Химиядан өткізілетін сыныптан тыс жұмыстар
Оқушылардың шығармашылығын дамытуда сыныптан тыс жұмыстар үлкен рөл атқарады. Ол үшін сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың ең тиімді деген түрлері мен әдістерін іріктеп ала білудің маңызы зор. Сыныптан тыс жұмыстар химия пәнінің негіздерін оқушыларға үйретіп қана қоймай, сонымен қатар болашақ жастарды өмірге әзірлеп, мамандықты еркін таңдай білуге көп септігін тигізеді. Мұның өзі жеке мемлекет болып, білім беру жүйесіне жаппай реформа жасалып жатқан қазіргі шақта жаңа мазмұнға ие болып отыр. Химия пәні бойынша сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар белгілі бір мақсатқа сай жүйелі де нәтижелі болуы керек. Оқу–тәрбие барысында сабақ пен сыныптан тыс жұмыстардың өзара байланыстылығын жетілдіру; мұнымен бірге оқушылардың білімге деген, жеке пәнге деген құштарлығын дамыту, сондай-ақ оларды қоғамдық пайдалы еңбекке неғұрлым белсенді қатыстырып, белгілі бір кәсіптік мамандықты игеруге әзірлеу-мұғалімдердің негізгі міндеті. Сондай-ақ мұғалімнің оқу материалын түсінікті етіп, әсерлі баяндауы, тәжрибелерді шеберлікпен, көрнекі көрсетіп, сабаққа танымдық ойын қисындарын еңгізіп отыруы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, қиялын қозғауға әсер етеді. Мұғалім сыныптан тыс жұмыстарды жеке оқушыға ғана әсер ететіндей емес, көпшілік оқушыларды қызықтыратындай етіп, ұйымдастыруы тиіс.
Өзінің атынан көрініп тұрғандай бұл жұмыстар – оқушылардың қалауы бойынша мұғалімнің жетекшілігімен сабақтан тыс жүргізілетін оқу жұмысын ұйымдастырудың бір түрі. Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың сабақтан алған білімін тереңдетеді, сарамандық біліктер мен дағдылар алуына жәрдемдеседі. Химияның және химия өнеркәсібінің жетістіктерімен, еңбек адамдарының қажырлы істерімен танысу оқушылардың мақтаныш сезімін тудырады, сарамандық істерге тікелей араластыруға құлшындырады. Еңбекті қадірлеуге, бастаған ісін ақырына дейін жеткізуге, өздігінен жұмыс істей білуге үйретеді.
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері, мазмұны және әдістері сабақтағыдан өзгеше болып келеді. Олардың мазмұны бағдарлама арқылы шектелмейді.мектептің жағдайына, оқушылардың тілегіне, қызығуына қарай анықталады.
Оқушылардың қызығуы сабақ үстінде, ғылыми-көпшілік кітаптарын, мерзімді баспасөзді оқығанда туады. Сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырғанда еріктілік негізі сақталады және оларды жүргізудің негізгі әдісі – оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары. Мұғалім ақыл-кеңесін беріп, бағыттап отырады.
Сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері мен ұйымдастырудың негіздері: оқушылардың химияға құштарлығын жоспарлы дамыту; сабақта өтілген материалдармен байланысын қамтамасыз ету; сыныптан тыс жұмыстарға қоғамдық мән беру; теориялық жіне сарамандық жұмыстарды ұштастыра жүргізу; жұмыстың түрін таңдаудағы оқушылардың еріктілігі мен орындаудағы міндеттілігін, ұйымдастыру жұмыстарындағы белсенділігі мен дербестігін қамтамасыз ету; көпшілік және жеке жұмыстарды ұштастыру; сыныптан тыс жұмыстарға мамандарды, оқушылардың ата-аналарын қатыстыру; сыныптан тыс жұмыстармен оқушылардың шамадан тыс шұғылдандырмау, сыныптан тыс жұмыстарға кәсіптік бағдар беру.
Химиядан жүгізілетін сыныптан тыс жұмыстардың түрлері
Химиядан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар көпшілік, топтық және жеке жұмыстар деп үшке жіктеледі.
Көпшілік жұмыстарға жататындар: жас химиктер қоғамы, химиялық кештер, олимпиадалар, химия апталығы, онкүндігі және айлығы, конференциялар т.б.
Топтық жұмыстар: химиялық үйірмелер, жас химиктер клубы және қоғамның секциялары, химиялық бюллетень шығару, көрме ұйымдастру, топтық зерттеу жұмыстары.
Жеке жұмыстар: кітаппен жұмыстар, хабарлама, реферат және баяндама әзірлеу, құрал және көрнекті құралдарды жасау, шағын зерттеулер жүргізу және т.б.
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері көп, олар біртіндеп қалыптасты:
Көпшілікке арналған сыныптан тыс жұмыстардың ішінде кеңінен таралғандары – жас химиктер қоғамы және химиялық кештер. Сыныптан тыс жұмыстардың ең маңыздыларының бірі – химиялық кештер, оған оқушылардың көпшілігі қамтылады. Танымдық әсерінің күштілігімен ерекшеленеді. Химиялық кештер мазмұнына қарай тақырыптық, тарихи, мерейтой, қызықты т.б кештер деп жіктеледі. Сабақта өткізілген материалдармен тығыз байланыста жүргізіледі.
Топтық сыныптан тыс жұмыстардың ең маңыздысы – химиялық үйірмелер. Химия пәнінен сыныптан тыс жұмыстар әр салалы үйірме ұйымдастырудан басталады. Жүйелі түрде жүргізіледі, еркімен келген оқушылар құрамының тұрақтылығы, олардың жұмысын біріктіретін жалпы тақырыбының болуы химия үйірмесінің ерекшеліктеріне жатады. Үйірме жұмыстары сыныптар бойынша ұйымдастырылады.
Көпшілік және топтық сыныптан тыс жұмыстарда оқушылар жеке-дара тапсырмалар орындайды, бірақ олар бір тақырыптың төңірегінде жасалады.
Жеке жұмыстарға оқушы жүзеге асыратын ғылыми зерттеулер, өздігінен құрастырылатын тапсырмалар, есептер, викториналар, модельдер жасау, графикалық жұмыстар орындау т.б жатады. Мектеп реформасын жүзеге асыруға байланысты жеке сыныптан тыс жұмыстар жасату арқылы химияға қабілеті бар оқушыларды тәрбиелеуге айрықша назар аударылады.
Достарыңызбен бөлісу: |