мақсатпен Ресей империясы 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға асығуы соншалықты, олар əрбір мүмкіндікті пайдаланып, ел ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды, билер мен батырларды бірбіріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты шараларды қолданды.
1822—1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта жəне Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір əскери губернаторы М.Сперанский болған «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор əскери губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз аумағына таралды. «Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз аумағы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генералгубернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік- 140 141 батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.). Əр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генералгубернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында округтік приказдар тұрды жəне оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды.
Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, əр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды. Жаңа əкімшілік бөлініс қазақтардың дəстүрлі жер қатынасын күйретті де рулық қауым құлдырады. Сонымен қатар, оған аға сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға, казактарға түрлі көлемде жер бөліп беру де əсер етті. Оларға өңдеуге, мал шаруашылығына, омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді жəне егерде ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс пайдаланылатын болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі болды.
Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске түсіп, бір əкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылайша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей жəне Өскемен уездері Том губерниясына берілді. 1822 ж. Жарғы бойынша сот істеріне де өзгерістер енгізілді, ол өзгерістер бойынша сот үш санатқа бөлінді: — қылмыстық істер (мемлекеттік сатқындық, ұрлық, барымта, билікке бағынбау); — арыз-шағымдар («қазақтардың əдет-ғұрып заңдары» бойынша билер шешетін екінші кезектегі істер); — облыстық басшыға берілетін арыздар бойынша (қазақтардың сұлтандар мен билерге, болыстарға т.б.). Сонымен қатар Жарғы салық жүйесін енгізді, ол бойынша əр қожалық өкіметке 100 бас малдан 1 бас мал салық төлеуге тиіс болды. Жарғыны қабылдаған қазақтар бірінші бес жылда салықтан босатылды. Қазақтарға керуендерді, пошта жолдарын күзету, байланыс жолдарын қадағалау сияқты жəне т.б. міндеткерліктер жүктелді.
Жарғының арнайы бір параграфы аға сұлтандардың, болысбасқарушы сұлтандардың жəне округтік приказ шенеуніктерінің мəртебесін жəне жылдық жалақысын белгіледі: аға сұлтандарға жылына 1200 сом, тілмаштарға — 800 сом, болыс сұлтандарына — 150 сом. Жарғы бойынша қазақтарға өз округтерінің ішінде жəне оның сыртында да тауарларын шығарып сатуға рұқсат етілді. Жарғының жеке баптары сауат ашу мəселесін қарастырды. 1838-1856 жылдары сібір қазақтарының облысын басқаруды реттеу үшін бірнеше «Ереже…» қабылданды жəне отаршыл əкімшіліктің қазақ даласына тереңдеп жылжи түсуіне мүмкіндік берді. Патша əкімшілігі шенеуніктерінің жергілікті жағдайды дұрыс білмеуі, əкімшіліктің Орта жүздегі хандық билікті жою үрдісін тездетуге ұмтылуы, басқарудың жаңа құрылымын енгізуі қазақ қоғамының жікшілдікке ұшырауына жəне үкіметке қарсы көңіл-күйдің пайда болуына əкеліп соқты. Ол қазақ халқын өз мүддесін қорғауға шығарып, Қазақстанның барлық аймақтарында ұлт-азаттық көтерілістер орын алды. 1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, оның аумағы: Батыс, Орта жəне Шығыс болып үшке бөлініп, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды.
Бұл бөліктердің басында аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға сұлтандардың жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом жалақы төленді. 1824 ж. Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт кеңесші жəне төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия құрылды. 1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. 1831 ж. дистанциялар мен старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте — 8, Ортада — 20, Шығыста — 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді. Сұлтандар, старшындар жəне молдалар салықтан босатылды. 1844 ж. «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже» қабылданды да, ол бойынша орыс шенеуніктерінен жергілікті əкімшілікті 142 143 қадағалайтын «қамқоршылар» қызметі енгізілді. Қазақтардың рутайпалық бөлінісі ескерілмеді, ауылдардың өз бетінше қарекет етуі мүмкін болмай қалды. Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналдыру үшін хандық билікті, яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына орыстың əкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Алғаш Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды.
Кейін 1822— 1824 жж. Ресей империясы Орынбор жəне Сібір ведомстваларының территориясында тұратын Кіші жəне Орта жүз қазақтарын басқару туралы Жарғыларды қабылдады. Осы жəне одан кейін жалғасқан ХІХ ғасырдың 30—50 жылдарындағы реформалар патшалық Ресейдің қазақ жерлерін одан əрі отарлау үшін жағдай жасады. ХІХ ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы тұтастай Ресей империясына бағынышты болды жəне жаңа заңдар қабылданып, Ресейлік басқару жүйесіне қарай жақындатылды.
Достарыңызбен бөлісу: |