7 – ші тақырып. XVIII ғ. – ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан


Қазақстанның Ресейге қосылуының экономикалық және саяси алғышарттары мен себептері



бет2/5
Дата18.10.2023
өлшемі54,35 Kb.
#186576
1   2   3   4   5
Байланысты:
7 лекция

2. Қазақстанның Ресейге қосылуының экономикалық және саяси алғышарттары мен себептері
XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тəуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан — Ресей мемлекетінің, шығыстан — жоңғарлардың, оңтүстіктен — Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп — Жоңғар хандығы тарапынан төнді.
XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың негізгі тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол Алтайы, Ертістің жоғарғы ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта жəне жоғарғы салалары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошоуттар мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы аумағына шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-қолөнер орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді.
1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар əскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Əбілқайыр жəне Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы жылы жоңғар əскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян жəне Арыс өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан. 1715—1722 жж. жоңғарлардың негізгі əскери күші Цин империясы əскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарымқатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті. Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың əскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан əрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан батур Алтайға жəне Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана əскері Нұра өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, ЦеванРабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Бас қолбасшылықты Цеван-Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық əуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мəжбүр болды. Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты.
Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы жəне Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара аумағына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Əсіресе, Шона-Дабаның бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның əскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар Қазақ хандығы аумағының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Сауран айналған» деген атпен əйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталған екен.
Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» əні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді. Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 106 107 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жəнібек, Малайсары жəне т.б. халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты.
Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана əбден əлсіреген халық қаланы жауға беруге мəжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен. Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Əбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Əйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан басталды. Бұл жылы негізгі əскери қақтығыстар Орталық жəне Батыс Қазақстан аумағында болды.
Бұл қақтығыстарда Əбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Əбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылдары Əбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы Əбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың саны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді. Мəшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жəнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Шəкəрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Əбілқайыр ханның, батырлар тама Есет, тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер «Қалмақ қырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті.
1726—27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Əбілқайыр белсенділік танытты. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары — Əбілқайыр, Əбілмəмбет, Сəмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Əйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мəселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті.
Сонымен қатар қаралған маңызды мəселенің бірі — бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мəселе болды. Ордабасына Əбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды. 1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы əскери дайындықтан өтіп, қару-жарақты жетілдірумен, дайындаумен айналысты. Əбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып, əскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындаған. Сонымен бірге əскери барлау ісіне үлкен мəн берілді. Күзде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады.
Осы маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарамолда деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Əбілқайыр хан жəне Бөгенбай батырдың басшылығымен Қаракерей Қабанбай, ошақты Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жəнібек, тама Есет, Малайсары, тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы қазақтардың ерлігі туралы мəліметтер М.Тынышпаевтың, А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде айтылады. Үмбетай, Ақтамберді, Тəттіқара, Бұқар, Көтеш, тағы басқа жыраулардың 108 109 жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары жан-жақты сипатталған. Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі — Аңырақай шайқасы.
Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстан халық жазушысы Ə.Кекілбаев пен тарихшы М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына да үлкен мəн берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты (Сұмқайтты) өзені, қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Əбілқайыр сайы бар. Ал, халық ауыз əдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай жеңілген деген мəлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп табылды. 1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды.
Осы кезеңде қазақ əскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жəнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай жəне т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ əскерінің сол қанатын Əбілмəмбет хан, Сəмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Əскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мəмбет, Сəңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Əскердің орталық тобын Əбілқайыр, Əйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жəнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Əбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың əскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты əскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі.
Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Əбілмансұр) Абылай есіміне ие болды. Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жəнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, əскери стратегия, тактикамен таныс тəжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Əйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан.
Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті. Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тəукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сəмеке, Кіші жүзден Əбілқайыр хан аламыз деп дəмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Əбілмəмбет болды. Сəмеке мен Əбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды.
Нəтижесінде Əбілмəмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Əбілқайыр кіші жүз аумағына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тыйылмады. 1723—1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шəкəрім Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мəлімет бар. Демограф М.Тəтімовтің санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн 222 мыңға азайған. 1730- жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы өз мемлекетінің тəуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тасталқанын шығарып жеңіске жетті.
Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар ерлігін дастан ететін жырлар жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай 110 111 батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жəнібек батыр», «Қойгелді батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты ұранға айналып, ел ардақтайтын аруақты жандар дəрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда олардың атымен аталатын Қазақстанның əр қаласында көшелер, мекемелер бар. 1723—30 жылдардағы Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ. Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық жəне саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді.
Қазақтар малмүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіпқонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мəдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуының қазақ қоғамының экономикалық жəне мəдени өмірі үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда жəне қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар əлсіреді. Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының əлеуметтік қатынастарына да теріс əсерін тигізді.
Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар жəне т.б. көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мəжбүр болды. Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727—1745 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қаупін күшейтті. Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ қалмақтары жəне башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді.
Осындай жағдайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет — қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру жəне елдің феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші — Орыс мемлекетімен одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси жəне экономикалық байланыстарын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым қалыптасты.
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тəуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси жəне шаруашылық байланыстар əлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей түсті. Тəуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы — ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз-казачьих или киргизкайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тəуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тəукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты — сол адам. Тəуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен əділдігінің арқасында жұрттың бəрін өзіне мойынсұндыра білді, əлсіз рулардың басын қосып, əулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тəубəсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты». Тəукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің əрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720—1740 жж.), Қайып (1716— 1719 жж.), сосын Сəмеке (1719—1734 жж.) Орта жүздің, Əбілхайыр (1718—1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тəукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718—1726 жж.) Ұлы хан деген 112 113 атағы ғана болды.
Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да əлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар жəне сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі жəне жартылай көшпелі аймақтармен отырық-шы халықтың арасындағы байланыстың əлсіреуі халықтың əлеуметтік, мəдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті. Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690—1697 жж. болған Қытай — Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды.
Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды. ХVІІІ ғасырдың 20- жылдарының соңы мен 30- жылдардың басындағы жеңістердің нəтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мəжбүр болады.
Əрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден — Əбілқайыр, Орта жүзден — Сəмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Əбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мəжбүр етті. 1730 жылы жазда Əбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді.
Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Əбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Əбілқайыр хан Орта жəне Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті. Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едəуір кеңейтті. Бұл жолы да Əбілқайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Əбілқайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дəл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.
Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713—1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. князь Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында оған Тобылға бару жəне онда аталған губернатордан 1500 əскери адам алып, солармен Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына орналастыратын жерге жету міндеттелді. Осы əскери экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан жəне төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-ке жуық əртүрлі зеңбіректер алынған. И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен ойраттар қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын ала Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады.
1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан əрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа» ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе əлсіретуге мүмкіндік аламыз жəне Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.
1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол 114 115 қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса жəне де салық төлеп тұруға уəде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт жəне де қалмақтармен тату-тəтті боламыз деп қазақтар уəде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тəтті болуы қажет. Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сəуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмəші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Бұл құжат дипломатиялық миссия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды. Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа өткізу міндеті қойылған еді.
Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мəселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды. Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан Кіші жүзге дипломат жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бəрі алдын ала алынған, шолақ сипаттағы мəлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық тəжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда оған қырғызқайсақтар туралы мəліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделікжурнал жүргізген. Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мəліметтері болмай, жорамалмен əрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады. 1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Əбілқайыр хан үлкен баласы, тəжірибелі жауынгер, əкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Əли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, əдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді» тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Əбілқайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен жəне халықпен ақылдаспай жібергендігін дəлелдейді.
Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап əрең көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды. Бірінші болып бодандыққа Əбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Əбілқайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне əскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уəде берді. Бірақ бұл уəделердің бəрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Əбілқайыр, патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен жəне сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек жəне қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Əбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мəн бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді.
1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарымқатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар — бастапқыда күшті жəне əлсіз мемлекеттердің арасында ерекше құқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мəнісі — алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді» дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс 116 117 энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат — қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау — күшті мемлекет əлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал əлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Əбілқайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым-қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді. Əілқайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мəселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірденбір жолы деп үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын жəне жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мəжбүр болды. Дəл осы сəтте хан тағына лайықты адам «соғыс тəжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, өркөкірек Əбілқайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше: «… үш жүздің əскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тəжірибесі мол…Əбілқайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың пікірі де осы мағынамен ұштасады. Ол: «Сол бір сəтте төре əулетінде Əбілқайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нəтижесінде бұл мақсат іске аспады. Əбілқайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді. Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады.
1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз жəне Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады.
Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау туралы құжатқа қол қою рəсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жəйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мəселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рəсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Əбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Əбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мəніндей құны болмаған. 1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мəжбүр болады. Əбілқайыр хан дереу Ресейден əскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды.
Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді жəне де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей қазақ билеушілерін бір-біріне айдап салу жəне түрлі сыйлықтар мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей Əбілқайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тəуелді ету үшін оның ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық жəне бодандық туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды. Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Əбілқайыр ханды қарсылыққа мəжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы əлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мəселелер Əбілқайырдың Орынбор əкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай 118 119 Əбілқайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал жəне ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Əбілқайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Əбілқайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Əбілқайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мəртебесінің қол астына кірген еді». Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Əбілқайырдың баласы Нұралыны бекітті жəне ол Петербордан Орынборға əкелген сыйлықтарға ие болды. Патша Анна Иоанновнаның атынан келген тартулар атап айтқанда, «татар жəне орыс тілдерінде жазулары бар қылыш, бұлғын тон, қара түлкілі екі бөрік, мəуіті тон …»,— дей келе, сонымен бірге қасындағы інілеріне, анасына, старшын, би т.б. сыйлықтарға «жалпы 3000 руб.— ден де көп қаржы жұмсалды …»,— дейді В. Витебский «Неплюев жəне 1758 жылға дейінгі бұрынғы құрамдағы Орынбор өлкесі» деген еңбегінде. Ресей мемлекетінің бұл ісі қазақ мемлекетінің ішкі саясатына араласуға жағдай жасау, яғни мемлекетті бостандығынан, тəуелсіздігінен айыруға жол бастау еді. Бұл жерде Ресей империясының дипломатиялық корпусы үлкен рөл атқарды. Мысалы: Бекович-Черкасский, Тевкелев тəрізді басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріндегі əскери-зерттеу миссиясы Ресейдің қазақ жеріне ендеп кіруіне мүмкіндік туғызды. ХVІІІ ғасырдың 30—40 жылдары-ақ Кіші жүз жəне Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады.
Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына жəне қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне əкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне əлсін-əлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей əскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ресей империясы ХVІІІ ғасырдың 30—40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс шебін салды. Оның ұзындығы 770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй жəне Ертіс шептерін жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан аумағына экспанциясы нəтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма жəне Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды. Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге жақын жерлерде көшіп жүруіне тыйым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты. Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіпқонуға тыйым салынды. 1760 жылы Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады. 1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға белсене күш-жігер жұмсады. ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен əртектілер көшіріліп əкелінді.
Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң жағына өткізілмесін” деген нұсқау берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан жəне орыс бекіністерінен 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тыйым салынды. Осылай 1730—1740 жж. Кіші жəне Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нəтижесінде солтүстік-батыс жерлерінен айырылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет