (АсТВ). Блоктық құрылым көптеген арналар қызметін жүйелейді. Оның көптеген артықшылықтары да бар. Көрерменнің нақты бөлігіне бағытталатын бағдарлама ішіндегі бағдарлама, оның құрылысы еркін, жанры мен формалары әр түрлі.

Бағдарлама блогын дайындау кезінде ондағы кейбір жеке материалдардың тәртібі мен орналасуының өзіндік заңдылықтары бар, оларды көрерменге жақсы әсер қалдыру үшін пайдалануға болады.

Теледидар аудиториясының тұрақтылығы көлемі үлкен материалды бөліктермен, яғни серияға бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл оқиға немесе құбылыс жайлы толық мәлімет алуға көмектеседі. Серияға, әдетте, фильмдер мен спектакльдерді, үлкен бағдарламаларды бөледі («Она написала убийства, НТВ, мультсериал, «Симпсоны», «Том и Джерри», «Рассказы старого сплетника», «Культура»).

Мағыналық реттеудің де үлкен маңызы бар. Ол материалды таңдап, оны әлеуметтік-қоғамдық және саяси мәнінің деңгейіне қарап топтастыру. Мысалы, «Айна ақпарат» («Қазақстан»), «Ақпарат арнасы - жаңалықтар» («Хабар)», «Информбюро» («31 арна») ақпараттық бағдарламалары үнемі бір уақытта (кешкісін) жүргізіледі. Бұл кезде көптеген көрермендердің уақыттары бос болады. Редакцияның да күні бойы жинаған материалдары бұл уақытта жүйелі түрде беріледі. Ақпараттық бағдарламалар миллиондаған аудиторияның естіген мәліметтерін бейнекөріністермен нақтыландырады.

Ақпараттық хабарлар әр түрлі уақытта жүргізілуі тиіс. Бірақ бұл принцип әрдайым сақтала бермейді.



Жанрлық беттеу - сюжеттердің әртүрлілігін, берілу ерекшеліктерін есепке алады. Материалдың нақты орын тәртібі көрермен үшін өте маңызды. Беттеу арқылы көрермендер дайын бейнелік ассоциациялар алады.

Бағдарлама беттеуін «драматургиялық бастау» біріктіруі тиіс, яғни сюжеттердің қойылымы, нақты орын тәртібі, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени тақырыптардың өзара байланыстығы.



Ырғақтық (ритмдік) беттеу дегеніміз – түрлі бейнелік және техникалық құралдардың (телесюжет, тікелей эфир, студиядағы түсірілімдер) пайдалануы. Ритмдік беттердің заңдарын бұзудың зардабы мағыналық беттеудегідей қабылдау белсенділігіне әсерін тигізеді.
Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет